Атырау, 28 қараша 00:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Балықшыларға да, балыққа да оңай емес

4 246 просмотра


Құрманғазы ауданындағы балықшылар бірқатар қиындықтарға тап болып отыр

Аудандағы «Каспий-Балық», «Каспий-таңы» өндірістік кооперативтері, «Ақсу-Қиғаш», «Ш. Сүлейменов» ЖШС-тері және «Е. Сәрсенбаев» шаруа қожалықтары және қаладағы «Аманкелді», «Тілекші» ЖШС-тері аудан көлемінде балық аулап, оны өңдеумен қатар, балық жүретін негізгі каналдардың бойын тазалап, су өсімдіктерін шабу және шабақтарды құтқару жұмыстарымен айналысады. 

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, былтыр су арнасынан бөлініп қалған 65 өзекше мен көлшіктерден 21 729,2 млн дана шабақ құтқарылған. Шабақ құтқару кезінде 292 га жердің су көлемі қамтылып, 992 шаршы метр жерге арықтар қазылып, 3 001 га шаршы метр жердің шөбі шабылған. 

Аудандағы барлық табиғат пайдаланушыларына 2016 жылы 5 790,1 тонна жылдық лимит бөлінген еді. Алайда, тек 4 522,2 тонна балық ауланған. Ал 2015 жылы балықшылар жылдық лимитті 86 пайызға орындаған болатын. Былтыр 3 617,4 тонна балық өңделіп (2015 жылы 4138 тонна), шет елдерге экспортқа шығарылды. Балық аулау лимиті мен өңделген балық көлемінің өткен жылға қарағанда кемшін түсуі балықшыларды толғандырып отыр. 

- Егер балық өнеркәсібіндегі мәселелер шешілмесе, онда лимитті орындау осылайша төмендей берері сөзсіз. Ал жоспарлы тапсырманы орындауға біздің күшіміз де, шама-шарқымыз да жетеді, - дейді балықшылар.

Балықшыларды өзен-көлдер-дегі балықтардың жылдан-жылға азайып бара жатқандығы да алаңдатып отыр. Оның басты себебі, су көлемінің азаюы. Жергілікті тұрғындарды ауыз сумен қамтып отырған Қиғаш, Шарон өзендерінің гидрогеологиялық жағдайы өте нашар. Су ағысы қалыпты жағдайдан өте төмен, соңғы 20-25 жылда мелиорация жұмыстары жүргізілмеген. 
- Бүгінде ең басты мәселе – мелиорация жұмыстарын жүргізу. Ауладағы каналдар мен теңіз тамағын тереңдетіп қазу мәселесін қолға алу қажет. Қаржыландыру мәселесін республикалық деңгейде шешу керек. Егер бұл мәселе шешілсе, онда Шарон өзенінің теңіз тамағында, Кнаша, Коневский, Жаркосе және Ганюшкин каналдарында тереңдетіп қазу жұмыстары жүргізіліп, 6 млн 905 мың текше метр топырақ шығарылады деп жоспарланып отыр, - дейді Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Жандос БЕКТЕМІРОВ

Күні бүгінде Батыс Қазақстан облысындағы «Уралводпроект» ЖШС «Қиғаш өзенінің суын молайту және гидрологиялық режимін жақсарту» жобасы бойынша топографиялық және геологиялық ізденістер жүргізуде екен. Жоба құны - 43 млн 680 мың теңге. Мақсаты - Қиғаш өзенін тереңдетіп қазу. 


Балықшылар үшін тағы бір басты проблема - балық аулауға рұқсат алу үшін биоресурсқа төленетін төлемдер. 
- Лимит жылдың басында бекітілсе дейміз. Көршілес Ресей елінде лимит ерте бастан бөлініп, мұз түсе бастағаннан ау сала бастайды. Ал бізде ше? Қаулыны үкімет ақпанның аяғында шығарады. Қаулы газетке жарияланғаннан соң он күннен кейін күшіне енеді. Біз наурыздан бастап балық аулауға кірісе бастаймыз. Бұл тым кеш. Көктемде балық аулағаннан кейін балықты Атырау қаласына сараптамаға апарамыз. Оның нәтижесін бір апта, тіпті, 10 күн күтеміз. Ал біз тұратын Сафоновка ауылы мен қаланың арасы 350 шақырым. Біз сараптама нәтижесін күткенше шетелден келген тапсырыс берушілер де күтіп қалады. Ал біз олардың көліктері босқа тұрғаны үшін 500 доллардан төлеуге мәжбүрміз. Аудан басында жаңадан салынған зертхана бар. Сараптама неге осы жерден жасалып, анықтаманы осы жерден бермейді? - дейді «Каспий-Таңы» ӨК басшысы Бақытжан ТЕМІРОВ. – Тағы бір қиындық, біз балықты күндіз ғана жеткізуіміз керек. Шекарашылар түнде жүруге рұқсат етпейді, таңға дейін тоқтатып қояды. Осындай кедергілердің салдарынан біздің аулаған балығымызды Сафоновкаға дейін жеткізу үшін біраз уақытымыз кетіп қалады. Күн ыссыда бұдан да қиын, балықтар шіріп кетеді.

Балықшыларға фермерлерге берілетіндей субсидия төлеу көзделмеген. Ал оларға бұл үлкен көмек болар еді. Субсидия тек балық өсірумен және тоған шаруашылығымен айналысатын табиғат пайдаланушыларға беріледі.

Бүгінде аудан балықшылары су айдындары мен олардың учаскелерінде оттегі режимін ұстауды қамтамасыз ету үшін аэрация жұмыстарын жүргізуге кірісті. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА


26 қаңтар 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.