Таяу уақыттардан бері Қазақстанда азаматтардың тұтынушылар кооперативтері жаппай пайда болуда. Олар адамдарға баспана мәселесін еш қарызсыз және қандай да болмасын артық төлемсіз оп-оңай шешуді ұсынады. Мұнайлы астанаға олар көрші Оралдан келген екен. Біз мұның не екенін анықтауға тырыстық.
«БІЗГЕ ЖЕТКІЛІКТІ...»
Осындай «азаматтардың тұтынушылар кооперативінің» бірінің кеңсесін мен қала шетіне жақын орналасқан танымалдылығы аз сауда орталығынан таптым. Ішке кірген кезде әйнек қоршаудың ар жағындағы кішкентай кабинетті көресіз. Қабырғаға қысқа мерзім ішінде кез-келген жылжымайтын мүлік алуға уәде етілген плакаттар жапсырылған. Кабинетте үстел, бірер орындық пен ноутбугын ашқан сүйкімді қыз және калькулятор бар. Маған бұл туралы мұндай мүмкіндіктен бас тартудың өзі күнә деп түсіндірді.
- Біз сізге қандай да болмасын пайызсыз және артық төлемсіз бөліп төлеуге жылжымайтын мүлік алуды ұсынамыз.
- Кез-келген бе?
- Иә, қалағаныңызды. Пәтер, тұрғын үй, кеңсе. Қазақстанның кез-келген қаласынан, қаласаңыз ауылдық жерлерден.
- Еш артық төлемсіз бе? Мүмкін емес!
- Иә, банктерде мүмкін емес. Ал біз азаматтарымызға баспанаға қатысты өзекті проблеманы шешуге көмектесу үшін арнайы құрылдық. Банктер адамдардан пайда табады, ал бізде бәрі тегін.
- Бұдан сіздерге не пайда?
- Бізге жарнашыларымыздан азғана кіріс түседі. Бұл ұйымдастыру мәселелері мен еңбекақыға жұмсалады. Бірақ банктің сыйақы пайыздарымен салыстырғанда бұл тиын-тебен ғана. Бізге жеткілікті, ал сіздің меншігіңізге кез-келген, өзіңіз қалаған жылжымайтын мүлікті алуға мүмкіндігіңіз бар.
«ОРАЛДА ЕКІ АДАМ ПӘТЕР САТЫП АЛДЫ»
Әрі қарай маған кооператив ұсыныстарымен толық танысуды ұсынды. Бұл сөздің өзі қандай дейсіз - бір кездері кооперативтік пәтерлер, саяжайлар, көлікжайлар... болған кезеңдер еске түседі. Сонымен маған – «Меншік иесі» және «Кейін сатып алу құқығымен арендаға алу» бағдарламасы ұсынылды. Бірақ алдымен кооператив мүшесі болу керек. Ол үшін тиісті өтініш жазып, кіру жарнасын салу қажет.
- «Меншік иесі» бағдарламасы бойынша сіз құны 8 миллионнан бастап 25 миллион теңгеге дейінгі кез-келген жылжымайтын мүлікті сатып ала аласыз.
- Мәселен, мен құны 10 миллион теңге болатын пәтерді сатып алғым келеді...
- Оп-оңай. Кіру жарнасы болашақ пәтеріңіздің құнының 7%-ы, бұл 700 мың теңге. Әрі қарай үш жұмыс күні ішінде сізге қалаған жылжымайтын мүлігіңіздің құнының 20%-ы мөлшерінде үлестік жарна салу керек. Бұл 2 миллион теңге. Содан соң кезекке тұрасыз. Бір жылға дейін күтуге тура келеді, бұл орташа алғанда. Әрине, бір жыл міндетті емес. Сіздің кезегіңіз үш айда, жарты жылда келуі мүмкін. Кезектің жылжуы қатысушылар санына байланысты болады. Кооперативке мүшелікке үлескерлер неғұрлым көп кірген сайын, соғұрлым кезек жылдам жылжиды.
- Ал кезек келді делік, әрі қарай не болады?
- Содан соң өзіңізге құны 10 миллион теңге болатын пәтерді іздеп табасыз. Кооператив оны сізге сатып әпереді. Сіздің меншігіңізге ресімдейміз. Ал сіз ол үшін біртіндеп кооперативпен есеп айырысасыз. Егер банк ипотекасымен салыстырар болсақ, бізде ай сайынғы төлем сомасы күлкілі деуге болады. Міне, егер 10 жылға бөліп төлеуге ресімдесек, ай сайын сіз 67 мың теңгедей төлейсіз. Санап көріңіз, бұл жерде ешқандай артық төлем жоқ»
- Шынымен де! – деп қуана таңқалған кейіп көрсеттім.
- Анағұрлым қолжетімді әдіс бар. Бұл «Кейін сатып алу құқығымен арендаға алу» бағдарламасы. Осы бағдарлама аясында сіздің құны 8 миллион теңгеге дейін болатын жылжымайтын мүлік сатып алуға мүмкіндігіңіз бар. Мәселен, жоғарғы сома – 8 миллионды алайық. Кіру жарнасы – 7%, бұл 560 мың теңге. Содан кейін үлестік жарна – қарыз сомасының 10%-ы, бұл 800 мың теңге. Кезекке тұрамыз. Кезек келген кезде пәтерді таңдап, сатып аламыз. Бірақ бұл жағдайда ол сіз онымен толықтай есеп-айырысқанша кооперативтің меншігінде қалатын болады. Сізбен кейіннен сатып алу әдісімен арендаға алу келісімшарты жасалады. Яғни, ай сайын пәтер үшін төлемақы төлеген сайын пәтердің сіздің меншігіңізге өтуі жақындай түседі. Егер, айталық, 10 жылға бөліп төлеуге ресімдедіңіз. Ай сайынғы төлемақы сомасы шамамен 60 мың теңгені құрайды. Кейін сатып алу құқығымен арендаға алу келісімшарты әділет департаментіне тіркеледі. Сізге алаңдаудың қажеті жоқ. Бізде мерзімін кешіктіргені үшін айыппұл санкциясы жоқ. Сонымен қатар, ай сайынғы төлемдерді төлеу бойынша «каникулдар» ұсына аламыз.
- Мұндай тиімді шарттарды пайдаланушылар көп пе?
- Біз жұмысымызды бастағанымызға көп болған жоқ – өткен жылдың желтоқсанынан бастадық. Оралда тіркелгенбіз. Ол жақта екі адам үй сатып алды, енді үшіншісі алмақ. Атыраудан филиалды жақында ғана аштық. Бірақ кооперативке кіргісі келетіндер жеткілікті. Негізінен «Кейін сатып алу құқығымен арендаға алу» бағдарламасы сұранысқа ие. Кезекте тұрған адамдар болашақ пәтерлерін өз меншіктеріне тезірек көшу үшін кооперативпен тезірек есептесу мақсатында ақшаларын өтей бастауына болады.
«КЕЛІСІМШАРТТЫ ЭКРАННАН ОҚЫҢЫЗ»
«Бәлкім, шын шығар? Бұрындары да кооперативтер болды емес пе? Адамдар кезекке тұрып, жақсартылған жобадағы пәтерлерді алды ғой...» деген ой жылт ете түсті. Танысу үшін келісімшарт бланкін сұрағанымда бұл ойымның быт-шыты шықты.
- Өзіңізбен алып кетуге бере алмаймын. Осы жерден оқыңыз, - деді зорлана күлімсіреген қыз, алдыма ноутбукты аша қойды.
- Көз жүгіртіп оқып шыққанда не көп түсіне қоярмын екен? Сіздер сүйеніп отырған заңдарды да қарап шыққым келген еді.
- Осы жерге танысу үшін заңгермен де келуіңізге болады. Ал қолыңызға, кешірерсіз, келісімшартты беруге болмайды, - деді қыз өз сөзінен қайтпай.
Тараптардың міндеттері мен құқықтары, форс-мажорлық жағдайлар, біржақты тараптың келісімшартты бұзуы... Оқып отырып, ұғынуға тырысамын, бірақ өте мәнерленіп жазылыпты.
- Егер кооперативтен шыққыңыз келсе, мұны кез-келген уақытта жасай аласыз, - деді менің ойтолғағыма бақылау жасаған кеңесші. – Біз үлестік жарнаңыздың бүкіл сомасын толықтай қайтарамыз. Кіру жарнасынан басқа бүкіл ақшаны қайтарамыз. Ол қайтарылмайды. Тіпті, пәтер сатып алынып, бірақ кенеттен сіз әлдебір себептермен есептесе алмай қалсаңыз, пәтерден шығып кетсеңіз, біз келісімшартты бұзып, бүкіл жарнаңызды тиыныңызға дейін қайтарып береміз.
- Даулы мәселелер болған жағдайда үлескер кооперативтің орналасқан мекен-жайы бойынша, атап айтқанда Оралдағы қалалық сотқа жүгінуге құқылы ма? – дедім мен дауыстап оқып шығып.
- Иә. Біз Оралға тіркелгенбіз ғой... Бірақ бәрі заңды. Келісімшарт та. БҚО әділет департаментіне тіркелген куәлігіміз, міне. Айтуға ұмытып кетіппін ғой, бізде қазір Атыраудан кеңсеміздің ашылуына байланысты акция жүріп жатыр. «Меншік иесі» бағдарламасы бойынша бастапқы жарна 20% - бұл акция бойынша, ал жалпы - 30% болады. «Кейін сатып алу құқығымен арендаға алу» бағдарламасына қатысты да солай: акция аяқталғаннан кейін бастапқы жарна 10 емес, 20% болады. Сондықтан тезірек ойланыңыз, акция мерзімі шектеулі. Осындай тиімді ұсыныс бар. Ойлануға тұра ма?
АЛДАНЫП ҚАЛМАҢЫЗ
Бүгінде Атырауда кем дегенде осындай азаматтардың екі тұтынушылар кооперативі бар. Екеуінде де жұмыс механизмі бірдей, екеуі де 2011жылғы 8 мамырдағы «Тұтынушылар кооперативі туралы» ҚР Заңына сілтеме жасайды. Алайда... Мен жүгінген бірнеше заңгер бұл қаржылық пирамида деген пікірге келді.
Міне, былай. Кооператив жаңа қатысушыларды тарту мен олардан қаржы жинаудан басқа ешқандай қызметті жүзеге асырмайды. Бір адам салған қаржы одан бұрын кооперативке кірген адамдардың мұқтаждықтарын қанағаттандыруға жұмсалады. Мұның қолайсыздығы сол, жаңа келушілерден қаржы «құйылу» аяқталған кезде кооперативке кірген қатысушылар дымсыз қалады. Дегенмен, бұрынырақ келгендердің және өз пәтерлеріне қол жеткізгендердің де тәуекелдері жоғары шығар. Өйткені негізінен бұл бағдарлама аз қамтылған адамдарға арналған. Қатысушылардың арасында кейіннен сатып алу құқығымен арендаға алу ұсынысы көп сұранысқа ие екенін болжау қиын емес. Яғни, ай сайын көп жылдар бойына төлемақы төлеу ұсынылып отырған пәтер кооператив меншігінде тұрады. Кооператив банкрот болып, ол тараған жағдайда пәтердің жалға алушыда қалуы екіталай.
Өз ақшаңды белгісіз біреулерге салмас бұрын, ең болмаса тұтынушылар кооперативінің жарғысымен жете танысыңыздар. Және заңгерлермен кеңесуге ерінбеңіз. Ал егер сізге, тіпті, танысу үшін қолыңызға келісімшарт бланкісін бермесе, онда тезірек бойыңызды аулақ ұстағаныңыз жөн. Осы нақты жағдайға келер болсақ, сарапшы сіздің тілшіңізге ұсынылған сызбаның қаржы пирамидасын еске түсіретінін атап өтті.
Тамара СУХОМЛИНОВА