Аудан әкімдері халық алдында есеп беруді жалғастыруда.
ИНДЕР АУДАНЫ
Индер ауданының әкімі Серік АРЫСТАН былтыр бюджеттің түсімдері 852,6 млн теңгені, шығыстары 5 670,4 млн теңгені құрағанын айтады (ауданның бюджеттері негізінен дотациялық сипатта болып келеді).
Ауданда өнеркәсіп өнімін өндірумен айналысатын үш орта және 14 шағын кәсіпорын тіркелген. Соның ішінде ең ірісі - «ИсиГипсИндер» ЖШС (гипсокартон шығарады) мен «ПромСтройЦентрСервис» ЖШС (құрғақ қоспалар мен бөлмеішілік плиталар шығарады).
Сондай-ақ, әкім «Тұз» ЖШС-нің зауыт жұмысының көп уақыттан бері тұралап қалу себебіне тоқталды:
- «Тұз» ЖШС-нің банкке бережағы 381,8 млн теңгені құрап отыр. Зауыттың мүлкі мен үлесі аукцион арқылы сатылымға шығарылып, оларды «КаспианСервис» ЖШС сатып алған. Осы жылдың соңына дейін зауытты испан және үндіс жаңа технологияларын қолданумен жаңғыртып іске қосуды жоспарлап отыр.
Жақында Құрылыс, Ынтымақ, Аққала ауылдарындағы су тазарту қондырғылары іске қосылмақ. Олардың құрылысы сегіз жылға созылып, тек өткен жылдың аяғында аяқталған болатын. Су тазарту қондырғылары іске қосылғанда аталған ауылдарды сумен қамту 99,2 пайызға жетеді делініп отыр.
Индербордағы мәдениет үйі мен Аққаладағы мектеп құрылыстары бітіп тұр. Ал Құрылыс ауылындағы 100 орындық мектеп құрылысында кідірістер бар.
Баспана кезегінде 790 адам, жер телімі кезегінде 3 392 адам тұр.
Құрылыс туралы әкім былай деді:
- Биыл үш қабатты 60 пәтерлік бір тұрғын үйдің құрылысы бітеді деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 36 пәтерлік бес үй салу жоспарланып отыр. Жер телімдеріне келсек, Индербор кентінде 115 га жерге және барлық округ орталықтары мен Аққала ауылына инженерлік инфрақұрылымды тарту үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақталып жатыр.
Сөз кезегі халыққа берілді. Индер кентінің тұрғыны Ерсайын КӨШЕК Махамбет батыр мен айтыскер ақын, жырау Мұрат Мөңкеұлына арнап ескерткіш салу үшін қаржылай көмектің қажеттігін айтса, келесі бір кент тұрғыны Ұлдай АМАНҒАЛИЕВА өнер мектебіне музыкант Абдолла Мұсағалиевтің есімін беруді ұсынды. Ал Жарсуат ауылдық округінде тұратын зейнеткер Талғат ТАСҚАРИН Жарсуаттан 90 км қашықта жатқан Бұқар елді мекені тұрғындарының тілегін жеткізді:
- Бұған дейін полигон жері болып келген жер телімдері қайтарылды. Бірақ, Бұқар елді мекенінің халқы Индер ауданына қарағанымен жер Қызылқоға ауданына тиесілі. Осы мәселені шешіп берсеңіздер.
Аудандық жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Айгерім ҚҰСПАНОВА «Жас отау» бағдарламасы бойынша үйсіз жүрген жастарға баспана және ауылдық жерлерден спорт кешенін салу қажеттігі айтты.
Жиын соңында облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ барлық өтініштер облыс деңгейінде қаралатынын айтты.
МАХАМБЕТ АУДАНЫ
Махамбет ауданының әкімі Алимұхаммед ҚҰТТҰМҰРАТҰЛЫНЫҢ есебінің алдында облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВТЫҢ жергілікті тұрғындарды жеке қабылдауы өтті.
