Атырау, 27 қараша 20:49
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Сот арқылы ортақ есептегіштен бас тартты

2 841 просмотра


Қазір облыстық сотта қызықты іс қаралуда. Авангард 4 ықшамауданындағы №12 үйдің тұрғындары өздерінің келісімінсіз тұтынылған суды есептейтін ортақ аспапты орнатқаны үшін «Атырау Су Арнасы» КМК-іне қатысты сотқа талап-арыз берді. Нәтижесінде су үшін төлейтін төлемақы едәуір көбейіп кеткен. 

№№12 және 13 үй тұрғындарының айтуынша, олардың жертөлелеріне есептегіштер 2015 жылы орнатылған. Содан кейін оларға едәуір өскен мөлшердегі есепшоттар келе бастаған. Тұрғындар шу шығарғандықтан, кәсіпорын түбіртекке есептегіш бағанын қосуды тоқтатқан. Алайда, 2016 жылдың мамырында бұл баған шотқа қайта қосылған. 

- Шамасы, олар біздің бұл тақырыпты кері көтеруге шамасы жетпейтін шығар, бір рет шу көтерді, енді көтермейтін болар, мойынсұнады деп ойласа керек. Өйткені, бізде адамдар көңілдерінен шықпайтын көп нәрсеге мойынсұна қарап, түк шықпайды деп ойлап, монополистермен байланысқысы келмейді ғой. Алайда, үйімізде тұрып жатқан тұрғындардың көпшілігі мен сияқты, қарапайым зейнеткерлер, бәріміз соңына дейін баруды ұйғардық, - дейді №12 үй тұрғыны Гүлнар ИСМАҒАМБЕТОВА. - «АСА» мамандары өздерінің су есептеу әдістемесіне сілтеп, мұндай есептеу аспаптарының Авангардтағы бүкіл үйге орнатылғанын растайды. Іс жүзінде олай емес, есептегіштер ішінара орнатылған. Жұмысты бастар алдында тұрғындарға хабардар етпеді, бізбен келісімшарт жасамады. Егер біз ешқандай келісім жасамасақ, компания бізге қандай негізде қызмет көрсетіп жатыр? Біз өзіміздің «ММ-19» ПИК-інің төрағасы Жанна СИСЕНҒАЛИЕВАДАН неліктен оның жертөлелерге есептегіштер орнатуға рұқсат бергенін сұрадық. Ол мұны «АСА» басшысы Андрей ТАШЛЫКОВТЫҢ қолқалаған өтінішінен кейін рұқсат еткенін мойындады.

Жазбаша және ауызша шағымдармен бүкіл сатылардан өтіп, бірақ, нәтижеге қол жеткізе алмаған соң 26 желтоқсанда тұрғындар АСА мен қалалық ТКШ бөлімін сотқа берген. Олар «АСА» КМК-ін жертөледегі ортақ есептегіштерді бұзып алып тастауға, 2016 жылдың сәуірі мен желтоқсаны аралығында қайта есептеу жүргізуге міндеттеуді, сонымен қатар, тұтынушылар құқығына нұқсан келтіргендіктен коммуналдық қызметкерлердің әрекеттерін заңсыз деп тануды талап етті. 
Сот отырысы барысында пәтерлердегі кейбір қожайындардың жеке есептегіш орнатпағаны анықталды. Сотта куәгер ретінде сөйлеген «ММ-19» ПИК-інің төрағасы Ж.Сисенғалиева жалпы жиналыста есептегіш орнату туралы мәселенің талқыланбағанын растады. Сонымен қатар, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 42-1-бабының 1, 2-тармақтарына сәйкес, пәтердің меншік иелерінің жиналысында кондоминиум нысанын басқару және нысанды ұстауға байланысты мәселелер бойынша шешімдер қаралып, қабылданады. Жиналыста тұрғын үйді өзгертуге (кеңейтуге, жаңғыртуға, техникалық қайта жарақтандыруға, реконструкциялауға, қалпына келтіруге, күрделі жөндеуге) қатысты мәселелер міндетті түрде қарауды және мақұлдауды талап етеді.

Соттың пікірінше, заңның осы нормасында жазылғандай, бұл әрекет кондоминиум нысанын техникалық қайта жарақтандыруға байланысты болғандықтан ортақ су есептегішті орнату үшін пәтердің меншік иелерінің міндетті келісімі мен мақұлдауы қажет. Жабдықты орнату және оған сервистік қызмет көрсету тегін жүргізілгендіктен ортақ су есептегіш аспапты орнату үшін тұрғындардың келісімі қажет емес деген жауапкердің дәлелін сот негізсіз деп тапты. 

«АСА» КМК өкілдері үнемі сілтеме жасайтын әдістемеге келер болсақ, осы құжаттың 3-бабының 16-тармағына сәйкес, тұтынушыларға - кондоминиум қатысушыларына сумен жабдықтау қызметінің көрсетілген көлемі мынадай тәртіпте анықталады:

1) жеке және үйге ортақ есептеу құралы болмағанда - су тұтынуды пайдалану нормалары бойынша;

2) жеке есептеу құралы ішінара орналастырылғанда және үйге ортақ есептеу құралы болмағанда — жеке есептеу құралының көрсеткіштері және су тұтынуды пайдалану нормалары бойынша;

3) жеке есептеу құралы ішінара орналастырылғанда және үйге ортақ есептеу құралы болғанда: есептеу құралы болғанда - жеке есептеу құралы бойынша; есептеу құралы болмағанда - су тұтынуды пайдалану нормалары бойынша. Үйге ортақ есептеу құралының көрсеткіштері мен жеке есептеу құралының жиынтық көрсеткіштері және су тұтынуды пайдалану нормалары бойынша есептелген көлемдер арасындағы айырмашылықты кондоминиум қатысушылары тұтынған су көлеміне тепе-тең мөлшерде төлейді;

4) 100% жеке есептеу құралы және үйге ортақ есептеу құралы болмағанда - жеке есептеу құралының көрсеткіштері бойынша;

5) 100% жеке есептеу құралы және үйге ортақ есептеу құралы болғанда-жеке есептеу құралының көрсеткіштері бойынша. Үйге ортақ есептеу құралының көрсеткіштері мен жеке есептеу құралының сомалық көрсеткіштері арасындағы айырмашылықты пәтер иелері тұтынған су көлеміне тепе-тең мөлшерде төлейді;

Соттың пікірінше, бұл әдістемеге сәйкес, көппәтерлі тұрғын үйде есептеудің осы түрін қолдану үшін пәтерлерде жеке аспаптар 100% орнатылуы керек. Бұдан басқа, жеке есептеу құралы ішінара орнатылған жағдайда және ортақ есептеу құралы болған жағдайда жеке есептеу құралының көрсеткіштері бойынша есептелетіні әдістемеде айқын көрсетілген. 
Нәтижесінде сот «АСА» КМК пен «Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-нің ортақ су есептеу құралы бойынша қосымша есепшот ұсыну әрекеттерін заңсыз деп тану туралы шешім шығарды. Ол «АСА»-ны 2016 жылдың мамыры мен желтоқсаны аралығында ортақ есептеу құралы бойынша тұтынылған су үшін талап-арыз берушілерге қайта есептеу жүргізуге міндеттеді. 
«АСА» КМК бұл шешімге қатысты апелляциялық шағым берді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА


16 наурыз 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.