Атырау, 24 қараша 01:43
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Махамбеттік мерген Мафтуға

2 605 просмотра

23 ақпан - махамбеттік Мафтуға РЫСБАЕВА (суретте) үшін күнтізбедегі ерекше күндердің бірі. Келесі жылы 90 жасқа толатын әжей бұл күні Ұлы Отан соғысына қатысқан қаруластарын еске алады...

Мафтуға әжей Махамбет селосындағы көзі тірі 7 ардагердің бірі. Мерген қыз атанған ол үйдегі көне суреттерге толы альбомды жиі ақтарады. Сол бір жылдар артта қалғанымен, естеліктер көз алдына жиі келеді. Ұмытқандарын кенже қызы Ақкенже еске салады. Себебі, анасының майданға барған күндері мен бастан кешкен оқиғаларын жаттап өскен олар үшін бәрі қызық және бәрі маңызды. 

Құжат жүзінде әжейдің туған жылы 1923 жыл деп көрсетілгенімен, шын жасы бұл емес. Теңіз ауданы (қазіргі Құрманғазы ауданы.- Л. Қ.) Котяевка селосының тумасы Мафтуға Ұлы Отан соғысы басталған тұста 17 жастағы өрімдей жас болатын. Қатарластары соғысқа аттанып жатқанда қаршадай алғыр қыз жыл сайын майданға сұранып арыз жазатын. Жасы жетпейтін болғандықтан, бір жасқа жасын өсіріп те жіберді. Бірақ арызы бірден қанағаттандырылмады. Аудандық комиссариатта жұмыс жасап жүріп, соғыстағы сұрапыл күндермен таныс бола түсті. Ауыр жаралы болып елге оралған жауынгерлер, майдан даласында қалған боздақтарды ойлағанда Мафтуға да жігерленіп, соғысқа барсам деген ниетінен қайтпады.  

- Мен жасымнан өжет болдым. Әрі орысша сауатым да бар болатын. Ол кездегі жастардың бойында Отанға деген патриоттық сезімі ерекше-тұғын. Соғысқа сұранып, бірнеше арыз жаздым. Ақыры оған да қол жеткіздім, - дейді Мафтуға әжей.

Бірақ Мафтуға бірден соғысқа жіберіл-меді. 10 қыз  мергендікті алты ай бойы үйренді. Өзімен бірге әскери жаттығуды бірге үйреніп, сырлас болып кеткен құрбылары Надя, Катяларды одан кейін кездестірмеді. Мергендер әр тарапқа жіберілді. Мафтуға Қиыр Шығысқа аяқ басты.

...Шабуыл басталардан бұрын мергендер жау шебінің осал тұстарын зерттейтін. Жалғыз-жарымдап күні бойы жау жақты көзбен барлайтын. Қырағылық танытпаса жау мергені өзін бірінші қағып тастар еді. Мерген қыз жаяу соғыста да, ұшақ ішінде де жау шебін талай барлаған.

- Жаудың қай жерде бекінісі берік не осал екенін алдын - ала білу мергендерге тапсырылатын. Мен талай рет тапсырмаларды мүлтіксіз орындауға тырыстым. Қателесуге болмайды, өйткені жауынгерлердің өміріне жауаптысың. Сенің әкелген сызбаң арқылы шабуыл басталады. Бұл нағыз жауапты іс. Мен мұнша жауды қыруға қатыстым деп дәл санын айта алмаймын, бірақ майдан даласында біздің әскердің жеңіске жетуінде үлесім болғанын білемін,-дейді М.РЫСБАЕВА.

Қиыр Шығыста шынашақтай қара қыз екі рет өлімнен аман қалған. Бұл шақта немістермен бірге жапондар да бас көтеріп тұрған кез еді.

Бірде жапондар су ішетін құдықты улап кетіп, жауынгерлер қырылып қала жаздады. Өлгендері өлді, Мафтуғаның көрер жарығы бар екен, аман қалды. Бірақ қатты уланғандықтан, өмір бойы асқазанынан зардап шекті. Кез келген тағамды жей алмайтын. Мафтуға Жеңісті Харвин қаласында жүргенде естіді. Барлық қасірет пен қайғы артта қалғандай болды. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін елге оралған Мафтуға Махамбет ауданына қарасты Жалғансай селосының жігіті Халық Абуталинмен отау құрды. Халық та Ұлы Отан соғысына қатысқан еді. Қазір қосағының өмірден өткеніне жиырма жылдан асып кеткен.

-Біз 10 ағайынды едік, отбасындағы жалғыз ұлы бұдан екі жыл бұрын қайтыс болып, анам қайғыдан шөгіп кетті. Шешеміздің кезінде Сталиннің бұйрығымен алған алғыс хаты, бірнеше медалі бар. Оның әрқайсысы ерліктен сыр шертеді,-дейді кешегі майдангер мерген Мафтуғаның қызы Ақкенже АБУТАЛИНА.

Біз әжеймен «сіздің 90 жылдық мерейтойыңызға келейік» деп қоштастық.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

22 ақпан 2012, 21:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.