Атырау, 23 қараша 22:46
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Бiр қоржындағы қаржылар

1 953 просмотра

Жинақтаушы зейнетақы қорларының инвестициялық кірістері жылдан жылға азаюда

Қазақстандық зейнетақы жүйесін қанша мақтағанмен, зейнеткерлер одан байып кетпейді. Керісінше, көп қаржыны жоғалта береді. Бірнеше жылдан бері жинақтаушы зейнетақы қорларының инвестициялық кірістерін инфляция «жеп жатыр». Өткен жылдың қорытындысы бойынша жинақтаушы зейнетақы қорының орташа кірісі 6 пайыз инфляция болған кезде 2,59 пайыз құраған. Бұл соңғы бірнеше жыл ішіндегі өте төмен нәтиже. Егер жағдай жақсы жағына қарай өзгермесе, бізді тағы бір дағдарыс күтіп тұр. Бұл жолы ол зейнетақы дағдарысы болмақ.

Ұлттық банк басшысы Григорий МАРЧЕНКОжинақтаушы зейнетақы қорларын әлсіз звено және бүкіл ел экономикасы үшін тәуекел көзі деп атады. Оның пікірінше, қор кірістілігінің төмен болуы инфляцияны жаппайтындықтан, бұл болашақта азаматтардың зейнетақы жинақтарын сақтау жөніндегі міндеттемелерді орындауға тура келген кезде мемлекеттік бюджетке әсерін тигізеді екен.

Бұдан бейхабар жандар үшін түсіндіре кетейін. 2009 жылдың «Бюджет туралы» заңында инфляцияны ескере отырып, зейнетақы жарналарының мөл-шері мен зейнеткерлікке шыққан кездегі нақты жинақтың айырмашылығын өтеу үшін белгілі бір сома қарастырылған. Яғни, бір мәрте берілетін төлемдер түріндегі инфляциялық шығындарды зейнеткерлерге осы жылдар бойына мемлекет төлеп келеді. Өйткені заң бойынша ол зейнетақы салымдарының сақталуына кепілдік береді. Айта кетелік, мұндай норма сонау 2003 жылы жазылған болатын, алайда 2008 жылдың дағдарысына дейін оған қажеттілік туындаған жоқ.

2012-14 жылдардың бюджетіне айырмашылықты төлеуге қаржылар салынған. Осыдан келіп, таяу жылдарда жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық кірістілігі жоғары көрсеткіште болуы екіталай деген қорытынды жасауға болады.

Портфель 3-ке бөлінбейді

- Жақында президент Ұлттық банкке зейнетақы қорларының стратегиясын анықтауды тапсырды, - дейді Ұлттық банктің Атырау филиалы директорының орынбасары Орынтай КЕНЖЕТАЕВ. – Бәлкім, салымшыға өз ақшасын өзіне басқарту мүмкіндігі ұсынылатын болар. Бірақ мұның бәрін жоғары жақтағылар шешеді, сондықтан алдын-ала бірдеңе деуге әлі ерте.

Өз зейнетақы жинақтарын басқару деген қалай? Зейнетақы қорының салымшысы бола отырып, сіз өз ақшаңызды үш түрлі: консервативтік, бір қалыпты және агрессивтік инвестициялық портфельдерге (қоржындарға) бөле аласыз. Бұл туралы көптен бері әңгіме болып жүр. Алайда салымшыға таңдау мүмкіндігі әзірге берілген жоқ.

2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап бір инвестициялық портфельді екіге – консервативтік және бір қалыптыға бөлу туралы норма күшіне енді. Олардың тәуекелдері, демек, пайдалары да мейлінше аз болады. Осы  екі портфельге мемлекет кепілдік береді. Зейнеткерлік жасқа жеткен салымшылардың жинақтары автоматты түрде консервативтік портфельге ауыстырылған. Онда компанияның акциялары жоқ, тек кірістілігі белгіленген облигациялар, соның ішінде мемлекеттік облигациялар да бар. Бұл портфельдің мақсаты – салымшының активтерін сақтау.

Зейнеткерлік жасқа жетпеген салымшылардың жинақтары бір қалыпты портфельге ауысты. Онда 30 пайызға дейін компания акциясына ие болуға рұқсат етіледі (яғни, бұл жерде кірістілік жоғары, бірақ тәуекел пайда болады).

Экономистер осы екі портфель арасында елеулі айырмашылықтар жоқ деп айтады. Сайып келгенде, біз бұрынғыша барлық жинақтарымызды бір себетте сақтаймыз.

Экономика қандай  - зейнетақы да сондай

Зейнетақы қорлары бір орында тұр деп айтуға болмайды. Олардың кейбірі өз әріптестерін басып озып, кірістіліктің жоғары деңгейін көрсетеді. Алайда жалпы зейнетақы жүйесі қиын жағдайды бастан кешіруде.

Инфляцияны артта қалдырып, өсім беретін сенімді құралдарды қайдан алуға болады? Қазіргі экономиканың ауыр жағдайында бұл сұраққа жауап беру қиын.

Бұл ахуал жинақтаушы зейнетақы қорының әрекетін мемлекеттің қатаң реттеп отыратындығымен қиындап отыр. Активтердің көпшілігін зейнетақы қорлары мемлекеттік облигациялар мен бағалы қағаздарға салуға, екінші деңгейлі банктердің депозиттерінде сақтауға, сондай-ақ, жергілікті қор биржасынан мемлекеттік және корпоративтік эмитенттердің акцияларын сатып алуға міндетті. Осылайша, жинақтаушы зейнетақы жүйесі экономика айнасы боп табылады. Егер ол дамыса – зейнетақы жинақтары өседі, дамымаса – оларды инфляция жеп қояды.

Мемлекет дағдарыс менеджерінің ролінде

Жақын күндері редакцияға зейнеткер Владимир СӘНДІБАЙҰЛЫ хабарласты.

- 2011 жылдың сәуірінде зейнеткерлікке шықтым. Ал жыл аяғында КТК телеарнасы бойынша еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі (Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА. - Ред.) сөз алып, дағдарыс кезіндегі зейнетақы салымдары бойынша шығындарды мемлекеттің өтейтінін айтты. Іс жүзінде солай бола ма? Өтемақы ала аламын ба? – деп сұрады ол.

Түсініктеме алу үшін Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы облыстық филиалының заңгері Рысты ҚАЛИЕВАҒА хабарластық.

- Айырма төлемдерін зейнетақы жинақтарының төлемдерін алу құқығы 2003 жылдың 1 қаңтарынан кейін туындаған тұлғалар ала алады, - деп түсіндірді ол. – 2009 жылдың 15 мамырында ҚР үкіметі 2009-2011 жылдарға арналған зейнетақы төлемдерін алушыларға алушының зейнетақы төлемдерін алу құқығына ие болған сәттегі инфляция деңгейін ескере отырып, жинақтаушы зейнетақы қорларындағы міндетті зейнетақы жарналарының нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналары мөлшерінде сақталуы жөніндегі мемлекеттің кепілдіктерін орындау ережесін бекітті.

 

Төлемдерді мына санаттағы тұлғалар ала алады:

Зейнеткерлік жасқа жеткен тұлғалар (ерлер - 63 жас және әйелдер – 58 жас, сондай-ақ 5 және одан көп бала туған әйелдер – 53 жас).

Бірінші және екінші топтағы мүгедектер, егер мүгедектік мерзімсіз уақытқа белгіленген болса.

Еңбек еткен жылдары бойынша зейнеткерлік төлем алуға құқығы барлар (әскери қызметкерлер, құқыққорғау органдарының қызметкерлері және т.б.).

Елден тысқары жерге тұрақты мекен-жайға кететіндер немесе кеткендер

 

Өтемақыға қатысты қайда хабарласу керек?

Міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар тұлға айырма төлемін алу үшін тұрғылықты жеріндегі мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының бөлімшесіне бекітілген үлгі бойынша өтініш беруі тиіс.

Өтінішке мынадай құжаттары қоса беріледі:

1)жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері;

2)әлеуметтік жеке код (ӘЖК) берілгені туралы куәліктің көшірмесі;

3)осы Ережеге 1 және 2-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша ақпарат;

4)тұрақты тұратын жері бойынша тіркелгенін растайтын құжат (азаматтарды тіркеу кітабының көшірмесі немесе мекен-жай бюросының анықтамасы);

5)салық төлеушінің тіркеу нөмірі (СТН) куәлігінің көшірмесі;

6)екінші деңгейлі банк немесе Қазпошта есеп-шотының көшірмесі.

Толық ақпаратты Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығынан алуға болады.

Р. Қалиеваның айтуынша, қазіргі кезде айырма төлемін тағайындау үшін орталықта өтініш қабылданбайды. Өйткені үкімет 2012-2014 жылдардағы айырма төлемінің ережесін әлі бекіткен жоқ. Бұл құжат жақын арада бекітіледі деп күтілуде.

9 ақпан 2012, 16:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.