ҰБТ өткізудің жаңа форматы туралы БҒМ «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директорының орынбасары Тұрақты ЫНТЫМАҚОВ (суретте) Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өткен мектеп директорларының жиналысында әңгімеледі.
Бұрынғы форматтан негізгі айырмашылығы – мектеп бітіру емтихандары мен жоғары оқу орындарына түсу үшін ҰБТ тапсырылады. Іс жүзінде бұл ҰБТ енгізілгенге дейін қолданыста болған емтихан жүйесіне оралу болмақ.
БІТІРУ ЕМТИХАНДАРЫ
Биыл міндетті төрт пән мен таңдау арқылы бір пән бойынша барлық түлектер қорытынды аттестация тапсырады. Қазақ мектептерінде қазақ тілінде, орыс мектептерінде орыс тілінде эссе жазуы тиіс, бұған үш сағат уақыт бөлінеді. Шамамен эссе тақырыбы мен жұмыстарды бағалау критерийлері наурызда жарияланатын болады. Алгебрадан және анализ бастамалары бойынша жазбаша жұмысқа бес сағат бөлінеді. Қазақстан тарихын түлектер ауызша, билет бойынша тапсырады. Орыс, өзбек, ұйғыр және тәжік тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілі бойынша, сонымен қатар, қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілінен емтихандар тестілеу түрінде өткізіледі.
Таңдау пәні бойынша да тестілеу әдісі жүргізіледі. Екінші тілді игеру деңгейі үш блок бойынша тестілеу арқылы тексерілетін болады (аудит жүргізу – түлектерге екі мәтін және олардың әрқайсысына бес тапсырмадан, оқу бойынша – екі мәтін және олардың әрқайсысына бес тапсырмадан; лексикалық-грамматикалық бөлім – 20 тапсырма).
Бітіру емтихандары мектептерде өтеді. Оларды бүкіл түлектердің барлығы, соның ішінде, «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегерлері, республикалық және халықаралық олимпиадаларға қатысушылар да тапсыруға міндетті. «Алтын белгі» атағы мен жеке үлгідегі аттестат енді мектептердегі бітіру емтихандарымен расталатын болады. Қорытынды аттестация материалдарын білім беру министрлігі әзірлейді және Ұлттық тестілеу орталығы облыстық білім беру басқармаларына жеткізеді. Ал жұмыстарды мектепте ұйымдастырылған емтихан комиссиясы тексеретін болады. Қорытынды аттестация мерзімдері бүкіл ел үшін министрліктің бұйрығымен бекітіледі. Яғни, Қазақстанның бүкіл мектебі бір күнде эссе жазады, Қазақстан тарихынан тапсырады және т.б. Әзірге аттестация өткізудің болжамды мерзімі – 29 мамыр мен 9 маусым аралығы.
ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНА ТҮСУ ЕМТИХАНЫ
ҰБТ-ның жаңа форматы үш міндетті және таңдау бойынша екі бейінді (профильдік) - бес пәнді тапсыруды қарастырады. Талапкерлерді математикалық сауаттылық бойынша 20 тапсырма, оқу сауаттылығы бойынша 20 тапсырма және Қазақстан тарихы бойынша да осындай мөлшерде тапсырма күтіп тұр. Бейінді пән бойынша талапкерге 30 тапсырманы орындауы қажет.
20 жағдайда ұсынылған бес нұсқадан бір дұрыс жауап таңдау керек. Ал 10 тапсырмада, мәселен, ұсынылған сегіз ұсыныстың екі-үшеуін таңдау керек.
– Мұндай тәсіл талапкерлердің тақырыпты қаншалықты жақсы білетіндігін тексеруге мүмкіндік береді, сонымен қатар, пәндерді жаттауды және оймен болжауды жоққа шығарады. Оқу сауаттылығы бойынша тапсырма түрлі дереккөздерге талдау жасау қабілетін тексеруге, осы дереккөздердегі ақпаратты таразылап, тұжырым жасауға бағытталған. Бұл дағдылар түлектерге әрі қарай жоғары оқу орнында пайдаға асатын болады.
Талапкердің талдау, салыстыру және таразылау, нысандар мен құбылыстарды бағалау қабілеті математикалық сауаттылық бойынша берілген тапсырманы орындау барысында тексерілетін болады, - дейді Тұрақты Ынтымақов. Бес пән бойынша барлығы 120 тапсырма болады. Баллдардың жоғарғы мөлшері – 140. Өткен жылдардан айырмашылығы - барлық баллдар есептеледі.
Естеріңізге салсақ, бұрынғы жылдары орыс мектептерінің түлектері қазақ тілінен, ал қазақ мектептерінің талапкерлері орыс тілінен тапсыратын. Бағалар аттестатқа құйылып, бірақ, балл ретінде есептелмейтін. Өту баллы – 50, тестілеу уақыты – 3 сағат 30 минут. Ынтымақовтың пікірінше, бұл формат талапкерлер үшін анағұрлым қолайлы. Біріншіден, бүкіл жинаған баллдары есептеледі. Екіншіден, жалпы пән бойынша 60 тапсырманы орындау керек, ал талапкерлер ерекше дайындалатын бейінді екі пән бойынша 80 тапсырманы орындауға тура келеді. Демек, түлектердің жақсы нәтижелер көрсетуге мүмкіндіктері мол.
«Алтын белгі» иегерлері, республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ҰБТ-ы жалпы негізде тапсырады. Алайда, байқау кезінде тең нәтижелер болған жағдайда оларға артықшылықтар беріледі.
КЕШЕНДІ ТЕСТІЛЕУ
Колледж түлектері мен алдыңғы жылдары мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түскісі келетін түлектер үшін талапкерлерді кешенді тестілеу (ТКТ) бойынша да өзгерістер енгізілді.
ТКТ жоғары оқу орнының базасында 17-23 шілде аралығында өткізіледі. Үш міндетті және екі бейінді пәнге 3 сағат 30 минут бөлінеді. Үш міндетті пән – математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы және Қазақстан тарихы. Форматы мен шарты ҰБТ тапсыратын түлектермен бірдей. Жоғарғы балл - 140, өту балы – 50.
Қысқартылған оқу формасы бойынша оқуға түсуші колледж түлектері үшін ТКТ форматы басқаша. Талапкер екі пән (60 тапсырма) бойынша тапсырады. Жалпы бейінді пән бойынша 20 тапсырма және бейінді пән бойынша 40 тапсырма. Жалпы бейінді – бұл мамандықтар тобына арналған жалпы пән. Мәселен, бүкіл педагогикалық мамандықтар үшін жалпы бейінді пән «Педагогика және психология негіздері», заң мамандықтары үшін «Мемлекет және құқық негіздері», ветеринария мамандықтары үшін «Биология» және т.б. болып есептеледі. Бейінді пән бойынша үш блокқа бөлінген 40 тапсырма беріледі: бір дұрыс жауап таңдалатын 20 тапсырма; бір немесе бірнеше дұрыс жауап таңдалатын 10 тапсырма, бір дұрыс жауап таңдалатын 10 ахуалдық тапсырма.
Құқыққорғау жүйесінің болашақ қызметкерлері үшін бейіндік пәнге «Қылмыстық құқық», мал дәрігерлері үшін – «Жануарлардың анатомиясы және физиологиясы», нақты ғылымдарды болашақ оқытушылар үшін – «Математика» және т.б. жатады. Нәтижесінде түлектер 1 сағат 40 минутта 60 тапсырманы орындауы тиіс. Жоғарғы балл – 70, өту балы – 35, мұнда әр пән бойынша кем дегенде 50 пайыздан аз жинамау керек.
МЕРЗІМДЕР
ҰБТ-ға қатысу үшін 10 наурыздан бастап 10 мамырға дейін, ТКТ-ға қатысуға 1 шілдеге дейін өтініштер қабылданады. ҰБТ өткізу мерзімдері – 20 маусымнан бастап 1 шілдеге дейін, ТКТ-ға – 17-23 шілде. Шығармашылық емтихандарды түлектер 5-10 шілдеде, арнайы емтихандарды (педагогикалық мамандықтарға түсетіндер үшін) – 20 маусым мен 16 шілде аралығында тапсыратын болады. ҰБТ-ға бастапқы баллды бірден жинай алмайтындар емтиханды тағы да екі мәрте қайта тапсыра алады. Біріншісін: 19-24 тамызда, екіншісін – 20-24 қаңтарда.
Қажетті баллды бірінші мәртеде де, екінші мәртеде де жинай алмағандар жоғары оқу орындарына түсе ала ма деген сұрақ туындайды.
– Олар ақылы негізде жоғары оқу орындарына құжаттар тапсыра алады және шартты түрде қабылданған деп есептеледі. Ал ҰБТ-ны ойдағыдай тапсырғаннан кейін толыққанды студент атанады, - деп түсіндірді Т.Ынтымақов.
Кездесуге қатысқан Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек НӘУТИЕВ білім беру гранттарының саны көбейе ме, көбейсе кімнің есебінен көбейеді деген сұрақ қойды.
– Бұл өте өзекті мәселе. Министрліктің болжамы бойынша грант саны көбейеді. Бірақ, мемлекет есебінен емес, жергілікті бюджет есебінен. Жергілікті жерлердегі әкімдіктер оларға қажетті мамандарды оқытуды қаржыландыра алады, - деп жауап берді БҒМ өкілі.
Облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле САЙЛАУОВА мектеп директорларын шұғыл арада, бір апта ішінде қорытынды тестілеу өткізу үшін қажетті жабдықтарды – арнайы рамкалар мен ұялы телефон сигналдарын тұншықтырғыштарды сатып алуға немесе жаңартуға өтініштер беруге шақырды.
Білім министрлігі биыл тестілеуге 151 206 талапкердің, соның ішінде, 91 206 мектеп түлектерінің (жалпы мөлшердің 70%-ын құрайды) және 60 мың колледж түлектері қатысады деп болжам жасап отыр.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН