Атырау, 24 қараша 02:57
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Түйе сұра, бие берер

2 519 просмотра

Атырау облысының билігі республикалық бюджеттен бөгеттердің құрылысы, тозығы жеткен су құбырлары, газ құбырлары, автокөлік жолдары, балабақшалар мен апатты жағдайдағы мектептерді жөндеу жұмыстары үшін 20-25 млрд. теңге көлемінде қосымша қаржы сұраған еді. Бұл проблемалардың барлығы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Серік АХМЕТОВ («Бөгет салуға әлі де кеш емес», 2-беттен оқыңыздар) іс-сапары аясында облыстық әкімдікте өткен қорытынды мәжілісте талқыланды. Жоғары шенді бастық бәрін тыңдап алды да, ештеңені уәде еткен жоқ. 

ӨЗ СУ ҚОЙМАМЫЗ КЕРЕК

Барлық проблеманы ауыл шаруашылық саласын қадағалайтын облыс әкімінің орынбасары Серік АЙДАРБЕКОВ өз баяндамасында айтып өтті. Оның айтуынша, жыл сайын Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының халқын расында да, әр жылы облысқа төнер қатер тек қыста қардың көп жауғанына емес, Жайықтағы гидрологиялық жүйенің нашарлауына да байланысты болады екен. Мамандардың айтуынша, өзеннің сағалары мен каналдары әбден таяздалған және ластанған. Шындығында, соңғы 40 жыл шамасында Жайық түбін тереңдетуге қатысты күрделі жұмыс жүргізілген жоқ. Одан әрі С.Айдарбеков өзеннің Атырау қаласынан Каспий теңізіне дейінгі аралығында үлкен проблема қалыптасқанын айтты. Көлік және коммуникация министрлігінің қорындағы  Жайық-Каспий кеме жүретін каналында қиын жағдай орын алған.  Соңғы жылдары бұл жерде ешқандай тереңдету шаралары жүзеге асырылмаған. Каналдың әбден ластанып, таязданғаны соншалық, теңізге шығар жерінде тереңдік небәрі бір-ақ метрді құрайды. Кей тұсында оған да жетпейді. Қазір бұл каналмен жолаушылар мен жүк тасымалдау өте қиын. Сөйтіп, ТШО, Аджип ККО тәрізді ірі компаниялардың қажетті жабдықтарын су бетімен жеткізу мүмкін болмай отыр. Сонымен қатар, ұзындығы 35 км Яиц каналында да тереңдету жұмыстарын жүргізу керек. Мұнда толық қалпына келтіру шаралары өткен ғасырдың алпысыншы жылдары жасалған болатын. Ал, кейбір тұсын тереңдету мақсатында 2004-2006 жылдары жасалған жұмыстар нәтиже бермеді. Сондықтан, Жайық-Каспий каналы арқылы кеме жүрісін қауіпсіз етіп, жүк айналымын арттыру үшін биылдан бастап әр жылы тереңдету жұмыстарына кем дегенде1-1,5 млрд. теңге қаралу қажет.

Премьер-министрдің бірінші орынбасарының қатысуымен болған басқосуда тағы бір өзекті мәселе қозғалды. Ол – көктемгі тасқын кезінде төтенше жағдайларды болдырмау және өр суын тиімді пайдалану үшін өңірде су қоймасын салу. Мәселен, бізге де көршілес Батыс Қазақстан облысындағы Жайық-Көшім тәрізді суландыру жүйесін тұрғызған жөн. Жоба аясында әрқайсысы 50 млн текше метр болатын 2 су қоймасын салу ұсынылды. Осы жоба бойынша тек зерттеу жұмысының өзіне  ғана 200-300 млн теңге қажет.

Тете-премьер, бәлкім әңгімені әлі пісіп жетілмеген жоба төңірегінде болып отыр деп есептеген болуы керек:

- Осы саланың мамандарымен кеңесіңіздер, тіпті, болмаса, ғалымдарға жүгініңіздер. Зерттеу жұмыстарына қаржыны жергілікті бюджет есебінен қарастырыңыздар. 

Айдарбеков және облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ мамандарға жолыққандарын мәлімдеді. Ал, қолына микрофон алған Жайық-Каспий су бассейні инспекциясының бастығы Бисен ҚУАНОВ былай деп түсіндірді:

-  Су тасыған кезде суды жинақтап алса, жазғы мезгілде оны суару үшін қолдануға болады. Мұндай әдісті Батыс-Қазақстан облысында қолданады.

- Техникалық-экономикалық негіздемені жасақтаңыздар, ал, біз оны кейін қарайтын боламыз,-деді Ахметов.

 

ҚҰЖАТ СІЗДЕРДЕ ЖАТЫР

Айдарбековтің айтуынша, гидротехникалық қондырғылардың  тозуына байланысты оларды қаржыландыру мәселесі туындап отыр. 60-шы жылдары салынған суару қондырғылары бүгінгі күні тозығы жеткен күйде:

- Біз өз ұсыныстарымызбен Ауыл шаруашылық министрлігіне өтініш білдіргенбіз, алайда, олардан қолдау тапқанымыз жоқ.

Әкім орынбасарының айтуынша, сорғы стансаларының жөндеуіне 68 млн теңге, ал, гидротехникалық қондырғылардың жөндеу жұмыстарына алдағы үш жылда 2,9 млрд. теңге қажет.

Облыс әкімінің орынбасары өңірде балық шаруашылығына қатысты ең басты проблема – балық аулауға қатысты нормативтік актілердің жоқтығын баса айтты. Естеріңізде болса, 2010 жылы 2004 жылғы ҚР «Жануарлар әлемін қорғау, пайдалану және көбейту туралы» заңына өзгерістер енгізілді, соның салдарынан атыраулық балықшылар көктемгі балық аулау құқығынан айырылған болатын. Алайда, қазір бұл мәселені реттеуге мүмкіндік беретін заңға толықтыру қосылды. Әйтсе де, бүгінге дейін балық аулау уақыты мен орнын реттейтін, сонымен қатар, шектеулер мен тыйымдарды анықтайтын Үкімет қаулысы шыққан жоқ.   Құжаттар премьер-министрдің кеңсесінде жатыр. Сол тұста ауыл шаруашылық министрлігінің балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан ЖҰМАЖАНОВ оларды келесі аптаның ішінде қарайтынына уәде берді.

- Оған асығу керек, балық аулау маусымына дейін 20 күн қалды,- деп ескерте кетті  Б.Рысқалиев. 

 

ҚОЛДАУ КҮТЕМІЗ

Жергілікті билік басындағылар тете-премьерге ауыл шаруашылық министрлігінің және оның еншілес бөлімшелерінің үстінен олардың тарапынан ешқандай қолдау көрсетілмей отырғандығына  шағымданды. Олар Атырау облысының қолайсыз климаттық жағдайларына байланысты жер өңдеу шаруашылығымен айналысу тиімсіз деп, жобаларды қаржыландырудан бас тартып отыр. Ахметов атыраулық шенеуніктермен біздің аграрлық саланың болашағы бар деген пікірлерімен келісті және қаржыландыру көзі ретінде ӘКК-ға назар аударуға ұсыныс берді.

 

ТҰРҒЫН ҮЙ ҮШІН ТАҒЫ ДА 600 МИЛЛИОН БӨЛІНДІ

Тете-премьер келесі жылы жүзеге асырылатын кезекте тұрғандар мен жас отбасыларға арналған жаңа мемлекеттік тұрғын үй жобасы туралы хабарлады.

- Бізде баспанаға зәру адамдар көп, сондықтан да пәтер кезегінде тұрғандардың саны қысқаратын емес. 2014 жылдан бастап елімізде жыл сайын кем дегенде 1 млн шаршы метр тұрғын үй салынатын болады,- деп хабарлады Ахметов. Облыс үшін бөлінген 2,5 млрд теңгеден басқа қосымша тағы да 600 миллион бөлініп отыр. 

- Ақшалар, әдетте, жылдың ортасында түседі және оларды игеріп үлгеру керек,- деп атап өтті облыс әкімі.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

7 наурыз 2012, 16:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.