Жаңа жыл қарсаңында Атырау-Орал трассасының бойында орналасқан Индер ауданына қарасты «Ақтөбе» учаскесіне жолымыз түсті. Қыстаққа барып, шаруалардың жай-күйін білу жоспарымызға енбесе де далаға бүйрегіміз бұрып тұратыны жасырын емес. Көпшілік ортадағы қызықтан гөрі жалғызілікті отырған қыстақ басында өткен жаңа жылды қарсы алу екі бөлек дүние.
Ағайынды МОЛДАШЕВТАРДЫҢ Жаңа жылды жырақта жүрген балаларымен бірге қыстақ басында қарсы алуды дәстүрге айналдырғандарына биыл алтыншы жыл толып отыр. Қысқы каникулға шыққан балалар қыстақтағы үйлеріне қарай асығады.
Молдашевтарға баруға бізге Көктоғай округінің әкімі Мәмбетқали ҚҰСАЙЫНОВ: «Бізде көзге көп еленбейтін, бірақ шаруасына мығым малшы отбасылары бар. Қарапайымдылықты сүйетін малшылардың ішінен Молдашевтарға барсаңыз, еш өкінбейсіз» деп кеңес беріп еді.
Молдашевтар қыстағы Көктоғай ауылынан соншалықты қашық емес екен. Сабалақ жүнді иттер үруге де ерініп, машина маңына келіп жата кетті. Бір қора сиыр суат басында иіріліп тұр. Айнала жым-жырт. Біз үйге кіріп, жөн сұраспақ болдық. Қараторылау келген өңді әйел шыжылдатып тамақ пісіріп жатыр екен.
- Жоғары шығыңыздар. Төрлетіңіздер, - деді ол іле-шала біздің келгенімізді көріп.
Қыстақтарда отырған шаруа адамының айтары осы. Бұл жерде қонақ келсе қуанып, артық сұрақ қоймайды.
Іскірт басынан шөп суырып жүрген жігіттер онысын қора ықтысына қаз-қатар таси бастады. Тау болып үйілген пішенді суыруды қара күш иесі атқара алатындай. Себебі әбден нығыздалып қалған шөпті суыру оңай шаруа емес. Екі қой ерте туыпты. Бұйра жүнді қозылар асыр салып жүр.
- Ерте төлдеу сирек болатын құбылыс. Негізінен қойдың төлдеуі көктемде жүреді ғой, оны бәрі жақсы біледі. Сондықтан, ерте төлдеген қозыларға ерекше күтім жасаймыз, - дейді Молдашевтар.
Олардың мақсаты - төрт түлікті қыстан аман алып шығу.
Осы Көктоғай ауылына белгілі малбегілер Молдаш ИСИМОВ пен Зейнеп ТҰРЫШЕВА өмір бойына сиыр баққан. Екеуі өмірден озып кетсе де енді олардың ісін ұрпақтары жалғастыруда.
- Біз үш ағайынды жігітпіз. Кеңес үкіметі тараған кезде «Жетібай» ШҚ құрғанбыз. Жетібай құмында ата-бабамыз мекендеген. ШҚ үлкеніміз Қаламғалидың атында болатын, ол ағам қайтыс болғаннан кейін шаруашылық менің атыма көшті, - дейді «Жетібай» ШҚ төрағасы Исатай ИСИМОВ (суретте).
Бүгінде ШҚ төрт түліктің бәрі бар. Малдың түріне қарай күтімі де бөлек. Қой мен сиырды әлі далаға жайып жүр. Қар қалың түскенше бұл әдісті қолданады. Жүру қиындаса, болмаса ауа райы бұзылса, онда ауладан шөптейді. Қыстың ерте түсуі үнемділікке үйретуде. Қажетті пішен дайындалып қойылған. Дегенмен, малшылар қатты суық түскенде пайдалану үшін сақтап отыр. Бұрын құм жағалап, шөп шабар жер іздесе, өткен жылғы жазда бітік шығуынан іргеден дайындап, қарық болыпты. Ауыз суды Көктоғай ауылынан тасып ішіп отыр.
- Біз үлкен үйде абысын-келін болып 15 жыл бірге тұрдық. Сол жылдар ішінде келінім Балқия мені жерге қаратып көрген емес. Қарттарымыз да бірге болды кете кеткенше, екі үйдің бала-шағасы тату-тәтті ғұмыр кештік. Балаларымыз ер жетіп, отау құрғаннан кейін амалсыз бөлінуге тура келді. Мен үлкен бала-келінім Бисенғали, Әсиямен, немерлеріммен осы қыстаққа қарай ірге тептік, - дейді Жаңылсын КӨШҚАЛИЕВА.
Шаруа ортақ болғандықтан олар жұмысты бірлесіп жасайды.
- Біздің балалардың бәрі ауылда өскен. Бәрі де шаруаға епті, еңбекқор. Сырттан жұмыс қолын іздемейміз. Бәрін өзі күшімізбен атқарамыз. Балаларым қолы бос кезде осында келіп көмектеседі. Атадан қалған қасиеттерді осы ұрпақтарға сіңіргім келеді, - дейді И. Исимов.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор