Атырау, 27 қараша 22:33
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының орнына не келді?

5 678 просмотра

Жыл басынан бері «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру тоқтатылды. Оның орнына жаңа мемлекеттік «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы қолданысқа енгізілді. Бұл туралы қалалық әкімдікте Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейірім ҚАЛАУИДЫҢ төрағалымен өткен кеңесте қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Гүлнар ҚҰСПАНОВА әңгімеледі.

«Жол картасы-2020» бағдарламасында дағдарысқа қарсы әрекет ету механизмдері болған. Алайда Г.Құспанованың айтуынша, кәсіби білім берудің нашарлығы, кәсіпкерлік қызметтің дамуына кедергілер, еңбек нарығындағы аумақтық үйлесімсіздік секілді проблемалар шешусіз күйде қалған. Жаңа бағдарлама халықтың кірісін арттыруға, жұмыссыздық деңгейін қысқартуға бағытталған. Бірнеше министрліктер мен оның жергілікті жерлердегі құрылымдары операторлар болып табылады. Оны енгізу негізгі үш бағыт бойынша жүргізіледі.

БІРІНШІ БАҒЫТ

Бұл техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз етуге қатысты. Екі министрлік - Білім және ғылым министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері операторлары болып табылады. Адресаттар – оқу орнына түспеген 9-11 сынып түлектері; жұмыссыздар, аз қамтылған отбасының мүшелері; интернат түлектері. Мемлекет олардың оқу ақысын төлейді, колледждер мен лицейлер қабырғасында бір мәрте ыстық тағаммен қамтиды, шәкіртақы төлейді, қоғамдық көлікте жүру ақысына демеуқаржы бөледі. Мұның бәрі кеңес дәуіріндегі кәсіптік оқыту жүйесін еске түсіреді. Г.Құспанованың айтуынша, ТжКБ-ге (техникалық және кәсіптік білім) ықтимал қатысушылар тізімі әкімдіктер қызметкерлерінің, білім беру ұйымдарының, жұмыспен қамту органдарының, жергілікті полиция қызметінің, жастар ұйымдары мен еріктілердің көмегімен жасалатын болады. Облыстық білім беру басқармасы ай сайын Жұмыспен қамту орталығына осы бағдарлама бойынша қанша бала оқиды, біреулерді шығарып жіберген жоқ па, сол туралы есеп беретін болады.

Оқытудың келесі түрі – еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді оқыту бұрынғы бағдарламада да қарастырылған еді. Бірақ, енді айырмашылық бар: курстар тізіміне сандық сауаттылыққа, ағылшын тіліне және кәсіпкерлік негіздеріне оқыту кіреді. Олар 29 жасқа дейінгі жастарға, жұмыссыздарға (олар еңбек биржасына тіркелген бе, жоқ па, маңызды емес) және өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға арналған. Түлектер таңдаған мамандықтарын тек теория жүзінде ғана емес, тәжірибе жүзінде де меңгеріп шығуы үшін оларды дуалды жүйе бойынша оқытатын болады.

ЕКІНШІ БАҒЫТ

Ол «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауды, қалалар мен ауылдарда микрокредиттерге кепілдік беруді қарастырады. Операторлар – жергілікті басқармалар мен кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімдері.

Микронесиеге тек жұмыс жасап тұрған бизнесмендер ғана емес, жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің мүшелері үміткер бола алады.

– Мал шаруашылығы саласындағы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жобалары үшін микронесие мерзімі 7 жылға дейін, жоғарғы сома – 8 мың АЕК-ке дейін, жылдық сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 6 пайыздан аспайды. Басқа саладағы микронесие мерзімі – 5 жылға дейін, - дейді Г. Құспанова. – Бұдан басқа, келісімшартта кәсіпкерлер жаңадан ашылған кәсіпорында қанша жаңа жұмыс орны болатынын міндетті түрде көрсетуі тиіс. Бұрын мұндай шарт болмаған еді. Ал бөлінген қаржыны игеруге үш айдың орнына бір жыл уақыт беріледі.

Ауылдарда берілетін микронесиелерге «ҚазАгроГарант» АҚ, қалаларда «Даму» ӨДҚ кепілгер болады. Бағдарламаға қатысушылар үшін кепілдік тегін беріледі. Ісін жаңа бастаған кәсіпкер үшін кепілдік мөлшері – микронесие сомасының 85 пайызына дейін, жұмыс жасап жатқан кәсіпкер үшін – 50 пайыздан аспайды.

ҮШІНШІ БАҒЫТ

Оны жүзеге асыруға ескі бағдарлама бойынша танымал құралдар пайдаланылатын болады: әлеуметтік жұмыс орындарын құру, жастар тәжірибесі мен қоғамдық жұмыстарға жіберу. Жұмыс берушілер әлеуметтік жұмыс орындарын жұмыспен қамту орталығымен келісім бойынша ашады. Мұндай жағдайда мемлекет кәсіпорындарға субсиядиялар бөліп, еңбекақы шығындарының бір бөлігін өз мойнына алады. Әлеуметтік жұмыс орындарындағы максималды жұмыс мерзімі – 12 ай. Әлеуметтік жұмыс орнын алу үшін жұмыссыздар жұмыспен қамту орталығына өтініш беру тиіс.

