Облысымызда аудан әкімдерінің халық алдындағы есебі басталды. Оған дейін ауылдық округтер әкімдері есеп берген болатын. Алда ақпан айында Атырау қаласы мен облыс басшылары есеп береді деп күтілуде.
ЖЫЛЫОЙ АУДАНЫ
Жылыой ауданының әкімі Мақсым ІЗБАСОВ ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен 2017 жылға қойылған міндеттер туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, өткен жылы ауданда өнеркәсіп өнімінің көлемі 3 трлн 909 млрд теңгені құрады (әңгіме бірінші кезекте Теңіз кенішінде өндірілген мұнай жөнінде болып отыр. – Л.Қ.).
Өткен жылы 20,9 млрд теңге салық түсті, бұл 2015 жылмен салыстырғанда едәуір артқан. Шоқпартоғай мен Ақкиізтоғай ауылдарының поселкеішілік жолдарын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жүргізілді. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша Жаңа Қаратон поселкесі мен Қосшағыл, Тұрғызба ауылдарындағы көшелер жарықтандырылып, Қара-Арна, Ақкиізтоғай, Майкөмген ауылдарында балалар ойын алаңдары пайдаланылуға берілді.
Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енген үш жоба іске асты: жылына 30 мың тонна металл жаймаларын шығаратын «Металл-Продукт» ЖШС-нің комбинаты, жылына 12 000 текше метр мұнай шламдарын қайта өңдеумен айналысатын «ЭкоТехникс» ЖШС-і және жылына 30 млн дана жұмыртқа өндіретін «Атырау-Сауда» ЖШС-нің құс фабрикасы.
- Ауданда сәби өлімі 1,1 пайызға өсіп отыр. Есесіне туу көрсеткіші артып, туберкулезбен аурушаңдық азайды, - деді Ізбасов. – 14 дәрігер мен 33 мұғалімге қызметтік пәтерлер мен үйлердің кілті табыс етілді. Бірақ, ауданға әлі де тоғыз дәрігер жетіспейді. «Игілік» бағдарламасы бойынша ауылдарда балабақшалар, спорт кешендері тұрғызылуда. Былтыр ЖК М. Мерғалиевтің демеушілігімен Құлсарыдан 165 орындық балабақша салынып берілді.
Бұдан кейін жиынға қатысушылар қоғамдық көліктер мен елді мекендердің санитарлық жағдайы, денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді көтерді.
- Мені Жем өзенінің тағдыры толғантады. Ауданда су тапшылығын болдырмас үшін Аралтөбеден су қоймасын жасақтау керек, - деді «Жылыой табиғаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек ШЫҢҒЫСОВ.
Облыс әкімі Н. Ноғаев аудан әкімінің есебіне оң баға берді.
МАҚАТ АУДАНЫ
Мақат ауданының әкімі Берікқали СӘРСЕНҒАЛИЕВ өз есебінде аудандағы өндіріс көлемі 61,7 млрд теңге болғанын атап өтті. Жергілікті бюджет артығымен (108 пайызға) орындалған. Ауданда 14 322 шаршы метр тұрғын үй пайдаланылуға берілді. Ауданда 2016 жылғы 18 жасқа дейінгі 10 103 бала арасында скрининг жүргізілген кезде 753 баладан түрлі аурушаңдық анықталып (негізінен тыныс алу жолдары мен көз аурулары), 573 балаға емдеу шаралары жүргізілген.
Мақаттықтар есеп беру жиналысына келген облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВҚА алдында жергілікті спорт мектебінің тарлығына шығамданды, аудан орталығында жүзу бассейнінің жоқтығын айтып, баспана мәселесін көтерді. Ноғаев сегіз жылдан бері пәтер жалдап жүрген полиция қызметкерінің мәселесін тез арада шешуді аудан әкімі Б.Сәрсенғалиевке тапсырды.
Сондай-ақ, Мақат поселкесінде 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы, Бәйгетөбе ауылдық округінің әкімдігіне жеке ғимарат және мал қорымын салу, «Балбөбек» және «Сандуғаш» балабақшаларына күрделі жөндеу жүргізу және тағы басқа да жұмыстар жоспарланып отыр. Сонымен қатар, орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту, білім беру сапасын арттыру міндеттері тұр.
Облыс әкімі аудан әкімінің есебіне қанағаттанарлық деген баға берді.
ИНДЕР АУДАНЫ, ИНДЕРБОР ПОСЕЛКЕСІ
Индербор поселкесінің әкімі Алмас ҚҰСАЙЫНОВ есеп беру жиынында поселкедегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының орындалу барысы мен тұрғын үй қорының жағдайы туралы айтты.
- Көпқабатты үйлердің кейбірі жеке дербес қазандыққа көшірілгенімен тиісті орындардың рұқсатын ала алмай келеміз. Қарағандыдағы жағдайға байланысты комиссия құрылып, апатты жағдайлардың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Ал орталық жылу қазандығына қосылған тұрғындардың жылуға берешегі 5 млн теңгенің үстіне шығып отыр, - деді әкім А. Құсайынов.
Аудан әкімі Серік АРЫСТАН поселкедегі өңірлердің даму рейтингі бойынша қалыс қалып жатқанына назар аударды.
Сонымен бірге, поселкедегі күз бен қыстың ішінде салынған жаяу жүргінші жолына байланысты сұрақтар көпшіліктің талқысына түсті. Көптеген жергілікті тұрғындар республикалық бюджеттің 114 млн 900 мың теңгесіне бағаланған төсемтастың ұзақ уақыт тұратынына күмән білдіреді. Осы жиынға әдейі шақырылған Қарағандыдағы «Әлеуметтік қызметтер орталығы» қоғамдық ұйымының өкілі Николай МИЛЯКОВ (суретте) алаңдауға еш себеп жоқ деп сендірді:
- Шынымен де біз жұмысты кеш бастадық, бірақ соңғы технологиялармен жұмыс жасадық. Әрі біздің кепілдік мерзіміміз екі жыл.
Поселкеде 11 дана бейнебақылау орнату жоспарланып отыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор