Исатай ауданы Жанбай ауылының әуесқой аңшылары ауыл малын қасқырдан қорғау үшін бірікті.
- Теңіз жағалауын қалың қамыс басқан. Біздің малдарымыз солай қарай бағытталып жайылады. Түз тағысы да көбіне сол маңды мекендейді, - дейді жанбайлықтар.
Жанбайлық аңшылардың ең үлкені 74 жастағы Хани ХАМИДУЛЛИН. Малшы отбасынан шыққан Хани ақсақал жұмыстан тыс бос уақытын аңшылыққа арнайды. Сондықтан ауылдың әуесқойлары ақсақалсыз аңшылыққа шықпайды.
- Түз тағысымен күрес жыл бойы жүре береді. Жазда құм өресіне бірнеше шақырым жүріп, бес, алты күн жүретініміз бар. Биылғы қыста қар қалың түсе қойған жоқ, қар қалыңдығы әзірге 5 сантиметр деңгейде. Есесіне шөптің бітік шыққаны түз тағысының жасырынуына мүмкіндік беріп отыр. Бүгінгі бағытымыз Жанбай, Березин, Манаш, Амангелді, Бөрлі, Теңіз учаскелері болмақ, - дейді Хани Хамидуллин.
Хани ақсақалдан бөлек Айғали МАРДАНОВ, Сейітжан СҮНДЕТҚАЛИЕВ, Асылхан ӨТЕШОВ, Нұрғиса МҰХАМЕДЖАНОВ, Сүйеу АМАНБАЕВ аңшылыққа он жылдан бері шығып келеді, кейін бес жыл бұрын оларға Бейбіт ЖҰМАҒАЗИЕВ келіп қосылды.
Қасқырды ептілік пен бірігіп әрекет етудің арқасында олжалауға болады.
- Біз қасқырларды қалың қамысқа кіргізбей алу үшін көп көлікпен жан-жақтан тықсыра қуамыз. Бір көлікте кем дегенде екі адам отыру керек – біреуі рөлде, екіншісі мылтық ұстап атуға дайындалып отыру керек, - дейді Асылхан Өтешов. - Қасқырдан қу аңды көрмеппіз. Оның иіс сезгіштігі соншалық, ол желдің бағытымен артынан адам түскенін тез аңғарады. Біз сондай-ақ, індеріне қақпан құрамыз. Қақпанды құрар алдында оны сол маңдағы шөпке үйкелеп, болмаса малдың қиына малып аламыз. Әйтпесе адамның келгенін иіс арқылы айырып алады. Іннің айналасындағы шөп жапырылып, болмаса аяқ киімнің ізі жатса, тез аңғарып бой тасалап үлгереді.
- Қасқыр аулаудың тағы қандай қиындығы бар?
- Қасқырдың қулығы көп, кейде із тастай отырып, сол ізбен кері шығып қапы қалдыратыны бар. Кейде қасқыр сенің артыңда жүруі мүмкін. Олар көбіне жел жаққа қарай жүреді, себебі, иісті бірнеше шақырымнан сезіп отырады. Біз оларды қалың қамысқа кіргізбеуге тырысамыз. Қамыс арасына кетсе көлік кіре алмайды, жаяу жүріп те алу қиын. Әрбір сыбдыр мен қимыл олар үшін сигнал болып табылады. Сондықтан біз бірнеше шақырымдап шөбі сұйық қыр өңіріне қашуына әрекет жасаймыз. Бірнеше көлікпен қуып жүріп, биыл бес түз тағысын алуға қол жеткіздік.
- Аңшылыққа қалай келдіңіз?
- Мен де ауылда тұрғасын мал ұстаймын. Өзім «Жайықмұнайгаз» АҚ-да оператор болып жұмыс жасаймын. Он бес күн жұмыс жасап, он бес күн демаламын. Малымызды қасқыр жеп кетіп жүргесін, біз қасқыр аулайық деп біріктік. Біз - досым, үзеңгілесім Сүйеу Аманбаев екеуміз аңшылыққа бір машинамен шығамыз. Ол көлікті жақсы жүрізеді, ал мен мылтығыма ие боламын.
Қасқыр терісін тапсырғаны үшін аңшылар 22 мың теңге, ал бөлтірігінің терісі үшін 10 мың тең-ге алады. Аңшылар ортақ табысқа Атыраудан оқ сатып алады.
- Ауданда 20-дан астам әуесқой аңшы бар. Жанбай ауылы теңізге жақын орналасқан. Мұнда қамыс қалың өсіп тұр. Бұл қасқыр көп жүретін жер. Ауылдықтар қасқырлар малына жиі шабатын болғандықтан тынышы кеткен, - дейді Исатай аудандық аңшылар шаруашылығының төрағасы Дауылбай ҚАНАТБАЕВ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА