Атырау қаржы полициясы сыбайлас жемқорлық қылмысының көбейіп кеткенін алға тартты.
16 ақпанда облыстық экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес департаменті (қаржы полициясы) брифинг өткізді.
Дәстүрлерге адалдық
ЭСҚКД бастығының орынбасары Мұрат ЕРМЕКҚАЛИЕВ (суретте) сөзді бір сот үкімі шығарылған істен бастады. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Мұнай-газ өнеркәсібінің, мұнай және газ геологиясының техникалық қауіпсіздігі жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығының» директоры Б. Өмірәлиев 2010-2011 жылдары «Вест Бизнес Спектр» ЖШС-нің жеке тұлғалармен еңбек келісім-шартын жасай отырып, орындалмаған жұмыстарды қабылдап, қызмет көрсеткені үшін-мыс ақшаларды заңсыз жолмен қолма-қол ақшаға айналдырған. Осылайша мемлекетке жалпы сомасы 5,9 млн теңге зиян келтірілген. Айтпақшы, орталықтың бұрынғы директорлары К. Қапахов пен М. Бажиков бұрынғы жылдары да осы сызба бойынша 15 млн теңгеден астам ақшаны ысырап қылған.
2012 жылдың 30 қаңтарында зиянның басым бөлігін (4,3 млн теңгені) өтеген Өмірәлиев шартты түрде 3 жылға сотталды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Айыпталушының қорғаушысы шешімге қатысты жоғары сатыдағы сотқа шағымданбақ. К. Қапахов пен М. Бажиковқа қатысты қылмыстық істің аяқталуы жақын.
Директорлар, бас мамандар, бөлім басшылары...
2011 жылы департамент жүйелік сипаттағы 55 жемқорлық қылмысын анықтады. 44 қылмыстық іс сотқа жолданды. Бүгінде 12 іс бойынша сот үкімі шығарылды. Атап айтқанда, Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы облыстық филиалының директоры К. Хайруллина шартты түрде 2,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын алды. Оны орталықтың Жылыой аудандық бөлім-шесіне пластик қоршаулар орнатып жатқан ЖШС директорынан 60 мың теңге пара алу кезінде ұстаған.
Ал барлығы өткен жылы пара алудың 13 фактісі анықталды. Пара алғаны үшін, атап айтқанда, Жайық-Каспий облысаралық бассейндік инспекцияның бас маманы М. Мұханбеталиев, облыстық ТЖД бөлімінің бастығы Б. Имандосов, облыстық техникалық реттеу және метрология департаментінің жетекші маманы Д. Ділдабаев, Атырау және Маңғыстау облыстары бойынша «Каспий» аймақаралық көлік бақылау инспекциясының бас маманы К. Мақашев, облыстық сот актілерін орындау жөніндегі департаменттің алименттер өндіру бөлімінің бастығы Б. Мұрсалимова жазаланды.
Пара алушының да түрі бар
Сөйтсек, пара алушылардың «адалы» да, «алақолы» да болады екен.
Алақол түрі – ақша алып, берген уәдесін орындамау. Олар үшін қосымша жаза ойлап тапты. М. Ермекқалиев хабарлағандай, 2010 жылы ҚР Қылмыстық кодексінің 177-бабы (алаяқтық) «лауазымды тұлғаның өзінің қызмет бабын пайдаланып жасаған алаяқтығы» деген айыппен толықтырылды. М. Ермекқалиевтің айтуынша, жақында сотқа Атырау облыстық ІІД ЖПБ техникалық жол инспекциясы бөлімінің аға инспекторы Н. Қалхашевқа қатысты қылмыстық іс жолданды. Ол көлік құралын қайта тіркеу процесін жылдамдатуға уәде беріп, бір азаматтан 146 мың теңге алған деп айыпталуда.
Жаңа жылдағы жаңа істер
2012 жылдың басынан бері жүйелік сипаттағы 16 жемқорлық қылмысы анықталды. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бас мамандары У. Кариев пен Н. Бовчунға қатысты қылмыстық істер қозғалды. Оларды біліктілік талаптарына сәйкес-тікті тексеру қорытынды-актісін беру үшін кәсіпкерлерден жалпы сомасы 5 400 АҚШ доллары мөлшерінде әлденеше рет пара алған деп айыптауда. 22 қаңтарда У. Қариев тұтқындалды, ал Н. Бовчуннан басқа жаққа кетпеу туралы қолхат алынған.
Зульфия ИСКАЛИЕВА