Атырау, 28 қараша 00:43
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Адмирал Владимирский қай жерде туған?

2 872 просмотра

Соңғы  кезде  БАҚ-тарда  Қазақстанның  тұңғыш  адмиралы Лев  Анатольевич  Владимирскийдің (1903-1973)  туған  жері  турасында  қате  жазылып  жүр. Оны  кейбір  атыраулықтар  «Қызылқоға  ауданындағы  Рәкөш  деген  кентте  дүниеге келген»  деп  тұжырымдауға  тырысуда.  Бірақ, бұл  олай емес. Дереккөздерге сүйенейік. Ленинградтық әдебиетші С.А. Зониннің Мәскеуден 1986  жылы  шыққан  «Верность океану. О Л.А. Владимирском» атты шағын  кітапшасында былай деп көрсетіліпті: «Детство Владимирского  - рыбацкий  поселок Ракуши на берегу Каспия, Гурьев... Как все мальчишки, Владимирский  плавал  на  лодке  по  Уралу, взахлеб  читал  книги  о  морских   путешествиях,  романы  и  повести  о  приключениях  на  море...» (5-бет).  Мен  де  осы  дерекке  сүйеніп,  «Адмирал  Владимирский – первый  казахстанский адмирал  из  Атырау» деген  мақаламда осындай тұжырым  жасадым.  
Енді Рәкөш  кенті  туралы  деректермен  танысалық. «Мақат  шежіресі»  энциклопедиясында (2004 ж.)  былай делінген: «РАКӨШ – ХІХ ғасырдың  І жартысында Жем  өзенінің  Каспий  теңізіне  құяр  сағасында  бой  көтерген  балықшылар  кенті». Одан бөлек, 2015  жылы  тапқан  патша үкіметінің  жергілікті  органдарының Орал қаласы бойынша  жасақтаған тарихи-статистикалық шолуындағы деректерге қарағанда, 1903  жылғы (бұл  Лев   Владимирский туған  жыл) Гурьев  қисымының (уезінің) Жем  бойындағы үш орыс кентінде – Жылыойда, Рәкөште  және Прорвада барлығы 2 131 адам  тұрыпты. Іргетасы  1878 жылы  қаланған Жылыой кенті (ол да Жемнің Каспийге құяр  жағасында орналасқан)  қисым  орталығы  болған Гурьев қаласынан 149 шақырым  жерде  орналасқан  екен, ал,  Рәкөш  кенті  Жылыойдың  батысындағы  40  шақырым  жерге  қоныс  теуіпті. Басқа деректер бойынша,  аталмыш  кент  1850-ші  жылдардың  басында, яғни, Жылыой кентінен  де бұрын  пайда  болған. Үшінші кентті 1891 жылы астрахандық  мещанин  Сиротин салыпты, оны көпке дейін «Сиротино»  деп атайтын, Жылыойдан 120  шақырым жердегі орналасқан аралының атауына орай кейін «Прорва» атанды. 
Елеусіздеу болған төртінші кентті «Алыпсат» деп атайтын. 1896 жылы  ірге тепкен онда (Рәкөштен 7 шақырым жерде) 1903 жылы діни сектаның  мүшелері - мордвиндер өмір сүрді. 
Бір  ескеретін  жәйт  мынада – аталған  төрт  кенттің  бәрі  де  (бүгінде  бәрінің  де сақталғаны  жоқ,  орындары  ғана  бар) қазіргі  Жылыой   ауданының  аумағында  болған  екен. Ендеше, Лев Владимирский  1903  жылы  Қызылқоғада  емес (Құмның  арасынан  кім  балық  аулаушы  еді?) Жылыой ауданындағы Рәкөш атты балықшылар  кентінде  дүниеге  келген  болады.  
Атақты  адмиралдың  ата-анасы  жөніндегі  деректерді келтірейік. Кейбір басылымдарда оның әкесі медицина қызметкері болған деп жазады. Бірақ, бұл олай емес. Адмиралдың  ғұмырнамашысы  С. Зонинның  жазғанындай, Анатолий Иванович Владимирский «учительствовал  в  русско-киргизской  школе...». Оның ұстаздық  қызметін мен тапқан соңғы деректер де бұлтартпай   көрсетеді:  Анатолий  Иванович  - Атырау-Жайық   өңірінде ХІХ ғ. аяғында  ұстаздық  жұмысты  бастаған  мұғалімдердің  бірі. Орынбор  қаласындағы мұғалімдер  мектебінің  курсын  бітірген. 1900-1904  жж. - Гурьев  қаласындағы екісыныптық орыс-қазақ училищесінің  үшінші  мұғалімі, 1905-1906 жж. - Рәкөш кентіндегі бірсыныптық орыс-қазақ  училищесі  меңгерушісінің  лауазымын  атқарушы  және  бірінші  мұғалімі  болып,  абыройлы  еңбек  етті.
Менің  деректерім  бойынша, Левтің   анасы  Вера  Николаевна  Владимирская  1903-1905 жылдары Үшінші  Гурьевтік  әскери  бөлімдегі  әйел  босандырушы болып жұмыс  жасаған  екен. Гурьев  қаласында  тұрыпты, бұл деректерді де С. Зонин «мать  была  в  городе  единственной  акушеркой» деп өз жазбасында растайды.
Сонымен, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай  түйінін» шығарсақ, Ұлы Отан  соғысының қаһарманы, атақты теңіз сардары, 1943-1944 жылдары Қара  теңіз флотының қолбасшысы болған, екі Ленин, екі Қызыл Ту, Суворов  және Ушаков ордендерінің иегері, Қазақстан азаматтары  арасында бірінші болып адмирал атанған Лев Анатолийұлы Владимирский 1903 жылы Жылыойдың Рәкөшінде – балықшылардың кентінде дүниеге келген. Мұны бұдан былай дұрыс ескеріп жүрсек игілікті  іс болар  еді.
Аманғали   ӘМІРЖАНҰЛЫ, 
ҚР-ның мәдениет  қайраткері,  
өлкетанушы-тарихшы

9 ақпан 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.