Атырау, 24 қараша 00:54
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қармаққа ілінді

3 153 просмотра

Дамбы балық қорғау инспекциясының бастығы Ибрай ЕСМҰРАТОВ пен кәсіпкер Раиса СҮНДЕТОВАНЫҢ  тартысы: кім жеңеді?

Өткен жыл қара балық аулаумен айналысатын кәсіпкер Раиса СҮНДЕТОВА (суретте) үшін сәтсіз аяқталды деп айта салсақ ол құр сөз ғана болар еді. Ал шындығына келгенде жыл соңында оның шағын бизнесі толығымен күйреп тынды.

 

Ақша да, балық та жоқ

«Сүндетова» ЖК – «Атырау-Агросервис» ЖШС-нің қосалқы мердігері. 2011 жылғы 9 қыркүйектегі №2 келісім-шарт бойынша ол 10 тонна ақмарқа, 10 тонна табан, 5 тонна көксерке мен 5 тонна жайын лимитін игеруге тиіс болатын. Раисаның айтуынша, 2011 жылдың 28 қарашасында оның бүкіл ауланған балығын (ал бұл екі тоннадан астам көксерке мен жарты тонна сазан) Дамбы балық қорғау инспекциясының қызметкерлері... тәркілеп алған.

– Соңғы кездері денсаулығыма байланысты бұл істен шеттеп, балық шаруашылығымен ұлым Герман ЖИДКОВ пен немерелерім Жәния БОРАШЕВА (сенімхат соның атына рәсімделген), Илона мен Асланбек КАТЕШОВТАР айналысты, -деп әңгімелейді Раиса. 23 қарашада екі көлігіміздің бірі – «Газель» сынып қалды. Балық тиелген машина үш тәулік жағалауда тұрып қалып, төңіректегі  топыраққа дөңгелектері батып кеткен. Тек төртінші күн дегенде балалар машинаны сүйреп шығарып,  Пешной поселкесінен шығып кетеді. 28 қарашада таңертең ертемен қалаға қарай 5 км-дей жол жүргеннен кейін «Газель» қайтадан тоқтап қалады. Сол кезде ұлым үйдегі  бортты УАЗ-ды алып келеді. Балалар бір көліктен екінші көлікке балықтарды тией  бастағанда, қолдарына автомат ұстаған адамдар пайда болған... 

 Балаларым қобалжи қоймапты – балықтардың барлығы мұз боп қалған еді. Өйткені Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы бастығының орынбасары Марат ЕРБӨЛЕКОВТІҢ қолы қойылған балық аулауға берілген №0196 рұқсат құжаты 30 қарашаға дейін жарамды болатын.

Алайда 28 қарашада Дамбы балық қорғау инспекциясының бастығы Ибрай ЕСМҰРАТОВ  бұл құжатты елең қылмай, біздің балығымызды тәркілеп, ұлым мен немерелерімді қамауға алуға бұйрық берді. Су полициясының қызметкерлері құжаттардың бәрі дұрыс екенін көріп, қамауға алуды рәсімдеуден бас тартқан. Бірақ 2 миллион теңге сомасындағы ауланған бүкіл балық, неліктен екені белгісіз, браконьерлік жолмен ауланған деп рәсімделді. Ал біздің бортты УАЗ көлігіміз көлік құралына тыйым салу туралы қаулысыз Дамбыдағы инспекция ауласында мөрленген күйде үш апта тұрды.

Енді Раиса алдын ала ақшаларын төлеп қойған сатып алушыларына және ондаған жалдамалы қызметкерлеріне - жағалаудағы ауылдардың жұмыссыз қалған тұрғындарына не айтарын білмей дал. 

 

«Камуфляж киген олар автоматпен келді»

Раиса Сүндетова маған Дамбы балық қорғау инспекциясының бас мемлекеттік инспекторы И. ҒҰМАРОВТЫҢ прокурор көмекшісі М. ӘЗІРБАЕВ, балық қорларына қылмыстық қол сұғушылықпен күрес жөніндегі бөлім қызметкерлері С. ИМАНҒАЗИЕВ, М. МҰХТАРОВ,  мемлекеттік инспекторлар А. ОҢҒАРСЫНОВ, И. АРАЛБЕКОВ, А. ҚАЗИМҰЛЫ, С. ЖАҚСЫЛЫҚОВ және басқалардың қатысуымен жасалған хаттамасын көрсетті. Онда былай деп жазылыпты: «28.11.2011 жылы рейдтік шаралар барысында шамамен таңғы сағат 4.30-да Пешной аралының маңынан «Газель» табылды. Көліктің кузовын қарау кезінде қапқа салынған және бос тиелген қара балықтар – көксерке, сазандардың бар екені анықталды. «Газель» жүргізушісі Жидков Герман бұл балықтың қайдан келгенін сұрағанымызда ештеңе айта алмады және балықтың рұқсат құжатын көрсете алмады».

Алайда Раисаның ұлы Герман өзінен ешкімнің ештеңе сұрамағанын растап отыр:

– Камуфляж киген, түрлері сұсты, қолдарында автоматтары бар олар аяқ астынан төрт машинамен сау ете түсті. Ешқандай құжат көрсетпестен, жай ғана: «Біз балық қорғау инспекциясынанбыз» деді. Бар әңгіме сол ғана. Бізді – мені, менің жиенім Асланбекті және маған көмектескен жұмысшыны түрлі көлікке тоғытты.  

Германның айтуынша, балықты УАЗ-ға ауыстырып тиегенде балық қорғау қызметкерлері басынан аяғына дейін бақылап тұрған.

– Алайда, кейін бізден тәркілеп алған балықты «Надежда-1» фирмасына тапсырған кезде 800 келі көксеркенің жетіспейтіндігі анықталыпты, - дейді Герман. – Балықты тапсыру кезінде біздің тарапымыздан бірде-бір адам болмады, бізге тіпті мұндай мүмкіндік берілмеді де. 

 

«Бұл жерде 100 жылға дейін жұмыс жасай аламын!»

Дамбы инспекциясының бастығы Ибрай ЕСМҰРАТОВ өзіне сенімді және сөзге дес бермейтін адам ретінде әсер қалдырды.

– Браконьерлік жолмен ауланбаса, оларда 28 қарашада балық қайдан пайда болды деп ойлайыз? – деп сұраққа сұрақпен жауап берді ол. –23 қарашадамұз қата бастады, бұл уақытта қалған балықшылар өз билеттері мен қайықтарын тапсырды. Ал Сүндетованың туыстарын жедел топ 28 қарашада түнгі сағат 4-те қамыс қопасынан тапқан. Бұл туралы хабардар болғаннан кейін сол жерге таңғы сағат 6-да жеттім. Біздің жігіттер балықты тексеріп шығып, суретке түсіріп, өз жұмыстарын жасап жатыр екен. Жүргізушіде балық аулау құжаттары болмады. Іс жүзінде оларға берілген рұқсат құжаты 23 қарашадан кейін жарамсыз болды. Түсіндірейін: ол өзенді мұз басқан кезде өзінің заңды күшін жояды (белгілеген автор – С.Т.). Мен балықты көрінеу қылмыстық жолмен ауланған деп тәркілеп, мемлекетке тапсырдым. ҚР қылмыстық кодексінің 183-бабының 2-тармағы бойынша (Көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi сатып алу немесе сату)  қылмыстық іс қозғалды. Материалдар қазір тергеу органдарына берілген.

– Бірақ базар сөрелері жаңадан ауланған балықтарға толып тұр ғой...

– Бәрі – браконьерлік жолмен ауланған. Бірақ браконьерлердің қайсы-бірін ұстауға болады? Екеуін, үшеуін, төртеуін ұстарсың. Мен 30 қызметкеріммен күні-түні жұмыс істеймін. Өткен жылы, мәселен, 800 браконьерді ұстадық. Бұл аз ба? Мен бұл лауазымда 20 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Балық қорғау жүйесінде осыншама  ұзақ жыл бойына қалай отыр деп ойлайсыз?

Шынымен де қалай?

Осы жиырма жыл ішінде Жайық-Каспий инспекциясында 16 бастық ауысты. Олардың кейбіреуі сотталды. Ал мен жұмыс жасап жүрмін. «Мемлекеттік қызмет туралы» заң маған бұл жерде 100 жылға дейін де жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Жақында Тәртіптік кеңесте менің ісім қаралды. Ол жерде ІІД, қаржы полициясы, әділет органдарының, «Нұр Отан» партиясы филиалының басшылары болды. Олар барлық мәселер бойынша менің жүз пайызға дұрыс екеніме көз жеткізді. 

 

Көңілге келген үш сауал

Дегенмен, Ибрай Есмұратов істің мән-жайын барынша дәлелді етіп баяндағандай болды, бірақ, біздің тарапымыздан оған қатысты  орынды сауалдар туындады:

1.Сіз мұзды 23 қарашадан бастап қатты деп сендіріп отырсыз. Мұз қатқаннан бастап балық аулау қандай құжаттың негізінде заңсыз болып саналады?

«Атырау гидрометеорология орталығы» еншілес мемлекеттік кәсіпорыны директорының орынбасары Татьяна АКАТЬЕВАНЫҢ қолы қойылып, Раиса Сүндетоваға ұсынылған Каспий теңізінің солтүстік жағалауындағы Пешной гидрологиялық қосыны ауданындағы мұз жағдайы жөніндегі анықтамада былай делінген: «2011 жылдың 15-ші және 18 қарашасына дейінгі  кезеңде Каспий теңізінің солтүстік жағалауындағы Пешной гидрологиялық қосыны ауданында (Раисаның айтуынша балық ауланған аумақ .-С.Т.) мұздың толық қатқандығы байқалмады, кейбір жерлерде ғана шағын жаға мұздары болды».

