22-24 ақпанда Атырауда өткізіліп жатқан «Онкологиядағы инновациялар» атты республикалық ғылыми-техникалық конференция аясында еліміздің 12 облысынан келген эндоскопист дәрігерлер шеберлік дәрістерін тыңдады.
ЕУРОПАЛЫҚ ҮЛГІМЕН
Оқыту облыстық онкологиялық диспансердің базасында өткізілді. Республикалық Қазақ Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мен академик Павлов атындағы Бірінші Санкт-Петербург мемлекеттік медицина университетінің мамандары шеберлік дәрістерін өткізді. Тақырыбы – біздің өңірімізде кең таралған өңештің және асқазанның қатерлі ісігі. Оқыту аясында қатерсіз ісікті жою операциялары жасалды.
– Рас, соңғы бес жылда өңеш пен асқазанның қатерлі ісігі екінші орынға ығысты. Бәлкім, бұл өңір тұрғындарының тамақтану әдеттерінің өзгеруіне байланысты шығар. Біз көкөністер мен жемістерді көбірек тұтына бастадық, дұрыс тамақтануға тырысамыз, - дейді облыстық онкодиспансердің бас дәрігері Жексенбай НЫСАНОВ. - Бүгінде тыныс алу органдарының - өкпенің, кеңірдектің қатерлі ісігі алдыңғы орынға шықты. Бір жағынан экологиялық ахуалдың нашарлауы рөл ойнаса, екінші жағынан темекі шегу мен аз қозғалыс та әсер етеді. Медицинаның диагностикалық мүмкіндіктері артуда, алайда, өкінішке орай, қатерлі ісіктің бастапқы кезеңінде өзіндік белгілер болмайды. Сондықтан, бастапқы диагностика жетімсіз. Ауруды біз пациенттер келген кезде анықтап жатамыз, ал олар дәрігерге уақытында келе бермейді. Сондықтан мұндай шеберлік дәрістері өте өзекті.
Қазір жергілікті онкодиспансердің есебінде үш мыңнан астам пациент тұр. Жыл сайын түрлі онкологиялық сырқаттан 500-дей адам көз жұмады. Жергілікті мамандар осы көрсеткіш бойынша біздің облысымыздың еліміз бойынша 12-13-ші орында тұрғанын растайды. Сонымен қатар, жыл сайын дәрігерлер 830-850 адамнан қатерлі ісікті анықтап отыр. Содан кейін олардың бәрі бірдей Атырауда емделмейді. Көпшілігі мүмкіндік болса еліміздің басқа қалаларына, тіпті, шетелге баруға тырысады. Ж.Нысановтың айтуынша, Қазақстанда науқастарды еуропалық бірыңғай емдеу жүйесі қабылданған: бүкіл диагностика мен емдеу хаттамалары, препараттар сәйкестендірілген. Әрине, бұл біз еуропалық деңгейде ем алуға қол жеткіздік дегенді білдірмейді. Алайда, қалай дегенмен де, шетелдік дәрігерлерге олардың қазақстандық әріптестерінің пациенттерге тағайындаған дәрі-дәрмектері таныс.
Конференцияда скринингтік колоноскопия мен эндоскопияға, ерте кезеңде ісіктерге диагноз қою ерекшеліктеріне көп көңіл бөлінді. Мамандардың пікірінше, елімізде эндоскопистерді кәсіби даярлау тәсілін өзгерту керек, жабдықтарды сатып алуға қаржы салу қажет. Қазақ эндоскопиялық қоғамының төрағасы Қанат БАТЫРБЕКОВТІҢ айтуынша, жалпы еліміздегі жағдайға қарағанда, Атыраудағы ахуал нашар – мамандармен бірге сапалы скрининг үшін жабдықтар жетіспейді.
Екінші күні шақырылған шеберлер операция жасау бөлімінен трансляция өткізді. Операция жасау бөлімі мен конференц-зал арасында бейне және дыбыстық байланыс орнатылды. Астаналық дәрігерлер гастроскопия мен колоноскопия, шағын инвазиялық эндоскопиялық операцияларды көрсетті.
АЛТЫ БАҒЫТ БОЙЫНША
Бүгінде Қазақстанда онкологиялық профильде алты скрининг жұмыс жасайды.
Жатыр мойнының қатерлі ісігін ерте анықтау скринингіне 30, 35, 40, 45, 50, 55, 60 жастағы әйелдер келеді. Бастапқы тексеруге сұйықтық цитологиясы әдісімен патологиялық өзгерістерді жоққа шығару үшін жұғындыны цитологиялық тексеру кіреді. Акушер-гинекологтың тексеруі, көрсетілімдер бойынша кольпоскопия, биопсия жүргізіледі.
Сүт бездерінің қатерлі ісігіне 50, 52, 54, 56, 58, 60 жастағы әйелдер тексеріле алады. Олар сүт бездерін екі кескінде маммографияға (рентгенологиялық зерттеу) түсіреді. Рентгенограммада өзгеріс болған жағдайда маммологқа қаралу, көрсетілімдер бойынша УЗИ, пункциялық биопсия, стереотаксикалық пункциялар жүргізіледі.
Колоректалды (тоқ және тік ішектің) қатерлі ісікті ерте анықтау скринингтен 50, 52, 54, 56, 58, 60, 62, 64, 66, 68, 70 жастағы ерлер мен әйелдер өте алады. Скринингке жасырын қанға (гемокульт-тест) қатысты үлкен дәретке тестілеу және көрсетілім бойынша тоқ ішекке эндоскопиялық тексеру кіреді.
Скринингтің келесі түрі - өңештің және асқазанның қатерлі ісігін ерте анықтау. Мақсаттық топ: 50, 52, 54, 56, 58, 60 жастағы ерлер мен әйелдер. Олар өңеш пен асқазанды эндоскопиялық тексеруден өтеді. Биопсия көрсетілімдер бойынша патологиялық өзгерістер анықталған жағдайда жүргізіледі. Көрсетілім бойынша гастроэнтерологқа, онкологтың тексеруінен өтулері тиіс.
50, 54, 58, 62, 66 жастағы ерлерге қуықалды безінің қатерлі ісігін анықтау үшін скрининг қарастырылған. Олар көктамырдан простат-спецификалық антигенге (ПСА) қаннан анализ тапсыруға тиіс. Қажет болған жағдайда урологтан, трансректальды простата УЗИ-інен және биопсиядан тексеруден өтуі керек.
Бауыр қатерлі ісігінің скринингі вирустық және вирустық емес этиологиядағы бауыр циррозына қатысты диспансерлік есепте тұрған пациенттер үшін қолданылады. Тексеру әдістері: вирусты этиологиядағы бауыр циррозына шалдыққан пациенттер арасында жылына төрт рет альфа-фетопротеинге және вирустық емес этиологиядағы бауыр циррозына шалдыққан пациенттерге жылына екі рет қан тапсыру; вирусты этиологиядағы бауыр циррозына шалдыққан пациенттер арасында жылына төрт рет және вирустық емес этиологиядағы бауыр циррозына шалдыққан пациенттерге жылына екі рет УЗИ-ге түсу; көрсетілімдер бойынша бауырды компьютерлік томографияға түсіреді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор