Атырау, 27 қараша 15:35
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Өз Қаһарманын тапқан жұлдыз

Сурет
2 701 просмотра

Атырау инженерлік-гуманитарлық институты жанындағы колледжде Екінші Дүниежүзілік соғысының 72-жылдығына орай кездесу өтті. Онда біздің жерлесіміз, майдангер Рахметолла ҚАРАМАНОВТЫҢ тағдыры сөз болды. 

 

Осы уақытқа дейін ол туралы бәрі белгілі сияқты еді. Ол 1909 жылы Ембі ауданы Ұялы ауылында дүниеге келіп, еңбек жолын 20 жасында аудандағы саауатсыздықпен күрес штабының бастығы болып бастап, бастауыш сыныптарға сабақ берді. 1942 жылы майданға шақырылды. Жеңіс күніне дейін жетіп, «Қызыл жұлдыз», «Қызыл байрақ», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» ордендерімен марапатталды. Демобилизациядан кейін колхоз төрағасы болып жұмыс істеді, кейін қаржы органдарында көп жыл еңбек етті. Зейнетке шығып, қоғамдық жұмыспен белсене айналысты. 1986 жылы созылмалы дерттен көз жұмды.

Ал 2014 жылы Подольск қаласындағы әскери мұрағаттан батырдың ерлігін баяндайтын подполковник Царевтің қолы қойылған марапат қағазы табылды. Онда былай делінген: «Қараманов жолдас 1945 жылғы 17 сәуірде Ной-Харденберг селосының тұсында Альти-Одер өзенінен шабуылмен өту кезінде жауынгерлік тапсырманы жеке құрамға нақты түсіндіре отырып, батальонды тіке шабуылға көтерді және аса шапшаң қимылмен дұшпанды алдыңғы жақтағы әскери орларынан түре қуып шықты. Өміріне қауіп төнгеніне қарамастан, дұшпанның нөсерлете жаудырған оғының астымен жер бауырлай жылжи отырып, ДЗОТ-қа жетті де, оған бірнеше гранатасын лақтырды, оның ішіндегі тоғыз неміс солдатының көзін жойды, сөйтіп, батальонның одан әрі табысты шабуыл өрбітуін қамтамасыз етті. 1945 жылғы 23 сәуірде Берлин қаласына жасалған тіке шабуыл кезінде жау оқшашардың оғының және фауст-патронның көмегімен ротаның жылжуын тоқтатқан ұрыстың қиын сәтінде Қараманов жолдас жеке өзі фауст-патронмен дұшпан бекінген үйдің қабырғасын жарып жіберді, сол арқылы оған кіріп барды да, граната лақтырып, жеті неміс солдатын құртып, он бесін тұтқынға алды.

1945 жылғы 26 сәуірде ротаны жауынгерлік жағдайға келтіре отырып, бір топ жауынгерлермен бірге неміс автоматшылары орналасқан үйге басып кірді және тең емес ұрыста немістің он жеті солдатын жер құштырды. Оның батальоны жауынгерлік тапсырмаларды үлгілі орындап келеді. «Ленин» ордені мен «Алтын жұлдыз» медалімен қатар «Кеңес Одағының Батыры» атағына лайық».

Батыл да шебер жауынгер Рахметолла Қарамановтың неліктен өзінің Алтын Жұлдызын алмағаны түсініксіз. Мүмкін, сол кезде жиі кездесетін бюрократияның кесірінен ең жоғары жауынгерлік марапатқа ұсыну туралы қағаз жетер жеріне жетпей қалып қойған болар. Алайда, бұл оның жасаған ерліктеріне еш әсер етпейді. Колледждегі кездесуде Қаһарманның туысқандары дәл осы жайында айтып, студенттермен бірге оның өмірі, отбасы, соғыс жылдарынан кейінгі еңбек жолындағы жетістіктерін еске түсірді. Ештен кеш жақсы дегендей, барлық жиналғандар өлкетанушы-тарихшы Аманғали ӘМІРЖАНҰЛЫНЫҢ Рахметолла Қарамановты «Халық қаһарманы» атағына ұсыну туралы ойын бір кісідей қолдады. Осы бастаманы жоғары билік органдарында жүзеге асыратын топ құрылды. 

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

9 мамыр 2017, 17:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.