Атырау, 24 қараша 02:05
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Дәрімісің, дертпісің?

10 002 просмотра

Қазақстанда қолдануға рұқсат етілген дәрі-дәрмектердің көпшілігінің дәлелдік негізі жоқ. Ал бұл олардың ағзаға әсері аяғына дейін зерттелмегенін білдіреді.

Шынымен бұл препараттар емдей ме, әлде жарымжан ете ме, оны бал ашып білуге болатын шығар. Дәрі-дәрмектерді дұрыс пайдалану туралы білімдерімен республикалық Денсаулық сақтауды дамыту институтының Атырау филиалының жанынан ашылған Дәрі-дәрмек ақпараттық орталығының мамандары бөлісуге дайын.

 

Ағзаның өзі күресе алады

– Он жылдан кейін, ғалымдардың пікірінше, адамзатты емдейтін ешнәрсе қалмайды екен, - дейді республикалық Денсаулық сақтауды дамыту институтының Атырау филиалының Дәрі-дәрмек ақпараттық бөлімінің бастығы Жібек БИСЕНОВА. – Оған антибиотиктердің бақылаусыз пайдаланылуы себеп болып отыр. Ол антибиотикке тұрақты инфекциялар мен антибиотикке тұрақты туберкулездің таралуына әкеп соғуы мүмкін. Адамдар өкпенің қабынуынан, баспадан, сепсистен көз жұматын болады. Қазірдің өзінде мультирезистентті туберкулез емге нашар бағынады.

Қазір дәріханаға барып, рецептісіз және дәрігердің тағайындауынсыз кез-келген антибиотикті сатып алуға болады. Ал фармацевт болса, орта медициналық деңгейде қалай және қанша қабылдау керектігіне нұсқау береді.

Ең алғашқы антибиотик – пенициллин медицинада нағыз төңкеріс жасады, содан кейін стрептомицин пайда болды, ол арқылы адамзат сепсисті жеңе алды. Содан кейін жартылай синтетикалық ингибиторлы қорғалған пеницилиндер шығарылды. Қазір антибиотиктердің жаңа буыны цефалоспориндер пайда болды. Бірақ микробтар бейімделіп, анағұрлым агрессиялы сипатқа айналады. Мәселен, бірінші буындағы антибиотиктер балаларымызды енді емдей алмайды. 

– Сәби жөтеліп қалса, педиатр әп дегеннен-ақ цефазолин деген күшті антибиотикті тағайындайды. Алайда ағзаның сырқатты жеңуге күші жетеді. Медиктер тез әсер етуге қол жеткізу үшін сәбиге антибиотик тағайындап, оның иммундық жүйесін дәрменсіз етіп жібереді, - деп уайымдайды Жібек Бисенова. – Сондықтан қазір біз дәрігерлермен осы тәжірибеден аулақ болу үшін ауқымды түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.      

 

Қымбат тұратын дауа

Бүгінде барлық аймақтарда жұмыс істейтін дәрі-дәрмек ақпараттық орталықтары Қазақстанның фармацевтикалық нарығында сатылым бойынша көш басында қымбат тұратын актовегин препаратының тұрғанын анықтады. Оны жүкті әйелдерге де, сәбилерге де, ересек пациенттерге де тағайындайды екен.

– Препарат өндірушілердің пікірінше, оны барлық кеселге дауа деуге болады. Препараттың қысқаша сипаттамасында оның ми және плацентарлы қан айналысын, орталық нерв жүйесінің жұмысын жақсартатыны, зат алмасу бұзылған кезде, инсультке, ишемиялық ауруларға тиімді екені айтылған. Іс жүзінде, бірде-бір халықаралық базада актовегиннің осындай сиқырлы әсерінің бар екендігіне дәлел жоқ, - дейді Жібек Қуанғалиқызы. – Актовегин бойынша табылған жалғыз нәрсе – оның қант диабетіне шалдыққан пациенттердің орталық нерв жүйесінің бұзылуы кезінде көмектесетіндігі. Алайда қажетті әсерге қол жеткізу үшін бұл препараттың көп мөлшерін - күніне 1 000 мг-ға дейін қабылдау керек, ал бұл 25 ампула. Бұлар өте қымбат тұрады. Емделудің толық курсы өте көп ақша тұратын болады. Ал біздің дәрігерлеріміз тағайындайтын өте аз мөлшерден ешқандай пайда болмайды.

 

Көп мөлшер жақсы деген сөз емес

Атырау Дәрі-дәрмек ақпараттық орталығының мамандары дәрігерлердің пациенттерге препараттардың көп мөлшерін тағайындайтындығына алаңдаушылық білдіреді.

– Орташа алғанда бір дәрігер 5-10 препаратқа дейін тағайындайды, - дейді Ж. Бисенова. – Ал егер пациент терапевтен басқа лорға баратын болса, содан кейін, айталық, кардиологқа барса, олардың әрбіреуі өз тағайындауларын берсе, көп тізім шығады. Бұл ретте дәрігерлер препараттардың өзара әсеріне мән бермейді. Кей кезде дәрігерлік тағайындаулар шектен шығып кетеді. Бір пациентке дәрігер бір топтағы үш препаратты бірден тағайындаған кездер болды. Сонда мөлшерлеме ағза үшін жанама әсерлерімен бірге автоматты түрде үш есеге көбейеді. Мұндай емнің тиімділігін сөз ету қажет пе?

 

Дәлелдеуді қажет етеді

Бүгінде Қазақстанда 10 000-нан астам дәрі-дәрмек құралдары тіркелген. Олардың барлығының тиісті лицензиялары мен қолдануға рұқсаттары бар. Алайда барлығының бірдей дәлел базасы жоқ. Әңгіме мынада, халықаралық стандарттардың шарттары бойынша дәрілік препараттар дәріханаға түспес бұрын бірқатар сынақтар мен зерттеулерден өтуі тиіс. Бұл бір профессордың және бір жылдың жұмысы емес. Тек нақты тіркелген оң нәтижелерден кейін препарат халықаралық тізілімге енгізіледі. Британдық ұлттық формуляр «алтын стандарт» деп есептеледі.

Дәрі-дәрмек орталығында байланыс телефон желісі жұмыс істейді. Ол арқылы дәрігер тағайындаған препараттың дәлелдік базасы бар ма, оның әсер ету спектрі қандай және жанама әсерлері бар ма, білуге болады. Препаратты бірнеше халықаралық база бойынша бірден тексеретін орталық нақты және тәуелсіз ақпаратты ұсынады.

- Біз атыраулық медицина мекемелерінің формулярларымен жұмыс істеп, олардан дәлел базасы жоқ бірқатар дәрі-дәрмектерді шығарып тастадық, - дейді Жібек Қуанғалиқызы. – Дәрігерлер үшін семинарлар өткіземіз. Нәтиже де бар: көпшілігі бұл мәселеге анағұрлым жауапкершілікпен қарай бастады. Қазір пациенттермен қатар, бізге медиктер де хабарласып, белгілі бір препарат бойынша ақпарат беруді өтінеді.  

 

Айырмашылық болмаса, көп төлеудің қажеті қанша?

– Біз сондай-ақ, химиялық құрамы бірдей және жұмыс принципі бойынша екі бірдей препараттың бағасында әжептәуір айырмашылық болуы мүмкін екеніне дәрігерлердің назарын аударғымыз келеді. Адамдар қымбат тұратын дәрі-дәрмектерді анағұр-лым арзанына алмастыруға болмайды ма деп жиі сұрап жатады. Сондықтан тағайындау жасағанда дәрігерлерден препараттың  сауда атауын емес, халықаралық атауын көрсетуді өтінеміз.

Мәселе мынада, түпнұсқа препарат рецептісінің негізінде кез-келген фармацевтикалық компаниялар препарат-генерик жасауы мүмкін. Генериктердің құрамында да сол белсенді заттар мен тек өндіру технологиясы бойынша ерекшеленетін фармакологиялық қасиет болады. Мәселен, баршаға таныс парацетамол. Бұл Қазақстанға танымал ыстық түсіретін дәрмек, 20-дан астам сауда атауымен тіркелген. Түпнұсқа препараты - панадол, бұдан басқа өндіруші сегіз фирма оны халықаралық патенттелмеген – парацетамол деген атаумен шығарады. 34 өндіруші фирмалар құрамында парацетамолы бар препараттар шығарады. Дәріханадағы қарапайым парацетамолдың бағасы – 15 теңге, алайда ол гриппостад, терафлю, агриппин, ринза, ринзасип және т.б. сауда атауларымен шығатын болса, бірнеше есе қымбат болады.

Түпнұсқалық аспирин препаратының генеригі - арзан тұратын ацетилсалицил қышқылына қатысты да солай. Тромбо АСС, аспинат, аспирин кардио деген сауда атауындағы әдемі орамалардағы дәрі-дәрмек препараттарының құрамында да ацетилсалицил қышқылы бар. Бірақ ажарсыз қағазға салынған арзан ацетилсалицил қышқылының таблеткаларына қарағанда анағұрлым қымбат тұрады.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

 

Атыраудағы Дәрі-дәр-мек ақпараттық орталығының байланыс желі-сінің телефоны 49-36-19.

Дәрі-дәрмек ақпараттық орталығының республикалық call-орталығы 8 800 080 88 87 (Қазақстан бойынша стационарлық телефондардан қоңырау шалу тегін)

Пайдалы мол ақпарат табуға болатын веб-сайт -www.druginfo.kz.

Қала дәріханаларынан тегін таратылатын «Дәрі-дәрмек бюллетенін» сұраңыздар.

22 ақпан 2012, 21:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.