Атырау, 28 қараша 03:49
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​«Ақ Жайық» номинациялары

Сурет
5 517 просмотра

Бірнеше жылдан бері қалыптасқан дәстүр бойынша жыл қорытындысын жасап келеміз. Өз таңдау еркімізбен өзгеше, күлкілі, трагедиялы номинациялар береміз... Бұл қайтып келмейтін өткен жылды қалай өткізгеніміз және қандай эмоцияларды бастан кешіргеніміз туралы өткен шаққа көз тастау. Оқырмандарымызға уақытты кері айналдырып, бәрін еске алуды, біз үшін көп оқиғалар дайындап қойған жаңа жылдың табалдырығын аттағанда, бұлардың көпшілігін бірден ұмытуды ұсынамын.

ЖЫЛ НАРАЗЫЛЫҒЫ

2016 жылдың 24 сәуірі Қазақстан тарихында Желтоқсан мен Жаңаөзен секілді есте қалады. Бұл күні бірнеше мыңдаған атыраулықтар бас қосып, олардың пікірінше, ел тұтастығына қауіп төндірген Жер кодексіндегі өзгерістерге қарсылық білдірді.

Ешкім де заңға қарсы шығуды жоспарламады, қала белсенділері биліктен рұқсат сұрады. Бірақ, оларға рұқсат берілмеді. Қарапайым қала тұрғындары – зейнеткерлер, соның ішінде әжейлер, студенттер, Қарабатан жұмысшылары, үй шаруасындағы әйелдер, табысты «ақ жағалы» танысым, мықты миддл-класс санатындағы көршілерім (күйеуі – бірлескен мұнай өндіруші кәсіпорынның менеджері, әйелі – кәсіпкер) және түрлі топтардың көптеген өкілдері сол күні алаңға келді. Оларды ешкім шақырған жоқ, арнайы жинамады, оларға 150 доллардан отан мүддесі үшін ақша төлемеді (мұндай жағдайда ешқандай бюджет ниет білдірушілер легін игере алмас еді). Олар рұқсатсыз, жоғарыдан берілген тапсырмасыз өздері жиналды. Өйткені, олар өз отандарының нағыз мүддесіне қауіп төндіруі мүмкін заңмен келіспеді. Ақордадағылар қазақтардың шыдамдарында шек бар екеніне, өз жерлері үшін олардың өз бостандықтарын беруге әзір екеніне көз жеткізді. Сөз сөйлеушілердің бірі: «бүгін осы алаңда біз мыңбыз, егер жерімізді жалға беріп, сата бастаса, біз миллион боламыз» деген еді. Сөйтіп, бәрі де бейбіт өтті. Біздің облысымыздың тарихындағы ең ауқымды рұқсат етілмеген, төрт сағаттай уақытқа созылған митинг бірер митутта тарады. Адамдар өз ойларындағыларын айтты, олардың сөздері тыңдалды, сөйтіп жайбарақат өз шаруаларына кетті. Бірақ митинг анағұрлым белсенді қатысушылар үшін зардапсыз өтпеді, алайда, жергілікті билік ешкімге тиіспейміз деп уәде берген еді.

Image 1

Макс Боқаев.

ЖЫЛ БАТЫРЛАРЫ

Атыраудың осы қарапайым екі жігітінің бүкіл елде орын алған жер наразылығының символына айналып, өткен жылдың сәуірінде Исатай мен Махамбет алаңында айтқан адал әрі батыл сөздерінің оларды осы қазақ батырларымен тең қатарға қойғаны таң қаларлық. Республика азаматының өзін мазалаған және алаңдатқан мәселені айту жөніндегі конституциялық құқығының бостандықпен өтелетін адам сенгісіз батылдыққа айналғанына, тіпті, таң қаласың.

Image 2

Талғат Аянов.

Ел үмітіне, азаматтар құқығын қорғау жөніндегі халықаралық ұйымдардың айыптауына, батыс үкіметтерінің ұсыныстарына қарамастан Қазақстан жерлерін талапайлау қаупін тудыратын Жер кодексіндегі өзгерістерді алғаш болып ашық сынға алған Макс БОҚАЕВ пен Талғат АЯНОВҚА жаза мерзімі берілді. Оларды соттаған жоқ, сабақ болсын деп көрсетіп, мерзім берді. Процесске бақылау жасағандардың ешқайсысы, әсіресе, олар тергеуде жүргенде биліктің кодекске қатысты мораторий жариялау туралы шешім қабылдағанын ескерсек, жұртшылық олардың кінәсі не екенін ақыры түсінбеді.

ЖЫЛ МИСТИФИКАЦИЯСЫ

Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ – жылдың бас ньюсмейкері. Ол өңір басшысы болған күннен бастап газет бетінен түскен жоқ. Бұған түрлі нәрселер себеп болды: драмалық тұрғыда – жер мәселесі бойынша сәуірдегі наразылық акциясында келісім жасаудағы рөлі; формальды тұрғыда – қажымайтын әкім көптеген жиналыстар өткізіп, облыс үшін ең өзекті мәселелерді көтерді; тіпті, күлкілі жағдайды - қарамағындағы жүргізушінің мемлекеттік нөмір белгісінің жасанды екенін әшкереледі.

Құрманғазы ауданының бұрынғы әкімі Амангелді БАРАҚАТОВ әкімді қызметтік көлігімен қарсы алмады. Алайда, Камри-50 көлігінің алдыңғы бамперіндегі ресейлік стандартта тіркелген нөмірлік белгі, ал артқы жағындағы – қазақстандық белгі әкімнің қырағы көзінен таса қалмады. Кейінірек жағдай тіптен шиеленісіп кетті – Ресей Федерациясының транзиттік мемлекеттік нөмірінің желімі ажырап, оның ар жағынан қазақстандық нөмір көрініп қалды. «Гауһар қол» фильміндегі: «Сіздің мұртыңыз түсіп қалды» деген классикалық ишара іспетті.

ЖЫЛ ЕСУАСТАРЫ

Назар аударыңыз, қырағы болыңыздар – облысымызда кем дегенде принципсіз бір-екі психиатр бостандықта жүр. Тек Құрманғазы ауданының өзінде органикалық психикалық, ақыл-ойы кеміс, шизофрения, шизотипикалық және сандырақтау сырқаты бар 15 пациентке жалған анықтама берілген. Осы анықтамалармен олар автокөлік жүргізуге мүмкіндік алған. Бағымызға орай, олар рөлде отырып, бұл диагноздарын көрсетіп үлгермеді. Аудандық прокуратура қылмыс жасаған психиатрды, содан соң жүргізуші куәлігі бар оның бүкіл пациенттерін анықтады. Қалада мұндай анықтаманы көлік жүргізуге мүлдем қарсы медициналық көрсетілімі бар үш адам алған. Қалалық және аудандық прокуратуралар екі психиатр дәрігерді жұмыстан шығаруға қол жеткізген. Алайда, қала жолдарынан барлық белгілері бойынша есі ауысқан жүргізушілерді жиі кездестіретіндіктен, бұл екеуі осы заңсыз бланктерді жындылардың көп мөлшеріне беріп үлгерген сияқты. Немесе олардың әріптестерін дұрыстап тексеру керек.

ЖЫЛ МАЗОХИСІ

Қызметтік полицей автокөлігінің салонында 36 жастағы заңсыз балық тасымалдаушы күтпеген жерден өзін басқаша ұстады. Инспекторлар қағаздарды ресімдеумен айналысып жатқанда, ол аяқ астынан өз бетін бірнеше рет ұрып, содан соң ұялы телефон арқылы 102 операторының пультіне қоңырау шалып, өзіне жол полициясы қызметкерлерінің күш қолданып жатқаны туралы хабарлайды. Мұның бәрі бейнетіркеу камерасына жазылып қалған. Ролик әлеуметтік желілерге тарап, вирусты роликке айналды. Ал оның кейіпкері адамды ауыр қылмыс жасады деп айыптап, көрінеу жалған ақпарат бергені үшін (ҚР ҚК-нің 419-бабының 3-тармағы) 4 жылға бас бостандығын шектеу түрінде жаза алды.

ЖЫЛ ПОЗИТИВІ

Қазақстандықтар жақсы жаңалықтармен сағынып қауышады. Жүзі күлімсіреген бұл жігіт туралы жарияланымды 160 мыңнан астам адам қарапты. Біздің ҚТЛ түлегі Асхат МЫРЗАБАЕВ екі жыл бұрын, 23 жасында ағылшын банкінің жобасын орындағаны үшін алған 2 млн доллар сыйақысын қатерлі ісікпен күресуге аударып, даңқы шықты.

– Жоба аяқталған кезде маған бонус тағайындады. Жоба банкке көп ақша әкелген екен, мені осылайша марапаттады. Мен мұндайды күткен жоқ едім. Ал бұл көптен бері ойымда жүрген нәрсе еді, сондықтан бұл ақшаны қатерлі ісіктің барлық түрлерін зерттейтін, оның туындау себебін іздестіретін француз қорына беру туралы шешім қабылдадым.

ЖЫЛ КРЕАТИВІ

Мен Макс пен Талғатты қолдаушылар Жеңіс бағын тазартуға ниет білдірген кезде, күзгі уақытта маса улау шарасы жүргізілетіндігі туралы жауапты ойлап тапқан жанға медаль беруді ұсынар едім. Бұл әсемдігі жағынан сирек кездесетін, нағыз тактикалық қадам дер едім. Өйткені, бәрі де болды – бейбіт митинг өткізу үшін алаң сұраған кезде аяқ астынан концерттер, күтпеген спорттық жарыстар өткізілді және алаңның орнына бос алаңқай ұсынылды... Белгіленген күн қарсаңында әріптестерімізбен бірге бұл жолы не болар екен деп күткен едік. Орта және егде жастағы бейбіт әйелдер (көпшілігі Боқаев пен Аяновтың туыстары) қолдарына сыпырғыштары мен қоқыс жинауға арналған пакеттерін алып, жалпықалалық сенбілік аясында Жеңіс бағын жинастыруға келеді. Алайда қақпада үлкен құлып пен «Абай болыңыздар! Улы химикаттармен өңдеу жүріп жатыр» деген маңдайшаны көргенде абыржып қалады. Міне, мен мұны түсінемін, бұл саясат – мазасыз белсенділерді де улады, акцияны да өткізбей тастады. Бір сөзбен айтқанда, лайықты еңбек сіңірді. Осы идеяның авторын Тәуелсіздік мерейтойында марапатталған түрлі мемлекеттік қызметкерлердің бастарына нұр болып төгілген алтын жауын ағынымен шомылдырған шығар деп үміттенемін. Ең болмаса орден берді ме екен?

ЖЫЛ «ЖАНДАНУЫ»

Биыл 2010 жылы ресми түрде қайтыс болды деп танылған атыраулық Елена ПРИДАНОВА қайта тірілді. Елена отбасымен ұзақ уақыт араласпаған, ауылдардың бірінен жұмыс тауып, қалаға аттап баспапты. Оны туыстары іздестіріп, полиция іздеп тапқан белгісіз мүрделердің фотосуреттерінің біріндегі бөгде әйелді қателесіп, өз Еленалары деп таниды. Олардың қолдарында Еленаның қайтыс болғаны туралы куәлік те бар.

Іс жүзінде Елена, тіпті, отбасын да құрған – оның азаматтық күйеуі мен үш баласы бар. Ата-анасының да, балаларының да жеке бастарын растайтын куәліктері жоқ. Отбасы билік пен дәрігерлерге ешқашан жүгінбеген. Желтоқсанның басында олар уақытша тұрып жатқан жұмыс берушісінің үйі өртеніп кетті. Ал бұл отбасының хикаясы олардың көршісі Мұхамметдиннің арқасында жұртшылыққа мәлім болды...

Сонымен, Еленаға, ақыры құжаттармен айналысуға тура келді. Атырау қалалық соты оның қайтыс болғаны туралы куәліктің күшін жойды. Қалалық билік осынау өзгеше отбасының қалған мүшелері үшін құжаттарды дұрыстауға уәде берді.

ЖЫЛ КЕШІРІМІ

Сот шешімімен Атырау облыстық ІІД біздің жарияланымдарымыздағы кейіпкерлердің бірі Нұрлан ОТАРБАЕВТАН кешірім сұрады. Отарбаев Атырау қалалық ІІБ ЖПҚ қызметкерінің әкімшілік құқықбұзушылық жасады деп, жалған хаттама толтырғанын және оған айыппұл салғанын дәлелдеп шықты. Құжаттың жалған екені анықталып, инспектор жазаланды. Алайда жүйе қорғанып, бәрін басынан аяғына дейін кері айналдырып шығуға тырысып, газетіміздің сұранысына мынадай «факт» ұсынды: «...кейінірек Н.Отарбаевтың жауабын өзгерту үшін және талабы жоқтығы туралы қарсы арыз беру үшін полиция қызметкері А.Мұратовтан 700 000 теңге сомада ақшалай қаржы бопсалай бастағандығы анықталды». Отарбаев тағы да сотқа жүгініп, полицейлердің жала жапқандарын тағы да дәлелдеп шықты. Сот облыстық ІІД-ні біздің газетіміз арқылы одан кешірім сұрауға міндеттеді. Сөйтіп, ІІД кешірім сұрады: «Газет редакциясының сауалына берілген жауап дұрыс емес, Н.Отарбаевтың ІІД ЖПҚ полицейі А.Мұратовтан қорқытып ақша талап ету фактісі сот ісі барысында расталған жоқ».

ЖЫЛДЫҢ ІСКЕ ҚОСУЫ

Бұл күнді ұзақ күттік – Қашаған мұнайын 2005 жылы күткен едік. Содан соң 2007 жылы, кейін 2011 жылы күттік. Ақыры, 2013 жылы құбыр арқылы мұнай берілді. Бірақ 2 аптадан кейін газдың жылыстауы салдарынан мұнай беру тоқтатылды. Құбырды өңдеді, бірақ бұл көмектеспеді – құбыр ақыры жарылды. Сөйтіп, уақыт 2016 жылға тағы кейінге шегерілді. Осы жылдар ішінде мұнай бағасы үш есеге құлдырады, ал доллар 200 теңгеге өсті: 2005 жылы 134-тен 2016 жылы 334-ке дейін көтерілді. Ал Қашаған мұнайының өзіндік құны бүгінгі күні оның босату бағасынан жоғары. Жобаға 50-ден 60 млрд долларға дейін қаржы салып (билік инвестиция сомасын бұлыңғыр атайды), Каспий маңы ойпаты мен Солтүстік Каспийдің бүкіл экожүйесіне және біздің, осы өңірдің тұрғындарының өмірі мен денсаулығына қауіп төндірудің мәнісі қандай? Бұл сұрақты, өкінішке орай, біз 7 желтоқсанда Атырауға жобаны іске қосуға келген кезде елбасына қоя алмадық. Өйткені, бастапқыда журналистермен кездесу болады деп жоспарланған шара түсініксіз себептермен өткізілмей тастады.

ЖЫЛ ЖАҢАЛЫҒЫ

Солтүстік Каспий жобасының операторы НКОК директоры Бруно ЖАРДЕННІҢ академик Мұфтах Диаровтың құбырдағы апат себебі не және оған кінәлі кім деген сұрағына берген жауабы нағыз жаңалық болды.

– Мен құбыр апатына қатысты сұрағымды қайталаймын – ол қандай себеппен орын алды, кім кінәлі, кім жазаланды? Егер апат – Қазақстанның кінәсі болмаса, онда Қазақстанға жоғалған пайда үшін кім өтемақы төлейді? – деп сұрады ақсақал.

- Тұрбаны дайындау кезінде және құбырларды жүргізу кезінде қолданылған стандарттар – бұлар сол кезде қолданылған салалық стандарттар. Өкінішке орай, сол процедуралар мен стандарттардың негізінде анықтау мүмкін болмаған өте ұсақ ақау түзілді. Осы ақау апатқа соқтырды. Бұл оның себептерін жан-жақты тексеру кезінде анықталды. Консорциум қомақты шығындарға ұшырады. Қазақстан Республикасы ешқандай шығынға ұшыраған жоқ. Ал апатқа кінәлілер жоқ - өйткені адамдар, компания, персонал жұмыстарды сол кезде қолданыста болған стандарттар мен талаптарға сәйкес жүргізді, - деп жауап берді Жарден наурызда.

Ал желтоқсанда ҚР энергетика вице-министрі Мағзом МЫРЗАҒАЛИЕВ: «Менің ақпаратым бойынша, NCOC өз мердігерлерімен соттаспақшы» деп мәлімдеді. Сірә, кінәлілерді тапқан шығар.

ЖЫЛ ХАТЫ

22 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген Атырау қалалық ІІБ бұрынғы қызметкері Манарбек Өтеуовтің мазмұны мен онда аталған аты-жөндер бойынша сенсацияға толы хаты жұртшылыққа кеңінен тарап кетті. Бұл хатта ол айуандықпен өлтірілген Өзбекстан азаматының туыстарынан кешірім сұрап, басқа да қылмыстар жасағанын мойындайды, Атырау қалалық ІІБ-дегі өзінің бұрынғы әріптестері мен басшылығын аты-жөндерімен атап, заңға қайшы ауыр әрекеттер – қылмыстар мен қылмыстық істердің материалдарын бұрмалады, рейдерлік жасады, жезөкшелікке қамқорлық жасады, қорқытып күш қолдану, рэкетирлік, тапсырыспен кісі өлтіру... әрекеттерін жасады деп айыптайды.

Атырау ІІБ бастығының орынбасары Марат Тағаниязов Өтеуовтің хаты әлеуметтік желілерде пайда болғаннан кейін іле-шала хатты жазылғандардың барлығы «жай ойдан шығарылған» деп мәлімдеп, теріске шығарды. Алайда, Бас прокуратура бұл хат бойынша тергеу жұмыстарын бастады, қазір ІІБ-нің бұрынғы 8 полицейі сотталушылар орындығында отыр.

ЖЫЛ ТЕРГЕУІ

Біздің газетіміз биыл Атырау полициясына сән-салтанат талғамы пен мәрттіктің жат еместігін анықтады. «АЖ»-ның тергеу жұмыстары анықтағандай, 2013 жылы облыстық ІІД итальяндық FBdesign компаниясынан 1,3 млн долларға full option жиынтығы бар жоғары жылдамдықтағы патрульдік FS-38 Stab катерін сатып алған. Премиум санатындағы бұл сатып алуды облыстық әкімдік біздің бюджет қаржысынан төлеген. Бізге ІІД-ден жауап бергендей, «бұл жүзу құралы патрульдік-инспекциялық қызметті атқару мақсатында алынды. Атқаратын міндеттері: патрульдеу, белгіленген жүзу ережелерін бұзушыларды ұстау және балық кәсіпшілігін жүргізу, кеме қатынасы ережесін бұзған кемелерді ұстау, сонымен қатар, оларды өкілетті органдар орналасқан пункттерге алып бару».

ТМД аумағындағы еш жерде полиция мұндай жабдықпен жабдықталмаған. Тәжірибені тарату мақсатында, біздің су полициямыздың сәнді итальяндық кемемен браконьерлік байдаларды қамыс арасымен қуалап, оларды қыспаққа алған сәтін бейнежазбаға түсіруді өтінеміз. Айта кету керек, біздің полицияға бұл бағытта әлі өсу керек: Дубайдың жол полицейлері де заң бұзушыларды итальяндық Ламборгинимен және Ферраримен қуып жетеді. Атырау ЖПҚ үшін итальяндық суперкөліктер беру керек.

ЖЫЛ ТАРТУЫ

Атырау облыстық ІІД-нің жеті жүз қызметкері 2016 жылы Нұрсаядағы салтанатты кеңсеге көшті. Мұндай сыйлықты олар «Ақ Жайықтағы» жарияланымдар легінің арқасында алды. Біздің журналистер облысқа тиесілі нәрсені - 2013 жылы облыстық биліктен олардың басшылығы полицейлер үшін ангар түріндегі паркингі бар жаңа кең ғимаратты қайтара алды. Құрылыс басталды, алайда оған жетекшілік ететін кім екені және қандай шартпен жасалып жатқаны нағыз құпияға айналды. ІІД де, облыстық әкімдік те ұзақ хат алысу барысында ақыры нысанның толық құны мен мақсаты туралы егжей-тегжей ақпарат бермеді. ІДД-нің бұрынғы басшысы полицияның генерал-майоры Арман ЖАЛМҰХАНБЕТОВ тапсырыс беруші облыстық әкімдіктің құрылыс басқармасы деп атады. Ал ол жақтағылар біздің нені сұрап отырғанымызды мүлдем түсінбеді де. Алайда біздің мәліметтеріміз бойынша, бұл құрылысқа 6 млрд теңге бөлінген. Сол жерден бізді қалалық құрылыс басқармасына жолдады. Ал ол жердегі бастық сол кезде аса ірі мөлшерде бюджет қаржысын ұрлады деген күдікпен қамауда отырған болатын.

Нәтижесінде, кенеттен Нұрсая ықшамауданында облыстық полицияға арналған ғимараттың орнына, неліктен екені белгісіз, әрқайсысының алаңы 250 шаршы метр болатын 12 пәтерлік элиталы тұрғын үй бой көтерді. Ал сәулет жобасы «ІІД ғимараты» деп емес, «Қонақ үй» деп аталды. Едәуір жанжал шықты, есесіне, соның нәтижесінде облыс өзі сұраған – түсініксіз мақсаттағы ондаған люксті апартаменттерді емес, барлық қызметкерлерге арналған қызметтік мақсаттағы ғимаратқа қол жеткізді. Бірақ, бізге ешкім «рахмет» айтқан жоқ.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

2 қаңтар 2017, 15:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.