Атырау, 11 қазан 06:47
 ашықВ Атырау +13
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Дәрігер үйіңізге барады

2 620 просмотра

Емханаларда біртіндеп жалпы практикадағы дәрігерлер (ЖПД) саны көбеюде.

БАЛАЛАР ДА, ЕРЕСЕКТЕР ДЕ

Біздің медицинамыз жаңалықтармен таң қалдырып келеді. Госпиталдау бюросы, одан кейін кезексіз емханалар, ал енді келіп жалпы практикадағы дәрігерлер деген шықты. Рас, пациенттер отбасылық дәрігерлер практикасының түбегейлі беделін түсіріп, сәтсіздікке ұшыраған отбасылық-дәрігерлік амбулаторияны ұйымдастыру тәжірибесін әлі ұмытқан жоқ. Сондықтан да бұл идеяның қаншалықты дұрыс екеніне күмән келтіреді.

«Біздің педиатр 1 наурыздан бастап біліктілігін көтеруге кетті, қайтып келген кезде жалпы практикадағы дәрігер болады. Бұрынғыдай отбасылық дәрігерлік амбулатория секілді – бір дәрігерге ересектер де, балалар да баратын болғаны ғой. Ал сәбилерге патронаждықты кім жүргізеді?– деп мазасыздана сұрайды оқырманымыз Майя. Ол мекен-жайы бойынша №1 емханаға қарайды екен.

«ЖПД практикасы экономикалық тұрғыда анағұрлым тиімді және әлеуметтік тұрғыда ақталған. Әсіресе халық аз қоныстанған ауылдық жерлер мен аудандарда ЖПД жұмысы тиімді. ЖПД-ге көмек ретінде үш медбикеден берілуі тиіс. Учаскелік педиатрлар мен терапевтерді ЖПД-ға қайта оқыту шығындарын медицина мекемелерінің өздері төлейді, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Меңдіхан ӨТЕПҚАЛИЕВ.

 

БЕЛГІЛІ БІР САЛА МАМАНДАРЫ ҚАЛАДЫ

1 наурызда Ақтөбеге №1 емхананың 6 дәрігері – 2 педиатр мен 4 терапевт оқуға кетті. Қайтып келген кезде олар балаларды да, ересектерді де, соның ішінде гинекологиялық сырқаттарды да қабылдайтын болады. Сәбилерге патронаждықты та осылар жүргізбек. Алайда жүкті әйелдер гинеколог маманның есебіне қойылады.

«Дегенмен де, ЖПД практикасы дәрігерлерді балалар мен ересектердің учаскелік дәрігері деп бөлетін бұрынғы жүйеден жақсы деп есептеймін. Бұрын балалар бөлімшесі, терапевтік, гинекологиялық бөлімшелердің жиналыстары бөлек өткізілетін. Барлық қызметтер бір-біріне сілтейтін еді. Енді біз Отбасылық денсаулық орталығын ұйымдастырдық. Қазіргі уақытта бізде жалпы практикадағы 7 дәрігер бар. Ал біліктілікті көтеру курстарын бітіргеннен кейін 6 дәрігер келіп, жалпы саны 11 болады», - дейді №1 емхананың бас дәрігері Еркінбай ҚУАНОВ.  

Отбасылық дәрігерлік амбулаторияның сәтсіз тәжірибесі оны қорқытып отырған жоқ. Ол кезде реформа өте тез әрі дұрыс ойластырылмаған, деп есептейді ол. Дегенмен де, классикалық учаскелік дәрігерлер бұрынғыша емханаларда қала береді. Қиын жағдай болса, ЖПД пациенттерді жоғарғы санатты педиатр мен терапевтіге жібереді. Оған қоса, жоғары білікті тағы бір дәрігер жүкті әйелдерге қызмет көрсететін болады.

 

БАРЛЫҚ СЫРҚАТ ЖҮЙКЕДЕН

Дәрігер сырқат кезінде әсер ететін, оның басты себебі боп табылуы ықтимал пациенттің әлеуметтік-психологиялық тіршілік ету жағдайын ескеруі тиіс. Тексеруден кейін дәрігер пациентке психологқа қаралуға кеңес беруі мүмкін. Бүгінде емхана штатында 3 психолог пен 7 социолог бар. Социолог психологпен бірге науқастың отбасылық жағдайын зерттеп, пациенттің сауалнамасын толтырады. Әлеуметтік қиын жағдай болса, оны жақсарту үшін шаралар алуға тырысады. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасына сәйкес, дәрігерлер әлеуметтік қызметтермен байланыста жұмыс жасаулары тиіс. Өйткені, енді емханаларды медициналық-әлеуметтік мекемелер деп тегін атамаған ғой.

 

ЕСЕСІНЕ ЖАЛАҚЫ ӨСЕДІ

Осылайша, медицина саласы бірден бірнеше мәселелерді шешуге тырысуда. Оның қатарында кадрлардың тапшылығы да бар. Норматив бойынша педиатр дәрігер 930 бала үшін жауап береді, ал терапевтінің учаскесінде 2200 ересек болуы тиіс (барлығы екі адамға 3130). Жалпы практикадағы дәрігерге 900 бала мен 1100 ересек бекітілген (бір адамға 2000). Осылайша учаскедегі дәрігерлердің орташа мөлшері әрбіреуіне жұмыс көлемін көбейту есебінен азаяды (шамамен 1500-ден 2000 пациентке дейін). Осылайша «үнемделген» кадрлар қайта дайындықтан өтуге жіберіледі. Оқып келген соң олар белгілі бір емханаларда жетіспейтін мамандардың – окулистердің, гематологтардың, нефрологтардың және т.б. бос орындарына орналасады. ЖПД енгізудің тағы бір артықшылығы - қызметкерлердің еңбекақысы көтеріледі деп есептейді медицина мекемелерінің басшылары. «Бүгінде учаскелік дәрігердің орташа еңбекақысы – 180 мың теңге, жалпы практикадағы дәрігердің еңбекақысы 220 мың теңге болады», - деп атап өтті Еркінбай Қуанов.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

7 наурыз 2012, 17:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.