Индер ауданы әкімдігінде шаруа қожалықтары, кәсіпкерлер, жергілікті әкімдердің қатысуымен өткен жиында ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру мәселелері талқыланды. ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің мал өнімдерін өндіру мен өңдеу департаментінің директоры Берік НИГМАШЕВ оларға ұжымдасудың тәртібі мен тиімділігін түсіндірді.
Аудан бойынша әзірге бір кооператив құрылған – «Нарын». Қызылқоға, Исатай, Құрманғазы аудандарында бірнеше адамнан құралған кооперативтер өткен жылдың аяғынан бастап жұмыс жасай бастады. Бірақ, биліктегілер бұл әлі жеткіліксіз екенін айтып отыр.
Берік Нигмашевтың айтуынша, шағын ауылдағы үш құрылтайшы, жиырмадан астам мүшесі бар ет пен сүт өнімдерін өндірумен айналысатын кооперативті ұйымдастыру үшін үш, төрт адам бастамашы болады.
- Кооператив құрудың ұтымды тұстары көп, - деді Б. Нигмашев. - Біріншіден, олар өндірілген өнімді тиімді өткізе алады. Екіншіден, мемлекеттік қолдауға қолжетімділік, кепілсіз қажетті жабдықтарды сатып алуға мүмкіндігі бар. Үшіншіден, материалдық-техникалық құралдармен жеңілдетілген түрде қамтамасыз етіледі (жанар, жағармай, тыңайтқыштар, тұқым, жемшөп, т. б.), сосын арнаулы салық режимі (70 пайыз жеңілдіктер) бар. Төртіншіден, прогрессивті агротехникаларды пайдалануға, өнімді делдалсыз және тұратын жерінде өткізуге мүмкіндігі бар.
Бұдан кейін ол Ақтөбе облысындағы құрылған кооперативтің тың жұмыстарын үлгі ретінде таныстырды. Мәселен, 57 отбасы тұратын елдімекеннің тұрғындары бар малын, яғни, 600 бас малды кооперативке біріктірген. Оның өз бақташысы бар, күнде кешкісін малды өз иелері қорасында ұстайды. Малдың арасындағы алпыс ірі қара мен асыл тұқымды бір бұқа кооператив құрылтайшысының (ол да қожалық иесі) өз үлесі болғандықтан үкімет тарапынан тиесілі субсидия алған. Мұнымен бірге құдық қазу, техника алу, арнайы база салуына жеңілдіктер мен көмектер берілген. Ал мал өнімдерін өңдеу мен өткізу ісімен кооператив айналысады.
Осыған байланысты залда отырған «Бірлік» шаруа қожалығының төрағасы Есентай ДӘУІТБАЕВ өз пікірін білдірді:
- Ақтөбенің шұрайлы жерін біздің жермен салыстыруға болмайды. Бізде шабындық жер өте тапшы, табиғаты қатаң болғандықтан жазда жердің ақ құйқасы шығып, қурап жатады. Шаруалар пішенді бірнеше шақырым қашық тұратын көрші облыстардан дайындап алуға мәжбүр. Кооперативке 20-ға жуық мүшені тарту да оңай емес. Кім болмасын мүшелікке ағайын, болмаса, өзіне жақын адамды тартқысы келеді. Бірақ, олар әр округте тұрады. Сонда олар қалай бірігіп, кооператив құра алады? Кезінде совхоздар болды. Бірақ, оларға үкімет тарапынан қолдау көп көрсетілді.
«Иманқұл» шаруа қожалығының басшысы Сағынтай ӨТЕШОВ қойға деген сұраныстың азайып бара жатқанын айтты. Сондықтан залдағы мамандардан «қандай малды өсіргеніміз дұрыс?» деп сұрады.
- Соңғы жылдары шаруа қожалықтары ірі қара мен жылқы өсіруге ден қоюда. Себебі, қой бағатын кісі жоқ, көмекшілікке ешкім барғысы келмейді. Екіншіден, сіз айтқандай, қойдың етіне сұраныс азайып кетті, - деп жауап берді аудан әкімінің орынбасары Қайрат НҰРЛЫБАЕВ.
«Алға» ет павильонының директоры Самат ЖҰМАШЕВ мемлекет қаржысына ауданға Жайықтың екі бетіне мал және сүт өнімдерін өңдейтін зауыттарды салып берсе деген ұсыныс айтты:
- Немесе мемлекет ең болмаса құрылыстың жарты құнын өз мойнына алса, керемет болар еді. Сосын зауыт құрылысынан бөлек, су, газ, токты жалғап-қосудың өзіне қыруар қаржы қажет. Біздің банктен ірі несие алуға шамамыз жетпейді, ал зауыттар банкротқа ұшыраса ше?
Ләззат ҚАРАЖАНОВА