Ибрай Отарұлы метеорологтардың қорытындысын жоққа шығарды:  «Олардың не жазғандарында менің шаруам жоқ! 23 қарашада мұз толық қатты, адамдар  мұздың үстімен жүріп жатты».

2. Есмұратов мырза тек мұздың қатқандығын ғана сылтау етіп, Сүндетоваға 30 қарашаға дейін балық аулауға  Жайық-Каспий балық қорғау инспекциясы (оның өзі де тікелей бағынатын) берген  рұқсатты неліктен өз бетінше бұзды?

№0196 рұқсат беруші құжатқа қол қойған Жайық-Каспий облыс аралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы бастығының орынбасары Марат ЕРБӨЛЕКОВТІҢ айтуынша, рұқсат қағаздың онда көрсетілген мерзімге дейін заңды күші бар (белгілеген авторС.Т.) және оны тек Жайық-Каспий облыс аралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бастығының өзі немесе ол жоқ болған жағдайда оның орынбасарлары ғана күшін жоя алады.

3. Астанадан келген комиссияның ұсынысы бойынша тәртіптік ісі Тәртіптік кеңесте қаралған Есмұратов мырза өзінің кінәсіздігіне неге сүйеніп соншалықты сенімді болып отыр?

– Кеңес өткелі бір ай уақыттан соң сіз нені білгіңіз келіп отыр?- дейді аң-таң болған Тәртіптік кеңес төрағасы Мұхит ІЗБАНОВ.- Егер сіз әлдебір ілік іздеп келсеңіз, онда соншалық ештеңе жоқ. Мен балық инспекциясының бастығы Амантай АЙЖІГІТОВКЕ ұсыным бердім. Дамбы инспекторларының әрекетін прокурор (әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты бақылау жөніндегі облыс прокуроры көмекшісі Рүстем ҒАПУР.-С.Т.)толығымен заңды деп бағалады. Сізге айтарым, істі тыңдау барысында мен Ибрай Есмұратовты өз ісінің нағыз шебері ретінде тани алдым. Ол өте тәжірибелі маман және туған жерінің табиғатына жаны ашитын адам.

Кейін маған Дамбы инспекциясының, оның ішінде жекелей алғанда, Ибрай Есмұратовтың құқық бұзушылық әрекеттері қаралған 2012 жылы 18 қаңтарда өткен Тәртіптік кеңес отырысының қаулысымен танысуға мүмкіндік туды. Мәжіліске облыс әкімінің бірінші орынбасары, сонымен қатар «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының басшысы және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі комиссия төрағасы Болат ДӘУКЕНОВ, облыстық әкімдіктің ішкі саясат басқармасының бастығы Эльдар ЖҰМАҒАЗИЕВ, сондай-ақ, ҰҚД, ІІД, әділет және қаржы полициясы департаменттерінің басшылары қатысыпты. Қаулыда былай делінген: «Инспекция қызметкерлерінің арасында  туындап отырған келеңсіз жағдайды алда болдырмау, инспекция бөлімдеріне қызмет көрсету аумақтарын белгілеу мәселелері қатаң бақылауға алынып, шара қолдану қарастырылсын». Ал,  31 қаңтарда Жайық-Каспий облыс аралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бастығы Амантай АЙЖІГІТОВ Ибрай Есмұратовқа ескерту беру жөнінде бұйрық шығарды. Қалай болған да «100 пайыздық дұрыстық» туралы пайымдау күмән тудырып отыр. 

 

Прокурор қысқа қайырды

Табиғат қорғау прокуратурасының прокуроры Аршат ТАЙТУЛЛИННІҢ жауабы қысқа болды:

– Қылмыстық іс (Сүндетованың айтуынша, іс оның баласы Герман Жидковқа және немересі Жәния Борашеваға қатысты қозғалған болатын – С.Т.) қазір тергелуде. Сүндетованың балық аулауға рұқсаты болғанмен, олар оны басқа адамдардан алған. Біз Сүндетоваға жұмыс жасайтын балықшылардан сұрағанымызда  олар бір ауыздан оған балықты тапсырмағандарын айтты.

Раисаның өзі болса, «балықшыларды қысымға алған» деп отыр. Ол «Сүндетова» ЖК жұмыс жасайтын бес балық аулау бригадасының бригадирлері ауланған балық көлемін «кәсіпшілік журналына» (балық аулау есебінің журналы) мұқият жазып отырғандығына сілтеме жасайды. Соңғы жазба 23 қарашада, күндіз, оның айтуынша, баласы мен немерелері балықты тапсырғалы жатқан кезде жазылған, сол сәтте  машиналары да сынып қалған.

Қысқасы  несиеге алған ақшасын қайтара алмай әрі  ауланған балығынан айырылған Сүндетова істі ақыры аяғына дейін жеткізбекші. Құзырлы органдардан басқа ол президент әкімішілігіне де өз арызын жолдады. Онда ол өзіне кәсіпкер ретінде көмек қолын созуды өтінген.

Сәния ТОЙКЕН

Суреттерді түсірген Владимир ИСТОМИН

9 ақпан 2012, 17:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.