Атырау, 27 қараша 15:39
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша өткен жиналыс жемқорлыққа қарсы митингіні еске түсірді

Сурет Бейнежазба
4 744 просмотра



Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында қалалық сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Қуанышбек МАҚАШЕВ, қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Кәкім ШАЛТАНОВ және «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» (ТҚЖБ) АҚ Атырау облыстық филиалының басшысы Нұрбол ҚҰРМАННЫҢ қатысуымен «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын түсіндіру бойынша халықпен кездесу өтті.

Естеріңізге салсақ, бұрынғы қолданыстағы 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасын және 2020 жылға дейін өңірлерді дамыту бағдарламасын біріктірген «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы өткен жылдың желтоқсанынан бастап жұмыс істейді. Оның басты мақсаты – халықтың баспанаға қолжетімділігін көтеру. Әңгіме бес бағыт туралы болып отыр: 1. Ипотекалық несиелендірудің қолжетімділігін арттыру. 2. Жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандыру. 3. Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы өткізілетін несиелік тұрғын үй салу. 4. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй қорын құру. 5. Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту.

Жиынға қатысушы мамандар бұл бағдарлама аясында пилоттық жобаның іске қосылғанын айтып өтті. Жоба бойынша «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» салымшысы болсаңыз әрі жер кезегінде тұрсаңыз, сіз салынғалы отырған 80 тұрғын үйдің біреуін алуға мүмкіндігіңіз бар. Ол үйлер 2005-2011 жылдар аралығында кезекке тұрғандарға беріледі. ТҚЖБ салымшысының есепшотында тұрғын үй құнының 30 пайыз сомасы жинақталуы керек. Несие 10 жылға беріледі. Алғашқы 5 жылда 5 пайыздың жылдық үстемемін төлесеңіз, кейінгі жылдары 4,5 пайыз үстемемен төлем жасайсыз.

Алайда, бағдарламадан бұрын халықты 10-15 жылдап күтіп жүрген жер кезегінің қашан берілетіні қызықтырды. Залдан қойылған сауалдар да негізінен осы жөнінде болды.  



- Кезекке 2006 жылы тұрдық, бірақ ол қозғалмайды. Бұл өзі қандай кезек қозғалмайтын? Демек, біздің орнымызға сырттан адамдар кіріп жатыр деген сөз.

- Кірмейді, - деп кесіп айтты Қ.Мақашев.

- Кіреді!

- 2011-2012 жылдары дейін көпшілік  жер тілімін жеңілдікпен алып кетті. Көп балалы аналар, соғыс ардагерлері, т.б. Сол кісілердің кезексіз алып кеткендіктен кезек қозғала қоймаған шығар. Кейін Жер кодексіне өзгерістер енгізіліп, ондай жеңілдіктің бәрі алынып тасталды.

- Тағы бір сұрағым, қазір 21 ғасыр, кезегімізді неге үйде отырып интернетпен тексере алмаймыз?

- Қазір электронды жаңа бағдарлама әзірленуе. Бүгінгі таңда жер кезегінде 81 000 адам тұр, соның барлығын бағдарламаға енгізіп жатыр. Осы 2-3 айдың ішінде Egov арқылы сіздер кезектеріңізді қарай аласыздар.  

 

«ӘДІЛ АДАМДАР КҮТІП ЖҮРЕ БЕРЕДІ...»

Залдан тағы бір әйел адам сұрақ қойды:

- Осы мәселені жалғастырайын дегем. Бүгін не үшін келдім мен? Кезекте 2005 жылдан бері тұрмын. Жыл сайын тексертіп отырмын. Маған 2010 жылы делдалдар келіп, кезексіз алғың келсе, 500 доллар бер, мен кезегіңді жылжытып беремін, кез келген ауданнан ала аласың деді. Мен үнемі бас тартамын. Алдап кетпесіне кім кепіл? Бес жыл өтеді, тағы басқа адамдар келіп, 1000 доллар бер, көмектесеміз дейді. Міне, екі жыл бұрын 2000 долларға кезекті жылжытамыз деп тағы біреулер келді. Керек емес дедім. Заңға қарсы келмейтін адам ретінде өз кезегімді күтемін. Бірақ, менің зейнетке шығуым жақын, ал мен жерді әлі алған жоқпын. Әлгі ортада жүрген адамнан жайлап оны қалай жүзеге асырасыңдар деп сұрадым. Ол құпия деп ештеңе айтпады. Әкімдікте, архитектурада жемқорлықпен айналысатын адамдар бола береді, ал кезегін күтіп жүрген әділ адамдар күтіп жүре береді. Менің таныстарым көп, үй алдым, жер алдым, оны саттым деп әңгімелеп жатады. Кезекке 2011-де тұрдым, 2012-де тұрдым дейді, мен 2005-тен бері ала алмай жүрмін, қалай алдыңдар десем, беру керек дейді. 3 жыл бұрын Нұр Отанға бардым, бәрібір. Әділдік жоқ.

