Жыл өткен сайын Ұлы Отан соғысының ардагерлері азайып барады. Алайда, олар туралы естеліктер ұрпақтарының жүрегінде сақталған. Атырау тұрғыны Сайлау ИСАҚОВ атасы Хәкім ИСАҚОВТЫ тек отбасылық мұрағаттағы суреттен ғана көріпті. Бірақ, бұл оның жылы сезімін азайтқан емес...
Хәкім Зияшұлы Исақов 1922 жылы Сталинград (қазіргі Астрахан) облысының Володарск ауданының Лебяжье ауылында қызметкер Зияш Исақовтың отбасында дүниеге келген. 31-жылы Гурьев облысының Доссор поселкесіндегі орта мектептің 1-сыныбына аяқ басып, мектепті 1941 жылы аяқтайды. Сол жылдың желтоқсанында Қызыл Әскер қатарына шақырылады. Жарты жылдық оқытудан өткеннен кейін 1942 жылғы мамырдан бастап, 2-ші Украина майданы 27-ші армиясының әуе бақылау-хабарлау және байланыс жөніндегі 42-ші жеке әскери ротасының байланысшы-телефонисі болып, КСРО, содан соң Румыния, Венгрия, Югославия, Чехославакия мен Австрия аумақтарындағы ұрыстарға қатысады. Үш жарақат пен контузия алған. Ауыр жауынгерлік еңбегі үшін 1942 жылы І дәрежелі Отан Соғысы орденімен, 1944 жылы – «Ерлігі үшін», сондай-ақ, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Будапешті азат еткені үшін», «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германиядағы жеңісі үшін» медальдарымен және Жоғарғы Бас Қолбасшының жиырма шақты алғыс грамоталарымен марапатталған.
- Мен атам көз жұмғаннан кейін жеті жылдан соң, 1973 жылы дүниеге келдім. Ол туралы көбірек білгім келді. Әкем екеуміз тірнектеп жүріп ақпарат жинадық, мұрағаттарға жүгініп, атамның бүкіл жауынгерлік жолын қалпына келтірдік, - деп әңгімелейді Сайлау.
Жауынгер Исақовтың ұрпақтары мұрағат қорынан Отан соғысы орденіне марапат қағазын тауып алған. Онда жазылғандай, алғаш рет ол 1942 жылы 26 шілдеде үзілген желіні жалғап, сол кезде жараланған: «Жараланғанына қарамастан, ол желіні тастап кетпей, 3-ші полктің командалық пунктпен байланысын қалпына келтірді. Жолдас Исақовтың өзі жаралы күйде қарсыласының жаудырған оғынан сытылып шығып, өзімен бірге бүкіл жеке қаруы мен мүлкін арқалап, дұшпанына соңғы оғы қалғанша соққы беріп, оның көзін жою керектігін жауынгерлерге үлгі етіп, командалық пунктпен байланысты қамтамасыз етті».
Ал басқа бір марапат қағазында былай дейді: «1944 жылдың 2 шілдесінде дұшпандар авиациясының бастырмалатқан шабуылы кезінде байланыс желісі зақымдалып, дұшпандар авиациясының жаңа тобы пайда болды. Ефрейтор Исақов дұшпанның оқ жаудырып, бомбалағанына және өзінің жараланғанына қарамастан, байланыс желісінің зақымдалған 10 жерін тез қалпына келтірді. Бұл активті құралдарға дер кезінде хабарлауға мүмкіндік берді. Осының арқасында екі Ю-87 ұшағы жойылды. Әскери тапсырмаларды үздік орындап, батылдық пен ержүректілік көрсеткені үшін ефрейтор Исақов үкімет марапаты – «Ерлігі үшін» медаліне лайықты».
Соғыстан кейін, 1945 жылдың шілдесінде Хәкім Исақов қиыр шығыс өлкесіне қызмет етуге жіберіледі. Ол жақта 46-жылы әскери қызметтен босатылады.
- Атамның соғыстан оралуы Исақовтардың бүкіл отбасы үшін айтып жеткізе алмайтын қуанышқа айналған, - дейді жауынгердің немересі.
1947 жылы Хәкім Исақов Доссор мұнай кәсіпшілігі басқармасына жұмысқа кіріп, инженер-экономист болып жұмыс жасайды. Ақылды жас маманды тез байқап, 50-жылы ол «Қазақстанмұнай» бірлестігінің аппаратына ауыстырылады. Содан кейін Құлсары мұнай кәсіпшілігі жоспарлау бөлімінің бастығы, Қаратон мұнай кәсіпшілігі басқармасы бастығының орынбасары болады. Ал 1966 жылы оны Мақат аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы етіп тағайындайды. Қай жерде де үлкен құрметке ие болады.
- Атамды соғыс кезінде қорғаған тағдыр оны бейбіт күні қорғай алмады: 1966 жылы 24 шілдеде 44 жасқа қараған шағында ол көлік апатынан қаза болды. Оның соңында алты баласы қалды. Ішінде менің әкем де бар. Балаларының барлығы да өмірден өздерінің лайықты орындарын тапқан, қазір әрқайсысының өз отбасылары, балалары мен немерелері бар. Ол немеренің бірі менмін. Бізде қазақта: «Атамыз көрмеген бақытты сәттерді Аллаһ Тағала оның балаларына, немерелері мен шөберелеріне берді» деп айтады. Атамыз туралы естелік әрқашан бізбен бірге болады, оны балаларымыз бен немерелерімізге жеткіземіз, - деп сөзін түйіндеді Сайлау Исақов.
Міне, бұл дұрыс. Солай болуға тиіс. Ұрыс даласында қаза болған және кейіннен көз жұмған Ұлы Отан соғысына қатысушылардың баршасының ерлігі ел есінде.
Тамара СУХОМЛИНОВА