Атырау, 23 қараша 23:58
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Күнкөріс және күйзеліс

4 779 просмотра

Кезекті онлайн-конференцияның қонағы - облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары Гүлмира ШАКИРОВА.

 

Жұмыссызға арналған қадам

– «Оқыту және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу» бағыты бойынша «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына қатысу үшін қандай құжаттар ұсыну қажет? Өтініштерді қарау мерзімі қандай? Жұмыспен қамту орталығы өтінішті қабылдау туралы хатпен шектеліп қана қоймай ма, ал маған лайықты жұмыс орнын күтуіме тура келе ме?

Әсемгүл Қалиева

– Ең алдымен сізге жұмыссыз ретінде Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жұмыспен қамту бөліміне тіркелуіңіз қажет. Жұмыс орны болған жағдайда сіз жұмысқа жолдама аласыз немесе оқыту курсынан өтесіз. Егер сіздің ешқандай мамандығыңыз болмаса, онда колледждердің күндізгі оқу бөліміне оқуға құқығыңыз бар. Жұмыспен қамту бағдарламасына қатысу үшін өтінішке қоса ЖИН-і бар жеке бас куәлігінің, СТН, ӘЖК, үй кітабының (мекен-жай анықтамасы), білімі туралы дипломының, еңбек кітапшасының көшірмелерін, сондай-ақ ф. 086 медициналық анықтамасының түпнұсқасын тіркеуіңіз қажет. Қазіргі кезде құжаттар тізімін қысқарту мәселесі қаралуда.

Жұмыспен қамту бөлімінде сіздің өтінішіңізді 15 күн ішінде қарайды, содан кейін оны Жұмыспен қамту орталығының біріне жібереді. Келесі 10 күн ішінде Орталық мамандары сізді бос орындармен таныстыру үшін шақырады. Сіз келісім берген жағдайда әлеуметтік келісім-шарт жасайды. Мерзім бұзылған жағдайда сіз бөлім бастығына немесе Жұмыспен қамту орталығының басшысына хабарлай аласыз.

– Мен институт тәмамдадым, бірақ жұмыс таба алмай жүрмін. Жұмыспен қамту бағдарламасына қатысушы бола алам ба?

– Иә, әрине. Бағдарлама жоғарғы оқу орындарының, орта оқу орындарының, лицейлердің жұмыссыз түлектерін жұмысқа орналастыруды қарастырады. Сізге «Жастар тәжірибесі» жолдамасы лайықты деп ойлаймын. Жұмыспен қамту орталығына барғаныңыз жөн. Ол жерде сіздің мамандығыңыз бойынша жұмыс берушілерден өтініштер болуы, сізді алты ай мерзімге дейін жұмысқа алуы мүмкін. Жалақысы көп емес, бар болғаны 26 мың теңге (жұмыс беруші үшін мемлекет төлейді), бірақ бұл алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтап, өзіңізді көрсету үшін жақсы мүмкіндік. Әлеуметтік келісім-шарт аяқталғаннан кейін жұмыс беруші тіпті сізге тұрақты жұмыс ұсынуы мүмкін.

– Жоғарғы білімі, жеткілікті жұмыс тәжірибесі бар, бірақ түсінікті себеппен жұмыс таба алмай отырған зейнеткерлік жас алдындағы адамдарды жұмыспен қамту мәселесі қалай шешілуде?

Гүлсім Ахметқызы

– «Халықты жұмыспен қамту туралы» ҚР заңы бойынша, сіз еңбекке жарамды топқа жатасыз және сіздің мамандығыңыз бен біліктілік деңгейіңізге сай бос жұмыс орнына үміткер болуға құқығыңыз бар.

– «Атырау Су Арнасы» КМК-ның әлеуметтік жұмыс орындарында 2 ай жұмыс істеген әйелдерге еңбек ақыны толықтай төлемепті (12 қаңтар 2012 жылғы «АЖ» №2 санын қараңыз). Оларды алдап соққан. Осы факті бойынша қандай шара қабылданды және басқа жұмыс берушілерге қатысты осындай жағдай орын алмасына кепілдік бар ма?

– Жарияланымнан кейін кәсіпорынмен қалалық жұмыспен қамту бөлімі айналысты. Менің білуімше, «АСА» әйелдерге еңбекақыларын төледі. Өзге кәсіпорындарға әлеуметтік жұмыс орындарына тартылған басқа жұмыссыздар тарапынан шағымдар болған жоқ. Енді бұдан былай әлеуметтік жұмыс орындарын қала және аудан әкімдіктері бекітетін болады. Бағдарламаның осы бағыты бойынша барлығы 191 жұмыс беруші қатысты, оның 20 шақтысы шетелдік қатысудағы кәсіпорындар.

– Жасым 50-де, бұрынғы әскери қызметкермін, жоғарғы білімім мен мемлекеттік және жеке құрылымдарда қауіпсіздік қызметтің жетекшісі боп еңбек еткен әжептәуір жұмыс өтілім бар. Өзіме лайықты жұмыс тапқым келеді. Күзет фирмаларына әлденеше рет жұмысқа орналасуға тырысып көргенмін, бірақ олардың қос бухгалтериясы боп шығады немесе жалақысы кешіктіріліп беріледі және т.б. Қалалық жұмыспен қамту бөліміне барғанмын, бірақ ондағылар ақшасы аз жұмыстарды ұсынады. Рекрутингтік компанияларға сене алмаймын. Сіздер қандай кеңес бересіздер?

– «Денхолм-Жолдаста» ағаш монтаждаушы (лесомонтажник) боп жұмыс істедім. Жұмыс көлемі болмағандықтан бізді уақытша демалысқа жіберді. Қалалық жұмыспен қамту бөліміне барғанмын, ондағылар өзіміз хабарласамыз деп уәде берді. Бірақ әлі күнге дйін маған ешкім хабарласқан жоқ.

– Мен өз түйіндемемді Халыққа қызмет көрсету бөліміне тапсырған едім. Бірнеше уақыт өткеннен кейін қалалық жұмыспен қамту бөліміндегілер мені тегін бухгалтерлік курстарға шақырды. Келесі күні барғанымда, маған іріктеудің аяқталғанын айтып, шәкіртақысыз көлік жүргізу курсын оқуымды ұсынды. Ол үшін медициналық тексеруден өтуім қажет болды. Мен медициналық анықтамамды алып, бөлімге барғанымда бір кабинеттен екінші кабинетке сілтей бастады. Кейін білгенімдей, сабақ басталып кеткен екен, бірақ мен тіркелгендер тізімінде жоқ боп шықтым.

Эльвира, 33 жаста, үй шаруасындағы әйел

– Осы жұмыссыздардың барлығы бөлім бастығының қабылдауына барып, болған жағдайды түсіндірулері керек. Өкінішке орай, мұндай жағдайлар көп кездеседі. Ал әйел топқа қайтадан жазылуы қажет. Биыл мұндай мүмкіндік әлі де бар. Оқу топтарына іріктеу адамдардың топталуына қарай жүргізіледі.

– Інімнің білімі жоқ. Ол «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша тегін кәсіби білім ала алады ма?

Ақмарал

– Иә, бағдарлама аясында ол колледждің күндізгі бөлімінде тегін оқи алады. Оқу курсы 36 ай құрайды. Бір маңызды жайт: жұмыссыздар нақты жұмыс орны бойынша оқытылады. Бізде кадрларға қажеттілік туындап отырады. Мәселен, ауылдағы медицина мекемелерінен медбикелерге сұранымдар бар, мектепке дейінгі педагогтарға, бастауыш мектеп мұғалімдеріне және т.б. сұраныстар жеткілікті. Сұранымдар негізінде болашақ жұмыс берушілермен әлеуметтік келісім-шарт жасалады. Содан кейін, жұмыс берушілердің қажеттіліктері туралы бүкіл ақпаратты  облыстық білім беру басқармасына жолдаймыз. Олар осылайша біздің тапсырысымыз бойынша мамандарды дайындайды. Бүгінде медициналық, педагогикалық, агро- және политколледждермен келісім-шарттар жасалды. Мемлекет бүкіл оқу курсының төлемақысын өз мойнына алып (жылына 80 000-100 000 теңге), шәкіртақы төлейді. 2012 жылы ол 12 188 теңге құрады.

Егер әңгіме басқа қаладан келген студент туралы болса, айына қосымша 15 000 теңге тұру ақысын және бір реттік жолақы төленеді.

Тағы бір мәселе – қалауы бойынша жұмыс беруші өз профилі бойынша маманды өзі даярлай алады. Бұл жағдайда жұмыссыздарға білім беру курсы аяқталып, олар міндетті жұмысқа орналастырылғаннан кейін мемлекет жұмыс берушіге оқуға кәсіптік даярлау шығындарының 70 пайызын өтейді.

– Қызым – агроколледждің 3-курс студенті, шаштараз мамандығын оқығысы келеді. Ол бағдарлама бойынша тегін оқи ала ма?

Ақмарал

– Сіздің қызыңыз Жұмыспен қамту бағдарламасына кірмейтін жұмыспен қамтылған топ санаты кіреді. Алайда, кешікпей оған жалдамалы жұмысшыларды енгізуді де жоспарлап отырмыз.

 

Үстірт жобадан бизнес-жоспарға дейін

– Мен ауылдық жерде жеке кәсіпкерлікпен айналысамын. Маған «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында үкімет тарапынан қандай қолдау көрсетіледі? Осы мәселе бойынша қайда хабарласуға болады және қандай құжаттар жинау қажет?

– Ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу деген екінші бағыт бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындар мен ауыл кәсіпкерлері қатыса алады. 2011 жылы бүкіл ауданда несиелік серіктестіктер құрылды. Биыл осы механизм бойынша несие бөлуді жалғастырмақпыз. Сіз аудандық жұмыспен қамту орталығына барып, өз ісіңізді кеңейту жөнінде нақты бизнес-ұсыныспен шыға аласыз. Несиелер 5 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Дамыту үшін 1 жылға демалыс мезгілі ұсынылады (кәсіпкерлер негізгі қарыздарын төлемейді). Несиенің жоғарғы сомасы – 3 млн теңге. 2011 жылы пайыздық мөлшерлеме 6-дан 7 пайызға дейін құрады. Несиелер тұтынушылық мақсатқа және саудаға деп бөлінбейді.

– Олар қандай мақсатқа бөлінеді?

– Өз ісін дамытуға және кеңейтуге. Мәселен, биыл мал шаруашылығын дамытуға, сервистік қызмет көрсетуге: монша, дәріхана, шаштараз, наубайхана ашуға несиелер бөлінді.

– Бұл бағыт қалай жұмыс істейді?

– Бағдарламаға қатысуға ниет білдірушілер тіркелген мекен-жайы бойынша өткен жылы бағдарлама аясында ашылған қалалық және аудандық жұмыспен қамту орталықтарына өтініш береді. Кәсіпкердің бизнес-ұсынысы қаралып жатқанда, оны кәсіпкерлік негіздері бойынша: бизнес-жоспарды, салық салуды, бухгалтерлік есепті қалай жүргізу керектігін оқытатын 2 апталық курсқа жібереді. Курс аяқталғаннан кейін қатысушыларға сертификат беріледі. Өткен жылы облыс орталығында «Астана Тіл Академиясы» ЖШС-де оқыту курстары өткізілді. Әрбір кәсіпкерді оқытуға мемлекет 26 мың теңге бөледі. Аудан тұрғындарына жолақы құжаттарымен расталған жол ақысы төленеді және 15 мың теңге тұру ақысы бөлінеді. 

– Жұмыспен қамту жөніндегі таяуда болған кеңестердің бірінде сіз кәсіпкерлердің тұрған мекен-жайы бойынша оқығысы келетіні жөнінде айтқан едіңіз?

– Иә, облыстың шалғай аудандарындағы қатысушылар осындай курстарды тұрған мекен-жайлары бойынша ұйымдастыру туралы тілектерін білдірген еді. Бұл уақыттарын үнемдейтін ауыл бизнесмендері үшін де және тұру мен жол ақысына бөлетін ақшаны үнемдейтін мемлекет үшін де жақсы. Бұл ақшаға біз көп адамдарды оқытар едік.

– Осы бағдарламаға қатысу үшін өз ісің болуы керек пе?

– Міндетті емес, оған кез-келген адам қатыса алады. Бастысы, ол ерікті түрде жазылған өз бизнес-ұсынысын көрсетуі керек.

– Бірақ кез-келген нәрсені жазуға болады ғой.  Аяқ астынан бизнеспен айналысқысы келген, бірақ одан  хабары жоқ адам өзінің болашақ жобасын айқын көруі неғайбыл ғой?

– Әңгіме осында. Адам «шикі» бизнес-ұсыныспен келеді, ал оқыту курстарының барысында болашақ кәсіпорынның күшті бизнес-жоспарын жасап шығарады.

– Ал егер ол өзінің бастапқы жобасынан бас тартса ше?

