Атырау, 24 қараша 02:22
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Әкім дабыл қағады

2 766 просмотра

Атырау аймағы мол су тасқынына әлі дайын емес

28 ақпанда облыстық әкімдікте алдағы су тасқынына дайындық барысы талқыға салынды. Сөз алғандардың барлығының болжамдары бірдей болды: биылғы жылы қар орташа жылдық нормадан 2-3 есеге көп түскен. Демек, су мол келеді деген сөз. Бізде 20 наурызға қарай су тасиды деп күтілуде.

Облыс әкімінің орынбасары Асқар ӘБДІРОВТІҢ айтуынша, биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларында мол қар түскеннен кейін 457 мың текше метр қар шығарылған. Соның ішінде республикалық маңыздағы трассалардан да шығарылыпты. Қар тұтқынынан 306 адам мен 46 автомашина құтқарылды. Қатер аймағында, үлкен және шағын өзендердің бойында 180 мың адам тұрады. Бұлар тасыған уақытта жағалауға судың шығып кету қаупі төніп тұрған Жайық, Қиғаш, Шарон, Ойыл және т.б. үлкенді-кішілі өзендер.

20 наурыздан бастап Иректі және Волгоград су қоймаларынан су ағысы келеді деп күтілуде. Ал бір кездері қараусыз қалған дамбыларды қалпына келтіру жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Сметалар жасақталып жатыр.

– Гидротехникалық құрылғыларды жөндеуге резервтен 80 млн теңге бөлінді. Республикалық бюджеттен қосымша қаржылар сұрауымыз қажет. Дабыл қағу керек, әйтпесе қатерге ұрынуымыз мүмкін, - деп мәлімдеді облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ.

– Біз ТЖ министрлігінен 3 млрд теңге сұрадық, соның ішінде біздің бөлімшелерді қосымша жарақтауға да қаржы сұраған едік. Біз батыс қазақстандық әріптестерімізбен хабарластық. Олар ахуалдың дабыл қағарлықтай екенін растап отыр. Олар да бүгінгі күні біз секілді шаралар алуда: мемлекеттік органдарға, аудан әкімдеріне өзен жағалауларындағы қауіпті учаскелерді белгілеп, жергілікті кәсіпорындарға тапсырмалар бөліп беру жөнінде ұйғарымдар шығарған. Алайда біздің әкімдер айтпақшы, бәрі де қаржыға келіп тіреледі, - деп жауап берді әкімге Атырау облыстық ТЖД бастығы Болатбек ОМАРОВ.

Жайық-Каспий бассейндік су шаруашылығы басқармасының бастығы Бисен ҚУАНОВТЫҢ айтуынша, ендігі су тасқынында  Жайық өзенінің өзі биыл 6 млрд текше метр су әкелмек.

– Жем мен Ойыл өзендеріне үш жыл бойына су келген жоқ. Биыл жылдық нормадан үш есе асатын су ағыны келеді деп күтіліп отыр. Көлдеріміз бен көлтабандарымызды толтыру үшін осыны пайдаланып қалуымыз керек. Бұл жергілікті ауыл шаруашылық қызметкерлері үшін үлкен игілік. Алайда сонымен қатар елді мекендерді қауіпсіз қылу қажет.

Атырау қаласы бойынша:қаланың жаңа әкімі Асқар КЕРІМОВ тазалау техникаларының жетіспейтіндігіне қынжылыс білдірді. Қазіргі уақытта мұнай астанасын бар болғаны 8 тиегіш пен 10 самосвал қардан тазартып жатыр. Ал негізі 35 тиегіш және 17 есе көп самосвал қажет. Тасқынмен күреске 26 млн теңге бөлінді, оның 16 млн-ы – Еркінқала мен Ракуша ауылдарындағы жағалау нығайту жұмыстарына арналған. Қала әкімінің орынбасары Әділбек НҰРЛЫҒОЖИЕВТІҢ айтуынша, Геолог пен Ақсай ауылдарының маңындағы 50 километрлік жағалау бөліктері ықтимал қауіпті аймақтар боп саналады. Шенеуніктердің айтуынша, қаланың басқа учаскелеріндегі жағалау нығайту жұмыстары аяқталған.

– Біз қаланың орталық көшелері мен оның төңірегін тазарттық. Бірақ бізге қуаттылық жетіспейді. Осыған байланысты қалалық кәсіпорындардан көмек қажет.

Ал сол арада, бас ТЖ қызметкері қалалық билікті вакуумдық техникасы бар коммуналдық қызметкерлердің мобильдік топтарын ұйымдастыру қажеттігі туралы ескертті. Олар күрт жылынған кезде қала көшелерін, әсіресе жеке секторды су басу қаупі төнген жағдайда аса қажет. Қалалық коммуналдық қызметтерде әзірге мұндай техникалар жоқ. Алайда таяу уақытта оларды сатып алу жоспарланып отыр.

– Вакуумдар сатып алыңыздар. Ал сен, Асқар (қала әкіміне қарап), менен басқа көмек күтпе. Осы жерде қала мен облыстағы ірі кәсіпорындардың өкілдері жиналып отыр. Кеңестен кейін қанша техниканың қаланың қай аудандарына көбірек қажет екенін талқылаңдар. Қаланы тазалауға бұрынғыдай кәсіпорындарды жұмылдырыңдар. Ал біз наурыз басталғанша қаржы бөлуге қатысты мәселені шешуге тырысамыз. Кәсіпорынның қала тазалау қызметтерін біз төлейміз. Әділбек (Нұрлығожиевқа қарап), саған қаланың жеке секторын қардан тазарту үшін бір апта уақыт беремін. Өз аулаларын тазартуға қатысты тұрғындар белсенділік танытуы үшін үй-үйді аралап шығыңдар. Есебімде айтқанымдай, өз аулаларын тазартпайтын, өз мүліктерін сақтамайтын қала тұрғындары әкімдік көмегін ала алмайды деп ескертіңдер. Қарды аулаларының сыртына тазалап шығарсын, сол жерден арнайы техникамен әкетілетін болады, - деп сөзін түйіндеді Рысқалиев.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

1 наурыз 2012, 17:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.