Зейнеткер Бақтығали ЖАҚСЫБАЕВ Атамбаев және Көздіғара елді мекендеріне газ желісінің қашан жеткізіледі деген сауалмен келді. Кейін белгілі болғандай, облыстық бюджеттен Көздіғара елді мекеніне дейін 13 шақырым газ желісін жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттарын жасақтауға 15 млн теңге, ал Атамбаев елді мекеніне дейін 4 шақырым газ желісін жүргізу үшін жобалық-сметалық құжатын жасақтауға 4 млн теңге қаржы бөлінбек. Тағы бір зейнеткер Ғизат ЕСЕНҒОЖИН аудан орталығындағы «Мерей» ықшам ауданына инфрақұрылым тартылса деген тілегін жеткізді. Аталған ықшам ауданда 20 шақты үй бар. Өткен жылы осы ықшам ауданға газ бен электр желісін жүргізу үшін жобалық-сметалық құжат жасақталған. Енді жұмыстарды толық аяқтауға қосымша қаржы керек. Инфрақұрылым болмағандықтан тұрғындар үй сала алмай отыр.
Жеке қабылдаудан кейін аудандық әкімдікте облыс аумағындағы каналдар мен жайылымдық жерлерді жақсарту туралы сөз болған жиын өтті.
«ҚазСуШар» РМК-ның Атыраудағы филиал басшысы Асланбек РЫСЖАНОВТЫҢ айтуынша, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің суармалы егістігі, лимандық және жайылымдық жерлері жалпы ұзындығы 1 152 шақырым болатын филиал теңгеріміндегі каналдар арқылы суарылып отыр. Өткен жылы суару-суландыру жүйелерімен облыста барлығы 113 су пайдаланушымен келісімшарт жасалған. Және суармалы егістік пен лимандық жерлерге 12,2 млн текше метр, жайылымдық жерлерге 2,2 млн текше метр су берілген.
Мәселе каналдар бірнеше жылдан бері жөндеу көрмегендіктен арналары бітеліп, тайыздануында. Жоспарға сәйкес, республикалық бюджеттен күрделі жөндеуге 2021 жылы қаржы бөлінуі тиіс.
- Оған дейін каналдарды жай жөндеуден өткізу мәселесі шешіледі деп үміттеніп отырмыз – деді А. Рысжанов. - Бес каналға су айдау насостары қажет. Егер ауыл шаруашылығы министрлігі 85 пайыздық субсидия мәселесін шешсе, жерді пайдаланушылардың саны артады деп есептеймін.
Бұдан соң аудан әкімі Алимұхаммед Құттұмұратұлы халық алдында есеп берді.
- 2015 жылмен салыстырғанда егістіктің жер көлемі 2 824 гектарға жетіп, 15 пайызға өсті. Диқаншылардың қажырлы еңбегінің арқасында картоп өндіру - 33, көкөніс бақша дақылдары 8 пайызға дейін еселенді, - дейді әкім.
Облыс халқының басым бөлігін көкөніс, бау-бақша өнімдерімен қамтамасыз етіп келе жатқан махамбеттіктер бүгінде сегіз ірі жобаны қолға алған. «Алмалы құс» ЖШС фабрикасын кеңейту жобасы іске аяқталған. Ауданда тәулігіне 1 500 тонна қызанақ өңдеп, 300 тонна томат сығындысын шығаратын зауыт құрылысы жүруде. Махамбет ауылдық округінен томат зауыты құрылысын жүргізуге 10 га жер ресімделген. Жоба іске асқан жағдайда 154 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Бақсай ауылдық округінен ірі қара малын бордақылау бағытында ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, 11 мүшесі 41 млн теңге жеңілдік несиесіне қол жеткізген.
Жиында тұрғындар Сарытоғайдағы алма бағын қалпына келтіру, «Арай» жазғы лагерін күрделі жөндеуден өткізу және тағы да басқа мәселелерді көтерді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА