Бүгін, 14 ақпанда Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы өткен жылдың 28 желтоқсанында билікті асыра пайдалану, қызметтік жалғандық жасау, дәлелдерді бұрмалау бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысы офицерлік шенінен айырылумен қатар 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын алған («ІІБ-9» ісі: Барлығына үкім шықты») 4 полицейдің (Азамат ДОСПАНОВ, Ильяс СТАМҒАЛИЕВ, Ернар ІЗДІБАЕВ, Нұржан ОРАЗҒАЛИЕВ) ісіне қатысты апелляциялық шағымды қарады.
Айта кету керек, сотталушылар отырысқа әкелінбеді. Өз сөздерінде адвокаттар соттан қорғалушылардың жас екендігін, жұмыстарындағы жағымды мінез-құлықтары мен олардың кейбірінің отбасылық жағдайын ескеруді өтінді. Мәселен, Стамғалиевтың асырауында кәмелетке толмаған екі баласы бар, ал Оразғалиев – ата-анасының жалғыз баласы. Қорғау тарапы ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасауды өтініп, төрағалық етуші судья – облыстық соттың төрағасы Марғұлан БЕКТҰРҒАНОВҚА бұрынғы полицейлерге тағылып отырған айыптардың ауыр еместігін еске салды.
Азғана кеңесуден кейін сот төртеуін де қамаудан босатып, оларға бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындауға қаулы шығарды. Достанов пен Стамғалиев 1 жылға, Оразғалиев 2 жыл 3 айға, Ернар Іздібаев 1 жыл 11 айға бас бостандығын шектеу жазасын алды. Үкім жария етілген сәттен бастап күшіне енді. Отырыс аяқталғаннан кейін сотталушылардың туыстары судьяға алғыс білдірді.
«ІІБ-9» ісі бойынша өтіп жатқан тағы бес экс-полицейге келсек. Естеріңізге салсақ, Александр КИМ, Әли ҚАБДЕШЕВ, Аслан ХАЙРУЛЛИН және Әзидолла БАЯНОВ өз кінәларын ішінара мойындап прокурормен іс жүргізу келісімін жасап, өткен жылдың 27 желтоқсанынан бастап оларға үкім шығарылған болатын («ІІБ-9» ісі: Үкім шығарылды, бірақ бәріне емес»): Баянов пен Қабдешев - 3 жылға бас бостандығынан айырыу, Хайруллин мен Ким - 2 жылға бас бостандығын шектеу жазаларын алды. Іс жүргізу келісімін жасаған жағдайда Қылмыстық-іс жүргізу кодексінде апелляция қарастырылмаған. Атырау қ. ІІБ бұрынғы жедел уәкілі Манарбек ӨТЕУОВ (бұл хикая оның хатынан басталған болатын) («ІІД атыраулық экс-полицейдің ашық-хатына байланысты түсініктеме берді») Өзбекстан азаматы Д.Кимді өлтіргені үшін қатаң режимдегі колонияда 22 жыл жазасын өтеуде.
Марат ТАКУЛИН
Суретті түсірген автор