Атырау, 28 қараша 00:28
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Екі УАЗ-ға ғана үміт артуда

6 282 просмотра


Индер ауданына қарасты Қызылжар мен Ақтан ауылдарының тұрғындары сумен қамту және жол мәселесіне қатысты шағымданған болатын. Индер ауданы Жарсуат ауылдық округінің әкімі Нәсіпқали АЗҒАЛИЕВТЫҢ пікірінше, бұл ауылдардың болашағы жоқ. Алайда, Индер ауданының бас сәулетшісі Бауыржан ИМАНҒАЗИЕВ керісінше деп отыр. Біз екі ауылға да барып көрдік.

ҚЫЗЫЛЖАР

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұдан шамамен 80 жыл бұрын Қызылжар (Төртінші ауыл деп те атайды) «Бірлік күш» колхозы орталығы болып гүрілдеп тұрыпты. Кейін колхоз, совхоздарды ірілендіру кезінде колхоз Жарсуат ауылына көшіріліп, Қызылжар шағын елді мекен болып қалған. Содан бері 19 түтіні бар кішігірім ауылға көңіл бөлген ешкім болмады. 
Ауыл адамдары азын-аулақ малын бағып күнелтіп отыр. Мұнда медпункттен басқа жұмыс орны жоқ. Онда тек бір фельдшер мен үш жылу операторы еңбек етеді. Сондықтан бұл ауылда жұмыссыздық проблемасы да өзекті. Ауылда 92 адам тіркелген Тұрғындардың көпшілігі Жарсуат ауылына, Индербор поселкесіне және қалаға барып жұмыс жасайды. 

- Бір үйде екі зейнеткер болса, онда бұл отбасының тұрмыстары жаман емес деген сөз. Жолдасым екеуміз 20 жылдан бері жұмыссызбыз. Он қой, төрт ірі қара (бұзау, баспағын қосқанда) бар. Бізде басқа табыс көзі жоқ. Мал сатып күн көреміз. Екі балам Атырауда оқып жатыр. Кезінде облыс әкімі болған Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВКЕ хат жазғанмын, ол ақылы негізде оқитын баламның үш жылдық ақшасын төлеуге көмектесті. Онысына рақмет, бірақ, қазір біз үшін күн көру күннен-күнге қиындап барады, - дейді Бақтылы ҚҰЛЕТОВА


Қызылжарлықтар суды Жарсуаттағы водовозға тапсырыс беріп, құдықты толтырады.  Бір водовоз су 1 500 теңге тұрады. Атырау-Индер трассасына дейін жол асфальтталмаған. Сол себепті қыс, көктем және күз айларындағы лайсаң күндері жеңіл көліктер жүре алмайды. Тұрғындар екі УАЗ көлігіне ғана үміт артып отыр. Ауылда дүкен де жоқ. Дүкеннің болмауынан ауыл адамдары 9 шақырым жердегі Жарсуат ауылынан, болмаса 36 шақырымдағы Индербор поселкесінен керек-жарағын тасиды.   

- Ең болмаса, грейдер салып берсе дейміз. Сосын біз де таза су ішкіміз келеді. Соңғы үш жыл бойы осы екі мәселені жергілікті әкімдікке айтудай-ақ айтып келеміз, бірақ, нәтиже жоқ, Қолымдағы келінім жұмыс жоқтықтан Жарсуатқа барып жұмыс істейді. Екі немерем де сондағы мектепте оқиды. Себебі, мұнда мектеп те жоқ. Бірінші күні кетеді, аптаның аяғында бір келеді. Егер қоғамдық көлік болса жақсы болар еді, - дейді 70 жастағы  қария Жеңіс САТЫШЕВ.


Ауылдағы 20 шақты бала Жарсуатқа қатынап оқиды. Қоғамдық көлік болмағандықтан әр баланы аптасына бір мектепке тасымалдау үшін 500 теңге төлейді. Кейбір көпбалалы отбасылар үшін (төрт баласы бірдей мектепке баратын отбасылар бар) бұл қиындық келтіргендіктен олар Жарсуаттан үй жалдап алуларына тура келген. 

- Елді мекенге бір УАЗ көлігі бөлінеді дегенге қуанып қалып едік, бірақ, әзірге көлік жоқ, - дейді қызылжарлықтар. 

АҚТАН

Қызылжар мен Ақтан ауылдарының арасы бір шақырымға жетпейді. Мұнда екі пәтерлік бес үйде жалпы он отбасы тұрады. Тұрғын саны - 37. Мұнда да сол жұмыссыздақ, жол, су мәселесі өзекті болып тұр. 

- Бәріміздің қарап отырғанымыз Қызылжардағы екі УАЗ автокөлігі. Балшықта соларды шығарамыз. Ол көліктер болмаса, онда жағдай тіптен қиын болар еді. Мұнда адамдар тек малмен күнелтіп отыр. Суы мен жолы бар жаққа көшкісі келеді, бірақ, үйдің бағасы қымбат. Амал жоқ, төзуге тура келеді, - дейді Сайран ЖАНАЛИСОВ

Қызылжардағы медпункттің фельдшері Айсана ӨТЕНОВА  Қызылжар, Ақтан ауылдары мен «Молымбет» қыстағындағы 126 адамды бір өзі қамтып отырғанын жеткізді.  


БОЛАШАҒЫ ЖОҚ БОЛСА, БАС ЖОСПАР НЕГЕ ЖАСАЛАДЫ?

Жарсуат ауылдық округінің әкімдігінде біз округ әкімі Нәсіпқали АЗҒАЛИЕВҚА жолықтық:

- Қызылжар мен Ақтан ауылдарының болашағы жоқ. Ол жерде адамдар малын бағып қана отыр. Көбі үлкен адамдар. Олар үйреніп қалған жерлерінен кетпейді. Ал жастар басқа амалы болмағандықтан отыр десе  де болады. Көбінің Жарсуатта үйлері бар. Балаларға мектепке қатынау үшін көлік жайы былтыр көтерілген. Қаржы бөлінсе, бізге көлік алып берейін деп отыр. Біз сұранысымызды беріп қойдық. Ал суды Жарсуаттағы СТҚ водовоз арқылы құйдырады. Бағаны олар өздері келіскен. Жолдың жобалық-сметалық құжатын жасатуға қаржы бөлінген жоқ. Үлкен ауылдардың жолын асфальттау жұмысы біткесін кезек осы ауылдарға келер деп отырмыз.  

- Ауылдардың болашағы жоқ болса, өткен жылы Қызылжар елді мекеніне бас жоспар не үшін жасалды?  

- Қызылжар тіпті, елді мекенге де жатпайды. Ол бұрыннан тұрып қалған ауыл. Мәселен, Ақтандағы кейбір үйлер бос тұр, болмаса арзан бағаға сатып кеткен. Қызылжардың бас жоспары жасақталып жатыр. Бас жоспар барлық елді мекендерге жасалуда. 

Ал Индер аудандық сәулет, құрылыс, қала құрылысы бөлімінің басшысы Бауыржан ИМАНҒАЗИЕВ бұл ақпаратты былай деп толықтырды:

- Қызылжар елді мекені болашағы бар ауыл есебінде қаралып, одан әрі дамыту мақсатында облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы арқылы шағындатылған бас жоспар өткен жылы жасақталды. Ал Ақтанға бас жоспар жасалынған жоқ. Қызылжарда соңғы он жылда көшу тоқтады, халық тұрақты өмір сүріп жатыр. Екі елді мекенде де газ, жарық, телефон байланысы бар. Қызылжарға бас жоспар халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру және дамыту үшін жасалып отыр. Оларға үй салуы және кәсіпкерлік бағытта жұмыс жасауы үшін жер телімі керек. Бас жоспар болмайынша жер берілмейді. Таза ауыз су жеткізіп беру үшін құжаттар жинақталғасын жобалық-сметалық жобасын жасауға сұраныс берілетін болады. Келешекте проблемалар шешіледі деп үміттеніп, сеніп отырмыз.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА


2 ақпан 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.