Әлем рекордтары сериясының иегері, алғашқы және бірден-бір супермарафоншы, Азияның, Австралияның, Африка мен Американың ірі шөлдерінен жүгіріп өткен әлемдегі ең мықты әрі төзімді адаммен кездесуге шыққан едім. Мен де стереотиптің құрбаны болып, оның жанынан өтіп кеттім. Отельдегі фойенің ортасында жан-жағыма көз тастап тұрмын. Жанымда тұрған орта бойлы, тарамыс келген, бірақ шымыр деуге келмейтін ер адам ақырын ғана: «Сізге қай жерде сөйлескен ыңғайлы?» деді. Сол кезде ғана аңыз адам Марат ЖЫЛАНБАЕВТЫҢ осы кісі екенін аңғардым.
«ТӘЖІРИБЕ ҚОЯНЫ СЕКІЛДІ ЗЕРТТЕДІ»
Гиннестің рекордтар кітабына отандасымыздың 90-жылдардың басында қол жеткізген жетістігінің тек жетеуі ғана енгізілген. Олардың көпшілігін ешкім басып озбаған. Өзінің спорттық мансабының шарықтау шегінде, 5 жыл еңбектенген ауыр ультрамарафондар кезінде барлығы 160 мың шақырымды жүгіріп өткен. Ол Атырауға алғашқы қалалық марафонға қонақ ретінде келген еді.
- Сіз денсаулығыңызға қатысты толық тексеруден өткенсіз. Мүмкін сізде жүгіруге физиологиялық бейімділік, әдеттен тыс қабілет бар шығар?
- 1991 жылы ұзақтық бойынша дүниежүзілік 3 рекорд орнаттым. Сол кезде күніне 42 шақырымнан тұратын 2 марафоннан жүгірдім. Спорт дәрігерлеріне менің ағзамның функциясын білу қызықты болды. Мені Мәскеуге тәжірибе жасайтын қоян ретінде шақырды. Бұған дейін өзім әр 3 ай сайын анализ тапсырып отырдым – маған не жетіспейтінін бақылап, тұзды, кальцийді, магнийді, темірді ретімен тұтынатын болдым... Сол микроэлементтер жетіспеді. Мәскеуге келгенде жүгіруге арналған «Кетлер» құрылғысын алғаш рет көрдім. Маған датчиктің түрін жапсырып, «Марат, сен бүгін күні бойы жүгіресің» деді. Қалыпты жағдайда 72 болатын тамыр соғысы тыныш кезде менде 36 болды. Ал қатты жүгірген кезде минутына 214 соққы көрсетті. Бірақ спорт дәрігерлерін мұнымен таң қалдырмайсың. Маған марафонға қатысуға анықтама керек болған кезде, Екібастұздағы емхананың дәрігері тексеруден өткізіп, бірден жансақтау бөліміне жіберген еді. Жаттықтырушыға хабарласқанша мені ол жерден жібермеді, сол кезде ұялы телефон деген жоқ еді. Қарапайым адам үшін мұндай тамыр соққысы аурудың белгісі болатын. Мәскеудегілер: 6 еселенген жүрек запасы, өкпенің оттегіні максималды тұтыну көлемі 75 деп белгіледі. Бұл жақсы көрсеткіш. Жүгіру кезіндегі дене температурасы 40,2 болады, жүгіруден кейін 5 минуттың ішінде өз-өзіме тез келетінмін. Алайда, бұл төзімділік таза жаттығу арқылы келеді.
- Яғни, сізде әдеттегіден тыс өзгеше параметр жоқ?
- Мен мұны дамыттым деп ойлаймын. Академиктер менде марафоншы болуға антропологиялық қабілетің жоқ деді.
«АМОСОВПЕН БІР НӘРСЕ БОЙЫНША ҒАНА КЕЛІСПЕДІМ»
- Желаяқтардың «осал жері» - тізе тобығы, сіз оны ауыстырдыңыз ба, әлде өзіңіздікі төзімділік танытты ма?
- Тізем мен жүрегім өзімдікі. 5 жарым жыл ішінде 160 мың шақырым жүгіргенде ештеңе де болған жоқ. Адам өз ағзасын сезініп, түсінуі керек. Бұл үлкен жүктеменің негізгі ережесі. Мен ағзама үлкен күш түсіре бастаған кезде суретші едім, өз әдістемемді жасап шығардым. Жақсы жүгіру үшін 70-80 шақырымға дейін күніне біртіндеп көбейтіп, көбірек жүгіру керек, оған қоса жаттығулар жасау қажет. Маған еңбегі сіңген, танымал бапкерлерімнің барлығы мұның ақылға сыймайтынын айтты. Бастапқыда жүгіргеннен кейін тіземе ыстық-суық душ алып, майлар жақтым. Бірақ олардың иісі жаман еді, көзіңе саусағың тиіп кете көрмесін, сондай жағымсыз болатын. Көп оқыдым, көп іздендім. Маған Николай Амосовтың кітабы көп көмектесті. Оның принципі бойынша дененің түрлі бұлшық еттеріне 10 реттен емес 100 рет жаттығу жасау керек. Сол кітаптан бірнеше жаттығуды, сосын өзімнің жаттығуларымды қосып, олардың жалпы санын 1000-ға дейін жеткіздім. Өзімді жақсы сезінетінімді түсіндім. Содан соң 2000-3000-5000 реттен қоса бастадым. Сол кезде өз-өзіме тез қалпыма келетін болдым. Май жағудан бас тарттым, олардың қажеті болмай қалды. Осылайша менің әдістемемнің дұрыс екенін, оның жақсы жұмыс жасайтынын дәлелдедім. Менің жүйемнің негізі - бұл қайталау. Тамыр соғысын арттыру үшін 100 рет жүрелеп отырамын. 10-шы реттен кейін жылдамдықты үдетемін. Тіпті, егер жүгірумен айналыспасаң да, бұл жүрекке пайдалы. Маған анықтама қажет емес – рұқсат бар ма, жоқ. Мен оқушыларымның жүректерінде ақау бар ма, жоқ па, тамыр соғысы арқылы анықтай аламын. Маған тыныш қалыпта минутына тамыры 180 рет соғатындар да келеді. Олар алдымен жүреді, содан кейін жүгіреді, 3 айдан кейін жүрек нығайып, тамыр соғысы мен қан қысымы қалпына келеді. Өйткені, жүгіру, Амосовтың жаттығулары жүрек пен тірек-қозғалыс аппаратын нығайтады.
- Бірақ «Бегом от инфаркта» кітабының авторы, танымал кардиохирург Амосов инфарктіден қайтыс болды ғой. Одан бұрын оның жүрек клапанын ауыстырған.
- Менің бұған жорамалым бар. Кезінде Амосовпен кездесіп, біздер ұзақ сөйлескен едік. Мен тек тұзға қатысты ғана келіспедім. Ол тұзды алып тастаған. Бірақ бұл менің болжамым. Мен медик емеспін, мен практикпін, желаяқтарға тұзсыз болмайтынын білемін.
- Ал омыртқаңыз ауырмай ма?
- Менде бір рет жүйке тамырым аз ғана қысып қалды. Бірақ, мен жарық (грыжа) ауруы бар шәкірттерімді де жаттықтырамын. Варикозы барларды да аламын, олар компрессиялық шұлық киеді, ережесінде солай. Мен оларға, шешіп тастаңдар, тамырларды жаттықтыру керек деймін. Тамырларды мүлдем қысуға болмайды, тар шұлықтарды киюге, бауды қатты байлауға болмайды. Аяқ киім өлшемінен сәл үлкен, кең болуы тиіс.
- Ал сіздің қандай кроссовкамен жүгіретініңіз маңызды ма? Спорт брендтерімен келісімшартыңыз болды ма?
- Тек сайыс кезінде – Австралияда жүгірген кезде, «Адидас» демеуші болды. Негізінен менің басқа сайыстарға киетін киім-кешектерімді осы бренд ұсынды. Бірақ, мен түрлі кроссовкалармен жүгіремін. Жалаңаяқ та жүгіруге болады. Мен осылай ұзақ жүгірдім, бірақ оның техникасы мүлдем басқа. Егер білмейтін болсаңыз, «жүгіруге арналған» стендтегі аяқ киімді сатып алу керек. Өкшесіне назар аударыңыз – ол қалың, кең болуы тиіс. Аяқ киім брендке, бағасына байланысты бола бермейді, бастысы өкшесі мықты, жан-жағы қатты болуы, жаншылмауы тиіс. Әйтпесе, кейбіреуі жеп-жеңіл түрін алуға тырысады. Ал олардың табандары тез желініп қалады. Тұмсығына ауа кіріп тұруы тиіс, сондықтан торлы болғаны жақсы. Кәсіби марафон аяқ киімін алмаңыздар. Олар кәдімгі дүкендерде де сатылады. Қымбат тұрады, кейбіреулер осыны алу керек деп ойлайды. Бірақ бұл аяқ киім сізге бармайды, кәсіпқой спортшыларға арналған.
«ТАСБАҚА ӨТЕ КӨП»
- Қарапайым адамдар үшін жүгіру – бұл денсаулық нығайту, ләззат алу. Сіз үшін бұл ауқымы кең, қанбайтын шөл шығар. Сіздің жүгірудегі мақсатыңыз қандай еді?
- Адам жүгірсе демалады. Егер адам 7 км жүгірсе, оның қанына эндорфиндер түсетінін білесіз бе? Бұл жеңіл масаю, шоколадтан алған рахат сезімдей. Оған қоса денсаулық, жақсы форма сақтау.
- Солай болсын, бірақ 7 шақырым жүгіріп, бақыт гормонына ие болған соң, тоқтауға болады ғой. Бірақ сіз, 7 шақырым, содан соң 17, кейін 70, 170 шақырым... жүгіре бересіз. Адамға тән емес осындай қашықтықта жүгірудің қандай қажеті бар? Сіз жылқы емес, адамсыз ғой.
- Адам ең төзімді мақұлық, ең жүйрік желаяқтар ұзақ қашықтықтағы жүгіріс бойынша кез келген жануардан озып кетеді. 50 шақырым және одан көп қашықтықта тек желаяқтар ғана жеңіске жетеді. Мен, мәселен, 515 шақырымды үзіліссіз жүгірдім, ешқандай жылқы мұндай қашықтықта жүгіре алмайды. Мен қазір денсаулығым үшін 20 шақырымнан жүгіремін, ал сол кезде менің әдістемемнің жұмыс істейтінін және адамзаттың мүмкіндігінде шек жоқ екенін дәлелдеп, өзімді көрсеткім келді. Ал содан кейін рекорд орнатқан болып шықтым. Болды деп көңілімді жайлап, тынышталғым келді. Бірақ шөл далалар туралы оқып, сол асуды бағындыруға шабыттандым. Біреуінен өтіп, жаттығу тәжірибесін алдым. Содан кейін Сахараны көздедім. Сахарадан өткен соң, «Путешествие не кончается» деген автобиографиялық кітаптың авторы Робин Девидсонмен кездесіп қалып, оның австралиялық Үлкен Виктория шөлінен өткендігі туралы таныстым... (1993 жылдың аяғында Марат оның маршрутын қайталап, 22 күн ішінде 1 600 километрден өтті, бұл оның алтыншы дүниежүзілік рекорды болатын – З.Б.).
- Сіз жалғыз өзіңіз шөлден қалай өттіңіз? Бұл қарапайым адам үшін ақылға сыймайтын іс қой.
- Мен әуелі көп оқимын, содан соң сол авторларға хат жазамын. Міне, Виталий Валович, мәселен, профессор, әскери дәрігер, экстремалды жағдайдағы организмдер ресурсын зерттеуші ғарышкерлерге, барлаушыларға арналған бағдарлама жазған. Кезінде, тіпті, ғарышкерлерді Жерде алғаш болып қабылдап, барлық параметрлерді тексерген. Біз онымен хат жазысып, содан соң Ашхабадта кездестік. Алғашқы жүгіріп өткен шөлдегі маршрутым бойынша маған көп кеңес берді. Бірінші шөлден қоржынымды асынып, жалғыз өзім өттім.
- Қоржыныңызда не болды, қанша келі еді?
- 20 келідей. Жартысынан көбі – су, 12 литр алдым. Шағын шатырым парашют жібегінен жасалған өте жеңіл болатын. Әскери, ғарыштық карталар, ара, компас, аңшы сіріңкесі, бақыраш, бірер келі жарма болды.
- Тәулігіне неше рет тамақтандыңыз?
- Құдыққа жетсем, демек дем алуым керек. Маршрутты солай жасадым. Мен алдымен тіке маршрут жасаған едім, Үшқұдыққа барғым келді. Оның шөлейт екені түсінікті. Бірақ маған кеңес берген адамдар болмайды деп, мені иректі жолдармен жіберді. Менің маршрутым Жібек жолының құдықтарының бойымен, жылан секілді, ирелектеп жатты. Ол жердегі құдықтар ескі, мыңдаған жыл болған. Кейбіреуінде әлі де су бар. Қарақұмда, мәселен, әлемдегі ең үлкен құдықтар бар. Тереңдігі 200 метрдей болатын шығар. Рас, мендегі арқанның ұзындығы 30 метр болатын.
- Сіз жүгіріп, өзіңіздің мыңдаған жаттығуларыңызды жасап, су алып, сіріңкемен алау жақтыңыз, жылан аулап, оны аршып-тазалап, пісірдіңіз... Ал оны әуелі ұстап алу керек қой, мені Жыланбаев қашан ұстап алып, жер екен деп, күтіп отырмайды ғой (Айтпақшы, фамилияңыз да ұқсас екен).
- Ол жақта тасбақалардың көптігі сондай, аузы-мұрныңнан шыққанша жеуге болады, - деп күлді Жыланбаев. – Құдық бар жерде сексеуіл де бар. Ол жерге бәрі келеді...
- «Бәрі» деген не?
- Мен жануарларды айтып тұрмын, менің тамағым – кесірткелер, жыландар, әсіресе, ол жерден тасбақаларды ұстау оңайырақ. Бірақ алдымен оның сауытын сындыру керек.
- Иә, айтпақшы, немен, мачетемен бе?
- Менің дорбамда екі қылыш болды.
- Шөл далада ұйықтау қорқынышты болды ма: шаяндар, жыландар...?
- Шаяндарды өзім ауладым, тасты көтересің, жаныштайсың, құйрығының ұшын лақтырған соң, ол қауіпсіз болады. Ешқайсысы өзі жорғалап келмейді, өрмекші де, жылан да. Олардың бәрі адамнан қорқады. Тек қорғануға мәжбүр болғанда ғана қауіпті. Мұқият болып, оларды басып кетпеу керек, үркітпеу керек.
«СУ АРҚАЛАМАЙТЫН БОЛДЫМ»
- Бірінші шөлден сіз жалғыз жүгіріп өттіңіз, ал қалғандарында қасыңызда адамдар болды. Демек, арқаңызда дорбаңыз болған жоқ.
- Бірақ су қорын үнемі алып жүретінмін. Өйткені, шөлде сусыз қалудан қорықтым. Қарақұмда шөлден өле жаздадым, тілім кеберсіп, біткен жерім осы болар деп ойладым. Бір құдықтан өттім, жақсылап су ішіп алдым. Алайда, су қорын аз алдым, себебі арқалап жүру ауыр болатын. Есеп бойынша келесі құдықта су болу керек, ал ол тұзды болып шықты. Сол жерде жуынып, әрі қарай қозғалдым. Келесі құдықта су болмады, ал сол кезде ымырт үйіріліп, шөлдей бастаған едім. Ұзақ ойландым: келесісі де бос болып, кері жүру керек болса, бұл 2 күн жолды жоғалту деген сөз. Сол кезде от көрінді. Сағым, елес шығар деп ойладым. Мен алдыңғы аялдаған жерімде тұзды судан сәл ішкен едім. Бірақ бәрін ұғынып тұрмын. Әскери картаны аштым, ештеңе жоқ. Ғарыштық картаны аштым – ол жерде адамдардың болуы мүмкін емес. Бірақ айқын көріп тұрмын. Сөйтіп, сол жаққа баруды ұйғардым. Екінші от көрінді, содан соң үшіншісі. Жарық көрінсе, демек адамдар бар деген сөз. Ал шөл далада барлық нәрсе жақын жерде тұрғандай көрінеді. Тілім аузымнан шығып бара жатқандай, киімімді түгел шешіп тастап, тек ішкиімшең жүгірдім, содан соң жүре бердім... Әрі қарай есімде жоқ, шамасы автопилотпен жеткен шығармын, - Жыланбаев саусақтарын маңдайына айқастырып, көзін алақанымен көлегейледі. Үзіліс орнады: 10 секунд, 20, 40... Жер шарының ең мықты адамының үнсіз жылап отырғанын сонда ғана сездім. Бір минуттан соң ол ақтала бастады:
- Мұндай ешқашан болып көрмеп еді, бәрін сол кездегідей есіме түсірдім, 25 жылда алғаш рет осылай болды, кешіріңіз. Таңертең көзімді ашсам, бұрғылау мұнарасы екен. Түркімендер мұнай немесе газ іздеген. Бұрғылаушылар маған: түнде вагонға ішкиімшең ер адам жүгіріп келіп, ләм деместен үш литрлік банкаға жармасып, төңкеріп ішті де талып құлады деп әңгімелеп берді. Тамыр соғысын өлшеген, тірі болған соң, сәкіге жатқызған. Қайта банканың ішінде химия болған жоқ дейді. Кейде ондайды да банкаға сақтайды екен. Тіпті, қас-қағым сәтте болғаны сондай, аузымызды ашып үлгермедік дейді. Қай жақтансың, кімсің, не істеп жүрсің деп сұрақтар жаудыра бастады...
- Сол жерде демалдыңыз ба?
- Иә, таңертең тұрып, сөйлесіп, шөл далаға келіп, құм басып қалмас бұрын заттарымды тауып алып, әрі қарай жүгірдім. Шынымды айтсам, үзуге тура келе ме деп қорықтым. Ағзам сусап қалған еді. Алайда шыныққан ағза жақсы төтеп берді, ешқандай зардабы болмады. Мен бұған дейін бірнеше мыңдаған шақырымдық марафондарды сусыз жүгіріп өткен едім. Ереже бойынша әрбір 5 шақырым жерде тамақтану нүктесі болады, яғни, су ішу керек. Ереже сондай. Ал бір өзім жаттыққан кезде алдымен паркте айналып жүгіремін, қолайлы еді. Суды өзіңмен бірге арқалап жүрудің қажеті жоқ. Бірақ іш пыстырады. Әуежайға, 21 шақырымға жүгіре бастадым. Суға қатысты проблема болды. Оны арқалап жүруден жалықтым. Судың мөлшерін азайта бастадым, өзімді үйреткенім сондай, марафонда ешқашан су ішпейтін болдым. Мен Америкаға барған кезде, бәріміз бірге жүгірдік. Маған американдық атлет Джозеф Оакс (ол сәл-пәл орысша біледі): «Марат, неге су ішпейсің? Әлде, сенің арнайы сөмкең жоқ па?» - деп сұрайтын. Мен оған: «мен марафонда мүлдем су ішпеймін» деймін. Ол: «сен не, түйемісің?» - дейді. Сөйтіп, Батыста маған Кэмел деген лақап ат қойды.
№2 БҰЙЫМ – ЫҢҒАЙЛЫ НӘРСЕ
- Ал сіз суды немен алып жүретін едіңіз?
- Маған «шұлықпен» алып жүрген қолайлы, №2 бұйым дегенді білесіз бе?
- Бұл мүшеқап па? Ал егер жыртылып кетсе, суды қалай сақтайсыз?
- Сіз оған су жинап аласыз, ішіне 10 литрден көп су кетеді. Ескі колготкиді аласыз да ішіне саласыз – жыртылмайды.
Бірақ ыңғайлы болу үшін 2 литрден жинап жүрдім. Арқаласаң жұмсақ әрі салқын. Аузын жабу да оңай, қатты бұралған мойнынан пластик детальды айналдырып, үстіне басқа №2 бұйымның резіңкесімен байлау керек. Бірнеше мәрте қолданылатын жүйе пайда болады.
- Шөлде бір өзіңіз болдыңыз, төңірегіңізде бірнеше шақырым жерде түсініксіз құбылыстар кездескен жоқ па?
