Атырау, 22 желтоқсан 23:22
 ашықВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Абақтыдан жеткен хат

3 143 просмотра

Аджип ККО компаниясының бұрынғы топ-менеджері итальяндық Флавио СИДАНЬИ  «АЖ» редакциясына хат жолдады.

«Флавионың бастан кешкендері» деген мақаладан соң (12 қаңтар 2012 жыл, «АЖ» №2 санын қараңыз) «Аджип ККО» компаниясының бұрынғы менеджері Флавио СИДАНЬИ «АЖ» редакциясына өз көзқарасын білдірген-ді.

Естеріңізге салсақ, ол 2010 жылғы 14 қыркүйектегі сот үкімімен аса ірі мөлшерде есірткі тасымалдағаны үшін 6 жыл мерзімге  сотталған еді.  Дегенмен Флавио Сиданьи мырза сот шешіміне  сәйкес жазасын  Атырау қаласындағы тергеу изоляторында емес, қатаң режимдегі колонияда өтеуі тиіс болатын. Біз абақтыдан жеткен хатты назарларыңызға сәл ықшамдап ұсынып отырмыз.

Құрметті Сәния! Менің бұл хатымды «Ақ Жайық» газетінде жарияланған мақалаңызда қойылған сұрақтарыңызға жауап ретіндегі әрекетім деп білерсіз. Сонымен, осы бап бойынша төменгі жаза мерзімі 10 жыл құрайтын болса, неліктен маған тек 6 жылға ғана үкім шығарылған? Бірақ алдымен мен бұл сұрақты басқаша қойғым келіп отыр: неліктен маған мұндай ұзақ мерзімге үкім шығарылды, мен есірткіні сатқаным  жоқ, тек шектім ғой? (осы жерде және әрі қарай белгілеген менС.Т.).

Маған бейнежазба арқылы айып тағылып отыр, оны ноутбугымнан ҰҚК қызметкерлері тауып алды. Ол жерде мен достарыммен бірге түскенмін. Бұл кадрлар сотта мені достарымның арасында есірткі тартып емес, таратты деп түсіндіріледі. Үкімде біздің каннабис сигарасын бір-бірімізге беріп, шеккеніміз туралы факт, мұны жалғыз мен ғана жасағандай, есірткі сату деп танылды. Ендеше неліктен есірткіні айналдыра шегіп шыққан басқалар сату-сатып алуға қатысушылар ретінде қарастырылмаған? (біздегі мәліметтер бойынша,  басқа шегушілер – «Аджип» менеджерлері  жанжалдан кейін бірден жұмыстарынан шығып, отандарына кетіп қалған С.Т.).

Осылайша үкімге сәйкес, мен не сатып алушысы, не кірісі жоқ араларындағы жалғыз ғана қылмыстық тұлға боп шыға келдім.Сондай-ақ, куәгерлерді тергеу барысында менің оларға ештеңе сатпағаным және ешқашан оларды есірткі шегуге мәжбүрлемегенім туралы түсінік жауаптарын бергендерін еске саламын. Сондықтан мұндай үкімнің шығарылуына ешқандай негіз болған жоқ.

Қатаң режимдегі колонияда жазамды өтеуге үкім шығарылған мен неліктен Атырау тергеу изоляторында жатырмын? Жақсы сұрақ. Бірақ бұл менің сот орындарымен сыбайластық байланыс орнатқандығымнан емес, біздің мемлекеттеріміздің арасындағы әлдебір айырбас картасына айналғандығымнан болып отыр-ау, сірә. 

Сіздің мақалаңызда үзіндісі жарияланған менің «La Repubblica» газетінің редакциясына жазған хатымнан кейін Италияның басты газеттері мен телеарналары менің ісіме қызығушылық таныта бастады. БАҚ-тарды тарту өз нәтижесін берді: Италияның премьер-министрі Сильвио БЕРЛУСКОНИ 2010 жылдың 10 желтоқсанында Астанаға барған өз сапарында Қазақстан президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВПЕН мен туралы әңгіме қозғаған. Сондай-ақ Сильвио Берлускони Қазақстан президентіне хат жазып, мені Атырауда қалдыруды, маған қатысты рақымшылық жасауды өтініпті. Италия президенті Джорджио НАПОЛИТАНО Римде Италиядағы Қазақстан елшісімен кездесіп, мені қорғап сөз сөйлеген. Мені қазіргі премьер Марио МОНТИ де қолдады.

Бұдан кейін республикалық қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің деңгейінде мені қатаң режимдегі колонияға жібермей, Атырауда қалдыру туралы шешім қабылданды. Шешім қазақстандық сыртқы істер министрі мен итальяндық елшілікпен келісілген.

Сіз менің түрмедегі жағдайыма риза болмауым бекер деп жазыпсыз. Әрине, қатаң режимдегі колонияда менің жағдайым анағұрлым нашар болар еді. Бірақ осы жердің өзінде, менің Қазақстан азаматы емес екенімді ескерсек, менің өмірім қымбатқа түседі. Мен осы жерде де итальяндық болғандықтан күн сайын кемсітушілікке ұшырап отырамын. Басқалардан ерекшелігім, әлеуметтік тұрғыдан сақтандырылмағандықтан еңбегім төленбейді. Достарым келе алмайды. Мен итальян тілінде DVD-дискілер ала алмаймын. Сіздің мақалаңыз жарыққа шыққаннан кейін телефонымды да алып қойды. Иә, менің қатаң режимдегі өмірім бұдан да нашар болуы мүмкін еді. Бірақ осы жерде басқалар ала алатын нәрселерді мен неге ала алмаймын?

…Қалай ойлайсыз, 132 қазақстандық қаржыгерлерден тұратын штат (бұл менің белсенді қолдауыммен құрылған КРО мен «Аджип ККО»-дағы екі қаржы департаменті) үшін мен кіммін? Бұл адамдар мені моралдық тұрғыдан қорғап қана қоймай, сот биліктері мен Қазақстан перезидентіне өтініш хат жолдады. Италия үкіметі мен президенті туралы айтып өткенмін. 2900-ден астам итальяндық шетел түрмелерінде абақтыда жатыр, бірақ мен секілді осыншама жоғарғы деңгейде қолдау көріп отырған адамдар аз екеніне назар аударып көріңізші.

Хатының соңғы жағында Сиданьи мырза осы хаттың жариялануына түрме басшылығының теріс реакциясы туындауы мүмкін екендігін жасырмапты. Өз атымнан қосарым, ол хатының жариялануына келісім бермес бұрын ұзақ ойланды, бірақ ақыры әйелі Ирина АРТЁМЕНКОМЕН бірге «келісімін» берді.

- Бұл проблема бізге жақсы таныс, - дейді облыс прокурорының аға көмекшісі Бауыржан Еңсегенов. - Атырау қылмыстық атқару жүйесі комитетінің департаменті (ҚАЖКД) республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитетінің хатына сілтейді. Бұл жерде жігіттердің кінәсі жоқ (ҚАЖКД басшылығын айтып отырған шығар – С.Т.).Сондықтан біз Бас прокуратураға Сиданьидің тергеу изоляторында болу заңдылығын анықтау туралы хатты жолдадық. Бұл республикалық деңгейде шешілуі тиіс мәселе. Біз жауабын күтеміз және осы мәселенің шешілуіне мүдделі боп отырмыз. Өйткені ертең сіз болмағанмен, басқа біреу бұл туралы міндетті түрде қайта әңгіме қозғайды.     

Ал, Иринаның айтуынша, «Аджип ККО»-ның бұрынғы қаржы менеджерінің денсаулығы нашарлап барады. Ол гипертоник екен, ал қамаудың алдында оған «Уортин ісігі» деген диагноз қойылыпты.

15 ақпан 2012, 18:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.