Атырау, 11 желтоқсан 20:00
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

«Дарындағы» дарабоздар

11 970 просмотра

Қамқор ата-аналар облыстағы оқу орындарына оқуға түсіру үшін балаларын бүгіннен бастап дайындай бастаған. Дарынды балаларға арналған мектепте оқығысы келетін балалардың көптігі сондай, олардың конкурсын жоғары оқу орындарындағы іріктеумен салыстыруға болады. Бұл түсінікті де, өйткені әңгіме жақсы білім беру базасы мен беделді жоғары оқу орындарына түсу болашағы жөнінде болып отыр.

120-ның 35-і

Облыстық «Дарын» дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына бірден кіші мектеп звеносын (4-сыныпты) бітіргеннен кейін қабылдайды. Мектеп директоры Амангелді ШАЛАБАЕВТЫҢ айтуынша, жыл сайын жаратылыстану-математикалық бағыттағы (математикаға, физикаға, химияға және биологияға баса назар аударылады) осы оқу орны 60-қа дейін бала қабылдайды. Емтихан қорытындысы бойынша 3-сынып – қазақ тілді 2-сынып пен орыс тілді 1-сынып ұйымдастырылады. Конкурс деңгейі жоғары: мәселен, өткен жылы 120 үміткердің тек 35-і қабылданған.

Құжаттар 10 мамырдан 20 маусымға дейін қабылданады. Бастапқыда аз құжаттар пакеті қажет: соңғы оқу жылындағы табель және 3х4 пішіндегі 2 фотосурет. Қалған құжаттар мен медициналық анықтаманы емтиханнан кейін тапсыруға болады (жетістікке жеткен жағдайда). Емтихандар 20-30 маусым аралығында – математикадан, оқитын тіл бойынша диктант, оған қоса жалпы ой-өрісін анықтауға мүмкіндік беретін әңгімелесу өткізіледі. «Бұдан басқа 9-сыныпты аяқтаған оқушылар үшін қосымша қабылдау жүргізіледі. Қабылдау мерзімі мен шарттары да осындай. Олар да диктант жазады, бірақ математика бойынша емтиханға физика немесе химия пәні қосылады», - дейді А. Шалабаев. Ауданнан келген балалар мектеп-интернат жанындағы жатақханаларда тұрады.

Егер қарапайым мектепте тоғызыншы сынып оқушылары аптасына 38 сағат оқыса, «Дарында» 44 сағат оқиды. Әдеттегі, бірақ тереңдетілген бағдарламаға математикадан, физикадан, химиядан практикалық сабақтар, сондай-ақ зерттеу жұмысы үшін, ғылыми жұмыстарды дайындауға жеке сағаттар қосылады. Мектеп ережесіне сәйкес, оқу жылының қорытындысы бойынша табельде үштігі екеуден көп болса, оқушы «Дарында» оқуын жалғастыра алмайды. Жоғары талап нәтиже береді. Мәселен, 11-сынып оқушысы Бибігүл Сатыбалдиева ғылыми жоба бойынша республикалық сайыста 2-орын алды. 54 түлектің ішінен 34-і мемлекеттік білім беру грантын алған.

 

Үштік бағаға жол жабық

Облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияға оқушыларды 7-сыныптан кейін қабылдайды. Оқу қазақ тілінде жүргізіледі. Гимназия директоры Нұрлыбек ДАУМОВТЫҢ айтуынша, оқуға түсушілер физикалық-математикалық, химия-биологиялық немесе гуманитарлық үш бағыттың бірін таңдай алады. Құжаттар оқу жылы аяқталғаннан кейін бірден 25 мамырдан 20 маусымға дейін қабылданады. Оқуға түскен жағдайда гимназия директорының атына өтініш жазып, 3х4 пішіндегі бір фотосуретті, медициналық анықтаманы (176-форма) және міндетті түрде 7-сыныптың табелін тіркеу керек. Ең болмағанда бір үштігі болса, автоматты түрде оны үміткерлердің тізімінен алып тастайды.

Содан соң арнайы кесте бойынша бір ай бойына емтихандар өткізіледі. Гуманитарлық бағыттағы үміткерлер қазақ тілі мен әдебиетінен, химиялық-биологиялық бағыттағы оқушылар биология мен география пәндерінен, ал нақты ғылымдарға бас июшілер математика мен физикадан емтихан тапсырады. Барлық үміткерлер диктант жазып, тестілеуден өткізіледі. Жыл сайын гимназия жаңа 55-60 оқушы қабылдайды. 80 орындық интернат бар. Балалар таңертеңнен кешке дейін оқиды деуге болады: күн сайын 6 сабақтан, ал 15.00-ден 17.00-ге дейін қосымша сабақтар мен пәндік факультативтер өткізі-леді. «2011 жылы бізде 56 түлек болды, олардың барлығы дерлік гранттарға ие болды. Екеуі шетелге оқуға кетті, көпшілігі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне, Астанадағы Қазақ ұлттық медицина университетіне, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына және басқа да беделді оқу орындарына оқуға түсті. ҰБТ-да оқушылар өте жоғары көрсеткіштер көрсетті: үш түлек 125 баллдан жинаған. Ал біздің түлектер үшін орташа балл 111 баллға тең», - деді мақтанышпен Н. Даумов.

