Атырау, 5 қазан 12:17
 ашықВ Атырау +15
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Радио күні

3 159 просмотра

Осыдан бар болғаны жарты жыл бұрын атыраулықтар радиоқабылдағыштан FМ 103,6 толқынында алғаш рет  «Сәле-е-ем!!! Эфирде біздің сүйікті «Тандем!» радиосы» деген  сергек дауысты естіген еді.

Олардың редакция телефондарына қала тұрғындары соққан қоңыраулар толастамай, олар жолдаған махаббат лебіздері мен сәлемдері радиоэфир арқылы қаламыздың түкпір-түкпіріне таралатын еді. «Вареники», «Атомное утро», «Концерт по заявкам» деген және атыраулықтардың ең сүйікті де танымал «Будильник» айдарындағы хабарлардың жүргізушілерімен атыраулықтардың жартысынан көбі тілдескен десем қателеспеспін. Өткен жылдың мамырында жаңарту жұмыстарынан кейін радиостанса «Love radio - Тандем» деген басқа атауға ие болып, енді хабар алматылық эфирден таратылатын болды. Ал радиодиджейлер басқа жұмыстарға ауысты. Алайда сол кезді олар жылылықпен еске алады. Ол қалай болған еді? Радио құпиялары, тікелей эфирдің сыртындағы оқиғалар және өз табынушылары жөнінде жүргізушілер алғаш рет әңгімелеп берді.

Қорғаушы рөлінде Дамир УРАЗГОЛИЕВ

Мәртебесі: асаба

- Радиодағы жұмысым – менің ең жарқын естеліктерімнің бірі. Әр адамның өмірінде күйзеліс пен проблемалар түңілтіп жіберетін сәттер болады ғой. Алайда құлаққапты киіп, микрофонды қоссам болды, бүкіл проблемамның бәрі ұмытылып, күлмесханның өзін күлдіріп, көңілін көтеретін көңілді әрі сергек Дамирге айналамын.

Бір күні маған «Респект» бағдарламасына бір қыз қоңырау шалды. Ол сүйіктісінің басқа қызға үйленгелі жатқанын, енді әрі қарай өз өмірінің мәні жоқ екенін айтты. «Қашан, қалай екенін білмеймін, бірақ бұл өмірмен қош айтысамын», - деді ол торыққан үнмен.

Бұрын да бізге суицидтік бейімдегі адамдар қоңырау шалатын еді, бірақ олардың бәрі бір-біріне қатты ұқсайтын. Шынымен өздеріне қол жұмсаудан гөрі, өзіне назар аудартуға тырысып, өз ниеттерін білдіретін. Бірақ мына қыз мені қорқытып жіберді. Мен оның телефоны мен мекен-жайын жазып алдым. Бірнеше апта бойына екеуміз жай ғана сөйлесіп жүрдік. Қыз сұмдық халде болатын. Жаны жоқ жарға айтып жатқандай, мен оған шалғайдағы елдер туралы, өмірде болып жататын қызықты нәрселер туралы, бір кездері өз басымнан өткізген, көзіммен көрген нәрселер туралы әңгімелей бердім. Бірнеше күннен кейін мен де өзімді онымен бірге жындана бастағандай сезіндім. Бірақ, күндердің күнінде оның көзінен мөлтілдеген жас тамшысын көрдім. Сәлден соң ол көз жасын көлдете жөнелді. Ол бүкіл жан ауруын осылай шығарып тастаған еді. Кей кезде оны көшеде адамдардың арасынан көріп қаламын. Жанарларымыз түйісіп қалған кезде, ол маған ұрлана қарап, езу тартып өтіп кетеді.

Керемет шай ұйымдастырушы Жанар ӘЖІҒАЛИЕВА:

Мәртебесі: жас ана

- Тікелей эфирде Роза РЫМБАЕВАМЕН сұхбат дайындаған едім. Сол кезде бәрі дүрлігісіп қалды: жеміс-жидектер, тәттілер, шай, кофе, шырын, тіпті қымыз сатып алдық. Танымал әншінің көңілінен шыққымыз келді. Күлімсіреп кеп, орындық шетіне жайғасқан Роза үстел үстіндегі толы мәзірді көріп қысылып қалды да тек КӨК шай беруді өтінді. Әріптестерім абыр-сабыр боп жүгіріп, бөлмелерді аралап кетті. Біреулер тіпті бір-бірімен соқтығысып қалып жатты. Мен сұхбат алып отырған кезде, қалған жүргізушілер он жеті қабатты ғимараттың (оның бір бұрышында біздің редакциямыз орналасқан) бұрыш-бұрышына жүгіріп, көк шай іздеумен болды. Қас қылғандай бірде-бір адамда шай жоқ боп шықты. Дегенмен сүхбатымыздың соңына үлгерді: көшеде дүкендер бар еді. Сол күні әріптестерім түрлі маркадағы бөрітарақ, раушан, бергамот, жалбыз қосылған көк шайлардың неше шұрайын тауып алып келді. Содан кейін оларды ұзақ уақыт тауыса алмай жүрдік. Бірақ соның өзі қызық еді.

Сосын өзімнің көптеген табынушы тыңдармандарым есім-де. Олар не сыйламады десеңізші: гүлдер, әшекейлер, иіс сулар, жұмсақ ойыншықтар. Алайда ең есте қалғаны: біздің тұрақты тыңдарманымыз 10 келілік қарбызды сыйға тартқан еді. Өте дәмді боп шықты, әп дегеннен жеп қойдық. Содан кейін барып, ол қарбызды қарашаның ішінде қайдан тауып алды екен деп ұзақ ойланумен болдық.

Бізге президент келе жатыр... Әнуар ЖАМАНҚҰЛОВ

Мәртебесі: облыстық радиостансаның журналисі

- Өмірде есімнен кетпейтін бір қызықты жағдай болды. Сол күні шаруаларыммен шұғыл шығып кетуге тура келді де, жұмысқа сәл кешігіп келдім. Жаңалықтар легіне тура 10 минут қалыпты. Өте қызықты, тың нәрселер қажет болды. Сол кезде келесі күні Атырауда екі жаңа көлік көпірін тапсыру жоспарланғаны есіме түсе кетті. Оларды ашу үшін президент келеді екен деген қауесетті естігенмін. Күні бойына қаланы ретке келтіріп, бояп-сырлап, ақтап, сыпырып жатты. Көп ойланбастан, бүкіл қалаға біздің облысымызға президенттің келетіндігі туралы салтанатты түрде жариялап жібердім.

Келесі күні таңертең телефоныма жиырмадан астам қоңыраулар соғылыпты. Редакцияның табалдырығын аттаған сәтте, өз бастығымның түнерген жүзіне көзім түсті. Жарға тақап қойып: «Немене, Назарбаев келмеді ме?» деді солғын ғана. Мені осы жаңсақтығым үшін жұмыстан шығарып жібере жаздады. Тыңдармандарымның алдында кешірім сұрауға тура келді. Өмірімде мұндай ұят пен масқараға тап боп көрмеппін.

Ән саламын! Павел ШЕРИН

Мәртебесі: түнгі клубтағы диджей

- Радио жүргізушілердің барлығында микрофонды ажыратып қоюды ұмытып кететін әдет бар. Көбінесе бэкфонда өз проблемаларымызды талқылап жататын дауыстарымыз шығып жатады. Сол кезде мықтап тұрып жазамызды алатын едік. Бір күні мен ерекшелендім.

Сол күні музыкалық хабарды жүргізген едім. Әндер арасында өз комментарийлерімді айтып қоямын. Бір кезде микрофонды ажыратуды ұмытып кетіппін. Он минуттай уақыт тыңдармандарымды өзімнің вокалыммен азапқа салдым:  Энтон Джонның «Can you feel the love tonight» әнінің ырғағына салып, барымды салып ән айта бастадым. Бұл әннің «Король Лев» мультфильміндегі керемет саундтрек екенін білесіз ғой. Қатты беріліп кетіппін! Жарты жыл бойына әріптестерім соңымнан сықылықтап күліп, осы әнді ыңылдап айтып жүрді.

Қарасорға «қошемет» Юрий КУСТАНДИНЧЕВ

Мәртебесі: АМӨЗ-дегі жоспарлы-алдын-ала жөндеу механигі

- Біз Дамир екеуміз «Будильник» бағдарламасын жүргізіп жүргенде қызық жағдай болғаны есімде. Онда біз тыңдармандарымызбен әзіл ойын өткізетінбіз:  үш-төрт минут ішінде қоңырау шалушыдан әзілдегісі келетін адам туралы сұрастырып, сол мезет бәрі де шындыққа саятындай әрі күлкілі болатындай ойын сценарийін ойластыратын едік.

Бірде агроколледждің студенті хабарласып, өз анасымен әзілдегісі келетінін, бірақ қалай екенін білмейтінін айтты. Өзімізге қажетті нәрселерді біліп алғаннан кейін іске кірістік.

- Сәлеметсіз бе! – деп бастадық әңгімемізді, анасына қоңырау шалып. – Сіздің ұлыңыз «Үздік агроном» деп аталатын дүниежүзілік конкурста бірінші орын алды, біз сізге оның Голландиядағы еуропалық университетке оқуға қабылданғанын хабардар еткіміз келеді. Құттықтаймыз!

- Ой! Сондай қуаныштымын! – деді анасы күтпеген жаңалыққа қуанып. – Маратымның әлдебір конкурсқа қатысқанын білмеппін...

- Қалай? Ол сізге айтпаған ба? Қандай зиялы бала... Ол қарасораның ең үлкен бұтасын өсіріпті. Жапырақтары етті, ірі, дәндері тырнақтың үлкенді-гіндей... Кемеңгер екен балаңыз.

- Не? Ол не өсірген дедіңіз? Қарасора ма? Сіз - марихуананы... есірткіні дегіңіз кеп тұр ма? Менің ұлым?! Есіңізден адасқан шығарсыз! 

Сондай көңілді болды. Әсіресе анасына көңілі көтеріліп қалды.

Жазып алған Анастасия ПАСТУХОВА

16 ақпан 2012, 18:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.