Менің апам үш баланы тәрбиелеп отыр, оның біреуі бала кезінен мүгедек. Баласы мектепке бармайды, баланы күту үшін апама жұмысынан шығуға тура келді. Біз аурулы баласын күтетін жұмыссыз аналарға да жәрдемақы тиесілі дегенді естідік. Оны қайдан рәсімдеуге болады? Оған қандай құжаттар керек?
Мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасынашынында да мүгедектік бойынша алатын жәрдемақыдан басқа жергілікті және республикалық бюджет есебінен берілетін жәрдемақыны алуына болады.
- Балаларды үйде тәрбиелеп, оқытып отырған отбасыларына жергілікті бюджеттен 2,4 АЕК көлеміндегі, яғни, 3 883 теңге шамасында материалдық көмек беріледі, - дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлі-мінің әлеуметтік төлемдер секторының бас маманы Райхан САЛАМАТОВА.
Жәрдемақының бұл түрін тағайындау үшін міндетті түрде халыққа қызмет көрсету орталығына жолығу керек. Белгіленген үлгідегі арызды толтырып, оған баланың туу туралы куәлігін, мүгедектігін танығандығы туралы медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясының (МӘС) анықтамасын, баланы үйден тәрбиелеп, оқытуға мұқтаж деген облыстық білім беру басқармасы жанындағы психо-медико - педагогикалық комиссиясының (ол Азаттық, 32 «а» мекен-жайында орналасқан) анықтамасы жалғануы тиіс. Оған қоса өтініш берушінің (анасы, әкесі немесе қорғаншысы) жеке бас куәлігі мен ӘЖК, СТН және өтініш беруші және бала тіркелген үй кітапшасын ұсыну керек. Егер өтінішті қорғаншы беретін болса, онда қорғаншылықты тағайындаған органның шешімі ұсынылады. Халыққа қызмет көрсету орталығына құжаттардың түпнұсқалары (тексеру үшін) мен көшірмелері тапсырылады. Жәрдемақы алушы сондай-ақ, «Қазпоштаның» кез-келген филиалынан жеке шот ашуға тиісті.
- Бұдан басқа, мүгедек баланы үйде тәрбиелеп, оқытып отырған ата-аналарға немесе басқа тұлғаларға ең аз еңбекақы мөлшерінде жәрдемақы төленеді, ол 17 439 теңгені құрайды, - деп түсіндірді мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы операция залының бастығы Мухсина ӘЛМҰХАНОВА. – Оны алу үшін міндетті түрде мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығына жолығу керек. Өздеріңізбен бірге жоғарыдағыдай құжаттар пакеті болуы тиіс.