 

“Алтын белгі” еңбекпен келеді

Ж. Досмұхамбетов атындағы облыстық арнайы мектеп-лицейіне де 7-сыныпты бітіргеннен кейін қабылдайды. Түсу емтихандарының қорытындысы бойынша әрбіреуінде 20, әрі кеткенде 25 оқушыдан қазақ және орыс тілді 2 сыныптан ұйымдастырады. Құжаттар 1-20 маусым аралығында қабылданады. Өтінішке 3х4 пішіндегі үш фотосуретті, 6-, 7-сыныптар табелінің көшірмелерін, мекен-жайы бойынша анықтама және отбасы құрамы туралы анықтаманы тіркеу керек. Оқу орнының профиліне сәйкес, емтихан алушылар балалардың математикалық қабілетіне ерекше назар аударады. Сондықтан үміткерлер математикадан екі сынақтан өтеді – тест тапсырып, бақылау жұмысын жазады. Басқа пәндер бойынша емтихандар қарастырылмаған, алайда қабылдау комиссиясы үміт-кердің оқу үлгерім табелін мұқият қарап, оның ішінде үштік баға болса, лицейге қабылдаудан бас тартады. «Жыл сайын қабылдау комиссиясы 300-дей өтінішті қарап, лицейге 90 оқушы қабылдайды. Біздің емтихандарымыздан СТГ, №17 мектеп-лицейінің, №16 орта мектептің оқушылары сәтті өтеді, - дейді  лицей директоры Жолдасқали БИМУРЗИЕВ. – Құлсары, Мақат, Махамбет елді мекендерінен келген балалар көп. Олар үшін 40 орындық жатақхана қарастырылған». Лицей оқушыларының оқу кестесі минут бойынша жазылған: сабақтар, үйірмелер, факультативтер, қосымша пәндік курстар; нәтижесінде олар тек түстен кейін сағат 3-4-терде босайды. Алайда «Алтын белгі» алғысы келетін түлектер тізіміне іліккісі келетіндер бар болса, еңбектенуге тура келеді. ҰБТ енгізу басталған уақытта олардың саны 53 адам болған. Өткен жылы оқу орнын бітірген 84 түлектің 50-і мемлекеттік грантқа, 9-ы «Алтын белгіге», 7-і ерекше үлгідегі аттестатқа ие болған.

 

Қазақ-түрік лицейіне тек ұлдар қабылданады

Бәрінен бұрын, сәуірде облыстық қазақ-түрік лицей-интернаты құжаттар қабылдай бастайды. 6-сыныпты бітірген балалар үшін қабылдау емтиханы екі кезең бойынша: 29 сәуірде және 25 мамырда жүргізіледі. Математика мен логикалық тапсырмалар бойынша берілетін 60 сұрақтан тұратын бірінші сынақтан кейін көбірек балл жинаған 72 үміткер іріктелініп алынады. 25 мамырдан кейін оларды екінші кезең күтіп тұр. Үміткерлер бірнеше күн бойына түрлі пәндер бойынша тестілеуден өтеді. Емтихан алушылар олардың логикалық ойлау қабілеттерін, тілдерді меңгеру қабілетін тексереді. Бұл өте маңызды. Өйткені математика, физика, химия, биология және информатика ағылшын тілінде, қалған пәндер қазақ тілінде оқытылады. Оқушылар қосымша түрік тілін оқиды. «Әрине, түрлі пәндерді ағылшын тілінде оқуға біртіндеп, арнайы жасақталған әдістеме бойынша көшеді. Бастапқыда балалар терминологияны игереді, ағылшынша «қосу», «азайту» деген қалай, түрлі химиялық элементтердің атаулары қалай айтылады және т.б.», - деп әңгімелейді қазақ-түрік лицейінің оқу бөлімінің меңгерушісі Бауыржан АСАНОВ.

Үміткерлерді мұқият іріктеу 24 оқушыдан 2 сынып ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Б. Асанов лицей бағдарламасының қиын екенін жасырмайды. Сондықтан тіпті қалада тұратын балалардың көпшілігі үйіне баратын және келетін жолға уақытын кетірмес үшін лицей жатақханасында тұрғанды жөн көреді. Алайда жатақханадағы орын саны шектеулі, ауданнан келген оқушыларға бірінші кезекте беріледі. Сабақ таңертеңгі 9-дан кешкі 5-ке дейін, түскі уақытқа және демалысқа бір сағат үзіліс болады. Лицейліктерді күтіп тұрған барлық қиыншылықтарға қарамастан, көп жылдар бойына қазақ-түрік лицейі ең танымал оқу орындарының бірі боп келеді. Өткен жылғы 57 түлектің 36-сы грантқа ие болған, 7-уі «Алтын белгі», 10-ы – ерекше үлгідегі аттестат алған. Халықаралық олимпиадаларға және ғылыми жобаларға қатысқан 14 оқушы ҰБТ тапсырудан босатылды, 11 түлек «Назарбаев университетіне» түсіп, 10-ы шетелге оқуға кеткен.

 

Өнерлі балалар ордасы

Нұрғиса Тілендиев атындағы Кіші Өнер академиясы шығармашыл дарынды балаларды күтеді. Онда жалпы білім пәндерімен қатар олар өнер негіздерін оқуға мүмкіндік алады. Осынау өзгеше мектептің қоңырауы да ерекше – сабақ басталғанда және аяқталғанда Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйінен үзінді ойналады. Ал дене шынықтыру жаттығулары «Қара жорға» сазымен орындалады.

«Біз балаларды 15 мамандық бойынша оқытып шығарамыз. Көркем-графика бөлімі 4 мамандыққа бөлінеді: живопись және сурет, киімді құрастыру және үлгілеу, өнеркәсіп графикасы мен дизайн, қолданбалы өнер. Бұларға жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушылары қабылданады (7-сыныптан кейін). Бұдан басқа, осы бөлімде екі жылдық тегін дайындық курстары жұмыс істейді. Балалар 6-сыныптан кейін курстарға барып, содан кейін Академияның 8-сыныбына түсе алады. Сондай-ақ, 8-сыныптан бастап «Актерлық шеберлік», «Журналистика», «Ақын – айтыс шеберлігі» бөлімдеріне қабылдайды.

«Хореография», «Вокалды-хормен ән айту», «Дәстүрлі ән айту» мамандықтарына төмен жастағы балалар – жалпыға білім беретін мектептің 3-сынып оқушыларынан бастап қабылдайды. Музыка бөлімшесінде ең кішкентай балалар оқиды: 1-сыныптан бастап фортепьяно мен скрипкада, ал 3-сыныптан бастап халық аспаптарында: домбырада, қобызда, баянда және үрмелі аспаптарда: саксофонда, гобойда ойнауға ниет білдірушілер қабылданады» – деп әңгімелейді директордың арнайы пәндер бойынша орынбасары Дина ХАЙДАРОВА.

Құжаттар 1 маусымнан 1 тамызға дейін қабылданады. Содан соң шығармашылық пәндер мен емтихандар бойынша консультациялар уақыты басталады. Бірақ алдымен барлық үміткерлер академияның психологымен әңгімелесуден өтеді. Мектепте арнайы пәндерді жалпы білім беру бағдарламасымен қатар оқытатындықтан, шығармашылық емтиханнан кейін міндетті түрде математика мен оқу тілі (қазақ немесе орыс тілі) бойынша сынақтан өтеді. Балалар екі ауысыммен оқиды.

Мектеп жарғысы бойынша арнайы және жалпы білім пәндері бойынша үлгере алмаған оқушылар тұратын жеріне жақын жалпы білім беретін мектептерге ауысады. Арнайы пәндер бойынша үштік деген баға мүлдем болмауы керек, ал қалған пәндер бойынша бес үштікке дейін рұқсат етіледі. Бұрын Академия жанында 60 орындық жатақхана бар болатын, қазіргі уақытта оның орнына жаңа типтік ғимарат салынуда. Ол бұдан да көп балаларды қабылдай алады, ал әзірге оқушылар басқа жатақханаларға бөлінген.

Мектеп қабырғасында тұрақты бірнеше ұжымдар жұмыс істейді: хореографиялық «Айжан қыз», «Қазына» ансамбльдері, «Сұлужан» қобызшылар ансамблі, «Әлқисса» домбырашылар ансамблі, «Нұрғиса» фольклорлық ансамблі, «Еркем-ай», «Үркер» вокалдық-эстрадалық ансамбльдері, көркемөнер үйірмелері мен жеке орындаушылар. Осы балалардың барлығы облыстық, республикалық және халықаралық конкурстар мен фестивальдердің жүлдегерлері. Мектеп әкімшілігі көптеген фестиваль комитеттерімен бірлесе жұмыс істейді. Академия қызмет еткен уақыттан бері оқушылар көптеген елдерге барып қайтты, Германияға, Австрияға, Францияға, Италияға, Испанияға, Грекияға, скандинавиялық және ТМД елдерінде болды.

«Түлектердің 70-80%-ы арнайы пәндер бойынша үздік шығармашыл жоғары оқу орындарында: Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында, Қазақ ұлттық өнер университетінде (Астана қ.), Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде (Орал қ.) және басқа да оқу орындарында білімдерін жалғастырып жатыр», – деп атап өтті  Д. Хайдарова.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

1 наурыз 2012, 18:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.