Жастар тәжірибесі бойынша өзгерістер бар. Енді ол 6 айдан аспайды (бұрын бір жылға дейін болатын). Стажерлар үшін еңбекақы 18 АЕК-тен 25 АЕК-ке (56 725 теңге) дейін көбейді. Жастар тәжірибесі 29 жасқа дейінгі колледждердің, жоғары оқу орындарының түлектері арасындағы жұмыссыздарға (егер олар үш жыл ішінде жұмыс таба алмаса) арналған. Міндетті шарт – жастар тәжірибеден оқу орнында алған мамандық бойынша өтуі тиіс. 

Жастар тәжірибесінен ерекшелігі - қоғамдық жұмыстар алдын ала кәсіби даярлықты қажет етпейді, бірақ ақысы да аздау, айына 46 мың теңге (бұрын 32 мың теңге болатын). Қоғамдық жұмыстарды жұмыспен қамту орталықтары ұйымдастырады, ол жергілікті бюджет есебінен және өтініштер бойынша жұмыс берушілер есебінен қаржыландырылады. Жұмыссыздар, студенттер мен жазғы каникул кездерінде жоғарғы сынып оқушылары, қысқартуға ұшырап, жаңа жұмыс таба алмай жүргендер және т.б. қоғамдық жұмыстарға қатысу құқығына ие болады. Мұнда жұмыссыздарға, жәрдемақы алмайтындарға және 6 айдан көп уақыттан бері есепте тұрғандарға артықшылықтар беріледі.

БӘРІ БІР ЖҮЙЕДЕ

Мамандардың айтуынша, жұмыс іздеуге демеу болатын басты бір жаңалық, бұл бірыңғай сандық алаңның, яғни, «Еңбек биржасы» ақпараттық базасының жасақталуы болып табылады. Автоматтандырылған ақпараттық «Еңбек нарығы» жүйесі (ААЖ) жұмыс беру орталықтарында жасақталады және жұмыс іздеуші тұлғалар, жұмыссыздар, өзін-өзі  жұмыспен қамтушылар, бос жұмыс орындары туралы ақпараттарды қамтиды. «Еңбек нарығы» ААЖ оңтайландыру үшін  мемлекеттік органдардың (ҚР ІІМ, АХАЖ, МЗТО, «Жеке тұлғалар» мемлекеттік мәліметтер базасы, «Заңды тұлғалар» мемлекеттік мәліметтер базасы, Салық комитетінің ақпараттық жүйесі, мүгедектердің орталықтандырылған мәліметтер банкі), сондай-ақ, жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің дерекқорлары біріктірілген.

- Бұл жұмыспен қамту саласында мемлекеттік қызметтер көрсету уақыты мен қажетті құжаттардың тізімін қысқартуға мүмкіндік береді. Жұмыспен қамту орталығына келген адамның мәліметтерін осы жүйеге барлық дерекқорлар бойынша енгізуге болады. Ол сол адамның сотталғандығы немесе сотталмағандығы, мүгедектігі, еңбекке қабілеттілігі, жәрдемақы тағайындау жөніндегі мәліметтерді береді, - дейді Г.Құспанова.

«Еңбек нарығы» ААЖ-де жасақталған жұмыс іздеушілер және бос жұмыс орындары туралы мәліметтер порталда қолжетімді болады. Жеке жұмыспен қамту агенттіктері өздерінің дерекқорларын өз беттерінше жұмысқа орналастыруда делдалдық арқылы қызмет көрсету аясында, сондай-ақ, порталдағы қолжетімді жұмыс іздеушілер мен бос жұмыс орындары туралы ақпараттар есебінен жасақтайды. 

Бұл портал жұмыс берушілер үшін де, жұмыс іздеушілер үшін де қолайлы. Жұмыс берушілер бұл жерде жұмыс іздеушілердің дерекқорына қолжетімді болады. Жарияланған бос орындарға сәйкес қажетті кадрлар іріктей алады, халықты жұмыспен қамту орталығына жұмысқа қабылдау немесе жұмысқа қабылдаудан бас тарту және т.б. туралы хабарлай алады. Жұмыс іздеушілер өз кезегінде бос жұмыс орындарының дерекқорына кіре алады, өз түйіндемелерін орналастыра алады, бағдарламаның бірінші бағыты бойынша кәсіптік білім алуға өтініш бере алады және т.б.

Бағдарлама бюджеті бекітілді. Бірінші бағыт бойынша кәсіптік білім алуға және қысқа мерзімді курстарға жергілікті бюджеттен 15 млн теңге және республикалық трансферттен 44 млн теңге; 503 адамды қамту жоспарланып отырған жастар тәжірибесіне – 142 млн теңге, қоғамдық жұмыстарға (1 100 адам) – 230 млн теңге бөлінеді.

Жұмыспен қамту туралы жаңа заң бойынша 9-11 сынып оқушылары жазғы уақытта жұмысқа орналасу құқығын алды. 16 жасқа дейінгі жасөспірім қоғамдық жұмыстарға жұмысқа орналасуы үшін оның ата-анасының келісімі керек.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

17 ақпан 2017, 14:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.