– Ештеңе етпейді, есесіне ол теориялық білім алады. Бірінші жыл көрсеткендей, бизнес-ұсыныспен келгендердің басым көпшілігі оларды жүзеге асырады. 260 оқытылған қатысушылардың ішінен 107 кәсіпкерге несиелер берілді.

– Маған несиелеу механизмі аса түсінікті емес: несие серіктестігі арқылы дейді, оны қалай түсінуге болады?

– Бағдарлама кепілсіз несиені қарастыратындықтан міндетті түрде мемлекеттік қаржыны қайтаруға кепілдік беретін және заемшылардың ынтымақтастық жауапкершілігін қарастыратын сызбаны табу керек. Несиелік серіктестік  не үшін таңдалды?

Оның механизмі мынадай: бірнеше болашақ немесе жұмыс жасап келе жатқан кәсіпкерлер несиелік серіктестікке бірігеді, әрқайсысы кепілдік салым ретінде бизнесті дамыту үшін қажетті деген соманың 1/10 бөлігін салады. Несиенің ең жоғарғы сомасы – 3 млн теңге екенін естеріңізге саламын. 2011 жылы өкілетті ұйым ретінде «Атырау» ӘКК құрылған болатын, ол несиелік серіктестіктер арасында байқау өткізді. Несиелер несиелік серіктестіктерге 4,22% («Атырау» ӘКК мемлекеттен ақшаны 3,22% пайызбен алды) пайызбен берілді. Несиелік серіктестік өз мүшелерін 6-7% пайызбен несиеледі, пайыздар арасындағы айырмашылықтар серіктестікті ұстауға жұмсалды. Несиелік серіктестік биылғы жылы аймақтардан түскен ұсыныстарға құлақ асқан үкімет сомасы 1,5 млн теңге (3 жылға) болатын қосымша пайызсыз несие бөлу жөніндегі мәселені шешті.

– Сөз жүзінде бәрі керемет. Ал, несиелерді қайтару мәселесі қалай болмақ?

– Иә, бұл өзекті мәселе. Барлық несиелік ресурстар мемлекетке 5 жыл ішінде қайтарылып берілуі керек. Бұл және қатаң бақылауға алынады. Жуық арада біз аудандарға шығып, несиелік қаржылар өз мақсатына жұмсалды ма, соны тексеруді жоспарлап отырмыз. Біз ай сайын қаржының қозғалу мониторингін жүргізетін боламыз.

– Биылғы жылы атыраулық селолық кәсіпкерлерге несиелер үшін қанша қаржы бөлінді?

– Күні бүгінге дейін 283 млн теңге бөлініп үлгерілді және оған қосымша тағы да 100 млн теңге бөлу жөніндегі ұсыныс мақұлданды.

 

Маған жұмыс керек...

– Мен Исатай ауданында тұрамын. Екі үлкен балам Атырауда жұмыс істейді және сонда тұрады. Ұлым бағдарлама бойынша 3 ай көлік жүргізушілік курсына барды, бірақ, оны бітіруге таяп қалғанда оған оның аты-жөнінің тізімде жоқ екендігін мәлімдейді. Ол қазір уақытша жұмыс жасап жүр. Қызым да курсты аяқтап, үй қызметшісі болып жұмыс жасайды. Қазір балаларым отбастарымен бір пәтер жалдап тұрады. Селолық жастардың жұмысқа орналасу және облыс орталығынан пәтер  алуда қандайма бір жеңілдіктері бар ма, соны білгім келіп еді? 

Зулькарима

– Бұл біз үшін өзекті мәселе. Өйткені, үкімет Бағдарламаның нормативті актілерін өткен жылдың тамыз айында ғана қабылдаған болатын, ал, адамдарды оқытуды тек қыркүйектен ғана бастадық. Желтоқсан айында курстарды 3 мыңнан аса жұмыссыз бітіріп шықты, ал, қысқы кезеңде құрылыс қарқының бәсеңдеуінің салдарынан оларды жұмысқа орналастыру қиындайды. Сондықтан да сіздің балаларыңыз үшін барынша тығырықтан шығар жол - әлеуметтік жұмысшы орындарына жұмысқа орналасу. Ондағы жалақы аз, дегенмен, қолайлы жұмыс орынын тапқанша және нақты салада тәжірибе жинақтау мүмкіндігі туғанша мұның өзі жұмыссыз қалғаннан жақсы ғой.