- Жауап беруге рұқсат етіңіз, - деді Қ.Мақашев. – Делдалдар болған шығар, айтып отырмын, 2011-2012 жылдары жеңілдік берілген  тізіммен «Нұр Отанға» жазып, жер телімін алғандар көп. Мен оны жоққа шығармаймын. Қазіргі таңда барлық азаматтардың құқығы тең. Тіпті, соғыс ардагерлері де жеңілдікпен ала алмайды. Сондықтан кезексіз біреу алып кете алмайды.



- Алып кете алады деп тұрмын ғой сізге.

- Жоқ. Адамдар бұрынғы кездері қалыптасқан жағдайды айта береді. Қазір ондай жоқ.

- Кепілдік бересіз бе?

- Беремін. Кезексіз ешкім де ала алмайды.

Осы арада Кәкім Шалтанов араласты:

- Қазіргі жағдайда алаяқтарға алданып қалмаңыздар. Кезекте тұрғандар өте көп. Бұрын жер алғандар екінші рет оны ала алмайды.

Алайда, ашынған әйел адам тоқтай қоймады:

- 2012-13 жылдары бірнеше жер алып, үй салып, оны қайта сатып жүргендер өте көп.




Келесі адам:

- Ақша беріп алып жатырғандарды көріп, естіп отырмыз. Жемқорлық деген жайылып кеткен. Ақшамен беріп жатырсыздар, егер мен сізге бәлен мың доллар берсем, сол жерді маған ойланбастан бересіз.

- Берілмейді.

- Беріледі, беріледі. Қазір үш отбасы болып біреудің ескі времянкасы жалдап отырмыз, сенбесеңіз, комиссия жіберіп, қараңыздар. Сіз сондай үйде тұрасыз ба өзіңіз?

- Уақытымызды алмайық, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша сұрақ қойыңыздар, басқа мәселелер бойынша жер қатынастары бөліміне жеке барып, сөйлесіңіздер, - деді Н.Құрман. Осы арада залға жиналған халықтың көпшілігі кетіп қалды.

 

«ЗЕЙНЕТКЕРГЕ ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕНІ ҚАРАСТЫРАМЫЗ»

Келесі сұрақ Нұрбол Құрманға қойылды:

- Мен зейнеткермін, маған мына дайын үй ұнап тұр. Алайда, маған несие бермейді, мен жерге кезегімді балама аудара аламын ба?

- Мен осы сұрақты көтерем, егер ата-анасында жер болса, баласына несие береміз бе деген мәселені қарастыру керек, қарайық, маған  келіңізші. Ал, негізінде несиені зейнеткерге берілмейді.



Келесі сұрақ:

- Менің жолдасым 2007 жылы жер кезегіне тұрды. Он жылдың ішінде тек 1200 орынға жылжыдық. Әлі қанша жыл күтеміз жерді?

- Кешірерсіз, сіз әлі түсінбей отырсыз. 2007 неге жылжымайды? Әрі жер беріліп жатқан жоқ. Қазіргі таңда жерді 2004 жылы арыз бергендерге береміз. 2005 жылы арыз түсіргендер осы пилоттық жобаға қатысқылары келсе, салынатын 80 үйдің біреуіне іліге алады, төлем қабілеттілігі болса, әрине, егер 80 адам шықпаса, 2006, 2007 жылдары арыз жазғандарды, ішінен осы жобаға қатысам дегендерді шақырамыз. Бұл арада, берілетін жер тегін, несиеге үстіндегі үй беріледі. Жер алған кез келген адамның келесі сұрағы үй салу болады. Бәрібір сіз жер алғанның өзінде де үй салу үшін қарыз алуыңыз мүмкін. Үйді үкімет типтік жобамен салып береді. Әркім өз жағдайына байланысты үйлердің біреуін таңдап, төлемқабілеттігін растап, арызын, жазып, берсе, біз 80 адамның тізімін жасағымыз келіп отыр. Болашақта бұл жобаға халық көп қатысатын болса, бұдан да көп үй салармыз, ол халықтың қалауына байланысты. Шарты - 30 пайыз ақшасы болу керек.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген Айнұр САПАРОВА

29 сәуір 2017, 22:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.