Атырау, 24 қараша 02:23
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Маңдай тер мен жарытымды жалақы жайлы

4 788 просмотра

Тура бір ай бұрын біздің БАҚ-тар қазақстандық пролетариаттың жұмыс берушіге қатысты ірі жеңісі деп атаған оқиға орын алды. Оқиғаның ұзын-ырғасын еске түсіре кетейін. 25 қаңтарда «Сенімді Құрылыс» ЖШС-нің (Теңіздегі ТШО зауыттарының бірінде жөндеу жұмыстарымен айналысады) 300 құрылысшысы, монтаждаушылары мен дәнекерлеушілері еңбекақыларын көтеруді талап етіп, жұмысқа шығудан бас тартқан болатын.

ЖШС басшылығы проблеманы үш күн ішінде шешуге уәде беріп, жұмысшыларды тез сабаларына түсірді. Шынымен де, 28 қаңтарда вахталық поселкедегі жиналыста жалақыларын 25 пайызға көтеретіндігі жөнінде мәлім етілді. Бұл жеңіс емес пе? БАҚ беттерінде «Жалақы көтеру ме? Әп-сәтте!» деген секілді мақалалар шүпірлеген болса, олардың бәрінің де шабыттары: «Буржуйлар екінші Жаңаөзеннен қорыққан ғой» дегенге сайды.

 

Қазақстандықтар кімнің тұтқынына түсті?

Бір ай бойына - 17 қаңтардан 17 ақпанға дейін – журналистік жұмыстармен Атырауда болдым. Ол жақтан қарағанда ахуал сәл өзгешелеу көрінді.

Біріншіден, вахта жұмысшыларының осыған дейін қанша жалақы алып келгенін және қанша талап еткенін білген кезде қатты таң қалдым. Сөйтсем, олар айына 80 мың теңге алыпты. Олардың «1+1» жүйесі бойынша (бір ай вахтада, бір ай үйде) жұмыс істейтінін ескерсек, бұл соманы екіге бөлуге болады. Өйткені вахтадан кейін олар Атырауда не істейді (мен тіпті ауылда тұратындарды айтып отырғаным жоқ)? Әрі кетсе темір тұлпармен табыс тапқысы келер, алайда облыс орталығында өркениетті таксилер де жеткілікті. Ал әдетте, жұмыс жоқтықтан арақ ішеді. Бір айға оларды кім жұмысқа ала қойсын?

Нәтижесінде бір айға шаққандағы сома – 40 мың теңге болады. Мұндай жалақыға Алматыдағы кез-келген еден жуушы жұмыс істемейді. Менің енемнің алатын зейнетақысы – 61 мың теңге.

– Біздің талабымыз – жалақыны 150 мың теңгеге дейін көтеру, - деген еді сол кезде телефон арқылы жұмысшылар «Ақ Жайық» облыстық газетінің тілшісі Сәния ТОЙКЕНГЕ.– Ең болмағанда айына 75 мыңнан шықса екен дейміз.

Бір секундқа тоқталып, ойланып көрелік. Қазақстандықтар өз жерлерінде отырып, олардың жалақыларын ең болмағанда айына 500 долларға дейін көтеруді өтініп отыр. Ал олардың өтініштерінен бас тартады.

Егер вахталық жұмысшылардың еңбек етіп отырған жағдайларын назарға алар болсақ, ахуал адам айтса нанғысыз көрінеді.

Атырау облысының қысы биыл ерекше болды. Бес жыл ішінде алғаш рет қарға көміп тастады. Ауа температурасы күндіз -20-дан -30 градусқа дейін болды. Ауа-райы тымық болса, мұндай аязға шыдауға болады. Егер жел көтерілсе (ал бұл жерде дауылды жел болады), онда қиын. Мен жұмыс орныма дейін бір шылым шегетіндей жер ғана жүремін, алайда осы бес минуттың ішінде тұла бойымды суық алып, шытымыр аяз бетімді үсіріп, кеңсірігіме дейін сырқыратып жіберетін. Бірақ бұл Атырауда. Ал  қаладағы минус температураны 10-15 градусқа батыл төмендетуге болатын, жел сүйегіңнен өтетін ашық далада, оның үстіне 10-12 сағаттан (тиесілі тоғыздың орнына)...

Сол «Ақ Жайыққа» берген сұхбаттарында вахта жұмысшылары:  Ауысымнан кейін жатақханадағы жағдай күйсіз. Бір бөлмеде 6-8 адамнан тұрады. Жазда ыстықтан зардап шегеміз: салқындатқыштар жоқ. Қыста – суық, сондықтан шешінбей ұйықтаймыз. 60 жұмысшыға бір жуынатын кабинка. Асханада аптасына бір рет, жұмада ғана ет береді, деп айтқан еді.

Бәлкім, 1940 жылдардың аяғында Гурьев мұнай өңдеу зауытының құрылысын салған тұтқын немістер мен жапондықтар осылай өмір сүрген шығар. Бірақ біздікілер кімнің тұтқынына түсті? Сөйтсек, түріктердің тұтқыны екен: «Сенімді Құрылыс» - түріктермен біріккен кәсіпорын, бірақ басқаратын солар. Бас директор Иф ШАМА мен кадрлар бөлімінің бас менеджері Эмре ӨЗТҮРК ереуілге қатысты ахуалды реттеді. Бастапқыда 300 жұмысшының 200-і жалақыны 25 пайыз көтеруге келіспеді. Өйткені бұл қалай еткенде де жарытымсыз еді. 29 қаңтарда Лондоннан келген тағы бір түрік азаматы, «Бехтел-Энка» БК («Сенімді Құрылыстың» құрылтайшысы боп табылады) топ-менеджері Синан БОРА келіп, бәрін орын-орындарына қойды. Ол: «Ұнамаса – жұмыстан кетіңдер!» деді. Вахта жұмысшыларының көпшілігі-нің бұған көнбеске амалдары қалмады. Үш жүз жұмысшының 30-ы ғана бұдан бас тартып, жұмыстан шығып кетті.

 

Тендер жолдас

«Сенімді құрылыс» ТШО зауытын күрделі жөндеу бойынша өткізілген тендерді бірнеше рет қатарынан жеңіп алып отырды, әділін айтсақ, олар ең арзан ұсыныс жасады. Алайда, ол шынында да ең арзан болып шықты, өйткені, оған өсіруге есептелмеген құлдарға төленетін еңбекақыны тағайындаған.

Өз кезегінде ТШО да өзінің шаруасының түгел, басқада жұмысы жоқ екендігін алға тартып отыр. «Теңізшевройл» ЖШС үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджерінің орынбасары Линси КРЕЙН, компания өзінің мердігерлерінің ішкі істеріне араласуға құқылы емес екендігін  мәлімдеді.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Теңіздегі жағдайға басын ауыртпайды да, вахталық поселкеде еңбекті қорғау инспекторынан гөрі,  басқа жат жерліктерді көптеп кездестіруге болады.

Жалақысы аз болса да қазақстандық жұмысшы өз туған жерінен ешқайда кете алмайды.

 

Табиғат ғылымды басып озды

Айтпақшы, Жаңаөзендегі атыстар сонау 2006 жылғы 20 қазандағы «Шаңырақ» вахталық поселкесінде болған жаппай жұмысшылар жанжалы туралы ұмыттырып жіберген секілді. Сол кезде түрік және қазақстандық жұмысшылар арасында еңбекақының тең төленбеуі нәтижесінда орын алған төбелестен кеңселер талқандалып, машиналар қирап, контейнерлер өртенді, 136 адам дәрігердің көмегіне жүгінді, 11 адам ауруханаға жатқызылды. Адамдардың өлгендігі туралы ресми ақпараттар болған жоқ, бірақ, бұған қатысты алып-қашпа әңгімелер де айтылды.

Олардың кімнің жұмысшылары екендігі естеріңізде ме? Сол баяғы «Сенімді құрылыс» ЖШС-нің жұмысшылары!

Ешкім де не өзінің не бөтеннің қатесінен түзеліп жатқан жоқ. Шетелдік жұмыс беруші де, үкімет те одан қорытынды шығармады. Және оны жасауды қаламайды да.

...Өткен аптаның аяғында «Қазақмыс» мыс қорыту зауытының 502 жұмысшысы жұмыс берушінің атына үндеу жолдаған. Оларда өз үндеулерінде еңбекақыларын көтеруді сұраған екен. Бүгінгі күні олар қолдарына бір айға 60-70 мың теңге алады. Олардың барлығының мойынында несиелері бар. Үкімет мүшелері мен олигархтар осы ақшаға бүкіл отбасын қалай асырауға болатындығын отбасын асыраушыға үйретіп көрсе қалай болар еді?!

Әлі қанша Жаңаөзен қаупі бар жағдай Қазақстанда тұтанбақ... Құдай сақтасын, тағы бір жерден орын алар болса, оған кім кінәлі болмақ? Тағы да кезекті оппозицияның саяси қуғын-сүрген көргендері кінәлі болып шықпақ па? Басқа кім болсын?

Вадим БОРЕЙКО, журналист

29 ақпан 2012, 20:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.