Ала дорбасына сүт толы пластик бөтелкелерін толтырып алып, «Көктем» базарының кіреберіс қақпасының сыртында тұратын әжелерді жиі көруге болады. Олар қолайсыз ауа райына да қарамайды.
Кейде базар қожайындары әлгі әжелерді тұрғызбай жолдың арғы бетіне қарай қуып та жатады. Бірақ оларға базардың ішінде тұрып сату тиімсіз. Себебі, сауда орны үшін ақы төлеуге тура келеді. Ал оған Ракуша ауылынан барыс-келіс жолды қосқанда келген еңбегі ақталмайды.
Аты-жөнін айтқысы келмеген 70 жас шамасындағы әжей былай дейді:
- Таңғы сағат 6-да тұрып сиыр сауамын. Ол оңай шаруа емес. Менің сүт сатып келе жатқаныма 20 жыл болды. Сүтімізге үйреніп алғандар іздеп келеді өздері. Саудадан түскен аз-мұз тиын тиісті керек-жарақтар алуға кейде жетіп те қалады.
Ракуша тұрғыны Жаңыл ХАМЗИНА (суретте оң жақта):
- Мен 15 жылдан бері базар ішінде қаймақ, сүт сатып келемін. Онда сауда орны үшін, ветеринариялық, санитарлық сараптама зертханасына және өнімді сақтаған үшін ақы алады. Қазір де қолымызда санитарлы кітапшамен бірге малымыздың тексерілгендігі жайлы қағаз бар. Бізге базар ішіндегі орынға жеңілдік жасалса дұрыс болар еді.
Ал Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Хайролла БАЗАРБАЕВТІҢ пікірінше, қалада ауыл тұрғындары үшін мал өнімдерін саудаға шығаруда проблема жоқ.
-Қалада апта сайын, әр сенбі, жексенбі күндері сауда жәрмеңкесіне шыға алады. Онда сауда орны үшін ақы алынбайды, тегін. Тек, жәрмеңке ұйымдастырушыдан рұқсат алса болды. Және, сататын өнімін базардағы бағадан 15-20 пайыз төмен түсіруі керек, - дейді Х.Базарбаев. – Оның үстіне, биыл «Ардагер» ықшам ауданындағы жылыжай қасында коммуналды базар құрылысы басталып, биыл салынып болуға тиіс.
Осы базарда ауыл шаруашылығы өнімдерін сатушыларға тиімді бағамен сауда орны беріледі.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген автор