Атырау, 8 қазан 20:01
 бұлттыВ Атырау +14
$ 484.37
€ 531.06
₽ 5.05

Самаралықтарға сеніп, қамсыз қалмайық

6 008 просмотра

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте өткізілген кеңес алдағы көктемгі су тасқынына арналды.

«Қазгидромет» РМК филиалы директорының орынбасары Татьяна АКАТЬЕВАөзен тоғандарындағы су қорлары туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, 25-29 қаңтар аралығында Атырауда екі айлық жауын-шашын мөлшері жауған. Индер және Махамбет аудандарында норма бір жарым есеге асып кеткен. Солтүстік-шығыс және шығыс бағытынан соққан күшті желдің салдарынан қар жамылғысы тегіс түспеген. Даладағы қардың орташа биіктігі қазір 43 см құрайды.

- Бұл ерекше құбылыс емес, - деп есептейді Т.Акатьева.– Осыған ұқсас жағдай 2006 жылы қаңтар айында 37 градус аяз соғып, қалың қар жауған кезде орын алды. Қазір бәрі де өзен бастауының қармен толуына байланысты болып отыр. Самара қаласының гидрометеорология қызметінің алдын ала жасаған болжамы бойынша, су тасқыны нормадан аз болады. Наурыздың басында Жайық өзені бойынша нақты болжам жасалады. Облыстағы ұсақ өзендер бойынша жасалған болжамдар бар. Жылыой ауданындағы Ембі өзені бойынша 325 см нормада тасқын кезіндегі су деңгейі 250-350 см болады. Қызылқоға ауданы арқылы ағатын Ойыл өзенінде де норма шамасында болады деп күтілуде. Топырақтың қату тереңдігі қазір 107 см құрап отыр. Таяу уақыттарда жылыну байқалмайды. Өзен бастауларындағы қар біртіндеп  еритін болады және мол су бірден келмейді. 

Бұл сөзбен Жайық-Каспий бассейндік су шаруашылығы инспекциясының бастығы Бисен ҚУАНОВ келіспеді:

- 1993 жылы облысымызға орасан зиян келтірген мол су тасқыны болған кезде де, ресейліктер бастапқыда бізді мол судың күрт көтерілуі болмайды деп тыныштандырған еді. Содан кейін оларды су баса бастаған кезде, жиналған суды Жайық сағасына бұрып жіберді. Биыл менің есептеуім бойынша 9 млн текше норманың орнына 11-12 млн текше тасқын су келетін болады. Дайындалуымыз керек.

Сол кезде есте қалған тасқын кезінде тасқын суы өту үшін Атырау-Құлсары жолын бұзып, дәліз жасауды өтіндік. Алайда төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық штаб оның республикалық маңыздағы жол екендігін желеу етіп, тыйым салды. Нәтижесінде су Құлсары қаласына кіріп, тұрғын үй кварталдарын басып кетті. Сол 93-жылы осындай жағдай Қызылқоға ауданындағы Миялы поселкесінде де орын алды. Ол жерде өзен арқылы салынған көпір болды. Оның аласалығы сондай, еріген қар суын жібермей, бөгет рөлін атқарып тұратын. Оны да бұзуға төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық штабтың рұқсат бермеуі көп зиян шектірді. Осынау қауіпті көпір әлі күнге дейін тұр және шұғыл арада қайта қалпына келтіруді қажет етеді.    

Б. Қуанов мол су тасқыны болған жағдайда су тасқынының жүруіне кедергілерді жою туралы шешім уақытында қабылдануы үшін ТЖД кеңесінің хаттамасына өз пікірін енгізуді өтінді.

Облыстық жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен жойқын апаттардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасының бастығы Нұртас МҰХТАРОВ та өз ескертпесін енгізді:

- Бәрі де 1971 және 1993 жылдары үлкен су тасқынының зардабын ұмытып кеткен. Атап айтқанда, сол кезде суға кеткен жерлер қазір жеке тұрғын үй құрылысына үлестіріліп жатыр. Мол су тасқыны бола қалған жағдайда, жаңадан үйлер салынып жатқан бұл учаскелер су астында қалуы мүмкін.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

22 ақпан 2012, 20:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.