Білікті маманды таңдауға бірнеше кеңес
Редакцияға өз ісіне салғырт қараған адвокаттың кесірінен сотта жеңіліп қалған Олег есімді оқырманымыздан сауал түсті. Оның өз ісіне қатысты қызметіне жүгінген адвокаты қолынан келгеннің бәрін жасайтын болып уәдені үйіп төккенімен, ештеңе шығара алмады. Жылдар өткен сайын отбасының досына айналып кететін дамыған елдердегі секілді жеке адвокатыңның болуы біз үшін әзірге арман ғана, ал, оны іздестіру барысы әдеттегідей, төтенше жағдайларға әкеліп соқтырады.
Жақсы қорғаушыны қалай табуға болады? Бұл туралы атыраулық адвокаттар өз ойымен бөлісті.
Саябақтағы кеңес
– Көпшілігі сотта өздерінің мүддесін қорғауды өз мойындарына алатын заңгерлердің барлығын бірдей адвокаттар деп есептейді. Бірақ, ол олай емес. Кез-келген адвокат заңгер болуы мүмкін, алайда, кез-келген заңгердің барлығы бірдей адвокат бола бермейді.
Бүгінгі таңда сапалы заңгерлік қызмет көрсететін ұйымдар баршылық. Дегенмен, табалдырықты аттағаннан аз ғана ақшаға кез-келген проблеманы кепілді түрде шешіп беруге уәде ететін алаяқтар да кездеседі. Әдетте, бұлар адвокаттар емес, әлдебір, бәлкім, бір күндік фирмаларда жұмыс жасайтын заңгерлік қызметтерін жаңадан бастағандар болуы мүмкін. Олар ашықтан ашық өз клиенттерін алдай отырып, тиын-тебендерін табады.
Дегенмен, емтихан тапсырып, лицензия алып, жұмыс жасап жүрген адвокаттардың арасында да түрлі адамдар кездеседі.
Алдымен, адвокат пен «жай заңгердің» арасындағы құқықтық айырмашылықтан бастайық. Оның мәнісі сол, тек қылмыстық және әкімшілік заңнамаларда ғана адвокаттың міндетті түрде қатысуы талап етіледі. Азаматтық заңнамаларда ондай талаптар жоқ және жалпы талап арыз беруші немесе жауапкер өкілдердің заңгерлік білімінің болу міндеттілігі туралы ештеңе айтылмайды. ҚР Азаматтық-іс жүргізу кодексінің 62-бабында былай делінген: «Өкілдің өкілеттік-тері заңға сәйкес берілген және рәсімделген сенімхатта көрсетілуі тиіс». Демек, сіздің өкіліңізде жеке басының куәлігі мен сізден нотариалды куәландырылған сенімхаты болуы керек. Және оның құзыры сот арқылы тексерілмейді, не куәландырылмайды. Ол адвокат па немесе басқа біреу ме, сотқа кім екендігі бәрібір. Жалпы заңгерлік қызмет көрсету қызметтің лицензияланған түрі болып есептелмейді (ал, бұл дайындық деңгейіне ешқандай талаптар қойылмайды деген сөз).
Заңгер – бұл заңгерлік білімі бар адам. Әдетте, диплом беделді оқу орынының, сондай-ақ, колледжден алынған болуы да мүмкін.
Заңгерлік фирмадағы заңгер - өз ұйымымен (әдетте ол ЖШС) еңбек қатынастары бойынша келісім-шартқа отырған маман. Ол толығымен өзі жұмыс жасайтын фирмаға тәуелді. Егер сізге осындай заңгердің қызыметіне жүгінуге тура келсе, онда сіз келісім-шартты онымен емес, ЖШС-пен жасайсыз.
Клиенттерінің көзінше өз мәртебесін көтергісі келген алақол заңгерлер ешқандай құқығы болмаса да өздерін адвокатпын деп атайды. Естеріңізде болсын, ЖШС штатында адвокаттар болмайды, онда тек заңгерлер ғана болады. Заң заңгер-кәсіпкердің өз кеңсесінің болуын міндеттемейді. Сондықтан да бүгінгі күндері оның клиентпен кездесулері кафеде, саябақтағы орындықтарда, қайда қолайлы сол жерлерде бола береді
Сендіре алса
Енді адвокаттар туралы әңгімелейік. Адвокаттың міндетті түрде жоғары заңгерлік білімі және адвокаттық қызметті жүзеге асыруға құқық беретін лицензиясы болуы керек және оның жергілікті адвокаттар алқасының мүшесі болуы міндетті. Оның өкілеттілігі зор. Айталық, ҚР «Адвокаттық қызмет туралы» заңға сәйкес тек адвокат қана түрлі ұйымдарға сауалдар жібере алады (және оған ақпаратты ұсынудан бас тартуға олардың құқығы жоқ); түрлі тұлғалардан түсініктеме алуға (және бұл жазбаша дәлелдер сотта қатерге алынатын болады); түрмеде отырған тұлғаларға ешқандай шектеулерсіз бере алады (түзету мекемелерінің ішкі тәртіп ережелерін қоспағанда). Клиентті құқық қорғау органдарының ұстауы барысында адвокат іс жүзінде ұстау сәтінен бастап заңды көмек көрсетуге құқылы. Бұдан басқа, ол күдікті мен айыпкерді қорғауды ғана жүзеге асырып қоймайды, жәбірленуші мен куәгердің де мүдделерін қорғай алады. Басқаша айтқанда, адвокат сізді құқық қорғау органдарына мәжбүрлі сапарларыңыздың барысында сіздің істегі мәртебеңізге қарамастан апара алады.
Пайдалы кеңестер
Міне, бірнеше тәжірибелік кеңестер.
* Жүз пайыз нәтижеге қол жеткізем деп уәде етушілерден аулақ жүріңіз. Жақсы адвокат ешқашанда істің табысты аяқталуына кепілдік бермейді, ол тек бір ғана нәрсені уәде ете алады, ол сауатты заңгерлік көмек.
* Адал заңгер немесе адвокат ешқашан мәселені параның көмегімен шешуге ұсыныс жасамайды. Сыбайлас жемқорлық бағыт – біліксіздіктің айқын белгісі.
* Телефон арқылы сөйлескен алғашқы кезде-ақ, проблеманы толық баяндамастан, ештеңені талқыламастан бірден келіп келісім-шарт жасауды ұсынған; істің мән-жайына бармастан және сіздің ақшаңызға дәл қандай жұмыстарды атқаратындығын айтпастан, бірден істі жүргізудің нақты бағасын айтатын заңгерлермен байланыспаңыз.
* Кеңес алу үшін таңдап алған адвокатыңызға барыңыз. Тақырыпқа қатысты кез-келген қисынсыз деген сауалдарды қойыңыз, тіпті, ол шындыққа жанаспаса да өз шешіміңізді ұсыныңыз. Бірінші кездескен кезде сіз адвокаттан жеке куәлігін көрсетуін өтініңіз, оны ренжітіп аламын деп қорықпаңыз, бұл өтінішіңіз оны еш абыржыта қоймайды. Бұл әрекетіңіз арқылы сіз маңызды, парасатты және ұқыпты клиент ретінде әсер қалдырасыз. Қашанда ондай клиенттермен жұмыс істеу қолайлы.
· Кеңес беру барысында сіз мына жайттарды бағалай біліңіз: адвокат проблеманы біле ме немесе сіздің көзіңізше жауап іздеп кодекстерді ақтара бастай ма?! Сізді тыңдауға оның төзімдігілі жете ме немесе сөзіңізді бөліп, онсызда мәселенің түсінікті екендігін айта ма; сіздің сұрақтарыңызға нақты жауап бере ме немесе жалтармалы жауап бере ме (бұл істің болашағына қатысты емес – бұл жерде адвокат заң бойынша кепілдік беруге құқылы емес); жұмыстың нақты да айқын жоспарын ұсына ма, өзінің қандай шаралар алатындығын түсіндіріп бере ме; ол сізді асықтырмай ма, кеңес беру уақытының аяқталғандығын және оны басқа бұдан да маңызды жұмыстардың күтіп қалғандығын білдіргісі келмей ме;
· Оның қалай әңгімелесетіндігін тыңдап көріңіз. Адамдармен жан-жақты тез тіл табыса алатындығы және ойды тұжырымдап жеткізе білу қасиеті бар ма – сол маңызды. Ойлап қараңыз, сізбен әңгіме барысында септік жалғауларын бұзып, өз ойын түсінікті етіп жеткізе алмаса және «іс жүзінде», «негізінде былай болғанда» немесе «жалпы» деген секілді қыстырма сөздерді қолданып отырса, ол сотта не айта алады.
* Үйге келіп, өзіңізге адвокаттың айтқандарының бәрі түсінікті болды ма, адвокатпен арада психологиялық байланыс туды ма, онымен сөйлесу қалай әсер етті, сіздің көңіліңізден келісім-шарттың талаптары шықты ма, соның бәрін саралап көріңіз. Егер ұнаған болса, онда онымен келісімге келіңіз.
* Төменгі бағаларға бола алданып қалмауыңызға кеңес беремін. Нақты сома, сөзсіз жұмыс көлеміне және істің ұзақтығына байланысты болады. Баға мәселесі - біліктілік пен тәжірибе және адвокаттың өзін бағалауына да қатысты. Сондықтан да бірдей жұмыс үшін әр түрлі адвокаттар түрліше ақша сұрауы мүмкін. Егер сіз белгілі бір мамандық адвокаттарына жолығатын болсаңыз онда нақты құқықтық салада олардың білімдері мен тәжірибелері үшін көбірек төлеуге дайын болыңыз.
Жазып алған Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА