Атырау, 24 қараша 02:44
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Бар боламыз, не жоқ боламыз

7 090 просмотра

ТШО-дағы өрттер  немесе КТЛ-1 және 2 әбден шіріп бітті

Соңғы үш айда Теңіз кенішінде үш рет өрт болды. Барлығының себептері бірдей. Дегенмен, «қоршаған ортаны қорғау, қауіпсіздік және өндірісті модернизациялау» саласына үнемі өз үлестерін қосып отыратындығы туралы

мәлімдеуші ірі табиғат пайдаланушы үшін бұл аса жақсы ақпарат емес.

Өрттердің жиі орын алуы себебін білу мақсатында біз таяуда ғана ТШО компаниясына хабарласқан едік. «Теңізшевройл» ЖШС жұртшылықпен байланыс жөніндегі бөлімінің бас менеджерінің орынбасары Линси КРЕЙН төмендегідей жауап берді:

– Дәл бүгін мен осы сауалды менеджерлерге қою үшін  Теңізге кетіп барамын.

Кейін компаниядан редакцияға ресми сауалнамаға жауап келді. Онда ТШО өкілдері желтоқсанда орын алған екі өрттің себептерін атап өткен. «Теңіз кенішінде неліктен өрт жиі шыға бастады?», сондай-ақ, «Екінші тынысты зауыт жүйесін модернизациялауға және соңғы екі жылда технологиялық іркілістердің азаюына қанша қаржы бөлінді?» деген сауалдарды Теңізшевройл елең қылмаған.

 

6 келі пропан үшін 45 мың теңге

Естеріңізге сала кетейік: 2011 жылдың 8 желтоқсанында Теңіз газ өңдеу зауытында №1 кешенді-технологиялық желіде (КТЛ-1) орнатылған пропанды құрғату блогы жанды. ТШО компаниясы бізге ішкі тергеу қорытындыларын жолдады.

«Пропан шығынын есептегіш суық ауа-райының салдарынан дұрыс жұмыс істемей қалды, - дейді  хатта.  – Жүйені басқару сызбасына шығын есептегіштен анық дабыл түспегендіктен пропанды өткізу деңгейін төмендеткен. Өткізу деңгейінің төмендеуіне байланысты жанған және жұмыс қысымының қалыпты көрсеткіштері барысында электр жылытқыштар жарылып кеткен.

Қазір ТШО толығымен дизайнын жасақтап, мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін қажетті деген өзгерістерді енгізуде. ТШО сондай-ақ, ондай  жылытқыштарды тексеру және қажеттілігіне қарай   түзету шараларын  алу үшін олардың тізімін жасақтауда».

Бұл өрт бір жарым сағатқа созылды, сол уақыт ішінде 6 тоннадан артық пропан жанып кетті. Жайық-Каспий экология департаменті салған айыппұлдың жалпы сомасы 45 мың теңгені құрады. Ал, ТШО компаниясының өзі өрттен жарты миллион доллар шамасында зиян шекті.

 

Ақаулы генератор

2011 жылдың 25 желтоқсанында  Теңізде сол айдағы екінші өрт орын алды. Трансформатордың жанып кетуі салдарынан газ өңдеуші зауыт толығымен токтан айырылып қалды. Өрттің шығу себебі қарапайым ғана болып шықты. Резервтегі трансформаторды іске қоспақшы болған. Алайда, оның жұмыс істеу қабілеттілігін тексеріп және мұз қатып тұрғандықтан алдымен қыздырып алмаған. Іске қосар алдында олар трансформатордың үстіне брезентті палаткамен жауып дизельді генераторды іске қосқан. Генератор ақаулы болып, түтіндетіп, жанған дизель палатқаға тиген. Палатка отқа тұтанғыш материалдан болғандықтан  өрт бірден өршіп кеткен.

 

ТШО берген жауаптан:

«Өртке тұтанғыш материалдан жасалған палатка жабдықты жылыту үшін қолданылған. Қолданылған жылытқыштар палатканың өртенуіне себеп болды, осыған байланысты от лапылдап жанып жақын маңда тұрған құрал-жабдықтарды шарпып кеткен. Қазір ТШО Теңіздегі брезентті материалдардан тігілген, яғни, отқа төзімсіз палаткалардың барлығын жоюмен айналысуда».

Жайық-Каспий экология департаментінің мәліметтері бойынша, 25-26 желтоқсандағы штаттан тыс жағдайдың нәтижесінде 38 тонна шикі және  128 тонна қышқыл газ алауда жанды, ал, қоршаған ортаны бүлдіретін шығарылған заттек деңгейі 220 тоннадан асып кетті. Экологиялық департамент ТШО-дан 600 мың теңгеден  астам айыппұл өндіріп алды. Өрттен шетелдік компанияның шеккен зияны 100 мың АҚШ долларын құрады. 

Теңіз газ өңдеу зауытында тез тұтанғыш материалдарды қолдану  бойынша ТЖ департаментінің өрт қауіпсіздігі жөніндегі бастығының орынбасары Сағынбек ӨМІРЗАҚОВ былай деді:

«Олардың өз өртке қарсы қызметтері мен инспекторлары бар. Біз оларды жылына бір рет тексеріп отырамыз. Тексеру барысында ондай кемшіліктер байқалған жоқ».

 

Екі метрлік алау

Үшінші өрт 9-ынан 10-шы ақпанға қараған түні орын алды. Ол кезде аэромұздатқыштың (жабдық газды салқындату үшін қолданылады – ол жерге ыстық газ түседі де оны салқындатады – С. Т.) тұрбасындағы газ өртенген. Бұған газдың кетуі себеп болған деп болжанып отыр. Құрылым толығымен металлдан жасалғандықтан, өрт жайылмай, екі метрдей болатын алау боп жанып, келіп тұрған газды тоқтатқаннан кейін өшіп қалған.  Осы оқиға бойынша екі айға созылатын өрт-техникалық сараптама тағайындалды. Тергеу мерзімінің ұзақтығына байланысты сұраққа қатысты Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментіндегілер олардың сот сараптамалық ғылыми-өндірістік зертханасында өрт-техникалық сарапшының жоқ екенін айтты. Сондықтан Ақтөбеге немесе Оралға баруға тура келеді.

 

КТЛ-1 мен КТЛ-2-ні жабатын уақыт жетті

ТШО-дағылар негізгі сұраққа жауап бермегендіктен, біз Теңізде орын алған өрт оқиғаларының ықтимал себептерін атаған тәуелсіз сарапшыларға жүгінуді ұйғардық.

ҰҒА академигі, аймақтық экологиялық проблемалар ғылыми орталығының директоры Мұфтах ДИАРОВ:

« КТЛ-1 және КТЛ-2-де 90-шы жылдары шығарылған ескірген жабдықтар орнатылған. Әлі күнге дейін олардың қай жақтан шығарылғаны және кепілдіктері қандай екені түсініксіз.  Шамасы, бір нәрселерін ауыстырып отыратын шығар. Бірақ, жалпы осы екі желіні баяғыда-ақ жауып тастау керек еді. Олай етпейінше, өрт бола береді».

«Каспий табиғаты» ҮЕҰ төрағасы Махамбет ХАКИМОВ:

«КТЛ-1 91-ші жылдан бері Теңізде алғашқы мұнай өндірілгеннен бастап жұмыс істеп келеді. Теңіз газындағы күкіртсутектің агрессиялы екеніне қарамастан, ТШО бірінші желіні толық қуатпен пайдаланып отыр. Алайда оны металл сынығына тапсыратын уақыт баяғыда болған еді. Теңіз кенішінде құрлықтағы жабдықтарды ғана емес, бүкіл кеніштегі ұңғыларды жаңарту керек. Осындай кеніш Ақсарайда (Астрахан облысы – С.Т.) да бар. Ресейлік және француз ғалымдары зерттеу жүргізіп, мұнай шығатын кез-келген ұңғы қандай берік металлдан жасалса да, күкіртсутек тоттануына ұшырайды деген байламға келген. Осы ғалымдардың пікірінше, кез-келген ұңғыны әрі кеткенде 6 жыл пайдалану керек екен. Біздің ұңғылардың отыз жылға аяқ басып бара жатқанын ескерсек, тек өрт жиі орын алып қана қоймай, жер астындағының  бәрі жарылатын болады».

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

29 ақпан 2012, 20:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.