Атырау, 24 қараша 01:30
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атыраудағы нәпақамен Ходжеліде той жасамақ

3 051 просмотра

Қаламыздағы гастарбайтерлер өмірінің ауыртпалықтары мен қуаныштары

Аптап ыстықта, шыңылтыр аязда, машиналардың түтініне тұншыққан күйі  олар өздерінің үстеріндегі қышқылдан қорғайтын жилеттерімен  қала келбетімен тұтасып кеткендей. Суретші-урбанистің әлі кебе қоймаған кенептегі суретіне кенет соққан желдің әсерінен қона қалған жылтырауық  қоңыздарша, гастарбайтерлер де қаламыздың ажырамас бір бөлігіне айналған. Күрек, сыпырғышпен қырады, жинайды, тазалайды, жуады – және ойға шомады, армандайды да. 

 

Жертөледегі корпоратив

Менің қала көшелерінде еңбек етіп  жүрген гастарбайтерлердің бірімен таныстыруды сұраған өтінішім Арнаулыавтобаза бастығын аз да болса таңдандырып тастады. 

– Олардың қатал өмірі кімдерді қызықтырады дейсіз? Одан да белгілі бір ақындар туралы жазғаныңыз дұрыс емес пе, - деп күңк етті. – Жарайды, жарайды... Сәтбаев, 32 үйге барыңыз. Керек адамыңызға ескертіп қоямын.

«Керек адам» деген жұмыс басты бригадир болып шықты. Ол аса қиналмастан жиылып тұрған топ ішінен қолына күрек ұстаған кішкене әйелді алып шығып, менімен таныстырды да, өзі кетіп қалды. Роза екеуміз бірден тіл кедергісіне ұрындық, менің аздаған қазақша сөздерім әріге бара қоймады, Розаның да орыс тіліне бай емес екендігі белгілі болды. Сөйтіп, қол қимылы мен екі тілдің сөздерін араластыра отырып, бір-бірімізбен сөйлесе бастадық. Бұл кедергі біздің таныстығымызға кесел бола қойған жоқ. Оның жел қаққан жүзінен достықтың нышаны байқалып тұрды. Аяз бен жел күшейе түсті. Розаның мыңқ етер түрі жоқ, мен болсам суықтан қалтырай бастадым.

– О!– деді менің күйімді көрген ол, иығын қиқаң еткізіп, маған «жүр!»,- деп жол бастай берді.

Айналаға көз тастап, фототілші екеумізді қайда алып бара жатқандығын түсіне қоймадым. Жақын маңдағы ықтындау жерге ме? Әлде, анау тұрған КамАЗ-ға ма?

Ол менің шынтағымнан өзімсініп ұстады да, - Жертөлеге,-деп сыбыр етті. 

 

Той үшін тер төкпек

Толқын мөлтек ауданындағы үйдің цокольді қабатында, дүкен астында мен кішкене есікті байқадым. Есіктің артында қараңғы, жылы үй-жай болып шықты. «Мына жерде тұрбалар» деген дауыс шықты оң жақтан. Көзіміз көмескіге үйреніп те кетті. Роза біресе секіріп, біресе еңкейіп, жертөленің түбіне қарай жылжи берді. Біз оның артынан ілесе бердік.

Шағын ғана бөлменің іші жып-жинақы: үстелді айнала қолдан жасалған диван қойылған, үлкен айна және жылдың кез-келген уақытындағы мерекелік салтанатқа бара беретін мерекелік декорация. Бұл жерге таяу маңда жұмыс жасайтын адамдардың барлығы бірдей жылынуға келе береді екен.

Роза бізге электр плиткаға шай қоюға кірісті. Қала бойынша мұндай жертөлелер саны бесеу. Олардың әрқайсысында үстелдер мен отыратын орындар, саптыаяқтар, ыстық су және шәй бар. Бұл жерге келіп, бойын жылытқандардың мін-детті ережесі бар – арттарынан ыдыстарын жуып, кейінгі келетіндер үшін шайнекті суға толтырып кету. Ондағы тазалықты бригадир бақылауға алады.

Кейін бұл жерде Роза жұмыс жасайтын бригаданың жаңа жылдық корпоративті өткізген-дігі белгілі болды. Олардың бұл жерге қалай сыйғаны түсініксіз, алайда, ол әйелдің езу тартып маған айтуға тырысқанына қарағанда сол күні олардың кештерінің көңілді өткені түсінікті болды.

Бірақ ондай кештер сирек болады. Тұрмыста және тіршілік ету жағынан келгенде атыраулық гастарбайтер қаталдау. Қатал болмаса болмайды: барлығын үнемдеуге тура келеді. Киім, аяқ киім және басқа да қажетті деген заттарды ол өздерінің туған қаласы – Қарақалпақстандағы Ходжеліден сатып алуға тырысады. Олар онда екі-үш айда барып келіп жатады. Күріш, макарон және басқа да тағам түрлерін Роза қапшықтап, Атырауға қайтар кезде алып қояды.

Ходжелідегі Розаның  үйі үлкен, шаруашылығы бар. Үйге күйеуі Мұрат және 19 жастағы кенже баласы Айдос қарайды. Ортаншы баласы Алматыда  жұмысшы болып ақша табады. Ал, үлкені Мұрат әйелі Мүнирамен бірге біздегі Арнаулыавтобазада жұмыс жасайды.

Шынымды айтсам, бұл отбасы мүшелерінің атқаратын рөлдері мені таңдандырды: әйелі далада жұмыс істеп жатқанда, күйеуі үйінде  отыр. Бұған Роза аса елең ете қойған жоқ, үйдегі басшы күйеуім: ол қалай айтады, солай болады.

Міне, аяқ астынан Айдосы үйленбекші.  Қарақалпақстандағы, әдеттегідей тойды жасау үшін кем дегенде 300 мың теңге керек. Роза соған бола күрсініп қояды: қызға қарағанда, ер баланың проблемасы көп болады, бірақ, не істейсің... Дәстүр бойынша той дастарханының шығынын күйеу жігіт, бұл жағдайда  күйеу жігіттің анасы көтермек. Бұл шығынға қалыңдықтың қалыңмалы мен оның туған-туысқандарына берілетін кит кигізу жоралғысы кірмейді. Қысқасы, оның бәрін жасау үшін Розаға біраз тер төгіп, еңбектенуге тура келеді...

Розаға Атырауда өзінің аз-мұз 38 мың теңгесіне қалай өмір сүріп жатқаны, жалақы, күйеуін асырау, оның үстіне ақшаны қалай жинайтындығы мен үшін құпия болып қалды.

 

Үйшік заңы бойынша

Біз ақыры Розаның басшылығымен біздің келуіміз оның жалақысына әсер етпейтіндей етіп, алдын-ала келісіп алып, оған қонаққа баруға сұрандық.

Қалалық саябақ ауданында Роза бала-келінімен және өзінің үш әріптесімен бірге шағын ғана, үй деп атауға болмас, екі бөлмеден тұратын сарайды 25 мың теңгеге жалдап отыр. Олар өздерінің қарапайым ғана үйлерінің ақысын ортақтасып төлейді. Мұндағы үй жиһаздарының жертөледегіден айырмашылығы шамалы. Тек сәл ғана кеңдеу болар. Ас үй, жатын бөлме және зал бір бөлмені ғана алып тұр. Қабырғадан шығып тұрған жасанды гүл шоқтары бұл жерде әйелдерден басқа, ерлердің де тұратындығын сол бөлмедегі батарейкаға жайылып қойылған шұлықтардан байқауға болады. Кастрюл, тарелкалар мен қасықтар – таза әрі мұқият күйде газ плитасының бұрышына жиналған. Раквинасыз жалғыз қалған шүмек ауыр тұрмыс жағдайының соңғы бір көрінісі іспетті. Иә, барлық ыңғайлылық көшеде. 

Бүгін түскі асқа – картошкасы жоқ, тауық етінен пісірілген  асбұршақ сорпасы. Роза тауық етін сирек сатып алатындығын мойындап отыр: олар қымбат. Оның есесіне туған күндерін мол дастарханда - бесбармақ, мәнті пісіріп атап өтеді.

Үстел астынан қантқа малынып қалған мармелад пен үлкендеу ыдысқа салынған қарайып кеткен банандар әкелінді.

- Дәрумендер,- деп түсіндіріп қояды  менің көзқарасымды аң-дып отырған Роза.

Екінші бөлмеде тюль жапқыш жабылған бұрышта жас жұбайлар: Розаның баласы Мұрат  және оның келіншегі Мүнира тұрады. Біз келген сәтте олар үйде болмады. Ал, «демалыс» күндері  Бахадыр мен Нұрлан біздің бөлмеге деген қызығушылығымызды байқап, мырс-мырс күлген, алайда, Розаның қатқыл қабағынан кейін олар бірден тыныштала қойды.

Айтпақшы, жұмыстан кейін осынау қарындары ашқан тұрғындарға тамақты дайындау Мүнираның мойынында екен. Сенбі күндері міндетті түрде монша қабылдау. Олардың бірі әзірге шылапшынға суға түсіп жатқанда, екінші біреулеріне аязда билей тұруға тура келеді. Кір жуу қажеттіліктеріне қарай, әркім өзі үшін.

12 сағаттық жұмыс күні бос уақытты өткізуге күш-жігер қалдыра қоймайды. Әдеттегідей, кешкі астан соң барлығы да ұйқыға жатады. Екі бөлменің төсек жиынтығын көрпе ғана атқарады. Әр кеш сайын оны бөлменің ортасына еденге жаяды. Ал, егер, кейде қаласа жігіттер жағы карталарын ойнайды. Темекі шегіп, ішімдік ішумен ешкім де айналыспайды. 

Салауатты өмір салтын сақтау үшін ғана емес, - дейді жігіттер,  - оған және көп ақша да кетіп қалады ғой.

 

Фирма құпиясы

Осынау сақылдаған сары аязда олар қалай жылынады? Суыққа төзу құпиясы қарапайым ғана – үнемі қозғалыста болу және жылы киіну. Роза маған өзінің қалың гамаж, оның ішінен жылы колготки, оның ішінен тағы да трико және екі гамаж киіп алғандығын айтып сыбыр етті. Және тағы да үш свитер, маусымдық күртеше, басына орамал байлаған. Ал, жартылай бетті жауып алатын шарф – тек Арнаулы автобаза қызметкерлерінің айнымас аксессуарлары емес, биылғы қыстағы көпшілік адамдардың аяздан қорғаушысы болды.

Етік киместен бұрын Роза су өтпес үшін аяғын целлофан пакетпен орап алады. Ал, егер қалай болғанда да біреу-міреу сырқаттанып қалса, жатарға екі таблетка парацетамол ішіп алады. Сырқаты күшейген болса, бес күн пенициллин алады.

Қоштасар сәтте Роза:

– Саған айтарым: ауру-сырқау, проблеманың керегі жоқ, -дей келіп, менің маңдайыма сұқ саусағын жай ғана сілтеп: – мұның бәрі осы жерден басталады,- деп қосып қойды.

Анастасия ПАСТУХОВА

Суретті түсірген Владимир ИСТОМИН

22 ақпан 2012, 21:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.