- Маған кездескен жоқ, бірақ мені бір күні елес деп қабылдап, атып тастай жаздады. Ай жарық болатын, шөлді жерде ай мен жұлдыз өте жарық болады. Мен ақ костюммен жүгірген едім. Бақташылар, бастысы, олардың иттері де мені тірі адам деп қабылдамады. Иттер үрмей, адамдарға тығылып, қорқып, қыңсылай бастады. Олардың шағылда отырғаны жақсы болды. Мен олардың сұлбаларын анық көрдім. Бір фигура бөлініп, бір жаққа жүгіріп кетті де, қарумен қайта оралды. Мені атайын деп тұрғанын түсініп, айқайлап: «атпаңдар, мен адаммын!» - деп қолдарымды сермелей бастадым. Содан кейін олар, иттердің әрекетінен соң, жын ба, пері ме деп ойладық десті...
- Адам өте ұзақ жүгірсе қай жері ауырады?
- Бұл шектен өтсе еш жері ауырмайды, ауырады, бірақ ол жағымды деуге болады. Бұл бізді ауруды сезінбейді деген сөз емес. Егер екеумізге ине шаншыса, ауруды екеуміз де сезінеміз. Ал егер 100 рет ине шаншыса, мен ауруды сезінбеймін, ал сіз ауырасыз. Марафоншыларда бұл қалыптасқан.
- Сіз айронменнен өткен жоқсыз ба?
- 2 рет өттім, жартысын да, бүкіл қашықтықтан да. Джозефпен егесіп бардым, қазақтардан бірінші болдым. Маған дейін әкелі-балалы Қазақстанның тумалары болыпты, бірақ олар Ресейге кетіп қалған.
- Сіз марафонға қандай салмақпен шықтыңыз және қандай салмақпен аяқтадыңыз?
- Көп жоғалтпаймын, жоғалатын су ғана. Саунадағыдай. 3 келідей жоғалтам, бірақ бұл салмақ тез қалпына келеді.
«10 ЖЫЛ ЖАЗА ҚАУПІ ТӨНГЕН ЕДІ»
- Сіз 5 жыл бойына күніне 2 марафоннан жүгірдіңіз. Ал табыс қалай таптыңыз, отбасыңызды қалай асырадыңыз?
- Ол кезде менде көп ақша жиналған еді. Жүгіргенге дейін сурет салдым, сұранысқа ие суретші едім. Содан соң менің олимпиадалық стипендиям, демеушім – «Угольбанк» болды.
- Мен сіздің суретші екеніңізді оқыдым, бірақ іздеу жүйесінде сілтемелер жоқ екен.
- Еш жерде жоқ, олардың бәрі шетелде.
- Сіз оларды суретке түсірместен сатып жібердіңіз бе?!
- Сурет салған кезде үнемі – мен суретті жақсы саламын деген ойда боламын. Мұрағатта аз ғана бейнежазба мен фотосуреттер галереясы бар. Ал үйде өз картиналарым жоқ, бәрін сатып жібердім. Мен жүгіре бастаған соң, сурет салуды қойдым.
- Сіз суретшілікті оқымадыңыз ба?
- Егер жүгіру еңбектенумен келетін болса, сурет салу – ДНК-мен келетін нәрсе, код бойынша – мен қай уақытта да сурет сала алатынмын. Әлі есімде, ата-анам бізге қағаз беріп, үйдің, ағаштың, иттің суретін салыңдар дейтін... Анам бізге баға қойып, үнемі мен жеңіп кететінмін. Балалар үйіне барған кезде, әрине, стресс болды, сол кезде сурет салу көмектесті. Ең артқы орынға отырып алып, сурет салатынмын, мені сол үшін қолымнан ұратын. Егер дұрыс шықпаса, жақсы болып шыққанға дейін сала беретінмін, күніне 8 сағаттап отыратынмын. 1-сыныпта тушьпен, қаламұшпен жаздық қой. Қаламұшпен суретті көп салғаным сондай, кейін әр нәрсені сызықтармен көретін едім. Кейінірек, тәрбиешім мені кәсіби суретшілердің студиясына апарды. Олар үйрететін ештеңе қалмады деді. Мен композицияны, бояуларды өзім оқыдым. Сол күні, рас, суретшілер маймен сурет салуды үйретті, тапсырма берді. Мен келесі күні тапсырманы орындап, апарған едім. Олар қатты таң қалды, мен де қайран қалдым, өйткені маймен сурет сала алатынымды білмеген едім.
- Шетелдік келісімшарт туралы айтып берсеңіз?
- Оқудан соң 1986 жылы мен Екібастұзға келдім, бұл жерге өзім сұрандым, сол кезде менің әпкем мен ағам сонда тұрған болатын. Жергілікті газетте көрме өтетіндігі жөнінде хабарландыру болды. Мен өзімнің бірнеше картиналарымды алып келдім, бірақ мені көрмеге жібермеді. Онда мынадай талап болды: егер кімде-кім көрермендердің жақсы пікірін алса, Алматыға барады. Мен бұған қуанып кеттім, мен қашанда жеңіліп көрмеген едім, сондықтан да өзіме сенімді болдым. Көрменің ашылуына келсем фойеде менің картиналарым жоқ, залдың шетіне дейін бардым, дәліздің қараңғылау бұрышында ғана ілініп қойылған екен. Мен барлық көрмеге қойылған жұмыстарды қарап шықтым, ішіндегі ең таңдаулысы менікі деуге болады, сөйтіп кетіп қалдым. Артынан тек жабылуына ғана келдім, ал кітапшаға менің атыма жазылған тілектер бәрінен көп болып шықты. Екінші орында Пантелеев, неге екенін білмеймін оның картиналары бала қолынан шыққан. Мұның себебін білгім келген маған оның көркемсурет мектебінің директоры екенін айтты. Айтпақшы, сол көрмеде менің үш картинам ұрланып кетті. Мен оған не қуануды, не қайғыруды білмедім. Бірақ бәрібір Алматыға бару бұйырмады, маған сенің көркемсурет білімің жоқ, сол себепті Пантелев барады деді. Мен бұған ренжіп қалдым. Менің сәулетші досым болды, оның суреттен хабары болатын, содан ба, оның пікіріне қашан да құлақ асатынмын. Ол да мен үшін уайымға түсті, мені «қапаланба, сенің жұмыстарың керемет, сен әлі шетелге көрмеге шығарасың» деп жұбатты. Мен «Иә, менің жұмыстарымның да шетелге шығарар күні туар!» дейтінмін, - дейді күлімсіреп Марат. – Мен сол кезде шығып тұрған «Советский художник» журналын алып тұратынмын. Сол журналда бір журналист капиталистік ГФР-ның бір галереяшысымен болған сұхбатын жариялаған екен. Жеке коллекционерші, Ганс есімді вернисаж қожайыны КСРО суретшілерін бірлесіп жұмыс істеуге шақырған. Мақала былай деп аяқталып тұрды: маған факске жолдаңыздар деген де, нөмірін көрсеткен. Неге жазбасқа? Бірақ, мен факстің не екенін білмедім. Электроншыларға бардым, олар маған бәрін түсіндіріп берді. Мен оларға маған керек болып тұр деймін. Маған олар оның тек қалалық атқару комитеттерінде ғана болатынын және әрбір факстің артында қауіпсіздік қызметі тұратынын айтты.
- Бірақ сіз соған қарамастан жібердіңіз?
- Иә, Мәскеуде Олимпиада болған кезде оларды адамдар үшін бас поштаға қойып қойған екен. Мәскеуге барып, аудармашылардан хатты аудартып алып, жібердім. Бір жақсысы сол кезде менің жұмыстарымның негізгі бағыты графика болатын, ал ол факстің өзінен жақсы көрініп тұрды. Қызметкерлерге маған хат келсе телефон соғып хабарласуларын, ақысын төлейтінімді айттым. Ол кезде ұсақ тиын ақшаға бір бөтелке немесе он сомдық жарап жатыр. Сөйтіп, сол күні-ақ, маған поштадан хабарласты: жауап келді, біз аударып оқып шықтық, сүйіншісін, яғни, он сомдық және кәмпит ала келіңіз деп тұр. Шынында да маған ГФР жауап келген екен. Онда маған Мәскеудегі ГДР елшілігінен хабарласады делінген. Сол күні-ақ, маған елшіліктен хабарласып, мен бір адаммен кездесіп, барлық суреттерімді көрсеттім. Біз келісімшартқа отырдық. Мен мұндай келісімшартқа отырған сол кездегі суретшілердің алғашқысы болдым деуге болады, Қазақстаннан анық бірінші болдым.
- Қандай талаптар мен шарттар қойылды?
- Барлық картиналар жақтаусыз, 60-та 90 өлшемді болуы керек.
- Бағасына қалай келістіңіздер?
- 100 доллар.
- Бұл қомақты қаржы ғой.
- Көлеңкелі нарықта бұл ресми түрде 96 рубль болды, бейресми 1000, ал еңбекақы 100-150 рубль болды. Бір аптадан соң мен 30 картина әкеліп, 3000 доллар алдым. Одан әрі не болды дейсіздер? Долларды өмірімде бірінші рет көріп тұрғаным. Оның үстіне тіпті көп ақша. Олармен не істесем екен деп ойладым. Әскерде бірге болған жолдасым Володяға қоңырау шалдым. Ол бастысы ешкімге көрсетпе, мен барамын деді. Ол да келіп жетті, өмірінде бірінші рет қолға ұстағандай долларды қолына алып қарай береді. Маған біреу ғана бер, әйтпесе жібермейді дейді. Сөйтіп екеуіміз «Березка» желісіне бардық. Ол кезде кәртішкені алып тастаған кез, кіре берісте күзетшіге егер доллар көрсетсең, ол өткізеді, демек сен көрермен ретінде келгенің жоқ. Шынында да біз үшін ол жер жұмақтай болды. Барлығы импорт және КСРО-ның сапа белгісі бар тауарлары. Мен, айталық, тәжірибеден өту кезінде Қарағандының кондитерлік фабрикасында жұмыс жасадым, онда Қарағандыда сатылмайтын, тек экспортқа ғана шығатын кәмпиттер болатын, сол кәмпиттерді содан көрдім.
- Не сатып алдыңыздар?
- Бәрі бар: футболка, джинсы, батниктер, Шанель №5 әтірі, фотоаппараттар…
- Тек алыпсатар болдық демеңізші.
- Иә, валюташы да, алыпсатар да болдым. Бұл валюталық айла-шарғы, саудагерлік болатын – ату жазасын алып тастағанмен, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы бар. Барлығын сатып алдық, тағы да доллар қалды. Артымыздан біреу сат та-сат деп қалмай қойды: Сбербанкте саған 100 долларға 86 рубль, ал мен – 1000 берем деп ұзақ жүгірді. Біз көлікке отырдық, ол сатып алды. Тауарды Екібастұзда таныс-тамыр арқылы саттым. Суреттерді көптеп тасыдым. Үш жылдың ішінде Германия, Польша, Австралия, Америкаға тарап кетті. Көп ақша таптым. 2 рет ұсталып та қалдым, мен тауарды тек 10 мың долларға ғана әкелдім. Пара беріп құтылдым, әйтпесе, 10 жыл түрме. Екіншісінде де солай болды. 90-шы жылдары бәрін тастадым да спортқа кеттім. Сол тұста КСРО да ыдырай бастады және көптеген суретшілер ашықтан-ашық сату мүмкіндігін алды. Ал, мен сурет салуды қойдым, қазір қызықтырмайды десем де болады.
НЕ ЖАМАН ЖӘНЕ НЕ ЖАҚСЫ
- Ата-анаңызды ерте жоғалттыңыз ба?
- Бірінші сыныпқа барған жылы анам аурудан қайтыс болды, ал, әкемді айықтырғышта милиционерлер өлтірді.
- Сіздің өміріңіз бала кезден бастап қиын болғанға ұқсайды. Сіз балалар үйінде өстіңіз, мен сіздің фейсбуктегі бірнеше посттарыңызды оқыдым, онда өмірдің қатал болғандығы түсінікті еді. Өзіңіз ұялатындай нәрселер бар ма?
- Жетерлік, - деп жауап берді Жыланбаев сәл үзілістен соң. – Иә, мен ұрлықпен, тонаумен айналыстым: өтіп бара жатқан жүргіншілерді тоқтатып, заттарын тартып алдым...
- Қылмыстық іс көтеруге жетті ме?
- Шартты түрде бір рет жаза алдым. Жасөспірім болатынмын. Балалар үйінде бәрі де ұрлық жасайды, ал, кейбіреулері кейін өзін тоқтата алмайды...
- Міне, осы туралы сұрағым келді, айналадағының барлығы тонайды, ол әдетке айналған, ал, бірақ, оны қалай тоқтатуға болады?
- Мынадай бір «не жаман, не жақсы» деген өлең сөздері бар еді ғой. Бірақ, оның мәнін мен балалар үйінен кейін, бізді училищеге жіберген кезде ғана тоқтау керек екенін, ұрлауға, төбелесуге, кішілерді қорлауға болмайтынын түсіндім...
- Балалар үйі не сағыңды сындырады, не шыңдайды дейді ғой.
- Кейбіреулерді шыңдайды, көпшілігінің сағын сындырады. Сірә, мені шыңдаған секілді.
- Отбасында өссеңіз қандай адам болған болар едіңіз? Мынау бірбеткейлік қасиет туғаннан ба, әлде кейін пайда болды ма?
- Мен бұл сауалды өзіме қоям да оған жауап таппаймын. Білмеймін, мен қандай болған болар едім, жақсы ма, әлде жаман ба... Ол кезде біздің көпшілігіміз бандиттер болды, арамызда ақылдылар да болды. Айту қиын, дегенмен мен ризамын, қалай маңдайыма жазды, солай болды. Одан да жаман болуы мүмкін еді ғой.
«КЕЙДЕ КЕТІП ҚАЛМАҒАНЫМА ӨКІНЕМІН»
- Сіз көптеген параметрлер бойынша бірегей де, біртуар адамсыз және сіз кез келген батыс елдерінде мүлдем басқа масштабта жеке бір тұлға болар едіңіз. Шын мәнінде сіз менің субъективті көзқарас тұрғысынан алып қарағанымда, әлем адамысыз және өлшемсіз үлкен даңққа ие болып, соған сәйкес өмірлік деңгейіңіз де жоғары болған болар еді. 1994 жылы сіз өзіңіздің барлық өткен әлемдік рекордтарыңызды жаңартып, жаңа рекордтар жасадыңыз. Сол жылы сізді олимпиада стипендиясынан айырды. Сіз өзіңіздің спорттық жағдайыңызды дәлелдеу және ел намысын қорғау үшін негізгі әлемдік жарыстарға қатысуға өзіңізге мүмкіндік бере аласыз. 1995 жылы сіз әлемде алғашқы болып дүние жүзін шарлап, жаңа рекордтар жасағыңыз келді және ол туралы қазақстандық билік өзінің қолдау көрсеткелі жатқанын әлемге жариялаған болатын, ал сол күннің қарсаңында бас тартып, дөрекілеу айтқанда сізді лақтырып кетті. Және сізді банкроттыққа дейін апарып, жүйкеңізді жұқартты, күйзелістен сіз есіңізді жоғалтып, спортты тастап кеттіңіз. Неліктен сіз осы елде қалдыңыз?
- Бұл бәлкім патриотизм болар, - дейді Жыланбаев сыбырлап қана және оның көзі тағы да суланғандай болды. – Иә, мен шетелде болдым, бірақ, түсіне алмадым: менікі ме, әлде менікі емес пе? Бәлкім, ақымақ болдым ба, маған олар капиталистер сені пайдаланады да, барлық күш-қуатыңды сорып алады да, лақтырып тастайды деді... Кейде мен кетіп қалмағаныма өкінемін, өйткені, мен 1999 жылға қынжыламын. Барлық алдыңғы рекордттар түкке татымайды, 95-ші жылы мен өзімді планетадағы ең күшті адам ретінде сезіндім. Күшім тасып, шыдамдылық пен жылдамдығын артып тұрған кез болатын. Дайындалдым, тапсырыс бердім, өзімнің барлық қаржымды салдым. Мен өзіме сенімді едім. Олар маған уәде бердік пе, істейміз, сені ұятқа қалдырмаймыз деді. Барлық деңгейде уәде берілді, мен Назарбаевтан басқа барлық биліктегілермен жеке өз басым кездестім, оған мен 3 хат жаздым, бірақ еш жауап келген жоқ. Дегенмен демеуші табылды, бірақ, ұшардан бір апта бұрын ол да мені лақтырып кетті. Өзімнің ақшам ол кезде болмады, стипендиядан айырды, тек банк қана қолдау көрсетті, бірақ бұл жетпейтін еді. Ақыл-есімнен адастым, бірде ұйқыдан тұрғанда өзімнің кім екенімді білмей қалдым. Мәскеулік дәрігерлер бірнеше ай мені емдеп, біртіндеп есім кіре бастады. Дәрігерлер жүгірмеуімді қатаң ескертті, содан мен 17 жыл жүгіргенім жоқ. Енді міне, кеш, жасым енді 54-ке келеді, жас кезім енді қайтып келмейді.
ПАРТИЯЛАР МЕН АЛАҢ ТУРАЛЫ
- Бірақ, сіз саясаттан алыссыз ғой?
- Мен саясаттан тыс адаммын. Бірақ, нені қажет деп тапсам соны жазамын, біз үнсіз қалмауға тиіспіз. Мен біздің еліміздің бастапқыда жоспарланғанындай демократиялық ел болғанын қалаймын. Біздің бірінші конституциямыз дұрыс болды, бірақ оны түзетіп, түзетіп келеді және бізде ұлт көшбасшысы да бар және Солтүстік Корея да соншама жақын қалды... Грузияға барып қараңызшы, олар бәлкім бізден кедейлеу болар, ресурстары жоқ болар, бірақ оларда демократия бар. Бізде шықтың, байрақты көтердің, бірдеңе айттың – болды. Иә коммунистерді жәй ғана «Нұр Отанға» ауыстырған, бәрі бірдей. Барлық құрылым да солай: бір нәрсе керек пе, партияға кір. Мені барлық партия күштеп шақырды, Дариға Назарбаева симфониялық оркестрі бар қымбат мейрамханаға өз партиясы үшін маңызды деген 10 адамның ішінде мені де шақырды. Ән салады, билейді, содан соң «менің партияма кіріңдер!» дейді. Барлығы – иә-иә деп құптайды. Мен мұның бәрі маған керек емес дедім. Бұл өзіңді партияға ұсыну үшін қажет. Ал мен партия үшін жауап беруді қаламаймын.
- Мен сіздің өткен жылы Алматыда жер митингісіне барғаныңыз туралы постыңызды оқыдым.
- Иә, 21 мамырда мен алаңға жете алмай қалдым, ол жерде автобустар, арнайы жасақ, адамдардың не айтып жатқанын құлаққап киіп тыңдап жүрген чекистер болды. Мен жүріп өтіп, арқақаптан Қазақстанның байрағын шығарып, жайып жібергенім сол еді, маған полицейлер жүгіріп келіп, «неге сіз кеше шықпай, бүгін шығып тұрсыз?» деді. Заңсыз митингіге шыққаным үшін 5 сағат ұстады. Бұл жерде алаңға кетіп бара жатқанда ұстаған адамдардың 60-сы болды.
- Сіз үшін акцияның зардабы, қудалау болды ма?
- Бәлкім болған да болар, мен бұл уақытқа дейін үлкен адамдардың шеруін жаттықтырған болатынмын. Сол кезде айталық, Кәрім Мәсімов. Ол бірінші жаттығуда жартылай марафонды жүгіріп өтетініне сенбеді. Мен оған бір жылдан соң 100 шақырымды жүгіріп өте аласыз деймін.
- Бұл әлгі оның түрлі-түсті шұлық киіп келген марафон ба?
- Иә, ол сол кезде жартылай марафонды жүгіріп өтті, оның күзеті мені тауып алып, сізді шақырып жатыр деді. Мен шатырына келдім, ол маған Марат, бәлкім 100 шақырым? Ол бастысы адам басындағы кедергілерді жеңуі керектігін түсінді.
- Сізге өз өміріңіз жайлы кітап жазу керек.
- Осыдан бір апта бұрын бастадым, қыркүйекке дейін жазып бітіргім келеді. Онда өмір туралы, жүгіру туралы болмақ.
Әңгімелескен Зульфия БАЙНЕКЕЕВА