Тұрғын үйге қатысты келетін болсақ, үкімет «Жас отау» бағдарламасы бойынша қарастырылған шаралар аясында «Жастар саясаты туралы» заң жобасын қарап жатыр. Мәселен, айталық, шағын отбасыларға арналған жатақхана құрылысын алуға болады. Қазір бізде баспана берудің бұдан басқа механизмі жоқ.

– Менің жасым 54 жаста, 20 жылдан аса уақыт бойы мен көлік жүргізуші болып жұмыс жасадым. Бірақ, денсаулығыма байланысты жұмыстан шығуыма тура келді. Жақында “КИПиА” слесары бойынша курсты аяқтадым, алайда, ешқайда жұмысқа орналаса алатын емеспін...

Намазғали

– Бүгінде жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша оқуды аяқтаған тұлғалардың түйіндеме дерек қоры жинақталады. Барлық жұмыс берушілерге жолдау үшін біз қызметкерлердің ақпараттық базасын дайындап жатырмыз. Бұдан басқа, жақында біздің сайтымыз www.zhumys-atyrau.kz ашылмақ. Біз сайтта да бос жұмыс орындарын жариялайтын боламыз.

– 2009 жылы мен «экономист-бухгалтер» мамандығы бойынша колледж бітірдім. Өз мамандығым бойынша жұмыс жасағым келеді, алайда, қайда барсам да жұмыс тәжірибесін талап етеді. Ал, оны егер өз мамандығыңмен жұмыс жасамайтын болсаң, қайдан аласың? Қалалық әлеуметтік қорғау бөліміне құжаттарымды тапсырды, әзірге одан еш нәтиже шыға қоймады.

Асхат

- Сізге тағы да қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасу бойынша өтініш беруіңіз керек. Бұдан басқа, бағдарлама аясында сіз тегін 1С  бухгалтерия бойынша қосымша курстан өтуіңізге болады, оқу кезеңінде сізге шәкіртақы төленеді.

– Таяуда Аджип ККО теміржол тармақтарының құрылысы бойынша жобаның басталғандығын жариялады. 4 мың адам жұмысқа алынбақшы екен. Түйіндемені қайда жіберу керек?

Ардақ

– Бұл мәселені біз бақылауға алып отырмыз. Бүгінгі күні теміржол құрылысын салатын Аджип ККО мердігері әлі анықтала қойған жоқ. Біз бұл нысанға Қарабатандағы «Болашақ» зауытының құрылысынан босап қалған қызметкерлерді орналастыруды жоспарлап отырмыз.

-АМӨЗ-дағы хош иісті көмірсутектер өндіру кешені, газ-химиялық кешен және ТШО компаниясындағы үшінші тынысты зауыт құрылысы үшін кадрларды жинақтау қалай болып жатыр?

- Осы жобалар бойынша жоспарлар үнемі өзгеріп отырады. Хош иісті көмірсутек кешеніне келетін болсақ, жақында біз бас мердігер «Синопек инжиниринг» компаниясының  және «Қазстройсервис» мердігер компаниясының басшылығымен кадрлердің нақты қажеттілігін анықтау мәселесі бойынша кездестік. Ал, наурыз айында осы жобаға қатысты бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізуді жоспарлап отырмыз. Қалған жобалар бойынша әзірге ақпараттар жоқ.

– Менің күйеуім 1986 жылы Қызылқоға ауданында дүниеге келген. Ол мамандығы бойынша инженер-электрик. Селолық жерде жұмыс жоқ болғандықтан қалаға келіп, жұмысқа орналасты. Ал, мен екі баламен үйде отырамын. Күйеуім уақытша жұмыстарда жүр, бір жыл жұмыс жасайды, тағы да қысқартуға ұшырайды. Сол уақыттар ішінде біз несие алып, қаладан жер учаскесін алдық, енді сол жерге үй салғымыз келеді. Сіздер жұмыстан қысқарып қалған кезде басқа жұмыс тауып беруге көмектесе аласыздар ма? Менің де жұмысқа орналасуыма қандай көмек бере аласыздар? Мемлекет тарапынан жетімдерге қандай жәрдемдер беріледі? Баспана бөлу немесе тұрақты жұмысқа орналастыру барысында көмектер қарастырылған ба?

Ақмарал Бұлжанова

- Жұмысын жоғалтқаны үшін сіздің күйеуіңізге 6 айдай әлеуметтік сақтандыру төленуге тиісті. Сіздердің отбастарыңызға тиісті берілетін әлеуметтік көмектің барлық түрі  (балалар жәрдемақысы, тұрғын үй көмегі, жұмысқа, оқуға жіберу, материалдық көмек, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына қатысу) тек тіркелген  мекен-жай бойынша тағайындалады. Егер сіздер қалаға тіркелген болсаңыздар онда қалалық жұмыспен қамту бөліміне, Қызылқоға ауданында тіркелген болсаңыздар аудандық бөлімге жолығуларыңыз керек. Әйелдер үшін әлеуметтік жұмысшы орындары құрылуда және қоғамдық жұмыстарға жолдама алуға болады.

Сондай-ақ, сіз күйеуіңіздің түйіндемесін  біздің басқармаға әкелуіңізге болады. Егер оның жұмыс тәжірибесі болса, онда біз оған қолайлы жұмыс тауып бере аламыз.

Тұрғын үйге келер болсақ, сіздің күйеуіңіз жетім болып есептелмейді, дегенмен, сіз баспана алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына құжаттар тапсыруға құқылысыз.

 

Ауылға 10 млрд теңге

– Таяуда ғана еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының жаңа төртінші бағытының аясында Қазақстанда селоны дамытуға биылғы жылы 10 млрд теңге жұмсалатындығын хабарлады. Атырау облысындағы селоларды қалпына келтіруге қанша қаржы бөлінеді? Және селодағы миллиардтық  инвестициялардың  тоқыраған аудандардан халықты көшіруді қарастыратын басқа бағыттармен арақатынасы қалай болады? 

- Экономикалық мүмкіндігі төмен селолық елді-мекендерге қаржы бөлінбейтін болады. Атырау облысында ондай 16 елді-мекен бар. Оларда инфрақұрылымдары тозған: газ, су құбырлары тартылмаған, жолдары нашар. Инфрақұрылым және жөндеу жұмыстары үшін қаржы бөлу мақсатты емес. Ондай елді-мекендерді анықтаумен экономистер айналысады.

- Бір жағынан алып қарағанда, онда мал шаруашылығымен айналысатын адамдар тұрады. Сонда олар өркениет игіліктерінен мүлдем құр алақан қалмақ па?

– Мал ұстап отырған негізінен егде адамдар ешқашанда көшуді ойламайды. Олардың ішінде қыстақта тұратындары 3-4 үй ғана. Бағдарламада тек өз еркімен көшуге ниет білдірген, табыстары жан басына шаққанда күнкөріс минимумынан төмен аз қамтылған отбастарына көмек қарастырылған.

Бағдарламаның төртінші бағытының бюджеті әзірге бекітіліп жатыр. Алайда, біз селолық округтарды газдендіру, жолдардың құрылысына, сумен жабдықтау бойынша 1 млрд 700 мың теңгеге тапсырысты жолдадық. Бұл бағыттың негізгі мақсаты – уақытша жұмыс орындарын құру. 

– Селодан көшіп келгендер үшін үйлер қаланың  қай ауданында салынады және оларға баспана ұсынудағы нормалар қандай болмақ?

– Әзірге 60 пәтерлік үйдің облыс орталығының қай ауданында салынатындығы белгісіз. Ал, баспана отбасының әрбір мүшесіне 18 шаршы метр есебі бойынша беріледі және жалпы көлемі 100 шаршы метрден артық болмауы керек. Бағдарламаның талабы осы.

– Бұл тұрғын үйлер қоныстанушылардың жеке меншігіне беріле ме?

– Олар пәтерлерін 5 жылдан кейін жекешелендіріп ала алады. Оған дейін пәтер жалға беріледі. Ал, жалға беру құны жергілікті мәслихаттардың шешімімен белгіленеді. Бізде ол шамамен 3 мың теңге көлемінде болады.

Әңгімеміздің соңында мен атыраулықтарға «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы ауадан алынған жоқ, аймақтардағы мен секілді мамандардың араласуымен жасақталғандығын айтқым келеді. Соңғы жылдары біздің барлық ұсыныстарымыз еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде ескерілетіндігін атап айтқым келеді. Сондықтан да, «АЖ» газетінің оқырмандарына «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын талқылауға белсенді түрде қатысып, оның бағыттарының жетілуі үшін өз ұсыныстарыңызды енгізулерініңізді сұраймын. Назар аударғандарыңызға рақмет!

Жазып алған Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген Владимир ИСТОМИН

15 ақпан 2012, 20:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.