Азаматтарды уақытша тіркеу жөніндегі өзекті мәселе WhatsApp арқылы әкім атынан айтылған жаңа ақпараттың таралуына алып келді.
Рас, облыс әкімі ме, әлде қала әкімі ме, қайсысы екені түсініксіз. Ресми тұлға азаматтардың тіркелуін тексеруге келгендерге, тіпті, форма киген адамдарға да есік ашпау туралы өкім шығарыпты-мыс. Қылмыскерлер осы жағдайды пайдалануы мүмкін делінген. Отбасы мүшелерінің барлығына мықтап ескерту туралы айтылған.
Облыстық және қалалық әкімдіктердің баспасөз қызметі «АЖ»-ға ресми жауап берді: облыс және қала басшылығы мұндай өкім шығармаған.
Өз кезегінде ІІД көші-қон полициясы бастығының орынбасары Болат ДОСҚАЛИЕВ та әкімдіктің мұндай өкім шығарып, WhatsApp арқылы тарататындығына күмән білдірді. Егер уақытша тіркеуді тексеруге қатысты криминалдық фактілер орын алған болса, полицияға азаматтардан шағымдар түскен болар еді:
– Бізге өздерін полицейміз деп таныстырған алаяқтардың қылмыстық әрекеттеріне байланысты ешқандай шағымдар түскен жоқ. БАҚ-тарға хабарлағанымдай, ресми тексерулер заң күшіне енгеннен кейін бір айдан соң басталады. Тексерулер күн сайын жүргізілмейді, тек жоспарлы рейд кезінде ғана жүреді. Қалай болғанда да, азаматтар учаскелік инспекторлар мен полицейлер келген кезде 102 нөміріне қоңырау шалып: қазіргі уақытта жедел-алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр ма және оларда үйлеріне келген қызметкерлер жұмыс жасай ма, жоқ па, осыны нақтылай алады.
Айтпақшы, бұл WhatsApp арқылы таралған алғашқы жалған ақпарат емес. Жақында ғана Атырау тұрғындарына мессенджер арқылы кішкентай баланың қайтыс болғаны туралы хабарлама таралды. Ал шындығында бала, бағына қарай тірі, иттер талаған зақымнан қатты зардап шеккен болып шықты. Бала мен оның ата-анасы, оның туған айы-күні мен үй мекенжайы туралы толық ақпарат азаматтарды хабарламаның шынайы екендігіне және ресми органдардан «жылыстаған ақпарат» екендігіне сенуге мәжбүр етті. Осы бүкіл жағымсыз ақпарат зардап шегушінің отбасы үшін онсыз да ауыр жағдайды шиеленістіріп жіберді.
Жақында Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мен полицейлерден осы факті бойынша қаскөйлерді іздестіру жүріп жатыр ма және олар үшін жаза қарастырылған ба деген сұрақ қойған едім. ІІД жергілікті полицей қызметі бастығының орынбасары Әлібек ҚАЙЫРОВ:
– Тергеу жұмыстары жүргізілуде, кінәлі тұлғалар көрінеу жалған ақпаратты таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады, - деп жауап берді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ
ҚР ҚК-нің 274-бабы («Көрінеу жалған ақпарат тарату»)
1. Қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату – бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;
2) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып;
3) бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет – бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтіруге немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекеттер – жеті мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде
1) қылмыстық топ жасаған;
2) төтенше жағдай кезінде немесе ұрыс жағдайында немесе соғыс уақытында не жария іс-шаралар өткізу кезінде жасалған іс-әрекеттер - бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.