Атырау, 24 қараша 02:49
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Маңмаңгер, кекілің келте, жалың майда

9 579 просмотра

Бұталар мен қыр гүлдері сағымдай бұлдырап артта қалып жатыр...

Сіңірлері адырнадай тартылып, құлашын барынша сермеп, оқтай зымырап барады. Тұяғымен от шашып, әуелеп кетті қыр асып...

БАРБАРИСТІ СҮЙСІНЕ ЖЕДІ

«Құлагер» шаруа қожалығының аумағына кірген кезде тек оның қызметкерлерінің ғана емес, сол жердегі қашада тұрған жылқылардың да назары бірден бізге түсті. Қожайындары Өнербек ЖАНБАЛА бөгеліңкіреп қалғандықтан, айналаны қарап шықпақ болдық. Сол сәтте бізге әуестік танытқан көзқарастың тұтқынына түскенімізді байқамай қалдық. Құлағын тікірейтіп, «бұлар кім?» дегендей, оң жақтан осқырынған дыбыс естілді.

Жануарды үркітіп жібермес үшін жайлап қана қалтамдағы  кәмпитті алып, жылқыға ұсындым. Оның тәттіні қатты жегісі келген сыңайлы. Пысқырып, бес метрдей жақындап келе бергенде, фотоаппараттың шартылы біздің таныстығымызға кедергі келтіріп жіберді. Ол жалт бұрылып, ауланың ең түкпіріне қарай құйғытып шаба жөнелді де, қауіпсіз ара-қашықтықтан бізге бақылау жасай бастады. Атбегі менің жабырқап қалғаныма шыдай алмай, итті ысқырғандай шақыра бастады. Алайда тәтейіңе жақындай ғой деп көндірмек болғанымен, жылқы тебініп, тіксініп, ақыр аяғында қашып кетті. Дегенмен, сәл кейінірек қырсық ат үріккенін қойып, кәмпиттен ауыз тиді. Сақтана еріндерінің ұшын алақаныма тигізді де, артықтық етпес дегендей, бес секундтай көзіме беріле қарады. Менің елең етпегенім оған ұнамай қалды да, тұмсығын тығып, жанқалтамды қарманбақ болды.

Сол уақытта ол өз тілінде басқа бауырларына жаңалықты хабарлап үлгеріпті. Бір минуттан кейін аула іші жылқылардың кісінеген шуына толып кетті. Ана жер, мына жерден жылқылар «барбарис» кәмпитін дәметіп, шыдамсыздана тұмсықтарын  шығара бастады. Манадан бері біздің қасымызда әрекетімізді бақылап тұрған жылқышы кішіпейілдікпен шыдамдылық танытып тұрды.

- Сіздер болдыңыздар ма? – деп сұрады ол, - Қожайын келді, мүмкін солай қарай барармыз??

 

КӨЛЕҢКЕСІНЕН ОЗҒАН ЛАШЫНҚАРА

Өнербек бізге өз қожалығын көрсетіп шықты. Сүйкімді жылқыларға қайтадан барайық деген  ұсынысымнан ат тонын ала қашып, мені Лашынқараға алып келді.

- Міне нағыз арғымақ! Менің мақтанышым!

Лашынқара маған кірпігінің астынан бір қарап, осқырынып алды да, бұрылып сидаң тартқан артын беріп тұра қалып, бір секундтан кейін шаптыра жөнелді.

- Мақтанышым дедіңіз бе? Шалыс естіген жоқпын ба?

Өнекең абыржып қалды да, қарқылдап күліп жіберді.

Бұл жылқыға, бір таңқаларлығы, мұндағылардың қарым-қатынасы ерекше. Алты жасар торы ат Батыс Қазақстандағы ең үздік сәйгүлік екен.

- Оны ерттеуді кез-келген сайыпкер армандайды! – деді менің көзқарасымды өзгертпек болған жылқышы. – Ол Оралда, Ақтөбеде, Маңғышлақта, осы жерде Атырауда өткен жорға сайыстарында бірінші боп келіп, бәйгеден озды.

Өнекеңнің айтуынша, Лашынқара – таза қанды стандартбредті американдық тұқымнан, яғни, қазақша айтқанда жорға екен. Оның аяқ алысы қарапайым, тіпті, асыл тұқымды аттардың шабысынан ерекшеленетін көрінеді. Әдетте, олар жүргенде аяқтарын айқастырып басады. Ал бұл әуелі екі оң жақ, содан соң екі сол жақ бүйірге жорғалайды. Мұндайды жорға деп атайды. Бұл айғыр шынымен де ерекше боп шықты. Ол маған тосыннан желөкпе жасөспірім-дердің кешіне салбырап түсе қалған әлдебір ғылымдардың маңғаз профессорындай боп көрінді. Айналадағы жандарға мән берместен, сәлден кейін ұйқыға кетті. Алайда, атбегілердің айтуынша, оның бүкіл «американдық» маңыздылығы жаттығу кезінде, әсіресе, бәйге кезінде ғайып болады екен.

Лашынқараның басқалардан ерекшелігі - түнде жаттығады. Осынау тәуліктің жұмбақ мезгілінде ай жарық болуы тиіс. Даладағы арнайы жол бойына шығып шабандоз сәйгүлікті ерттейді, содан соң...

…Тұяғымен жерді тарпыған аттың бұлшық еті ай жарығымен жылтыраған терісінің астынан бұлт-бұлт етеді. Жалы желмен жарысып, танауынан бу бұрқырап, делдиіп кетеді. Лашынқараның осы кездегі келбетін суреттеп жеткізе алмайсың. Шабандоздан белгі күтеді, ал белгі берілгеннен кейін қанатты пырақ секілді дала кеңістігімен ғарыштай жөнеледі. Өз көлеңкесі – айдың тартуы, оның ізгі тәлімгері және ең қауіпті бәсекелесі екен.

- Оны өкшелей қуатын сұр елес, біз аттың көлеңкесін солай атаймыз, Лашынқараға жорғадан жаңылмауға көмектеседі, - деп түсіндірді Өнербек.

 

ФАКИРДІҢ АЖАЛЫ

Факир есімді ат та кезінде атқораның  жұлдызы болған екен. Баран ат сол жердегі біршама биелердің жүректерін бағындырған. Келбеті араб жылқысын еске түсіретін. Бір ғана айырмашылығы – Факир «сыйлыққа» берілетін тұқымнан емес еді.  Оның сұлулығы жүйріктігімен, төзімділігімен және ақылдылығымен керемет үйлесім табатын. Ат бәйгесінен алған марапаттары да жеткілікті еді. Ол туралы: «үздік арғымақ» деген мақтау сөздер де айтылатын. Өнекең әлі күнге дейін Факирді жылылықпен, құрметпен, күйінішпен еске алады.

Бес жыл бұрын Факир Алматыда өткен Президент кубогына арналған бәйгенің сүйіктісіне айналған. Ат аламан бәйгенің соңғы айналымындағы  25-ші километрді артқа тастағанда, ешкім де баран аттың бірінші боп келетініне күмәнданбаған еді. Мәреге жетуге он метр қалғанда Факир ара қашықтықтың қалған бөлігінде жалғыз өзі зымырап бара жатты. Сол сәт оның тағдыры аяқ астынан өзгереді деп кім ойлады дейсің. Даурыққан жұртшылық тына қалды: Факир құлап түсті. Көтерілген шаң сейіліп, көрермендердің көз алдына сұмдық көрініс келе қалды. Арғымақтың артқы аяғы тұяғынан сәл жоғары жерден қайырылып айналып кетті. Қызып тұрған ат әрі қарай шаппақ боп, орнынан тұрғысы келді. Бірақ жан шыдатпайтын ауру бүкіл денесін инедей сұққылап жатты. Тек жанынан бірінен кейін бірі бәсекелестері шауып өтіп бара жатқанда ғана Факирдің азаптана оқыранған дыбысы шықты.

- Алла көріп тұр ғой, ол үшін қолымнан келгеннің бәрін жасадым, - деді Өнербек шығар-шықпас үнмен. Ол содан дейін тіс жармады.

Ал Факир 2008 жылы 6 шілдеде Президенттің туған күнінің құрметіне орай Атырауда өткізілген бәйге кезінде есімде қалыпты. Нағыз қырғын болды. Жоғары жақтан бұйрық келгенде, сол күні, яғни, жылдың осы мезгілінде бәйге өткізу – атбегілер үшін де, арғымақтар үшін де, көрермендер үшін де қауіпті екені ешкімнің  ойына келмепті.

Арғымақтар мен атбегілер Қазақстан мен ТМД-ның әр түкпірінен келді. Күн тас төбеге көтерілген. Қара тер болып, болдырған аттар ара қашықта баудай түсіп құлап жатты. Құлаған әр аттың мұрнынан қан атқылап жатты.

Ең үлкен ара қашықтықтағы мәреге Факирден басқа ешқайсысы жете алмады.

- Бәйгеге шабатын арғымақтарды жақсы көруге, оларға бауыр басуға болмайды деседі, - деді Өнербек қоштасар кезде. – Бірақ оларды қалай жақсы көрмейсің, мен түсіне алмаймын. Қаланың күйбің тірлігінен қашып, осы жерге қуана келемін. Оларға қараймын да, жаным жай табады.

Анастасия ПАСТУХОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

 

Өнербек Жанбала – облыстық ұлттық ат спорты түрлері федерациясы президентінің орынбасары. Спорттың осы түрінің нағыз жанкүйері. Алайда, қазақ дәстүрін құрметтейтін біздің облыста әлі күнге дейін ипподром жоқ.

 

«Құлагер» шаруа қожалығында 30 жылқы бар. Бәрі де бәйгеге қосатын таза ағылшын және американ тұқымдас жүйріктер. Жыл сайын олардың кейбірі Қазақстанда өтіп тұратын бәйгелерге қатысып, жүлделі орындар алады.

 

Атыраудың жазғы аптабында жылқылар ыстықтан емес, масалардан азап шегеді.

Жылқышылар ешқашан екі айғырды қашаға қатар шығармайды, олар міндетті түрде айқасып қалады. Ал егер биені шығарса, басқа мәселе. 

Жылқылар бір бүйірлеп жатып ұйықтайды, тұрған күйде - мызғып алады.

«Спорттық мансабын аяқтағаннан кейін «зейнеткер» жылқылар етке сойылады деген сөз рас па?» деген сұрағымды естіген атбегі таң қалды.

Он жылдық спорттық мансаптан кейін айғырлардың бірнеше құлынның әкесі болуға мүмкіндіктері болады. Дегенмен, бұл ереже алты жасар Лашынқараға үшінші рет әке болуға кедергі болмапты.

29 ақпан 2012, 18:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.