Атырау, 27 қараша 15:51
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Олар біздің батырлар

14 389 просмотра


Ұлы Отан соғысы жылдарында Гурьев (Атырау) облысынан 42 мыңнан астам адам майданға аттанды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 13 000-нан астам жауынгер қайта оралмаған. Олар шайқас даласында, концлагерьлерде қаза болған немесе әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кеткендердің қатарында.

Қазір сонау сұрапыл соғысқа қатысқандардан көзі тірі 46 адам қалды. 2015 жылы Атырауда Жеңіс бағында Естелік қабырғасы пайда болып, онда майданда қаза болған 24 мың 680 жауынгердің есімі ойылып жазылды. Ресми мәліметтер мен нақты тізімнің сәйкессіздігі туралы сол кезде облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Қатимолла РИЗУАНОВ түсіндірген болатын. Гурьев облысы әкімшілік-аумақтық бірлік ретінде тек 1938 жылы Ақтөбе өңірінің бөлігінен құрылған. Әскери комиссариаттар бүкіл ауданда құрылып үлгермеген, сондықтан Гурьев облысының тұрғындары басқа өңірлерден шақыртылған, Астрахан, Маңғыстау, Орал облыстарында ресми тіркеу жүргізілген. Естелік қабырғасы үшін тізім жасау жұмыстары басталғанда ғана әкімдіктерге қаза болған жауынгерлердің туыстары жүгіне бастады. Тізімді ескеріп, бәлкім, тағы толығар деп, Қабырғаға бос орын қалдырған. 

Біздің облысымыздан тоғыз адам елдің жоғары марапатына – Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған. Олар Қайырғали СМАҒҰЛОВ, Боран НЫСАНБАЕВ, Иван МАХОРИН, Георгий КАНЦЕВ, Филипп МАЗУРОВ, Александр АФАНАСЬЕВ, Иван БЕРЕЗИН, Мұқат МҰСАЕВ, Мұса БАЙМҰХАНОВ. Тағы төртеуі майданнан толық (барлық 3 дәрежелі) Даңқ орденінің кавалерлері болып оралды. Олар Ғизат ӘЛІПОВ, Шүкір ЕРКІНОВ, Евгений ПОЛЫНИН, Гавриил ШАМИН

Тағы бір танымал жерлесіміз – Құрманғазы ауданының тумасы Хиуаз ДОСПАНОВА. Ұлы Отан соғысындағы батылдығы мен ерлігі үшін ол Қызыл Жұлдыз, ІІ дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Ту ордендерімен, «Кавказды қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германиядағы жеңісі үшін» медальдарымен және басқа да марапаттармен марапатталған. Алайда, 300 мәрте ұрыс алаңына ұшып шықса да, бұл ержүрек ұшқыш қыз Кеңес Одағының Батыры атағын алмады. Осы ұрыстардың бірінде ауыр жараланды. Жеңістің 60 жылдығына орай оған «Халық қаһарманы» атағы берілді. Алматыдағы көше, «Эйр Астана» әуе компаниясының Embraer-190 ұшағы, Атыраудағы мұз сарайы Хиуаз Доспанованың есімімен аталады және осы жерде ескерткіш ашылды. Айтпақшы, 2015 жылы біздің халықаралық әуежайда Жеңістің 70 жылдығына арналған салтанатты шарада әуе айлағына даңқты ұшқыштың есімі беріледі деп жарияланды, алайда, бұл ұсыныс сөз күйінде қалды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА


4 мамыр 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.