Атырау, 9 қараша 01:49
 бұлттыВ Атырау +1
$ 491.71
€ 529.97
₽ 5.05

Мәңгі сені жазбаған сүрінуге...

6 695 просмотра

«Мен тағдыр туралы жиі ойлаймын... Оны біз үшін кім жазады? Бақытымыз өз қолымызда болса, оны қалай жасау керек?  Өмірде еш нәрсенің де жайдан жай бола салмайтынын білетінмін. Өз алдыма мақсат қойып, қалай да соған жетем деп бар күшімді саламын. Бірақ неге жолымның жабылып қала беретінін түсінбеймін... Әлде бұл әр адамның маңдайына жазылатын тағдыр ма екен? Ештеңеге қарамастан өмір сүру керек екенін анық білемін!» - деген пәлсапа айтады сұхбаттасушым Мәди ОМАРОВ.

Мәди ағамен бірнеше сағат сөйлесіп, тіпті уақыттың қалай өткенін де байқамай қалдым. Өзі сондай қызық адам екен! Өмірдің қиындығына қарамастан, ол өзінің өмірге деген шынайы құштарлығымен, болашаққа деген сенімімен таң қалдырды. Өзі қазір тұрып жатқан қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйіндегі көршілерін де, өз достары мен таныстарын да осы және басқа да қасиеттерімен баурап алған. Ол басқаша өмір сүре алмайды...

 

Балалық шақтың иісі

Мәди Омаров 1940 жылы Жәлелабад қаласына жақын маңдағы қырғыз елінің таулы асуларының баурайында ата-анасы жол жүріп бара жатқан кезде дүниеге келген. Дегенмен, олардың қайда кетіп бара жатқанын, кімдер болғанын және қандай себеппен тағдыр оларды айырғанын ақыры біле алмады. Белгісіз себептерге байланысты, сәби Бөбектер үйінен бір шығады. Оның бүкіл балалық шақтағы естеліктері өзі тәрбиеленіп, өмір дәмін татқан Алматы облысының Ұзынағаш ауылындағы балалар үйімен байланысты.

- Әрине, соғыстан кейінгі кезеңдегі балалар үйіндегі өмір керемет болды деп айта алмаймын. Бәрі де болды ғой... Кез-келген бала секілді тентек те болдық: бірде тауға қашып кетсек, бірде тағы бір нәрсені бүлдіретінбіз. Бізді сосын жазалайтын, мысалы, тұз қабатына тізерлеп отырғызып қоятын. Бірер сағат отырған соң, тұз тіземізді ашытып күйдіретін еді. Содан кейін тәрбиешілер медбикемен бірге тіземізді өздері емдеп: еркеліктен не істегендеріңді көрдіңдер ме, олай етуге болмайды деп айтатын еді, - деп еске алатын Мәди аға. – Ол кезде жағдай қиын еді. Киім-кешектерді бойымызға шақ қылып, сирек беретін. Бірақ баланың аты бала ғой, бәрі тез тозып қалатын еді. Ал мектепке үстіңе киім киіп бару керек қой. Басқа ауысымда оқитын және тәуір деген киімдері бар жолдастарымыз киімі жоқ балаларға киіп баруға беретін. Солай өмір сүрдік. 

Алайда, қалай десең де, балалық шақ өмірдегі ең керемет кезең болған екен. Білесіз бе, сізбен сөйлесіп отырып, балалық шақтың иісін сезгендей боп отырмын... Марикоревна деп аталатын тау гүлі бар. Сыртқы түрі сәлдегүлге ұқсайды, үлпілдеген  үлкен гүлдері бар. Бірақ иісі өзгеше, нәзік және тәтті хош иісті еді. Мен оны ештеңемен шатастырмаймын. Ересек болғаннан кейін, сүйікті қызыма әтір таңдағанда, марикоревнаның иісін еске түсіретін хош иісті іздейтінмін.

 

Жетімнен шеберге айналды

Мәдидің балалық шағы жетінші сыныптан кейін аяқталған. Әрі қарай – балалар үйінен «өмір» атты айдынға ұзақ әрі белгісіз саяхатқа шығады.

-  Лайықты өмір сүру үшін көп күш жұмсау керектігін білетін едім. Менімен бірге алпыс шақты бала да бітіріп, тек оның он екісі ғана өмірден өз орындарын тапты. Көпшілігінің өмірі тағдыр теперішіне түсті: біреулері арақ ішіп азып, енді біреулері анда-мында қаңғып жүрді. Мен өзіме мұндайды ешқашан тілеген жоқпын.

Маған бағыт беретін, ақыл айтатын әке-шешем болған жоқ. Ал өзім ненің не екенін, жаным нені қалайтынын түсіну үшін бәрін де байқап көргім келді. Алматының басына бардым. Ол жерде әріп терушінің шәкірті боп баспаханаға жұмысқа орналастым.   

1957 жылы Алматыда ұшқыштар курсы ұйымдастырылды. Мен оған екі рет түсуге әрекеттендім. Екеуінде де бүкіл емтихандарды жақсы тапсырып, барлық тапсырмаларды орындадым. Тіпті парашютпен де секірдім. Екеуінде де қалқанша безім үлкейіп кеткендіктен комиссия қабылдаудан бас тартты.      

1959 жылы Мәди әскер қатарына шақырылды. Ол әскери борышын Новосібірде өтеген. Ал 1962 жылы Кариб дағдарысы басталған кезде, КСРО Кубаға өз сарбаздарын жіберді. Олардың ішінде Мәди де бар еді. 

- Сегіз ай бойына сол жерде ұрысқа дайын боп отырдық. Ақыры соғысқа қатыса алмадық. Кубаға ефрейтор болып аттанып, прапорщик боп оралдым. 1963 жылы әскер қатарынан босап, Алматыға келдім, - деп еске алады ол.  

Үйіне оралған соң бозбала мақта-мата комбинатының асханасына аспаздың көмекшісі боп орналасады. Осы жұмысқа жан-тәнімен беріліп кетеді. Аспаздық өнерінің қыр-сырын меңгерген ол, сонымен қатар кеңес саудасы техникумында оқиды.

- Техникумнан кейін мейрамханада аспаз боп жұмысқа орналастым. Тіпті Мәскеуде өткен Қазақстан декадасының 250 қатысушыларының арасында болдым.Біздің әртістер концерттер беріп, отандық кинолар мен спектакльдер көрсетіп жатқанда, біз, аспаздар, мейрамханада меймандар үшін дәмді тағамдар дайындадық. Сценарий бойынша бірінші келушіні өзгеше қарсы алуға тиіс едік. Шапан дайындап, бәріміз толқыныс үстінде күтіп тұрдық. Бір сағат, екі сағат, бір күн өтті – ешкім жоқ. Тағы бір күн өтті – тағы ешкім жоқ. Сенбейтін шығарсыз, бір апта ішінде бізге ешкім бас сұқпады. Қазақ асүйінің тағамдарынан дәм татуға шақырамыз деп, «Вечерняя Москваға» хабарландыру беруді ұйғардық. Сол кезде бізге халық ағылып келді ғой. Мейрамхана ішінде ине шаншар жер болмады. Келушілердің көптігінен азық-түлігіміз тез таусылып қалды. Алматыға хабарлап, ол жақтан ұшақпен тағы да жеткізіп берді. Бірақ олар да тез түгесіліп қалды. Не істеу керек? Бізде алматылық апорт алмамыз болды, келушілерге соны бердік. Кейін беретін ештеңе қалмағанда, кәдесый ретінде алматылық керамика фабрикасының ыдыстарын тараттық.      

Сол декададан кейін Мәди «Ұлттық асүйдің аспаз шебері» деген атақ алған. Ол Ленинградта оқуын жалғастырып, сол жерде жұмыс істеуге қалған. Сөйтіп Нева бойындағы қалада бес жыл өмір сүріпті.

- Мен аяқ басқан жерлерімде ескерткіштерге, мұражайларға, театрларға көбірек баруға тырысатын жанмын. Бұл бүкіл ғұмыр бойына естелік боп қалады ғой. Питерді түгелдей шарладым. Содан кейін туристік пойыздың мейрамхана-вагонында бас аспаз боп жұмыс істеуге келістім.

 

Отбасынан айырылған күн

Мәди ағаның өмірінде көзіне жас ала еске алатын оқиғалары да аз емес. Рухының мықтылығына қарамастан ол сол өткен күндер туралы әңгіме қозғалса жүзін жас торлап, дауысы дірілдей бастайды...

 - Кейін жан-жарым болған сүйікті қызыммен танысқанымда менің жасым отызда болатын. Ол менің үйімнің қасынан жиі-жиі өтетін. Оны қатты ұнататынмын. Екеуміздің арамыда бірден жылы қарым-қатынас орнады. Оның әкесі өзінің жас қызының  мен секілді ересек ер адаммен кездесіп жүргенін естігенге дейін бәрі де жап-жақсы еді. Сол кезде не болғанын білсеңіз ғой: Ол маған жүгіріп келіп, үйімнің терезесінің әйнектерінің бәрін қиратты. Мені өлтіретінін  айтып, айқайлады. Ал біз сүйікті Адилям екеуіміз бұдан шығар жол іздедік, жағдайды қалай ретке келтіру керектігін ойластырдық. Сол кезде ол маған мынадай ой тастады: менің әкем аттарды қатты жақсы көреді, бұл оның ең осал жері» деген еді. Менің ақшам болды, сөйтіп мал базарынан ең әдемі деген жылқыны сатып алдым. Сатып алған атымды қыздың ауласында қалдырдым да өзім қашып кеттім. Ақыры болашақ қайын атамның жүрегі жылыды.

Артынша керемет той болды, Адилямның өзін бақытты сезінгенін мен қатты қаладым. Тойымыз күні Медеуге барып, сондағы биік баспалдақтармен сүйіктімді қолыма көтеріп жүрдім.Оны өмір бойы осылайша арқалап өтсем деп армандадым, алайда, тағдыр оған жол бермеді...

Бір кездері Мәди ағаға Маңғыстауда жұмыс жасауға ұсыныс түсті. Дамып жатқан мұнай кәсіпшіліктерінде мұнайшылар үшін асханалар ұйымдастыру керек болды.

- Мен сол жаққа жол тарттым. Үйде әйелім қыздарыммен, қайын атам қалды. Вахтам болса біткен жоқ, Алматыдан жеделхат келді: «Тезірек жет. Бір жамандық болды». Мені тікұшақпен Шевченко қаласының әуежайына әкелді, сол жерден Алматыға ұшақпен ұштым. Жетуге асыққаным соншалық уақыттың сонша баяу жылжытындығын сонда сезіндім, үйге дейінгі тоғыз сағат маған бір мәңгілікке айналғандай болды. Алайда, мен өзімді қандай қайғылы жайттың күтіп тұрғанын білмедім. Үйдің орнында тек күл ғана қалған... Қайын атам, қыздарым Анар мен Эльмира өрт кезінде қаза болған, ал, сол түні 80 пайыздай  өртке шалдыққан Адиля аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілгенмен, дәрігерлер аман алып қала алмапты. Мен үшін ең қымбат, ең жақын болған төрт адамды жерлеу үшін пәтерімді сатуға тура келді...

 

Өзін-өзі құтқарушы

- Атыраулық досым менің басыма түскен жағдайды білгеннен  соң өзіне шақырды. Мен «Ақ жайық» қонақ үйінің мейрамханасына жұмысқа орналастым. Уақыт жылжып өте берді. Кейін досым да о дүниелік болды. Оның анасын бағып-қақтым, кейін ол кісі де қайтыс болды. Олардың артында қалған ескі базар жақтағы  кішкентай үйді өз атағыма рәсімдеуге тырыстым. Тағы да тағдырдың ауыр сынағы кесе көлденең тұра қалды. Жұмыс бабымен бір ай уақытқа Аққыстауға кеткенім сол баспанам өртеніп кетіпті, онымен бірге менің заттарым,  құжаттарым да жанып кеткен.

Мәди аға өзінің отбасын жоғалтқан қайғының жүрегіне мәңгі жара салып кеткендігін жасырмайды. Осынау қайғыдан кейін ол ащы суға қатты үйір болды.

- Мен өзіме бауыр циррозын, ал, темекіден бронх демікпесін жасап алдым. Мен үшін о дүниенің ауылы алыс емес тұғын, -дейтін ол. – Бірде тылсым күштің әсері ме, күтпеген жағдай болды: тағдырым қанша қатал болғанына қарамастан маған өмір сыйлады. Осылайша өмір сүруге тура келді!

Мәди аға сол кезде өзінің барлық кесірлі деген қылықтарының бәрінен арылды, өзі үшін дене шынықтыру жаттығуларының кешенді бағдарламасын жасап, спортпен шұғылдана бастады. Ол дәрігерге қаралған жоқ, дәрі-дәрмек қабылдамады, өзін-өзі емдеп шықты!

Қайырымды адамдар оған құжаттарын рәсімдеуге, алдымен тұрғылықты мекен-жайы жоқ тұлғаларға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығына, ал кейін қарттар үйіне орналастыруға көмектесті. Бүгінде Мәди аға тағдыры аздырған адамға ұқсамайды, өзінің жетпіс екіге келген жасына қарамастан жас көрінеді. Интернаттың ауласына өзі үшін спорт бұрышын жасақтап алған, ол ауа-райының салқындығына қарамастан күн сайын жаттығулар үшін өзінің 40 минутын арнайды. 

-Қураған ағаштың бұтағын ескі матраспен орап, оны өзіме боксерлік груша (құрал) етіп алдым,- дейді бізге өзінің қолдан жасаған спорттық мүлкін көрсетіп.– Штанга мен гантельге ақшам болмады, бірақ мен одан шығар жол таптым. Міне арматура, ал, оның екі жағындағы салмақтары 40 келі болатын екі тас, кейде оған тағы да салмақ қосып қоямын. Ал, мынау силикат тастардан жасалған гантелдер. Бұларды қолданбайтын менің бірде-бір күнім жоқ.

Интернат үйінің тұрғындары күш-қуаты әлі де мықты Мәди ағадан көмек сұрап отырады.

- Көшеде жылы  болған кездері біздер интернатты айнала жүгіріп, түрлі гимнастикалар жасаймыз. Өмірдің мәні – қозғалыста!  Мен тағдырымның менің ізімнен  қалмастан  салған қасіретіне берілмей, жығылғаным жоқ, оған өзімнің жеңілмейтіндігімді дәлелдедім!

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген Владимир ИСТОМИН

16 ақпан 2012, 17:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.