Атырау, 26 қараша 09:50
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

«ІІБ-9» ісі: Үкім шығарылды, бірақ бәріне емес

3 669 просмотра

27 желтоқсанда Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында тараптардың жарыссөзі өтіп, сотталушы тоғыз экс-полицейдің төртеуі соңғы сөздерін айтты.

Ал 26 желтоқсанда түстен кейін сотталушылар Александр КИМ, Әли ҚАБДЕШЕВ, Аслан ХАЙРУЛЛИН және Әзидолла БАЯНОВТЫҢ прокурормен іс жүргізу келісімін жасап, өз кінәларын ішінара мойындағаны белгілі болды. Осы төрт экс-полицейге, сонымен қатар, бас фигурант Манарбек ӨТЕУОВКЕ шығарылған үкім де кеше қысқа үзілістен кейін оқылды.

Хайруллин мен Ким (екеуі де анықтаушы болып жұмыс істеген) ҚР ҚК-нің 416-бабының 4-тармағы («Қылмыстық сот iсін жүргізу барысында дәлелдемелерді және жедел-іздестіру материалдарын бұрмалау»), 412-бабының 2-тармағы («Адамды ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптаумен ұласқан көрiнеу кiнәсiз адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту») бойынша кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын алды.

Баянов (кіші жедел уәкіл) ҚР ҚК-нің 369-бабының 2-тармағы («Лауазымды адам жасаған қызметтiк жалғандық») және 362-бабының 4-тармағы («Ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану») бойынша кінәлі деп танылып, жалпы режимдегі колонияда 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру үкімі кесілді.

Қабдешев (кіші жедел уәкіл) ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-тармағы («Қызмет бабын пайдаланумен жасалған алаяқтық»), 149-бабының 3-тармағы («Адам өзiнiң қызмет бабын пайдалана отырып тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу») бойынша және ескі редакциядағы ҚК-тің 308-бабының 4-тармағы («Ауыр зардаптарға әкеп соқтырған билiктi не қызметтiк өкiлеттiктi асыра пайдалану») бойынша кінәлі деп танылып, жалпы режимдегі колонияда 3 жылға бас бостандығынан айыру үкіміне кесілді.

Өтеуов ескі редакциядағы ҚР ҚК-тің 362-бабының 4-тармағы, 369-бабының 2-тармағы, 149-бабының 3-тармағы, 190-бабының 3-тармағы және ескі редакциядағы ҚК-тің 308-бабының 4-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, қатаң режимдегі колонияда 5 жыл жаза алды. Еске салу керек, бұдан бұрын ол қатаң режимдегі колонияда 22 жылға сотталған еді. Адвокаттардың айтуынша, бұл жағдайда қатаңдығы жеңілірек жазаны анағұрлым қатаң жазаға сіңіру принципі қолданылатын болады.

Қалған сотталушы төртеуі - Ернар ІЗДІБАЕВ (№1 қалалық полиция бөлімінің тергеушісі), Нұржан ОРАЗҒАЛИЕВ (анықтаушы) Азамат ДОСТАНОВ пен Ильяс СТАМҒАЛИЕВ (екеуі де жедел уәкіл) – іс жүргізу келісімін жасаған жоқ. 27 желтоқсанда олар тараптардың жарыссөзіне қатысты. Содан кейін оларға соңғы сөз берілді. Іздібаев әр адамның қателіктер мен жаңсақтық жасауы мүмкін екенін айтты. Достанов полицияда 10 жылдан бері жұмыс жасайтындығына, көптеген марапаттары бар екеніне сот назарын аударды. Оразғалиев пен Стамғалиев өздеріне тағылып отырған қылмыстар бойынша кінәларын мойындамайтынын мәлімдемеді. Төртеуі де сот үкімінің әділ болатындығына үміттенетіндіктерін білдірді.

Прокурор жалпы режимдегі колонияда төртеуін де 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Үкімді төрағалық етуші судья Дәуренбек ДАУМОВ 28 желтоқсанда сағат 15.00-де жария ететін болады.

Марат ТАКУЛИН

Суретті түсірген автор
28 желтоқсан 2016, 10:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.