Жылыой ауданында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік бағдарлама халықаралық деңгейде танылды
Жыл басында Катардағы Доха қаласында ХХ Дүниежүзілік мұнай конгресінде Атырау облысының Жылыой ауданында жүзеге асырылып жатқан «Әлеуметтік дамудағы азаматтық қатысу» бағдарламасы дүние жүзі бойынша мұнай секторы компаниялары жүзеге асыратын үздік әлеуметтік жобалардың бірі ретінде танылды. Бұл «Орталық Азия Евразия» қоры мен «Теңізшевройл» ЖШС-нің біріккен жобасы.
Балықтың орнына қармақ бер
Көрменің «Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік» секциясына Үндістанның, Австралияның, Бразилияның, Перудің, Колумбияның және басқа елдердің 12 жобасы қойылды. Олардың арасында Жылыой ауданының бағдарламасы да бар. Бұл облысымыздағы «Теңізшевройл» қаржыландырып отырған сегіз әлеуметтік бағдарламаның бірі. Ол Жылыой ауданында 2009 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. «Орталық Азия Евразия» қорының мәліметтері бойынша, бүкіл мерзім бойына «Әлеуметтік дамудағы азаматтық қатысу» бағдарламасы 20 млн теңге сома шамасында 15 әлеуметтік шағын жобаларды қаржыландырған. Оған 8 мыңнан астам, яғни әрбір тоғызыншы аудан тұрғындары тартылған.
2011 жылы аудандағы коммерциялық емес ұйымдар 7 гранттық әлеуметтік жобаларды жүзеге асырған: бұлар мүмкіндіктері шектеулі балаларды оңалту, жасөспірімдер туризмі, спорт және емдік дене шынықтыру, мұғалімдердің біліктілігін көтеру жөніндегі тренингтер, жастардың көшбасшылық қасиетін дамыту, жұмыссыз әйелдерді оқыту. Биылғы жылы ауданға барлығы 12 млн теңге сомасында әлеуметтік гранттар мен келісім-шарттар берілген. Сондай-ақ, коммерциялық емес ұйымдар мақсаттық топтар үшін жаңа қызметтер енгізіп, қызмет алушылар санын екі есеге – 4 645 адамға дейін көбейткен. 2011 жылы коммерциялық емес ұйым қызметкерлерінің басқарушылық дағдыларын дамыту жөніндегі қызметтер жалғасын тапқан.
– Бағдарлама аясында халық қолөнерін жаңғыртуға жұмыссыз әйелдерді тарту жобасын жүзеге асырдым, - дейді «Замана Сазы» қоғамдық ұйымының директоры Гүлмира КАНАЛИЕВА. – Мен ішінара болса да, бір нәрсені өз қолымен жасауды үйренуге және содан табыс табуға қол ұшын бердім. Қарапайым әйелдермен жұмыс жасай жүріп, оларды мазалайтын проблемалар мен мәселелерді айқын түсіндім. Оларға кеңес беріп немесе жылы сөзіммен дем беруге тырыстым. Содан кейін осындай проблемаларды талқылап, шешу үшін «Әйелдер клубын» құруды ойға алдым.
Тізімдегі 33 донор
Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан үшін әлеуметтік жобаларды жүзеге асыратын «Евразия» қоры салмақты кеңсе боп шықты, мұны оның сайтына көз тастасаң байқауға болады. 33 донордан тұратын тізім әсер қалдырады екен: USAID, американдық мемлекеттік департамент, АҚШ елшілігі және Қазақстан мен Ресейдегі барлық еуропалық елдердің елшіліктері, осы мемлекеттердің сыртқы істер министрліктері, «Майкрософт Казахстан» ЖШС, Ержан Тәтішевтің қоры, «Шеврон Мұнайгаз Инк.», «Экссон Мобил Казахстан Инк.»… Қордың серіктестері жүз шақты, олардың ішінде –«Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.», «Теңізшевройл» ЖШС, Дүниежүзілік Банк те бар...
Қор – қоғамға қатысты өз міндеттемелерін қор арқылы орындайтын ірі донор-компаниялардың өзіндік «әлеуметтік мердігері». Қор үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдарға қаржы бөліп қана қоймай, «әлеуметтік» ақшаларды игеруге белсенді түрде атсалысады. Өткен жылы ТШО қорға әлеуметтік жобалар үшін шамамен 1 млн доллар қаржы бөлді. Биылғы жылы қорға ақпан айында қаржы түспек деп хабарлады Жылыой ауданы бойынша жоба ассистенті Мәдина ҒАЛИЕВА.
Өткен жыл ішінде ТШО «Еуразия» қорының Жылыой ауданында жүзеге асырған әлеуметтік жобаларына 250 мың доллардай қаржы бөлген еді.
– ТШО-мен бірге 2009 жылдан бері азаматтық қоғамның дамуына, білім және денсаулық деңгейін көтеруге қатысты 3 жоба бойынша жұмыс жасап келеміз. Түрлі тренингтер өткіземіз. Дәрігерлерге, мәселен, пациенттермен қарым-қатынас жасау әдісін үйреттік, - дейді Мәдина Ғалиева.
– Неліктен жобалардың барлығы Жылыойда жүзеге асырылады?
– Өйткені біздің донор осы ауданда жұмыс істейді.
Шамасы, Теңіздегі вахталық поселкенің көршілес жатқанын айтқан болуы керек.
Жалпы, билік те, басқа да ұмытқан жылыойлықтар шеттегі қайырымды ағайлардың арқасында азаматтық қоғам құндылықтарына қосылды. Алайда мұнай саласындағы инвесторлардың қомақты әлеуметтік жобалары жөнінде әңгіме қозғалса, түптеп келгенде осынау адам естімеген жомарттық үшін есеп-айырысатын кім деген сұрақ көлденең тұра қалады. Оның жауабын Өнім бөлінісі туралы келісімнен табуға болады. Алайда қазақстандықтар үшін бұл құжат, әлі күнге дейін құпия.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА