Атырау, 27 қараша 17:25
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Даланың дана күнтізбесі

7 504 просмотра


Бұл өткен жылдың қысы болатын. Скайп арқылы түнде басқа қаладағы құрбыммен ұзақ сөйлесіп отырып қалдық. Мен оған сырттан екі рет күннің күркірегенін естігенімді айтқанда, ол қыстың ортасында күн күркірі бола ма деп күлді. 

Болады екен! Қазақтарда сирек кездесетін бұл табиғи құбылыс «қыс қысырайды» деп аталады және жазда өнімнің мол болатынын білдіретін ерте көктемнің жаршысы болып табылады. Бұл туралы маған ғұмыр бойына ауыл ветеринары болып жұмыс жасаған, көшпелі мал өсірушілердің өмірі туралы жақсы білетін Атырау қаласының байырғы тұрғыны Қоблан РИЗУАНОВ әңгімелеп берді. 

Өткен жаз қандай болды?

– Шөп қалың шықты, белге дейін келді.

…Далада жұмыс жасап, өмір сүретін адамдар табиғат заңдары туралы «тас джунглиді» мекендеушілерге қарағанда көбірек біледі. Оның үстіне, олардың табыс табу тәсілдері осы заңдармен тығыз байланысты. Бұл туралы Қоблан аға ғасырлар бойы мал өсірушілер ұстанып келе жатқан халық күнтізбесін мысалға алып баяндап берді.

Қоблан РИЗУАНОВ. Суретті түсірген Тамар СУХОМЛИНОВА

КӨКТЕМ ТЕККЕ ҚҰБЫЛМАЙДЫ

– Біз күнтізбемізді наурыздан бастаймыз, өйткені, қазақтарда жаңа жыл Наурыздан басталады. Наурызға дейін 10-15 наурызда, егер байқайтын болсаңыз, үнемі қар жауады. Біз оны Наурыздың ақша қары деп атаймыз. Таң қалатыны жоқ, өйткені, бұрынғы стиль бойынша (қазіргі күнтізбеден айырмашылығы – 14 күн) осы уақытта Наурыз тойланды. Осы қысқа уақыт ішінде жауған ақша қар – Жаңа жылдың басталғанын білдіреді, - деп әңгімелейді Қоблан аға.

Көктемгі табиғат алдамшы болады. Қазақ даласын мекендеушілер осы жылдың маусымында аса сақ болуға тырысатын бірнеше кезеңдер бар. Олардың бірі – 26-29 наурызға тура келетін Отамалы немесе «қара Иван» деп аталады. Аңыз бойынша, бақташылардың бірі ескертуге қарамастан, күннің көзі шығып тұрғанға алданып, малын көктемгі шуаққа жаю үшін жайылымға шығарады. Аяқ астынан ауа райы нашарлап, суық жел соғып, жаңбыр жауып, соңы қарға ұласады. Осы жауын-шашыннан бақташы көп малын жоғалтады.

– Сондықтан малшылар ауа райының жылынғанына қарамастан, малдарын қыстақтан жазғы жайылымдарға шығаруға асықпайды. Бәрінің өз уақыты бар. Оның үстіне, көктемде Бесқонақ деп аталатын бірінен-соң бірі екі амал жалғасады. Бесқонақ 3-18 сәуір аралығында болады. Ескі айдың бес күні мен жаңа айдың бес күнінде (ескі күнтізбе бойынша) үзіліссіз бірнеше күнге созылады. Сондай-ақ, бұл күндерді «бес ескі» (халық арасында «бес ешкі» деп те атайды) және «бес жаңа» деп атайды. 

Аңыз бойынша, сәуірдің басында ауылдардың біріне бес адам қонақ болып түскен екен. Ал бұл уақытта көшпенділерде қысқа әзірлеген ет қоры сарқылады. Қонақжай қожайындарды ұялтпау үшін қонақтар сол жерде бес күн болып, жолға шығуды ұйғарады. Әрі күн де жылынып қалған. Алайда, жолда күшті жел соғып, аяз тұрады. Қолайсыз ауа райы адамдарды қапыда қалдырып, олар далада үсіп өледі... 

– Жыл сайын осы мезгілде әп-әсем болып тұрған ауа райының әп-сәтте нашарлап кеткенін бақылауға болады, - деп әңгімелейді Ризуанов. – Топырақты дауыл тұрып, аяқ астынан суытып, нөсер, кейде қар жауады. Бесқонақ аяқталғанша малшылар малды далаға шығармайды. Біріншіден, қыстан кейін мал әлсіз болады. Екіншіден, осы кезде мал төлдейді. Аналықтарға төлдегеннен кейін оңалып, ал төлдер аяқтанып, қатаюы керек.

Бесқонаққа байланысты ел арасындағы ырымдардың бірі – егер бесқонақта жаңбыр жаумаса, жаз ыстық әрі қуаң болады.

ҚҰРАЛАЙҒА ДЕЙІН ҮЛГЕРУ КЕРЕК

18 сәуірден кейін - ықтырма жығылады. Бүкіл қауіп-қатер артта қалып, толыққанды көктем басталады. Мал жазғы жайылымға шығарылады. Осы уақытта малдарды қырқу жұмыстары да жүргізіледі.

– Малды алысқа айдауға тура келеді. Кейде жүз шақырымнан астам жерге. Бірақ кешеуілдетуге болмайды! Бүкіл малды Құралай басталғанша (24-27 мамыр) шығарып үлгерген жақсы. Құралай – бұл киіктің лақ өргізетін кезі. Бұл кезде ауа райы қолайсыз болады – күшті жел соғады, тұман түсіп, тынбастан жаңбыр жаууы мүмкін. Киіктер аяқ басу қиын жерлерге, сортаң жерлерге жиналып, ұрпақтарын өрбітеді. Табиғаттың өзі осы процеске «өз қолтаңбасын салуға» тырысады. Өйткені, әлсіреген аналықтар да, жаңа төлдеген лақтар да ең алдымен дала жыртқыштарынан қорғалуы керек. Тұман, сіркіреген ұсақ жауын олардың иісін жойып, қауіптен сақтайтын қорғаныш болады.

Құралайдан кейін жаз да келді деп есептеуге болады. Шопандар үйірлерін жыртқыштардан қорғап, бірде-бір жануар өз үйірінен ажырап қалмауын бақылап, байтақ далаға малдарын жая бастайды.

НАУРЫЗ ҚУАНЫШЫ

Күздің жақындағанын білдіретін алғашқы нышан – сүмбіле – қазіргі күнтізбенің 10-15 қыркүйегіне тура келеді. Бұл уақытта тоғандарда су қатып қалады. Таразы – қазан айында таңғы уақытта суытатын, ашық аспан астында ұйықтай алмайтын кез. Қазан айында бірнеше жылы күндер де бар. Шыбынсыз жаз деп аталатын кезең – қазан мен қараша аралығындағы 45 күн, бұл кезде мал ұрықтанады. Неліктен бұл уақытта? Жауабы қарапайым – мал төлдейтін уақыт наурызға тура келу үшін. 
20 қараша мен 15 желтоқсанда да малшылар бүкіл малды жазғы жайылымнан қыстаққа айдап келуге үлгеруі тиіс.
Ал 24-27 желтоқсанда киіктің бұрқағы деп аталатын тағы бір амал бар. 

- Бұл уақытта күшті жел соғып, күн күрт суытып, жаңбыр, қар жаууы мүмкін. Табиғатта бұл амал немен байланысты? – деп маған сұрақ қойған Қоблан аға жауабымды күтпестен, құпиясын ашты:

– Бұл уақытта киіктер шағылысуға кіріседі. Осы кезде де дала жыртқыштарынан қорғау үшін ауа райы қолайсыз болады. Ал егер сіз осы амалдар мен Құралайдың арасында қанша күн бар екенін есептесеңіз, онда тура 150 күн бар екені белгілі болады. Киіктердің осы мөлшердегі аналығы өз лақтарын өргізеді. Табиғат бәрін қарастырған, ал бізге тек оған икемделу ғана қалады.

Қаңтар-ақпан айларына келетін мезгіл көшпенділерде зағбина деп аталады. Бұл кезде көз аштырмайтын боран, бұрқасындар болады. Дала халқы бұл кезде өз баспаналарынан шықпауға тырысқан. Наурызды шаттанып асыға күтетіні сондықтан.

Тамара СУХОМЛИНОВА


6 сәуір 2017, 16:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.