Атырау, 12 желтоқсан 19:04
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 516.93
€ 542.52
₽ 4.98

Өзімнен айнымайтын көшірмем

4 719 просмотра

Егіздер әлемі өзінше бір сырлы әлем. Судың қос тамшысындай бір-бірінен айнымайтын жұптардың өмірі қашанда кездейсоқ оқиғаларға толы. Егіздерді - тосын сыйдың шеберлері деп те атауға болады.  Бұл оларды жалықтырмайды да. 

 

10 минутқа ерте туған

28 жастағы егіз апалы-сіңлілі Жүзімгүл мен Гүлжүзім ІЗТІЛЕУОВАЛАРДЫ (суретте) мен көптен танимын, бірақ араласып көрмеппін. Алғашқыда екеуінің не атын, не өздерін шатастыратын едім.  Сөйтсем жалғыз мен емес екенмін.

Жүздері жарқын, ақкөңіл арулар бүгінде Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде жұмыс істейді. Екеуін бір-бірінен айыру үшін көп адамдар әуелі жақынырақ танысқаннан соң ғана, мінездерінен  айырып жатады.  Гүлжүзім Жүзімгүлге қарағанда қимылы ширақ, батылдау, ер мінезділеу. Олардың туылу уақытының айырмасы 10 минут екен. Ал бірінші болып туған Жүзімгүл. Ол талай қызықты оқиғаларға күнде дерлік тап болатынын айтады.

- Бірде, студент кезімізде мен Алматыға кетуім керек болды да, әлеуметтану пәнінен емтиханға қатыса алмадым. Сол емтихан болатын күні Гүлжүзім мен үшін де кіріп сыннан өтті. Екінші рет емтиханға кіргенде киім ауыстырған. Ешкім байқамапты. Оны осы уақытқа дейін ешкім білмей келді, - деп күледі Жүзімгүл. – Мен одан да қызық жағдайды айтайын. Мектепте оқып жүргенде үстімізге қызылша шығып, укол салу керек болды. Мен бала күнімнен ақхалаттылардан қорқамын. Медбике келгенде Гүлжүзімге өзімді үйде жоқ деп айтқызып, тығылып тұрдым.

Егіз апалы-сіңлілі бірі ауырса, екіншісі де ауырып қалады екен. Үнемі бірге жүріп тұратын олар бір-бірімізді толықтырып тұрамыз дейді. Бір қызығы, олардың тістерінің де орналасуы бірдей.

-Тісімізді емдетуге барып, қабылдауға кезекпен кірдік. Әлгі стоматолог тек қана ауыз қуысымызға, тісімізге мән берген ғой. Түрімізге қарамаған. Екінші болып мен кіргенде ештеңе түсінбей қалды. Сені қазір ғана емдедім ғой дегендей. Кейін екеумізді бірге көріп, рахаттана күліп алды, - дейді егіздің сыңары Жүзімгүл.

 

Оларды әйелдері де айыра алмайды

31 жастағы Руслан мен Рустам ЖҰМАҒАЛИЕВТЕР (суретте) қалада тұрып жатқандарына он жылдың жүзі болды. Олар Құрманғазы ауданы Жыланды ауылында туған. Соңғы кезде оларды туған әке-шешесі де айыра алмайтын болған. Өздері де фотосуреттерден бір-бірін айыра алмай қалатын сәттер болады.

-Соңғы жылдары бір-бірімізге қатты ұқсап барамыз. Бұрын біріміз толықтау, біріміз арық едік, қазір теңестік. Балаларымыз да шатастырып мойнымызға асылып жатады. Байқатпаймыз ғой, көңіліне келмесін деп құшақтап жатамыз. Әйелдеріміз де солай. Бізде бірінші болып туған да, үйленген де Руслан. Туылу уақытының арасы 20 минут. Руслан маған қарағанда бойы сәл аласа. Мысалы балалар арасында бұрын Руслан айтқан анекдотты мен айтып жатсам, қазір ғана оны Руслан айтқан болып шығады. Руслан да маған сыбырлап, мен оны айтып қойдым, айтпа дейді, - дейді Рустам.

Ал Руслан бала күнінде екеуі бір жүрмеуге тырысқанын, ұялшақ болғандарын айтады.

-Біз егіз болғанмен, бір-бірімізді іздеп тұрмаймыз. Соңғы жылдары ғана ашылып әңгіме айтамыз бір-бірімізбен. Мүмкін отбасылы болып, бөлек кеткесін бе? Мектепте Рустам менен кейін әдейі кешігіп келетін сабаққа. Қысылатын едік, бәлкім бәрі егіз деп саусақпен көрсеткесін бе, білмеймін ол туралы ойланбаппын. Мен ауысымдық жұмыстамын. Рустам жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Көшеде оның клиенттері маған не ұмытып кеттің бе, менсінбейсің бе деп амандасып жатады. Мен оларға егізім бар десем, сенбейтіндер де бар, - дейді Руслан.

Айнұр САПАРОВА

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ

Облыстық перзентхана мәліметтері бойынша 2010 жылы - 88, 2011 жылы - 111 егіз сәби дүние есігін ашқан.

15 ақпан 2012, 19:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.