Билік біздің өңірімізге қажетті мамандықтар бойынша білім беру гранттарын бөлуге ерекше назар аударады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әлеуметтік салаға жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасары Әлібек НӘУТИЕВ хабарлады.
Атырау облысындағы білім беру саласын қаржыландыру көлемі 49,1 млрд теңгені құрайды. 194 мектеп жұмыс істейді, соның ішінде екеуі жеке мектеп. 6 мектеп апатты деп танылды, олар үшін жаңа ғимараттар салынуда. Қазіргі кезде облыста балалардың мектепке дейінгі 303 мекемесі бар, соның ішінде, 164 балабақша (30-ы жеке) мен 139 шағын орталықтар (жетеуі жеке) бар. Ресми мәліметтер бойынша, 1-6 жасқа дейінгі сәбилерді балабақшамен қамту - 56,9%. Мектеп жасына қарай көрсеткіш өседі: балабақшалар мен орталықтарға 3-6 жастағы балалардың 85,1%-ы барады.
ҰБТ бойынша: түлектеріміз ерекше жетістіктерімен көзге түсіп отырған жоқ. Өткен жылы 3 109 адам емтихан тапсырып, «Алтын белгіні» 77 үміткердің 39-ы дәлелдеген, «Ерекше үлгідегі аттестатты» 18 адамның алтауы алды. 50 баллдық өту деңгейінен 889 адам өте алмады. Ә.Нәутиевтің айтуынша, жазда облыстық әкімдік біздің өңірімізде тапшы болып отырған мамандықтарға мұқият талдау жүргізеді. Колледж бен жоғары оқу орындарының студенттері үшін оқу гранттары тек осы мәліметтерге сәйкес бөлінеді. Таяуда өткен кеңестердің бірінде облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ білім беру басқармасының басшылығына бірқатар ескертулер айтқан болатын. Атап айтқанда, қазақ тіліндегі бастауыш сынып оқытушысы дипломдарын алған жас мамандардың жұмыссыз отырғаны туралы әңгіме қозғалды. Кейбір аудандардағы қазақ мектебінде төменгі сынып мұғалімдерінің орындарына 30-ға дейін адам үміткер болады. Өйткені, іс жүзінде өңір орыс тілінде оқытатын төменгі сынып пен пән педагогтарына мұқтаж. Осыған байланысты Ноғаев талдау жүргізуге және білім беру гранттарын қажетті мамандықтарға беруге тапсырма берді. Ал «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директорының орынбасары Тұрақты ЫНТЫМАҚОВ Атырауға таяуда келген сапарында биыл жоғары оқу орындарында оқуға білім беру гранттарын көбейту жергілікті бюджет есебінен жүргізілетінін атап өткен еді. Сондықтан жергілікті билікке маңызды міндет жүктеліп отыр.
Нәутиевтің айтуынша, қазір үкімет жоғары оқу орындарының түлектерін бөлудің бұрынғы жүйесіне оралу мүмкіндігін қарастыруда. Кеңес дәуірінде студенттер тегін білім алды, бірақ қайда жолдаса, сол жерге барып, жұмыс жасап өтеуі тиіс болатын. Әрине, мұның ақылы негізде оқитындарға қатысы жоқ. Әңгіме грант алушылар туралы болып отыр.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор