Атырау, 24 қараша 02:54
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Тауқымет

4 549 просмотра

2010 жылғы 31 шілдеде 16 адамнан тұратын үлкен бір отбасы Аққыстауға тойға  жиналады. Алайда, той үш адамның жаназасын шығарумен аяқталды: қаладан 20 шақырымдай жерде қатты жүріп келе жатқан микроавтобустың дөңгелегі ұшып, жол апаты орын алды. Кішкене бүлдіршін Нұрай САПАШЕВА үш жасын атап өтуге екі ай уақыт қалғанда  қыршыннан қиылса, Дильназ ДЕГЕНОВА бар болғаны  төрт-ақ жаста болатын. Ал сұлу бойжеткен, 2003  жылы Атырау тете-мисс атағына ие болған Гүлнұр САПАШЕВА енді көптің есінде  мәңгі сол жиырма бес жас күйінде сақталып қалмақ.

 

Емнің көмегі болмады

Айнұр САПАШЕВА  қас пен көздің арасында өзінің жалғыз қызынан, кіші сіңлісінен және жиенінен айырылып қалды. Ал, өзінің мүгедек болып қалғанын тек қайғылы оқиғадан бір жыл өткен соң ғана білді. Сол кезде ол травматология бөлімшесіне ешкімнің көмегінсіз өзі жүріп келген болатын. Сондай-ақ, ол жерден үшінші күн дегенде өз аяғымен кетті, өйткені, оған өзінің ең жақын адамдарын жер қойнауына тапсыру керек еді. Оған шығып кеткен иығын салып берді, ал, дәрігер бірден анықтаған сынған төс сүйегі өзінен-өзі бітіп кетті... Адамдар қатты есеңгіреген кезде қандай ауыр сырқатты да елең қылмайды. Басына қайғы бұлты үйірілген Айнұр сырқаттың жанына батқанын бір жыл бойына сезбеді. Оқиғадан кейін бір жыл өткен соң ғана оның сол аяғы бастырмай, арқасы үздіксіз ауыра бастады. Аудандық невропатолог-дәрігер остеохондроз деген диагноз қойды. Алайда, дәрігер тағайындаған ем-дом көмектеспеді, ал, сырқат барған сайын күшейе берді. Ақыры Астраханға апарған кезде оның рентген түсірілімдерін қараған нейрохирург: «Жалпы сен қалай жүріп жүрсің? Бір жыл ішінде аяғыңды басудан қаласың, сол кезде өзіңді мүгедекпін деуіңе болады..», - деп айтқан еді. Омыртқа жотасының сынып бойға бітіп кеткен 7-ші және 11-ші діңдеріне дәрігерлер ота жасаудан бас тартты. Одан бәрібір ештеңе шықпас еді. Омыртқа каналының бұзылуы және қысылып қалуы салдарынан жұлын 30 пайызға  қысылып қалған, сүйек тіндері зақымдалып, омыртқа діңі қозғалған, қажалу (протрузия) пайда болған (омыртқа аралығы дискілерінің зақымдануы және нерв түйіндерінің қысылуы)...

 

Айнұрдың өз қабырғасымен ауыстырды

Дегенмен оған ота жасалды. Нейрохирург-дәрігер МЯСНЯНКИН Айнұрдың он бірінші омыртқасының сынығын оның өзінің қабырғасынан жасалған жаңасына ауыстырды. Ол енді жүре ала ма? Оны ешкім уәде еткен жоқ, алайда, дәрігер былай деді: «Егер отаны жасамайтын болсақ, онда сен анық жүрмейтін боласың». Оның туғандары осы екі тәуекелдің бірін таңдады және жарты миллион теңге қарыз алды. Ал, алда тағы да екі маңызды деген операция тұр.

Ресейлік дәрігер қателеспеді: Айнұр қазірдің өзінде жарымжан болып қалды, екінші топ мүгедегі. Олар туралы «төсек тартып жататындар» деп айтады. Ол операция жасалғаннан бері бес ай бойы төсекте жатыр. Уақыт өте денеде қан айналуы үшін бес минут сайын корсетпен күйеуінің демеуімен жүріп тұрады. Дегенмен, олардың қуықтай ғана бөлмесінде жүріп те жарыта қоймайсың: қай жаққа да көп дегенде үш қадам аттасаң жетіп жатыр, қабырғаға тірелесің немесе кірер есіктен бір-ақ шығасың. Тіпті болмаса, үйдің бәріне ортақ бір-ақ тереземен түйісесің.

Бұл төрт те бес бөлмеде Нұрай мен Ислам дүниеге келді. Айнұрдың үлкен баласы Саламат та бұрын осы жерде тұрды, бірақ анасының операциясынан кейін баланы уақытша әжесінің үйіне жіберді, ол жерден оған мектебі жақын екен. Коммуналдық үйде орналасқан бұл бөлме отбасы үшін жеті жылдан бері жатын бөлме, қонақ бөлме, ас үй де болып келеді. Қолайлылық аулада ғана, алты жанұяға арналған екі плитасы бар ас үй  дәлізде орналасқан.

Бөлменің ортасында бөлмедегі жалғыз батареяның түбінде Айнұрға арналған ескі диван орналасқан. Сол жақта ескі киім шкафы, оң жағында шкафтың құрдасы сервант. Оған осы үйдегі ең қымбат нәрсе қойылған, ол отбасылық фотосурет. Суреттен ата-анасына және кішкене бауырына бұйра шашты Нұрай қарап тұр.

 

Жанталас сәт

Маған үйдегі жалғыз пластикалық орындықты ұсынды. Бүгін күн ашық, бірақ, олардың терезесі көлеңке жақта орналасқандықтан бөлме іші қараңғы да салқындау. Мен жылынуға тырысып отырмын, ал, Ислам есімді бүлдіршін мені айнала бір ғана колготки және жұқалау свитермен жүгіріп жүр. Оны ұстап алып, қалыңдатып киіндіргім келді. Бірақ Айнұр онымды байқағандай:

– Ол оған үйренген, шымыр бала,-деп қояды.

Оның маңдайы жазық, сол маңдайдан тараған тағдыр салған әлсіз ғана әжімдер төсекке төгілген шашқа өзінің ізін салып үлгерген. Ақ шаштар оның басына түскен ауыртпалықтардың әлсіз кестесі дерсіз. Ал, осы ауыртпалықтан  Айнұр өмір бойы құтыла алмады: жасөспірім кезінде анасынан айырылды, әкесі оларды тастап кетті, одан кейін жасы жиырмаға жетер-жетпесте жесір атанды (бірінші күйеуі жұмысқа бара жатқан жерінен қайтыс болды), өзі қолында баласымен қалды, ал 28 жасында ең ауыр қайғының дәмін татты, өз қолымен баласын жерледі. 

– Егер Ислам болмаса, бізге не боларын білмес едім, -дейді ол   сол сұмдық оқиғадан аман қалған баласына қарап.

…Машинада бала-шаға шуылдап келе жатқан сәтте ешкім де тас жолмен зулап келе жатқан көлікке не болғанын түсінбей қалды. Алдымен ол қарсы келе жатқан көлікке соғылып, далаға қарай ұшты. Жеті айлық Ислам анасының қолынан бірінші соққы болған кезде-ақ, ұшып кетті. Міне, ғажап, Исламды Айнұр-дың кіші інісі ұшып бара жатқан жерінен қағып үлгерді. Бәрі аяқталған сәтте Айнұр артқы сынған әйнектің үстінде арқасымен жатты. Күйеуі оны сыртқа алып шығарып, қайтадан ішке қызының атын айтып кірді. Ислам бірден табылды да, Нұрайдан еш жауап болмады.

-Күйеуім жын қаққандай жүгіріп, айқайға басты, сол кезде мен жолдың жиегінде желге желбіреп жатқан ақ көйлекті байқап қалдым. Қасына барған кезде ол демалып жатты. Мен жолдың ортасына тұра сала, екі қолымды сермеп, бірінші  келе жатқан машинаны тоқтаттым. «Баланы ауруханаға жеткізі-ңізші!» - деп айқайға бастым. Жүргізушінің есімін де, мекен-жайын да сұрағанымыз жоқ, ол еш сөзге келместен кері бұрылды да қалаға қарай жүйтки жөнелді. Біз күйеуіміз екеуміз ол адамға шексіз алғысымызды айтқымыз келеді.

Облыстық ауруханаға келген кезде «Лексус» көлігінің салоны қанға малынды. Бірақ қабылдау бөлмесінде Нұрайды қабылдамаған, жүргізуші де оның әкесі де баланы балалар ауруханасына апаруды білмеген.

– Балалар ауруханасына дейін Нұрай үлгермеді, ол демалуын доғарды,- дейді менен жүзін жасырған  Самат. Нұрай оның қолында көз жұмды. Ал артынша облыстық ауруханаға  жеткізілген Айнұрға ондағылар тіпті дүрсе қойған: «А, әлгіндегі қолында бала бар осында келген сенің күйеуің бе? Осы жерде айқайлап, адамдарға тиісті, өзі ішіп алған ба, деймін?!..»

Нұрайдың өлгендігі туралы куәлікте былай делінген: «Бас сүйектің күмбезі және негізі сынуымен қоса, бас сүйек пен мидың ашық жарақаты».

-Ал Гүлнұр болса еш жарақаты жоқ, сол әдемі қалпында жатыр, -деп еске алады Айнұр өзінің кіші сіңлісін. – Оның қасында Нұрай отырды, ол баланың сынған терезеден қалай ұшып кеткенін көріп, оған  шыдамай, жүрегі жарылып кеткен.

Сөйтіп, Атырау-2003 жылғы тете-миссі өз артына төрт жасар ұлы мен жарын қалдырып, өмірден сол әдемі күйінде өтіп кетті.

 

«Қандай тойымсыз адам едіңіздер!»

Аққыстауға бара жатқан жолдағы қайғыны алып келген машинаны қайтыс болған Гүлнұрдың күйеуі жұмысынан сұрап алған. Қызметкердің өтінішінің негізінде оларға  «Hyndai H1» берілген. Машина  ірі транспорттық «KazPetro-Trans» компаниясында келісім-шарт бойынша жүргізушісі Жолдас БИСАЛИЕВПЕН бірге жалға алынған екен. Демек, қызмет көрсету, тиісті техникалық жағдайда ұсталуы, техникалық тексеруден өткізілуі, осының бәрі KazPetroTrans жауапкершілі-гінде болды. Алайда, жол-көлік оқиғасы орын алды. Нәтижесінде үш адам қаза болса, алтауы жарақат алды. Жүргізу-ші ешқандай жарақат алған жоқ. Тергеу ісі оны кінәсіз деп тапты да, істі тоқтатып тастады. Сол жақтағы артқы дөңгелектің кемшілігін зауыттан шыққандағы ақау деп таныды. Бірақ, қалалық прокуратура істің тоқтатылуымен келіспей, тергеу қаулысын қайтадан Астанада сараптама жүргізу қажеттілігін көрсетіп, бұзған болатын, сөйтіп іс қайтадан қозғалды. Қазір жәбірленушілер оның қорытындысын күтіп отыр. Олардың адвокаттары былай дейді: кез-келген жағдайда, машина қызметтік көлік болғандықтан заңдылық жауапкершілікті оның қожайыны – бұл жағдайда «KazPetroTrans» ЖШС (оның қаржылық айналымы туралы анықтама мынадай: «Ембі-мұнайгаз» ӨФ жылдық келісім-шарт сомасы 2010 жылы 850 млн теңгені құрады (сот материалдарынан -З.Б.) өз мойынына алуы тиіс.

Сапашевтар жауапкершілік санаттары туралы тіпті ойланбады да. Жаназадан кейін жүргізуші Бисалиевтің анасы баласы үшін кешірім сұрап келді. Оларды кешірді және Құдайдың  да кешірім етуін сұрауға кеңес берді. Олардың бірде-біреуі талап арыз беруді ойламапты, тіпті, ол кезде оны ойлайтын уақыт та емес еді: жерлеу рәсімдері, қаделері, операциялар... Бір жылдан соң көздің ащы жасы таусылғандай болған сәтте ғана ескі жараның орны қайта сыздады:  – Бірде маған менің апам қоңырау шалды (сол жол апатында оның немересі қайтыс болды, ал, өзі омыртқасы мен бұғанасын зақымдаған еді – З.Б.) – деп жалғастырады Айнұр.  –Оның таңданысында шек болмады: ол KazPetroTrans директорының қабылдауына жазылып, одан дәрі-дәрмек жағынан көмек беруін сұраған екен, ал, бастық болса оған:  «Сіздер қандай тойымсыз адам едіңіздер? Ол (жүргізуші Бисалиев) сіздердің барлықтарыңызға 2 миллион теңгеден төлеген жоқ па?!» деген.  Бірақ Бисалиев бізге 2 миллион теңге емес, өз жақындарынан жаназа мен қаделеріне деп  - 100 мың теңге беріп жіберді. Ал, қалғандарының бәрі менің екі інімнің және басқа туысқандарымның көмегінің арқасында жасалды, әйтпесе, күйеуімнің жүргізу-шілік 40 мың теңге жалақысымен ондай шығындарды өтеу оңай емес еді. Ал, операцияны маған қарызға жасады, енді сол жарты миллион ақшаны қайтаруымыз керек. Қалған екі операцияны қандай ақшаға жасататынымызды білмеймін.

 

Бір жыл өткен соң

Жол апатынан кейін бір жыл өткен соң сот екі талап арызды қарады: оның бірі Айнұр Сапашеваның арызы болатын. Рөлде болған Бисалиевтің кінәсі сот арқылы анықталған жоқ, алайда қазіргі қолданылып жүрген заңнамалар тұрғысынан қарар болсақ, басты жауапкер – заңды тұлға KazPetroTrans ЖШС болуы керек. ҚР Азаматтық Кодексінің 931-бабы, 1-тармағында былай делінген: «Қызметi айналасындағылар үшiн жоғары қауiптiлiкпен байланысты заңды тұлғалар мен азаматтар (көлiк ұйымдары, өнер-кәсiп орындары, құрылыстар, көлiк құралдарының иелерi және т.б.), егер зиян дүлей күштердiң немесе жәбiрленушiнiң терiс пиғылының салдарынан пайда болғанын дәлелдемесе, жоғары қауiптiлiк көздерi келтiрген зиянды өтеуге мiндеттi...» Талап арыздар қаралып, тіпті, жекелей қанағаттандырылды да, бірақ, сот логикасы күтпеген жайтты баян етті. ЖКО нәтижесінде алынған дене және жан жарасының деңгейін, айталық талапкерлердің бірінің (Айнұр Сапашеваның апасы З.Б.) алған орта ауыр дене жарақатын судья Сәкен ЕРАЛИЕВ 300 мың теңгеге бағалады.

Баласын жоғалтқан және өзі мүгедек болып қалған ананың адами және дене жарақаттарының деңгейін «әділдік және қажеттілік принциптеріне қарай (сот шешімінен үзінді)» деп таныған сол судья 700 мың теңгеге бағалады. Ендігі қалған жерде ешқашан аспан әлемін көре алмайтын, енді күле алмайтын, ешқашан әкесі мен анасын құшақтай алмайтын, бойжетіп жар, не болмаса ана бола алмайтын екі жастағы кішкене қыз баланың өмірінің құны соттың пікірінше, міне,  осынша болғаны ғой...

Жәбірленушінің  адвокаты Татьяна МОХНАЧЕВА сот шешімімен келіспеді.

– Әрине, баланы жоғалтуды ешнәрсемен өлшеуге келмес. Оның орнын ақшамен толтыра алмайсың: Нұрай жаңа ғана өмірге талпынып келе жатқан бала болатын, ата-анасы оны енді мәңгіге жоғалтты,  - дейді қорғаушы. –Мұндай өтемақыны бала тірі қалып, жарақат алған жағдайда жеткілікті деп есептеуге болар еді. Осы жағдайды ескеріп, біз Атырау облыстық сотының апелляциялық алқасына апелляциялық шағым дайындаған едік. Онда біз 7 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіріп беруін сұраған болатынбыз.

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ және Сапашевтардың отбасылық мұрағатынан.

Омыртқаның компрессиялық сынығы – жарақат күшімен омыртқа жотасын қыса отырып, омыртқа жарақатына әкеледі, ал, оның нәтижесінде омыртқа каналы зақымдалады. Жұлынның зақымдалу салдары сал ауруына соқтырады.

29 ақпан 2012, 19:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.