Табиғат қорғау заңнамасының қолданыстағы нормасын қате қолдану қоршаған ортаға ғана емес, табиғат пайдаланушылардың, осы салаға қатысты жүздеген, тіпті, мыңдаған ел азаматтарының мүдделеріне нұқсан келтіреді.
2015 жылы 8-11 қыркүйекте Жайық өзенінде «Малая Дамба» және «Еркінқала» балық шаруашылығы тоғандары мен учаскелерін бекіту жөнінде конкурс өткізу кезінде біздің «Абылай Хан» ЖШС де осындай жағдаймен бетпе бет келді. Бұл конкурс нәтижесінде жеңімпаздар 10 жылға кәсіпшілік балық аулау құқығын алды.
Сол кезде осы конкурсты ұйымдастыру және өткізу тәртібін белгілейтін үкіметтік деңгейдегі конкурс өткізу ережесі және ҚР ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен бекітілген ереже қолданыста болды. Даудың басы былай басталды: конкурс өткізілер алдында 04.09.2015 жылы оны өткізу ережелері туралы №745 ҚР Үкіметінің қаулысы шықты. Бірақ ол ресми жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң, яғни, 2015 жылдың 29 қыркүйегінен бастап қолданысқа енгізіледі деп көрсетілген. Осылайша, Жайық өзенінде балық шаруашылығы учаскелерін бөлу жөніндегі конкурсты өткізу кезінде 04.02.2005 жылғы алдыңғы қаулының ережесі қолданыста болды. Бұл өте маңызды жайт, өйткені сол кезде қолданыста болған нормаларға сәйкес, қатысушылар тарапынан қате ақпаратты ұсыну, сонымен қатар, балық шаруашылығын дамыту жоспарына сәйкес міндеттемелерді орындамау немесе жартылай орындау балық шаруашылығын жүргізу келісімшартын бұзу үшін де және балық шаруашылығы тоғандары мен учаскелерін пайдаланушыларға бекіту туралы шешімді жою үшін де негіз болып табылады.
Әрине, комиссияның әділетсіз шешіміне наразы болған біз Атырау облыстық Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне Ауыл шаруашылығы министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің лауазымды тұлғаларына қатысты лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану, сонымен қатар қабылданған шешімнің негізсіз болу фактісі бойынша тексеру тағайындау туралы шағымдандық.
Тексеру жүргізу Атырау облыстық қаржылық бақылау инспекциясының мамандарына жүктелді. Олар қатысушылардың конкурстық құжаттарын, конкурс жеңімпаздарының құжаттарын талап етіп, өз қорытындыларында оны жүргізу ережесінің бұзылу фактісі орын алғанын растады.
Осылайша, жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша және одан кейінгі сот процестерінің барысында 2014-2015 жылдардағы «Малая Дамба» және «Еркінқала» учаскелері бойынша конкурстың жеңімпаз қатысушысының өсіріп-өндіру шараларына қаржы салу туралы міндеттемелерді орындамағаны анықталды.
Егер алдыңғы жыл ішінде қаржылық міндеттемелердің орындалмауы 52,3 пайызды құраса, 2015 жыл ішінде олар мүлдем орындалмады. Тек осы факт конкурстық комиссия үшін балық аулау құқығынан бас тартуға негіз болды, бірақ, өкінішке орай, бұл орындалмады. Бір қызығы, «Абылай Хан» ЖШС-де балық өнімін экспорттау үшін KZE есептік нөмірінің болғанына қарамастан, бұл мәліметтердің конкурсқа қатысушылар арасында рейтингілік балл қою кезінде ескерілмегені сотта белгілі болды.
Комиссия сонымен қатар, қатысушылардың қуаттылығын дұрыс есептемеді және мәлім етілген қуаттылықтарды бағалау кезінде кемелердің, ау құралдары мен керме аулардың санын екіге бөлу қажет болғанын назарға алмады, өйткені екі балық аулау учаскесі белгіленген еді.
Осылайша, біздің шағымымыз бойынша жүргізілген тексеру жұмыстары жеңімпаздың конкурсқа қатысушыларға қойылған біліктілік талаптарына сай келмегенін растады. Өйткені, оның балық қорларын қалпына келтіруде өсіп-өндіру шаралары бойынша қаржылық бережағы болған және мемлекеттік органдар оған еш негізсіз конкурсқа қатысуға рұқсат берген.
Кейінгі сот отырыстары барысында біздің шағымда баяндалған бүкіл фактілер құжаттармен расталды. Бүгінгі күні 2016 жылдың 17 мамырдағы Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын конкурс жеңімпазымен жасалған балық шаруашылығын жүргізу келісімшартын бұзуға міндеттеу туралы заңды күшіне енген шешімі бар.
Сот «Абылай хан» ЖШС-нің талап арызын «Еркінқала» балық шаруашылығы учаскесіне ғана қатысты ішінара қанағаттандырды. Өйткені біз тек осы балық аулау учаскесіне ғана үміткер болған едік.
Таң қаларлығы, қазіргі кезде балық аулау учаскелерін бөлу конкурсын өткізу кезінде айтарлықтай заң бұзушылықтарға жол берген мемлкеттік орган сот шешімін орындамағанымен қоймай, жосықсыз қатысушымен бірге заңдағы іркілістерді пайдаланып, сот шешімін орындауды мейлінше созып келеді. Бұл іс, қарсы тараптың пікірінше, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің тексеру жүргізуге құқығы жоқ... дегенге дейін барды. Алайда біздің оппоненттерімізге сарапшы мен маманның қорытындысы сотта қаралатынын істің мәні еместігін білгені жөн. Осы мемлекеттік органның сыбайлас жемқорлық қылмыстары мен құқықбұзушылықтардың алдын алу, анықтау, құрықтау, ашу және тергеу жүргізу бойынша орындаушы және рұқсат беруші функцияға ие екенін еске салған жөн. Әрине, қажет болған жағдайда департамент өкілетті органдар мен лауазымды тұлғалардан тексеру жүргізуді, салықтық және басқа да тексерістерді, аудит және бағалау жүргізуді талап етуге құқылы және міндетті.
Мен осы жарияланымда балық өсіретін субъектілердің қызметін реттейтін және қорларды бөлетін мемлекеттік органдардың жауапкершілігін тағы да еске салып, балық аулау құқығын анықтауда және бөлуде бүкіл ұсынылған өтінімдерді объективті және бейтарап ескеріп, кейбір қатысушыларға қатысты заңсыз қолдау көрсетпеу керектігі туралы атап өткім келеді.
Олай болмаған жағдайда, бұл «Абылай Хан» ЖШС-нің басында болған жағдай секілді, конкурс өткізу ережелеріне сай келмейтін жосықсыз қатысушылармен келісімшарт жасауға ғана емес, ұзақ сот отырыстарына да апарады. Әрине, заңсыз шешімдер мен сот органдарының шешімдерін орындаудан жалтару әрекеттері тек заңды тұлғаларға ғана емес, бұрынғыша облысымыздағы негізгі салалардың бірі болып қалатын балық аулау саласындағы жүздеген балықшыларға да тікелей материалдық зиян келтіреді. Мен ақыр аяғында, белгілі бір шенеуніктер мен жосықсыз табиғат пайдаланушылардың қарсылығына қарамастан, әділ сот шешіміне қол жеткізетіндігімізге және оның мүлтіксіз орындалатындығына сенемін. Бұған біз бар күшімізді саламыз және қол жеткізген нәтижелер туралы жұртшылыққа қосымша хабарлаймыз. Өйткені ол Жайық-Каспий бассейнінің балық өнімдері үшін төлеуші және негізгі тұтынушы болып табылады.
Еркін Көшәлиев, «Абылай Хан» ЖШС директоры