Атырау, 11 желтоқсан 05:43
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

"Прокурор" ісі: Қауіпті ойын

Сурет
8 167 просмотра


Бүгін, 6 ақпанда пара алды деп айыпталған Атырау облысы прокурорының бұрынғы көмекшісі Лейла СМАДЬЯРОВАНЫҢ қылмыстық ісі бойынша кезекті сот отырысы өтті.

ЕШКІМ ӨЛГІСІ КЕЛМЕДІ МЕ?

Отырыс тараптардың жарыссөзіне арналды. Үкім де таяу арада шығарылатын болар. Сотталушыны аурухана палатасынан сот залына қарауылмен әкелді. Естеріңізге салсам, ол 31 қаңтарда өзін-өзі өртеу әрекеті кезінде зардап шегіп, термиялық күйікпен Атырау облыстық ауруханасының хирургиялық бөлімшесіне жатқызылған болатын. Осы оқиғадан кейін іс жүргізу прокуроры Б.ЕҢСЕНГЕНОВ сотталушы үшін бұлтартпау шарасын үйқамақтан 2 айға қамауға алу шарасына өзгерту туралы өтініш берді. №2 қалалық сотының судьясы Эльмира ОЙҚҰЛОВА өтінішті қанағаттандырды. Смадьярованың палатасына қарауыл қойылды.

Сотталушының мүддесін қорғаушы адвокат Игорь ВРАНЧЕВ қамау туралы осы қаулының мәтінінде соттың прокуратура алдында өзін-өзі өртеу әрекетін «сотта істің объективті қаралуына кедергі келтіруге бағытталған және сотқа қысым көрсету әрекеті» деп бағалағанын хабарлады. Адвокат бұл отырыста өз қорғалушысын үйқамаққа қайтару туралы өтініш берді.

Адвокат Игорь ВРАНЧЕВ
- Сот қаулыны шығарған кезде сотталушы Смадьярова өзін-өзі өртеп жатқанда өзіне назар аудартып, өз басын арашалап қалуды ойлады ма, әлде шынымен де өз өмірімен қош айтысуға әрекеттенді ме, оның қандай мақсат көздегені туралы ақпараттан бейхабар болды.

Егер сот БАҚ-тардағы ақпараттар негізінде тұжырым жасап, сотталушының әрекетіне баға беретін болса, онда сотқа 3 ақпанда «Ақ Жайыққа» орналастырылған сұхбатты, яғни, авторы Зульфия Байнекееваның «Прокурор» ісі: «Шлюмберже» қызметкері құтқарған» мақаласын қаперге ала алады. Мұнда оқиғаға еріксіз куәгер болған Махмұт МЕҢДІБАЕВТЫҢ сөзі жарияланған. Оның әңгімелеуінше, Смадьярованың әрекеті сотқа бағытталған наразылық акциясы емес, өзін-өзі өртеу арқылы өз өмірін қиюға бағытталған. Оның әңгімесіне сүйенсек, ол Смадьярованы толықтай жалынға оранған кезде сөндіре бастаған. Бұл жағдайда сотқа қандай қысым көрсету немесе оның жұмысына қалай кедергі келтіру туралы әңгіме қозғауға болады?! – деп сұрақ қойды сот залында Вранчев.

Адвокат сотқа сотталушының алған жарақатының және психологиялық зақымының нәтижесінде қатты ауырып, қиналып жүргенін еске салды. Қарауылда ұстау оның дертін одан сайын күшейтетін, сондықтан оны үкім шыққанға дейін кері үйқамаққа алу шарасын қолдану туралы өтініш білдірді. Сот кеңесу бөлмесіне кетті.

Сотталушы Лейла Смадьярова


А
Л КУӘГЕРЛЕР КІМДЕР?

Айта кету керек, үзіліс кезінде куәгерлердің бірі (бұл қылмыстық істе зардап шегуші жоқ, тек куәгерлер бар, олардың жауаптары бойынша айыптау қорытындысы жасалған) журналистерге былай деп мәлімдеді:

- Өлгісі келген адам үстіне бензин құйып, өртеніп кетер еді!

- Сіз оның істі аяғына дейін жеткізбегеніне өкініш білдіресіз бе? – деп сұрадым мен. Куәгер тек мырс етті. Айтпақшы, ол әйелдер колониясында ұзақ жұмыс жасаған. Дегенмен, қалған куәгерлердің қылмыстық-түзету жүйесіне азды-көпті қатысы бар және оларды Смадиярова Атырау облыстық ҚТЖ істері бойынша прокурордың көмекшісі болып тұрған кезде жауапкершілікке тартқан. Яғни, менің субъективті пікірімше, олардың барлығы іс жүзінде мүдделі тұлғалар.

Мәселен, Смадьярованың тексеру жұмыстарының нәтижесі бойынша ҚТЖ департаментінің 9 қызметкері әкімшілік жауапкершілікке, 62 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылған. 8 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталған. Және оның бірде-бір прокурорлық әрекет ету актісіне бұған дейін шағым жасалмаған. Оның ҚТЖ қызметкерлеріне арналған арендалық баспанаға қатысты қулық әрекеттерді ҰҚКД-мен бірлесіп тексеру жұмыстарының аясында да заң бұзушылықтар анықталған. Нәтижесінде қылмыстық істер қозғалып, бір қызметкер жұмыстан босатылды, төртеуі тәртіптік жаза алды. Ол, сондай-ақ, сол әйелдер колониясынан ұрлау фактісін анықтаған.

Адвокат Вранчевтің пікірінше, процесс әуел бастан айыптау бағытындағы сипатта болған.

Үзілістен кейін сот адвокаттың өтінішін қабылдамады. Прокурор өзінің бұрынғы әріптесі үшін кішкентай жастағы балалары 14 жасқа толғанға дейін жазаның орындалуын кейінге қалдырып, 7,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Отырыстан кейін Смадьярова аурухананың орнына тергеу абақтысына жіберілді. Анықтағанымыздай, оның ісі бойынша үш әйел – УГ-157 мекемесінің бұрынғы есепшісі, сол колонияның бұрынғы басшысы және әйелдерді түзету мекемесіне түрлі жеткізілімдерді жеткізумен айналысатын кәсіпкер әйел негізгі куәгерлер болып отыр.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН

6 ақпан 2017, 23:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.